ТҰМАННАН КӨЗ АШПАЙДЫ ДЕГЕН...
ТҰМАННАН КӨЗ АШПАЙДЫ ДЕГЕН...
Лондон бiздi жылы қабақпен қарсы алды. «Хитроу» әуежайынан былай қарай бой жазған бiзге қазбауыр бұлттардың арасынан жылт етiп көрiнетiн күн сәулесi шуағын молынан төгiп-төгiп жiбередi де, сол ақ-мамықтардың арасына қайта сүңгiп кетедi. «Қазақмыс» корпорациясының журналистер қауымына ұйымдастырып отырған баспасөз-турының бiр жапырақ бағдарламасына қараймын.
Лондон бiздi жылы қабақпен қарсы алды. «Хитроу» әуежайынан былай қарай бой жазған бiзге қазбауыр бұлттардың арасынан жылт етiп көрiнетiн күн сәулесi шуағын молынан төгiп-төгiп жiбередi де, сол ақ мамықтардың арасына қайта сүңгiп кетедi. «Қазақмыс» корпорациясының журналистер қауымына ұйымдастырып отырған баспасөз-турының бiр жапырақ бағдарламасына қараймын. Жоқ, бүгiн ешқандай ресми шара қарастырылмаған. Демек, мүмкiндiктi мүлт жiбермей, ғасырлар бойы даңқы дардай атаққа ие, маңғаз да сыпайы Лондонмен аз да болса таныса берейiк деп ниет еттiк. Қонақ үйге жайғасып болған соң дереу далаға тарттық. «Дала» дейтiндей емес, құмырсқаның илеуiндей айқыш-ұйқыш көшелердi кезiп жүре берсең, ежелгi ғимараттармен тамсанып, ынтыға қарт қаланың қойнына сүңги берсең, лезде адасып кетуiң ықтимал. Сондықтан, маңымызда не бар? Содан бастайық. Сол маңда алтын бояумен көмкерiлген еңселi ескерткiш өзiне қарай арбағаннан соң, сонда бара қойдық. Қарсысынан атақты Букингем сарайы шыға келгенi. Сөйтсек, әлгi ескерткiштi VII Эдуард король өзiнiң шешесi Виктория патшайымға перзенттiк тағзым ретiнде тұрғызған екен. Ал қазiргi Елизавета патшайымның жайы саналатын Букингем сарайы Букингемнiң алғашқы герцогi Джон үшiн 1702 жылы монархтар мен патша сәулетшiлерiнiң тегеурiнiмен бой түзiптi. Ал әлгi бiз айтқан Виктория патшайымы сол сарайға тұңғыш қоныс тепкен монарх. Қазiргi кезде патшайымның жеке резиденциясы саналатын бұл ғимаратта көбiнде-көп ресми шаралар ұйымдастырылатынға ұқсайды. Қып-қызыл мундир киiп, бастарынан жалбыр-жалбыр аю қалпағы арылмайтын күзетшiлер сол ғажайып архитектуралық ансамбльдiң алдында қысы-жазы мүлгiмей тұрады да қояды. Мыңдаған жылдар бойы Ұлыбритания үкiметiнiң орталығы және Бiрiккен корольдiктiң астанасы саналатын тарихы мен мәдениетi тұнып тұрған Лондонмен таныстығымыз осылай басталған…
Сырын iшiне бүккен ежелгi ғимараттар қадам басқан сайын алдыңнан шығады да, көзге көрiнбейтiн әлдеқандай күш бiздi әрi қарай жетектей жөнеледi. Тоқтап қалсаң болды, тарих тоқтап қалатындай. Бәрiн қамту, түгелiне үңiлу мүмкiн емес. Ал, көз шiркiнiң тоймай барады. Әншейiнде жүз адым жасасаң болды, қисая кететiн аяғыңа қанат бiттi дерсiң. Өз-өзiнен жүрiп барады. Қолыңа да жұмыс бар. Фотоаппаратқа дамыл берер емес… Жә…осы тұстан тоқтайық. Лондонмен танысуды кейiнгi күндердiң еншiсiне қалдыралық та, Виктория стрит пен Букингем көшелерiнiң кеспесiнде орналасқан өз үйiмiзге қайттық…
