Жаңалықтар

СОТ КӨЛIГI КIСI ҚАҚТЫ...

ашық дереккөзі

СОТ КӨЛIГI КIСI ҚАҚТЫ...

Оңтүстiк Қазақстан облысында облыстық соттың қызметтiк көлiгi адам қағып, қашып кеткендiгi Шымкентте шулы оқиғаға айналды

Атышулы "Шымкентская мафия" кiтабының жағымды кейiпкерлерiнiң бiрi, облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасының төрағасы Ақылбек Елшiбаев "адам қағып, қашып кеттi" деген күдiктi әңгiмеге арқау болып, бүгiнде жағымсыз кейiпкердiң бiрiне айналып бара жатқан сияқты. Бұл күдiктiң шындыққа айналуы әбден мүмкiн. Егер де құқық қорғау органдары "қарға қарғаның көзiн шұқымайды" деген принцип ұстанбай, шен-шекпеннiң мүддесiн қорғамай, шырақ алып шындықты iздер болса, көп жайтты анықтауға мүмкiндiгi бар. Жабулы қазан жабулы күйiнде қалса —әдiлдiктiң салтанат құрмағаны деп бiлемiз.

Соттар да перiште емес, судан таза, сүттен ақ болып жатқан жоқ. Соңғы жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысында бiрнеше сот қызметкерi пара алып жатқан жерiнде тұтқындалды. Қоғамда ақиқатты айтар, қара қылды қақ жарар, адам тағдырына араша болар соттардың арын ақша жұтып жатса, әдiлдiк iздеген азаматтар қайтпақшы?! Осы фактiлерге қарап-ақ облыстық сот жүйесiн парақорлық жайлап алған ба деп қаласың. Осындай жағдайда түрлi сот процесiнен әдiл үкiмдер, шешiмдер шығады дегенге күмән келтiретiндер де аз емес.

Шындық жолы — шырғалаң. "…Рульдегi кiсi Елшiбаев Ақылбек қой" деген куәгерлердiң сөзiне сенсек, заңның майын iшкен Елшiбаев оқиғаның ауыр қылмыс екендiгiн, оған заң алдында жауап беретiнiн жақсы бiлген. Сондықтан азаматты қаққан бойда бой тасалап жасырынуы әбден ықтимал. Себебi, "Кiруге тыйым салынады" деген жол ережесiн өрескел бұзу анау-мынау азаматтың қолынан келе бермейдi.

ҚР Жол қозғалысы ережесiнiң 7.2 тармағының талаптарына сәйкес жүргiзушi жол оқиғасы болған кезде көлiк құралын дереу тоқтату керек едi. Апаттық жарық сигнализациясын iске қосып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге мiндеттi болатын. Оқиға туралы жақын жердегi iшкi iштер органына хабарлауы тиiс едi. Осы заң талаптарын қатаң сақтауға мiндеттi сот көлiгiнiң жүргiзушiсi бұл талаптардың бiрде-бiрiн орындамаған. Жол оқиғасы орын алған жерден қашып кеткен. Ал, оқиға болған жерде адам өмiрi қиылып кетедi деп ойламаған. Мұндай жағдай орын алуы да мүмкiн едi. Адам өмiрi сот көлiгiнiң жүргiзушiсiне ойыншық па?

Жол көлiк оқиғасында нақты анықталған мән-жай бар. Ол Азат Кеналиевтi облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасының төрағасы Ақылбек Елшiбаевқа тиселi қызметтiк көлiгi, мемлекеттiк нөмiрi "Х 002 VP" "Тойота-Камри-35" автомашинасы қаққандығы дәлелдендi. Осы оқиға барысында облыстық соттың лауазым иесi А.Елшiбаев "адам қағып, қашып кеттi" деген күдiктiң оған кенедей жабысып қалғаны жайдан-жай емес сияқты.

Жол оқиғасы төмендегiдей орын алған.

Осыдан бiржарым ай бұрын бiр топ жастар — Азат Кеналиев, Досымжан Байболаев, Ерлан Нұрғалиев, Бауыржан Сұлтанаманов пен Қуаныш есiмдi жiгiттер "Думан" дәмханасына қарай көшенi қиып өтiп бара жатады. Сол сәтте бiр ғана бағытта жүруге тиiстi Байтұрсынов көшесiнiң бойында Азатты автокөлiк қағып кетедi. Жүргiзушiнiң адам қаққаны аздай, көлiктi тоқтатуға әрекеттенген Досымжанды да қолын есiкке қысқан күйi сүйреп, жарақат салған. Ал көрген куәлердiң айтуына қарағанда, әлгi "Х 002 VP" "Тойота-Камри-35" маркалы қызметтiк автокөлiк облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасының төрағасына тиесiлi екен. Тiптi оқыс оқиға орын алған жерде бiрсыпыра куәлер: "Ой, мынау Ақылбек Елшiбаев қой" — деп айқайлап жiбергенге ұқсайды. Ал жiгiттер жәбiрленушiлердi №2 ауруханаға жеткiзген. Жол апатына күдiктi деген азамат содан ұшты-күйлi жоғалған.