Көшелердi ымырт қапқан кезде:
«Иә», деймiн мен алғашқы әсерлерiмнен арыла алмай, болмашы жер телiмдерiн тиiмдi пайдалана бiлетiн британдықтардың астанасы расында-ақ байырғы ғимараттарға бай екен. Шежiрелi үйлерiне, ескерткiштерiне көзiнiң қарашағындай қарайтын Лондон қаласының тұрғындары әсiресе, тазалыққа құмар-ақ дерсiң. Ешкiм-ешкiмдi мiндеттеп жатқан жоқ. Әркiмнiң, әрқайсысының санасына сiңген нәрсе сол тазалықтан басталатындай. Мұны бiз таңертеңгiсiн сезiндiк. Шығыстың шырайы кiре берген тұста қолдарынан дәкесi мен шүберегiн ала жүгiретiн кеңсе қызметкерлерi жапа тармағай есiк терезесiн, табалдырық, iрге, әрбiрден соң, ел жүретiн тротуарларды айнадай етiп, тазалай бастайды.
Күндегiсiн күнде. Әдетке айналған. Таңғы Лондонның да өз кереметтерi болады екен. Тұп-тұнық тап-таза ауаны құшырлана жұтып, кеуденi кере демала Виктория стриттiң бойымен атақты Темзаны бетке алып келемiз. Лондонды қақ айыра ағатын ауқымды өзен Ұлыбритания астанасының құрамдас бөлiгi саналатыны қашан! Виктория көшесiнiң өзенге тiрелетiн тұсында Лондонның бiрқатар көрнекi ғимараттары жайғасыпты. Ватерлоо, Вестминистер көпiрлерi, iлгерiде Үлкен Лондон Кеңесi орныққан Каунти-холл, Саатчи галереясы, «Лондонның көзi» деп аталатын ауқымды айналма дөңгелек, Парламент үйi, Биг Бэн… бәрi осы бiр жерге шоғырланған. Британдықтар империясының жүрегi Вестминистерi демократтар үйi деп кейде орынды атайтын секiлдi. Лордтар палатасы мен қауымдастықтар палатасының мүшелерi тұрақты түрде жиналып, тиiстi заңдарын қабылдайды.
Мұнда үкiметтiң күнделiктi жұмысы жасыл палатада өтедi. Бiр қызығы, үкiмет мүшелерi ғимараттың сол қапталында орналасса, оппозиция оң қапталында.
* * *
Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған адамдар құж-құж қайнаған бүгiнгi заманның Бабыл қаласы – көрiктi де, қайталанбас Лондонды қызықтап болып та қалғандаймын. Алғашқы ыстық әсерлердiң көтерiңкi лебi суыңқырап, уақыт айырмашылығынан кәдiмгiдей-ақ қалжырай бастағаным бiлiнген. Алыс елде иiлiп төсек, жайылып жастық болатын қайбiр кәрi құдаң бар, айналып келiп қонақ үйдi жағалайсың да. Өзiмiз дiттеген «Кларидж» қонақ үйiне баруға бел будым.
Иә, Англияның, әсiресе, Лондонның қонақ үйлерiнiң әрбiрi қайталанбас симфония! Мұндағы күтушiлердiң сыбысы бiлiнбейдi, қалағаныңды қалт еткен қабағыңнан тап басып, лыпыл қағады. Сөйте тұра, қонақты да, өздерiн сыйлай бiлудiң эталондық үлгiсi көрсететiнi ерiксiз сүйсiнтедi. Архитектуралық пiшiнi әр түрлi, бiрақ аса жоғары деңгейде салынған ғимараттар Лондонның көркiне әр қоса түседi екен. Оның үстiне аталмыш жоғары сыныпты қонақ үйде «Қазақмыс» корпорациясының директорлар кеңесi өз жұмысын жүргiзбекшi. Ал бiздiң басты шаруамыз да осы директорлар кеңесiнiң жұмысымен тiкелей байланысты.