Арадан оншақты күн өткенде әлгi автокөлiктiң жүргiзушiсi Мураджан Шарасуловтың ата-анасы мен ағайын-туыстары аурухана төсегiне ерiксiз таңылған Азаттан кешiрiм сұрап келген.

Жәбiрленген жiгiттер облыстық жол полициясына арызданғанымен, одан ешқандай нәтиже шықпаған көрiнедi. Оларды адам қаққан көлiк белгiсiз деп сыпайы түрде шығарып салады. Осы уақытта адам қаққан мәшине жөнделiп, "айыпты" жүргiзушi бостандықта емiн-еркiн тайраңдап жүрген.

Бiр таңданарлығы Шарасулов өзiнiң қылмыс жасағанын ешкiмге айтпай келгендiгi. Зақымданған автокөлiктi көрген бойда ақылды адам, әсiресе, заңгер азамат "көлiкке не болған? Неден зақымданды?" деп — тәптiштеп сұрамағаны ойлантады. Оған соттың лауазым иесi Елшiбаевтың ақылы жетпедi деп айта алмаймыз. Өмiрде кез келген лауазым иесi өз орынтағын және абырой-беделiн сақтап қалу үшiн өзгелердi құрбандыққа шалуға шебер келедi. Тiрнектеп жинаған абыройын шелектеп төге салу оған да мәртебе емес. Сондықтан жәбiрленушiнiң жүргiзушi Шарасулов айыпты емес, бұл оқиғаға кiнәлi Елшiбаев деп шырылдауында үлкен мән бар.

Шындық iздеп шырылдаған, құқық қорғау органдарынан қорғау таппаған Кеналиев Азат Қазақстан Республикасының Президентiне хат жазып, әдiлдiктiң салтанат құруын сұрайды. Осы хатта оқиғаға байланысты жүргiзушiсi Шарасулов кiнәлi еместiгi, керiсiнше, соттың лауазым иесi Елшiбаевтың сұлбасы "мен мұндалап" тұрғандай сезiледi. Ендi хаттың мазмұнына үңiлейiк:

"Менiң арыз бермек себебiм, 2007 жылдың 6-сәуiр күнi, түнгi сағат 12.50 шамасында Шымкент қаласы Байтұрсынов көшесiнiң бойында орналасқан "Думан" кафесiнiң алдында жол ережесi белгiсiне қарсы жүрiп, үлкен жылдамдықта Оңтүстiк Қазақстан облыстық сотының мемлекеттiк нөмiрi "X 002 VР" қара түстi "Тойота-Камри-35" деген автокөлiгi менi және достарым Байболаев Досымжан, Нұрғалиев Ерланды қағып, ауыр халде қалдырып iзiн суытып қашып кеттi. Қаққан кезде мен машинаға қатты соғылып, машина капотына ұрылып, оны майыстырып, лобовой әйнектi шытынатып, машина үстiнен асып түсiп, жерге құлап қалдым. Сол кезде менiң басым жарылып, омыртқам және аяғым сынды. Ал досым Байболаев Досымжан қылмыскердi тоқтатайын деп әрекеттенгенде қылмыскер өз қылмысын жасыру мақсатында Байболаевтың қолын есiкке қысып, қолын сындырып, машинамен сүйрелеп, бет-аузын жаралап қашып кеттi. Куәлардың айтуынша, рульдегi кiсiнiң жасы 50-ден асқан, орта бойлы, арықтау келген қазақ кiсi екен және ол қазақ тiлiнде сөйлеп, өзiнiң қазақ екенiн бiлдiрген және оқиға болған кезде сыртта тұрған кейбiр кiсiлер қылмыскердiң қашқанын көрiп "рульдегi кiсi Елшiбаев Ақылбек қой" деп айқайлап қалған және автокөлiктiң мемлекеттiк номерiн байқап, жаттап алған. Қылмыскер қашып кеткеннен кейiн достарым такси жалдап ауруханаға жеткiздi. Ертеңiне достарым Байболаев Досымжан және Нұрғалиев Ерлан болған оқиға жөнiнде қылмыскердiң қашып кеткенiн айтуға облыстық МАИ-ға барып шағымданбақ болған кезде, кезекшi олардың шағымын қабылдамай, қылмыс жасаған автокөлiк "облыстық соттiкi ғой" деп құлақ аспай, қабылдамай қойған. Оқиға болғаннан кейiн оншақты күннен кейiн, бiрнеше өзбек кiсiлер келiп, "қылмысты Шарасулов Мұрат жасаған едi, соған кешiрiм берiңдер" деп келiптi. Менiң ауыр халде жатқанымды көрген ата-анам уайым үстiнде оларға аса назар аудармапты және сол арада Байболаевтi көндiрiп, қомақты ақша берiп, кешiрiм беруге мәжбүрлеп көндiрiп, нотариалды түрде бекiтiп алған. Бұдан басқа менiң жаным қатты қиналып, өмiрден түңiлiп жатқан кезiмдi пайдаланып, төсек тартып жатсам да "қылмыстық iс қозғалмасын" деген тақырыпта мәжбүрлеп арыз жаздырып алды және нотариалды түрде бекiтiп алды. Ол сәтте маған жанымнан артық ештеңе керек емес болатын және не айтып, не iстегенiме есеп беретiн жағдайда емес едiм. Бұл жөнiнде дәрi-дәрмек iздеп шарқ ұрып, заң орындарына шағымданып жүрген әкеме арызды мәжбүрлеп жаздыртып алғанын айттым. Менiң естiп бiлуiмше қылмысты Шарасулов Мұраттың жасауы шындыққа жанаспайды. Себебi ол жүргiзушi болып жұмыс жасаса жалақысы төмен бола тұра жәбiрленушiлердi үлкен қомақты ақшамен қаржыландыруға қалай әрекет жасайды және нотариус қызметкерiн өзiмен әрi-берi алып жүредi, аурухана дәрiгерлерiнiң үн-түнсiз қалуы қылмыскердiң үлкен лауазым иесi екенiн бiлдiредi. Бұған қосып айтарым, рульде облыстық соттың лауазым иесi Елшiбаев Ақылбектiң болғанына күмәнiм жоқ. Себебi, қылмысты жүргiзушiсi жасаған болса неге қылмысты жасырмай, бүркелемей, жүргiзушiсiн заң орындарына бермедi. Аталған автокөлiк оқиғадан кейiн шынылары сынып, капот, есiк тұстары зақымданған және бiрнеше күн бойы жасырын түрде жөнделiп шыққан. Және де осыған қосып айтарым болған оқиғадан кейiн бiрнеше күн өткен соң, досым Нұрғалиев Ерлан қылмыс жасаған автокөлiктiң майысқан, сынған жерлерiн түзетiп болып, көлiк жуу тұрағына кiргiзiп қылмыстың белгiлерiн жасыру мақсатында жуып жатқан кезiнде қолындағы ұялы телефонымен бейнетаспаға түсiрiп алған. Машинаны жудырып жатқан қазақтың екi жасөспiрiм балалары болғанын көрген және бұл балалардың Елшiбаев Ақылбектiң туған балалары екендiгiне күмән туғызбайды. Бұған қарағанда Елшiбаев Ақылбектiң қылмысқа толық қатысы бар екенiне және жүргiзушiсi Шарасулов Мұраттың кiнәсiз амал жоқтан қылмысты мойнына алғанын бiлдiрiп тұр. Таңғаларлық жағдай, бүгiнгi күнге дейiн Шарасулов Мұрат түрiн бiр ретте көрсетпей, А.Елшiбаевтiң үйретуiмен, оның ықпалымен емiн-еркiн жүруi таң қалдырады. Осы жағдайға назар аударып ақиқатына жетулерiңiздi сұраймын. Осы жағдайдың бәрiн бiлген Ақылбек Елшiбаев бүгiнгi күнге дейiн үндемей түк бiлмеген сияқты болып жүр. Осы оқиғаға байланысты әкем Кеналиев Даниярбек барлық жағдайды егжей-тегжейлi Елбасына, Бас прокурорға және де құқық қорғау органдарына арыз жазып қылмысты әшкерелеудi сұранды, алайда ол арыздар нәтижесiз қалуда…

Облыс көлемiндегi сот билiгiнiң басшыларының бiрi болып саналатын А.Елшiбаевтiң билiк басында тұрған кезде бұл сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың толық ашылуына кедергiсiн тигiзетiндiктен оны қызметiнен аластатуларыңызды сұранамын.

05.05.2007ж. А.Кеналиев.

Хатты оқыған кез келген азамат көлiк оқиғасына қатысты қылмыскердi айнымай таниды. Кiм екендiгiн түстеп бередi. Алайда құқық қорғау органдары бұл жайында шындықты қазбалауға құлықты болмай отыр. Және бiр түсiнiксiз жағдай, тергеушi нелiктен көлiк оқиғасына қатысты деп отырған Ақылбек Елшiбаевтан түсiнiк алмайды. Көлiк оқиғасы болған күнi Елшiбаев қайда болған, не iстеп жүрген? Куәлердiң түсiнiктемелерi ескерiлмейдi. "Заң алдында хан да, қара да бiр" деген даналық сөз рас болса облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасының төрағасы Ақылбек Елшiбаев осы күмәндi жайдың бәрiне жауап беруi тиiс едi. Ал құқықтық мемлекет құрамыз деген бiзде қатардағы облыс соттың лауазым иесiнен түсiнiк алу қиын. Орынтағы мықтылар мен бiлегi жуан, тамыр-танысы көп лауазым иелерi алдында жауап беруден қашқақтайды. Жазаға тартылмайды. Акулалардың ауға iлiнбей, шабақтардың торға түсуi өмiр заңына айналғандай. Шымкенттен шыққан осы шудың шындығын анықтауды ары таза құқық қорғау органдарының ар-ұятына қалдырдық. "Шындық жолы шырғалаң, ақиқат жолы әлжуаз" деген рас да шығар.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