Қазақстан тәуелсiздiк алған алғашқы күннен бастап елiмiздiң экономикасы бастан өткерген iркiлiстер мен iлгерiлеулердi ойша сараптаған едiк. Тәуелсiз елдiң тарихы да оп-оңай бола қоймаған екен ғой. «Қазақмыс» компаниясының халықаралық нарыққа шығуы да өз-өзiнен келе қойған жоқ. Бұл компания ТМД елдерiнде дүниеге келген алғашқы iрi ұлттық компаниялардың арасында бизнес ортасы аса жоғары бағалайтын IPO, LME және LSE атақтарына бiрiншi болып қол жеткiздi. Ол әлемдегi ең iрi биржалардың бiрi – Лондон қор биржасында өз акцияларын ұтымды орналастырып, екiншi бiр биржада металды табысты түрде сатуда. Сондықтан да елiмiзге аты мәлiм «Қазақмыс» қазiр халықаралық нарықта «Қазақмыс ПЛС» деп аталады. «ПЛС» – бұл ашық акционерлiк қоғам дегендi бiлдiретiн белгi.
Жылына 400 мың тонна мыс өндiретiн аталмыш корпорация қазiр әлемдегi ең iрi компаниялардың ондығына енiп отыр.
Құрамында ондаған мың адам еңбек ететiн, жылына жүздеген мың тонна түрлi-түстi металл өндiретiн компанияның табысы кен өндiру мен өңдеу, балқыту және байыту және мысты сатуға тiкелей байланысты. Және бiр аса маңызды жайт бар. Ол – Қазақстандағы адамдардың бiлiм деңгейiнiң айтарлықтай жоғарлығы. Сондықтан акционерлердiң жалпы жиналысында корпорация басшысы Владимир Ким күтпеген жерден: «Адамдар сауатты болғанда жоғарғы стандарттарды жасау оңайға түседi», – деп мәлiмдедi.
Қазiр «Қазақмыс» елiмiздегi 19 ашық және жер асты кенiштерi мен екi мыс қорыту және байыту кешендерiнде өз жұмысын жүргiзуде. Сондай-ақ Германиядағы мыс өнiмдерiн шығаратын компания да оның иелiгiнде. Алдағы таяу жылдарда 600 мың тонна мыс өндiрiп, әлемдегi ең iрi бес компанияның қатарына енудi басты мақсат етiп қоюда. Бұл мақсат негiзсiз де емес. Мыстың әлемдiк бағасы күн санап өсiп, әр тоннасы 7-8 мың долларға жетiп отыр. Оның үстiне сұраныс та жылма-жыл үздiксiз артып келедi.
«Кларидж» қонақ үйiне жиналған акционерлердiң көбiнiң аты әлемге әбден танымал жандар. Директорлар кеңесiнiң мүшелерi лорд Ренвик Клифтонский бұрын Вашингтон мен ЮАР-дағы Британия елшiсi болса, Саймон Хил Лондонның металдар биржасын басқарған. Ал МЭТЬЮ Херд, Филип Айкен, Джемс Рутланд, Лондон қор биржасының менеджерi Роберт Стафлер мырзалар әлемдiк деңгейдегi менеджерлер ретiнде мәлiм.
Орасан зор территориясы бар, ал халқының саны айтарлықтай аз Қазақстанның атағы осындай қор биржаларының көмегiмен әлемге жайылары еш күмән туғызбаса керек. Беделдi Лондон қор биржасының көмегiмен әлем жаңарған, тәуелсiз Қазақстанның бүгiнгi бейнесiн танитыны аян.
Мiне, сондықтан да директорлар кеңесiнiң алдында есеп беруге бел буған «Қазақмыс» корпорациясы директорлары кеңесiнiң төрағасы Владимир Ким, «Қазақмыс ПЛС»-тiң президентi Владимир Ни, сондай-ақ атқарушы бас директоры Олег Новачуктың толқулары түсiнiктi де едi.
«Қазақмыс» корпорациясының Лондон қор биржасындағы қор индексi жөнiнен әлемдегi ең үздiк 100 компанияның қатарына енуiнiң өзi акционерлердiң көңiлiне сенiм ұялатқаны күмәнсiз. ПЛС-тiң капиталының қысқа уақытта 4,5 млрд. доллардан 12 млрд. доллар көлемiне дейiн өсуi әлемдегi ең iрi сауда ойыншылары болып табылатын және әлемдiк экономиканың қыр-сырына жетiк бiлiктi акционерлердiң қолдауын табуы заңды да.
Әлемдiк экономиканың бұлжымайтын заңдылықтары есепсiз қадам жасауды көтермейтiнi белгiлi. Мұнда әрбiр қадам сан талқы, сарапқа салынып қана жасалады. Үнемшiлдiк пен болашақ дамудың нақты жобалары болмаса кез келген компанияның сазға отыруы оп-оңай. «Қазақмыс» компаниясы алдағы күндерi Кеңқияқ мұнай құбырына таяу маңдағы шағын мұнай кенiшiнiң 15 пайызына қол жеткiзудi көздеп отыр. Ақтөбе облысының оңтүстiгiндегi «Шығыс Ақжар» кенiшi компанияның өз жанар, жағар майының болуын қамтамасыз етедi және әзiрге жанар майды өзгелерден сатып алуға жұмсалып отырған шығынды үнемдеуге көмектеседi.
Оның үстiне ПЛС өз жұмысының жан-жақты болуына: активтерi мен өнiмдердiң сан салалы болуына мүдделi. Мiне, осындай үздiксiз жүргiзiлген iзденiстердiң арқасында компанияның табысы жылына 156 пайызға өсiп отыр. Бұл дегенiмiз – 2,5 млрд. доллар көлемiне жуық ақша. Оның үстiне Лондон қор биржасында күнiне жүз миллион доллар көлемiнде акциялар сатылып, қайта сатып алынып жатады. Өткен жылы ПЛС-тiң әрбiр акциясы өз иелерiне 25,7 цент көлемiнде таза пайда әкелген.
«Кларидж» қонақ үйiндегi залда және Жүйедегi электрондық дауыс берудiң нәтижесiнде 350 миллион акционерлердiң 99,8 пайызы жылдық есептi қанағаттанарлық деп таныды.
Қазiргi күнде ПЛС-тiң акционерлерi арасында бес жүзден астам түрлi қорлар: инвестициялық, сақтандыру қорлары бар. Осының нәтижесiнде әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде корпорацияның қызметiне қызығушылық оянуда. Мұның өзi Тәуелсiз Қазақстанның өмiрiне, экономикасына қызығушылықты туғызатыны, болашақ инвесторларды көптеп тартатыны белгiлi.
Еуразия құрылығынан Ла-Манш бұғазының биiк те сұсты жартастары бөлiп жатқан елдiң климаты еш тынбайтын жылы Гольфстрим ағысының әсерiнен соншалықты жанға жайлы, қоңыржай. Жыл мезгiлдерiнiң кез келген уағында жиi жаңбыр жауып, жұртты мезi еткенi болмаса, қысы май тоңғысыз. Түрлi ауа және теңiз ағыстарының түйiскен тұсында орналасқандықтан ба, ауа райы аса құбылмалы. Сол ерекшелiгi елдiң аузында аңызға айналған. Теңiз бетiнен көтерiлген қою тұман онша биiк емес тау қыраттары мен жасыл беткейлердi, атағы төрткүл әлемге жайылған ағылшын көк майсаларын жиi тұмшалайтын болғандықтан да осынау аралдар Тұманды Альбион деп аталатын болса керек (Мұны келесi нөмiрдiң еншiсiне қалдырдық).
Ғалымжан МЕЛДЕШ, «Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi