Жаңалықтар

ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫ: ҚАЗАҚТЫҒЫН САҚТАП ҚАЛА МА?

ашық дереккөзі

ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫ: ҚАЗАҚТЫҒЫН САҚТАП ҚАЛА МА?

Стамбұлға табанымыз тиген бойда түрiк жерiнде тұрып жатқан қандас бауырларымызды ойлап, Қазақстан консулдығын iздестiре бастадық. Әрине, Түркияның туризм министрлiгiне алғысымыз шексiз, себебi бiз мүлдем басқа жобамен түрiк елiне ат басын тiресек те, министрлiк қызметкерлерi бiздiң ниетiмiздi түсiнiп, жергiлiктi қазақтармен кездесу бақытын сыйлады. Стамбұлдан шеткерi ауданда Қазақ консулдығы орналасқан. Әлемге әйгiлi Топқапы, Долмабақшы сарайларын аралап шыққан соң, Түркияның туризм министрлiгiнiң өкiлi Мұстафа Мұтлыға: "Ал, қазақтарға қашан барамыз?" — деумен болдық. Бiрақ Қазақстан консулдығында көңiлiмiз су сепкендей басылды.

ҚАЗАҚ КОНСУЛДЫҒЫ: ТҮРIКШЕ САЙРАСА ДА, ҚАЗАҚША БIЛМЕЙТIН КЕЙБIР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР

"Қазағым қайдасың" — деп, Стамбұлдан қандас бауырларды iздеу кiнә ма екен?! Қазақстан консулдығына асығып-аптығып жеткенiмiзде, бiздi онда мүлдем қазақы қонақжайлылықпен қарсы алған жоқ. Жанымызда гидiмiз — Мұстафа Мұтлы. Орысша судай сөйлейдi. Ендi оның алдында бiздiң бiр ғана ниетiмiз — консулдықтан қазақша сөйлейтiн қызметкерлердi тауып, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көрсету ғана. Бiрақ амал қанша, бiздi онда консулдың екiншi хатшысы Тимур Оспанов деген жiгiт қарсы алды, Мұстафа Мұтлымен түрiкше сайрап кетсе де, бiзге қарай орысша сөйледi. Бiздiң: "Кешiрiңiз, бiрақ мұнда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлiнде сөйлейтiн қызметкерлер бар ма?" — деген сауалымызға: "Есть, консул говорит и я тоже" — дедi. Масқара болғанда, түрiк елiнiң өкiлi, Туризм министрлiгiнiң бiлдей маманы Мұстафа Мұтлыдан ыңғайсыздандық. Әлгi Тимур болса, түрiкше мен орысшаға шапшаң. Сiрә, ол Қазақ консулдығында емес, Ресей Федерациясының немесе Түркияның шет елдердегi елшiлiктерiнде қызмет жасаса, жарасып жатыр.

Абырой болғанда, бiраздан кейiн Қазақстан Республикасының Түркиядағы консулы Жәлел Шаямергенов келiп, бiзбен мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiнде сөйлесiп кеттi. Бұған да шүкiр дедiк. Жәлел ағамыз Стамбұлдың Зейтiнбұрны ауданында қазақтардың көп шоғырланып тұрып жатқанын айтып, жол сiлтедi. Қазақстаннан келген қонақтарға қазақша жауап берген ағамызға ырза болдық. Кiм бiлсiн, Зейтiнбұрныдан консулдыққа келiп жатқан қазақтармен Тимур не түрiкше, не орысша сөйлесiп жүрген болар. Ал, Түркия қазақтары тек қана өз ана тiлдерi мен түрiкше бiледi ғой. Сондықтан Тимур Қазақ елшiлiгiнде қызмет ете тұра шет елдердегi қазақтармен түрiкше сөйлесiп, онсыз да шеткерi жерлерде түрiктенiп жатқан қандастарымыздың өз ана тiлiн ұмытуына септесiп те жүрмес пе екен деп iштей сезiктендiк. Бұның бетiн аулақ қылсын, әрине…

АНАДОЛЫ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БАР ТIЛЕГI — ЛАТЫН ӘЛIПБИI МЕН ҚАЗАҚ МЕКТЕБI

Қазақ шын мәнiнде үлкен сынның алдында тұр. Олай дейтiнiмiз, Қазақстанның латын әлiпбиiне көшу мәселесiн сырттағы қазақтар әрқилы қабылдап жатыр. Шет елдердегi қазақтар өзге ұлттардың жетегiнде кете ме, кетпей ме, бұл әлiпбиге де байланысты дүние болса керек. Ресейде 1,5 миллионға жуық кирилл әрпiнде жазып-оқитын қазақ тұрады. Бiрақ, бiр қызығы, оларға қазақ баспасөзi бармайды. Ал, Түркияда 20 мыңға жуық қазақ тұрып жатыр. Оларға Қазақстаннан оқулық-журналдар көптеп барып тұрады екен. Бiрақ нонсенс! Түрiк елiндегi қандастарымыз кирилл әрпiн танымайды. Сондықтан олардың бар ниетi — елiмiздiң тездеп латын әлiпбиiне көшуi ғана. Түркиядағы қазақтар қауымдастығының берген мәлiметi бойынша, бүгiнде Стамбұлдың Зейтiнбұрны ауданында 13400-дей қазақ тұрса, Гүлеш ауданын 6000 қазақ мекендейдi екен. Сапагөй, Шекпенжер аудандарында — 1500-2000, Измирде 1000 қазақ тұрады екен. Жалпы, қауымдастықтың Түркияда 21500-22000 қазақ бар деп межелеп отырған жайы бар. Бұл орайда қауымдастық төрағасы Дәруiш Қылыш былай дейдi: "Қазақ Президентi мен мемлекетiнен тiлейтiнiмiз — Қазақстан латын әрпiне тезiрек көшсе екен. Түркиядағы қазақтар болсын, Еуропадағы қазақтар болсын, қазақша кiтап-журналдарды, баспасөздi оқи алмайды. Мұнда бiздiң жеке кiтапханамыз бар. Онда Қазақстаннан жiберiлген 5000-нан аса кiтап шаң басып тұр. Оның iшiнде Абай атамыздың, Мұхтар Шахановтың, т.б. қазақ ақын-жазушыларының кiтаптары бар. Бiрақ оны оқуға мүмкiндiк жоқ" — деп қынжылады. Бiр қызығы, алғашында Стамбұлдағы қазақ орталығына орысша жазылған кiтаптарға дейiн жiберiлiп тұрған. "Бiз оның бетiн ашып оқи алмаймыз ғой" — деп, Дәруiш Қылыш шерiн тарқатады. Кейбiр билiк тармақтарында шала қазақтар отырған соң, олардың тiрлiгi өнсiн бе?! Орысша кiтаптарды Түркиядағы қазақтарға жiберiп, мазақ ету — тек қана бiздiң шенеунiктерге тән қасиет. Сiрә, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлiн менсiнбеушiлiк — тек қана елiмiздегi қазақтарға емес, сырттағы қандастарымызға да өз кесiрiн тигiзiп жатқаны анық. Ресейдегi 1,5 миллион қазақ орыстанып жатыр, Қытайдағы 1,5 миллион қазақ қытайланып жатыр, Түркиядағы 20 мың қазақ түрiктенiп жатыр, ал Қазақстандағы қазақ өз елiнде өзi би бола алмай, санасы әлi күнге дейiн кеңестiк идеологиядан арылмаған "советтiк қазақтардың" кесiрiнен "қазақстандық ұлтқа" айналып барады.

Зейтiнбұрны ауданында Абай атындағы орта мектеп бар. Аты — қазақша да, заты — түрiкше. Дәруiш Қылыштың айтуынша, Қазақтар қауымдастығы жанында қызмет ететiн қордың қазақша мектеп ашуға мұршасы жетпейдi екен. Екiншi жағынан қандасымыз: "Бiз бөлек қазақ мектебiн ашып, қазақша бала оқытамыз" деуге ыңғайсызданамыз. Әу бастан әкелерiмiз мұнда келгенде, түрiктер бiздi жылы шыраймен, құшағын жайып қарсы алған. Қазақ су iшкен құдығына түкiрмейдi. Жалпы, екi ел арасындағы ынтымақтастық өсу үстiнде ғой, сондықтан бұл мемлекет те қазақша мектеп ашуға қарсы болады деп ойламаймыз. Бұл орайда Қазақстан Түркияда қазақ мектебiн ашуға өзi түрткi болмаса, бiздiң мұнда мектеп ашуға жағдайымыз жетер емес. Қазақ тiлiн өзiмiз де көп бiле бермеймiз. Қазақ мектебiн ашсақ, оған мұғалiм, кiтап-оқулықтар керек. Сондықтан бұған мемлекет тарапынан үлкен көмек қажет" — дейдi.

"CASPIONET-ХАБАР" НЕГЕ КӨБIНЕ ОРЫСША СӨЙЛЕЙДI?

Ресей Федерациясынан тысқары жүрген орыстар Қазақстаннан тарайтын "Caspionet-Хабар" кабельдiк телеарнасының орысша хабарларына мұқтаж емес екен. Мұны шет елде жүрiп түсiндiк. Түркияда Ресейдiң Первый канал, Культура, РТР, НТВ, т.б. телеарналарын көрсетедi. Шет елде орысша сайрайтын телеарналарға Қазақстаннан шығатын жалғыз кабельдiк арна — "Caspionet"-тi қосыңыз. Бiрақ орысша және ағылшынша бiрдей сайрайтын БАҚ-тың сыртта бiр ғана жоқтаушысы — қазақ көрермендерi ғана бар екен. Ағылшыншасын жарытып, BBC мен CNN телеарналарынан да ешқашан оза алмайтын ақпарат құралын қызығып көретiн шетелдiктер де кемде-кем көрiнедi. Әрине, бұл телеарнаның басты мақсаты — Қазақстанның имиджiн көтерiп, шетелдiктерге елiмiздi таныта түсу. Бiрақ көрерменнiң БАҚ-қа деген сұранысымен де санасуы керек қой. Шетелдiктер бұл телеарнаны көрсе — көрдi, көрмесе — көрмедi. Ал, шет мемлекеттердегi қазақтардың Отанымен жалғыз байланысы — "Caspionet" болып отырғанын несiне жасырамыз?! Мұндағы қазақтар телеарнадағы қазақша хабарлардың аздығына қынжылады. Дәруiш Қылыш былай дейдi: "Стамбұлда кешкi 5 пен 6 арасында далада жүрген бiрде-бiр қазақты көрмейсiң. Неге? Өйткенi дәл осы уақыт аралығында "Caspionet" телеарнасынан бiр сағат Айтыс көрсетедi. Бiз домбыраның даусын аңсаймыз ғой, сондықтан бәрiмiз теледидардың алдына жайғасамыз" — дейдi. Алты қабатты Қазақ қауымдастығының бiрiншi қабатын қандастарымыз арнайы телеарна көруге арнапты. Төрде үлкен үй кинотеатры тұр. Онда күнi бойы бiр ғана телеарна көрсетедi — "Caspionet". Қандастарымыз осыншама "ұлықтаған" телеарна бiз барған кезде орысша сайрап тұрды. Бiз түсiнсек те, Зейтiнбұрны қазақтары түсiнбейдi. "Бiзге картинкасы болса да, шүкiр дейтiн болдық" — дейдi, арнаны тамашалап отырған қазақтар.

88 жастағы Мұқай апа Айтысты сүйiп көредi екен. Бiрақ қария Айтыстың бiр-ақ сағат көрсетiлiп жүргенiне қынжылады. Дәруiш Қылыш болса, жастарға арналған қызықты ток-шоу бағдарламаларының, жаңа заманғы қазақша әндер мен бейнеклиптердiң көптеп көрсетiлуiн тiлейдi. Себебi Стамбұлдағы қазақ жастары айтысқа қатты құмартпайды екен. Есесiне Түркияда 100-ден аса түрiкше телеарна болған соң, жастар көбiне жергiлiктi телеарналарды қызықтап көредi. Сондықтан Түркия қазақтарының бар тiлегi — "Caspionet"-тен қазақша хабарлардың да көптеп көрсетiлуi ғана. Ақпараттық экспансия өршiп тұрған заманда Қазақстаннан шығатын жалғыз телеарнаны шетелдегi қазақтардың мүддесi үшiн пайдалана алмай отырғанымыз — баяғы "шала қазақшылықты" аңғартпай ма? Дәруiш Қылыш та: "Балаларымыз қазақша телеарна көрмесе, қазақша кiтап-газеттер оқымаса, тiлдi ұмытпай ма?" — деп өкiнедi.

Жергiлiктi қазақтардың бойынан байқағанымыз, олардың тiлдерi сәл түрiктенiп кетiптi. Оның үстiне аты-жөнi, есiмдерiнiң денi — түрiкше. "Қазақ тiлi" қоғамының төрағасы Кәмiл Гезердың айтуынша, Түркияда бөтен аттарды түрiкшеге сай етiп жазуды мiндеттейтiн заң бар екен. Бұл жайында Кәмiл Гезер: "Бiздiң әке-шешелерiмiз мұнда келгенде, заң өзгерiп, аты-жөндерiн қысқартқызып жаза бастапты. Менiң әкемнiң аты — Тоқан Ысқақұлы. Бiрақ атамның фамилиясын алып тастап, басқаша аттар қойды. Менiң фамилиям қазiр — Гезер. Анығында мен Тоқанұлы болуым керек едi. Заң бойынша, бөтен аттарды, яки түрiкшеге ерсi келген сөздердi куәлiкке жазғызбайды. Мұнысы қиын. Менiң жиенiмнiң аты — Кәусар. Құдайға шүкiр, осындай аттарды жаңа туған нәрестелерге қойып жатырмыз. Мұнысына да шүкiр" — деп сөзiн түйiндейдi. Түркиядағы қазақтардың ассимиляцияға түсуiне өзiндiк септiгiн тигiзiп жатқан тағы бiр фактор — аралас некелер. Түрiктен қыз алып, не түрiкке қыз берiп жатқан қазақ отбасылары да жоқ емес. Бiрақ тiл мен қанды араластырмау үшiн Түркияда жаз айларында екi ай бойы арнайы той-мерекелер өткiзiледi екен. Оған Қазақстан мен Еуропадан қазақ отбасылары келiп, өзара танысып, той-думан өткiзiп, балаларының толыққанды қазақ отбасын құруына мүдделi болып, өзара жақсы араласады екен. Ата-жұртқа қайтып жатқан отбасылары да бар көрiнедi. Кәмiл Гезердiң мәлiметiне арқа сүйесек, жыл сайын 50 отбасы Қазақстанға қарай жол тартады екен. Бiрақ Дәруiш Қылыш көшi-қонның қиындығын да тiлге тиек етедi. Бұл орайда ол: "Қазақстанға кетiп жатқан қазақтардың әуежайдан шыққан соң, барар жерi жоқ. Сондықтан бiздiң өтiнерiмiз, Қазақстанға көшiп жатқан оралмандарды бес-алты айдай бiр орталыққа қоныстандырып тұрса игi. Сол уақыт аралығында тым болмаса, тiлдi, жазуды үйренсе деймiз. Бұл жердегi жастар елге оралуы керек. Түркиядағы қазақ жастарының арасында дәрiгерлер, полицейлер, мұғалiмдер, әскерилер, т.б. маман иелерi бар. Олардың да елге қайтқысы бар. Бiрақ жастар: "Бiз Қазақстанға қайтсақ, олардың жазуын бiлмеймiз. Қайтадан бiрiншi класс баласының күйiн кешпеймiз бе?" деп қорқады" — дейдi.

Қазақстанның демографиялық ахуалының Ресейден де қиын екенiн көпшiлiк бiлер. Сондықтан сырттағы әрбiр қазақтың бiз үшiн орны бөлек. Дегенмен, Түркиядағы қазақтардың көбi елге оралуға асықпайтын сияқты. Себебi мұндағы қазақтардың денi шағын бизнеспен айналысады. Яғни, тұрмыстық деңгейi өте жақсы. 90-шы жылдардың басында күрт дамып кеткен терi өңдеу бизнесi жергiлiктi қазақтардың әл-ауқатының өсуiне зор септiгiн тигiздi. Дәруiш Қылыш өз бизнесiн Қазақстанға көшiруге ынталы. Бiрақ Қазақстанда шағын бизнестi ашудың қиындығын айтады. "Стамбұлдан елге қайтайын десек, Алматыда үйдi жалға алу өте қымбат. Сосын екi елдегi үй бағасының ара-қатынасы жер мен көктей. Алматыда үй бағасы шарықтап тұр. Оның үстiне бюрократия бар. Бiр кәсiпорын ашайын десек, бiр емес, бiрнеше есiктiң табалдырығын тоздыру керек екен. Қазақстанға барып, бюрократияның кесiрiнен орныға алмай, қайтып келгендер де бар" — дейдi, Дәруiш аға. Сондықтан сырттағы қазақтарды елге үлкен жеңiлдiктермен көшiру мәселесi де қамтылса жөн едi. Әсiресе шетелдегi қазақтардың шағын бизнесiн елiмiзге көшiруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлсе жөн болмас па едi?! Бұл да шетелдiк қазақтардың бiр тiлегi.

ТҮРКИЯДАҒЫ 20 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚАЗАҚТЫҢ "АРМАНЫ"

Қазақстаннан тек қана кирилл әрпiнде шығып жүрген оқулықтар мен орысша кiтаптар таратылып жүрген соң, Түркиядағы қазақтар "Арман" атты журнал шығаруға бел байлапты. Жалпы, Түркиядағы қазақтар қауымдастығы 1986 жылы негiзiн қалаған. Содан берi қауымдастық жанында қазақ тiлi мен дiн пәндерiнiң курстары, қайырымдылықпен айналысатын қор ашылып, тiптен жеке "Арман" атты журнал да шығып жатыр. Өкiнiшке қарай, журнал түрiк тiлiнде шығады. Бiрақ түрлi-түстi журнал Қазақстан жаңалықтарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мәселелерiн қамтиды екен. Журналдың жалпы таралымы — 7500 дана. Оның 55 данасы Америка қазақтарына, тағы бiршама бөлiгi Германия, Бельгия, Францияда тұратын отандастарымызға таратылады.

Түркиядағы қазақ қауымдастығының төрағасы Дәруiш Қылыш: "Бiз қазақша журнал шығаруға аса мүдделiмiз. Мұндағы түрiктер бiздiң түбiмiз бiр деп бiледi. Бiзде түрiкшеге аударылмаған кiтаптар өте көп қой. Тiптен, түрiктердiң өздерi қазақтың мәдениетi мен тарихын тануға құлықты болып отыр" — дейдi. Мұндағы қазақтар журнал аясында Қазақстанның көрiктi жерлерiн насихаттауды да өзiне парыз деп бiледi екен. Бұл жөнiнде қазақ диаспорасының басшысы: "Қазiр әлемге қарасаңыз, дүние кiшiрейiп барады. Дамыған елдерге табаны тимеген адам кемде-кем. Сондықтан көпшiлiк: "Бiз бұрын-соңды ешкiм болмаған жерге барғымыз келедi" — демей ме?! Бұл мүмкiндiктi мүлт жiбермей, Қазақстанды әлемге паш ету керек қой. Көкшетау, Бурабай, Оқжетпестi бiз әлi де туристерге таныта алмай отырмыз. Сондықтан шетелге шығатын Қазақстанның "Caspionet" кабельдiк телеарнасы арқылы Қазақстанның тарихи, мәдени, яғни туристiк жерлерiн неге насихаттамасқа?!" — дейдi. Түркияның да туризм кластерi өткен ғасырдың 80-шi жылдарынан кейiн күрт дамып кеткенге ұқсайды. Бұл орайда қандастарымыз елiмiздiң небiр тарихи, мәдени жерлерiн түрiк елiндей насихаттай алмай отырғанымызға қынжылады. Түркиядағы ел қатарлы қарапайым қазақтар да: "15 жыл бойы Қазақстанның мұнайы мен көмiрiн көрiп болдық. Бiз ендi елiмiздiң туристiк орталықтарын, қорықтары мен шұрайлы жерлерiн көргiмiз келедi. Сондықтан Қазақстан туризм кластерiн дамытса, елiмiзге мұнайдан да көп ақша түсер едi" — деп, ата-баба жұртына жанашырлық танытады. Түркия жылда елге келетiн 22 миллионнан астам туристердi қойнына сыйдыра алмай отырғанда, Қазақстан жүз мыңдаған туриске де шүкiршiлiк бiлдiредi. "Дос жылатып айтады" — демекшi, қандастарымыздың туризм кластерiн дамытуға қатысты ақыл-кеңесi орынды емес пе?!

Алматы – Стамбұл – Кония – Алматы

ТҮЙIН. Түркияда тұратын қазақтар түрiктенiп кетпей ме? Аға ұрпақ қазақ жастарына тiлдi ұмытпасын деген ниетпен қазақша әндер тыңдатып, "Бауыржан-шоу"-дың ескi бейне-таспаларын көрсетедi екен. "Caspionet"-тiң сиқы анау: бiр сағаттық айтысы, көп сағаттық орысшасы бар. Әйтеуiр, амал қанша, ассимиляция өз дегенiне жетiп жатыр. Сырттағы қазақ диаспорасы күштi болу үшiн Қазақстандағы мемлекетқұраушы ұлт — қазақ мықты болуы керек. Қазақтың тiлi, дiнi, тұғыры мықты болуы керек. Елiмiзде қазақ тiлiне толыққанды көңiл бөлiнбесе, Қытай мен Ресейдегi, Түркия мен Моңғолиядағы миллиондаған қазақтар да iшкi ассимиляцияның оңай құрбанына айналады. Сондықтан Қазақстан да әлемдiк тәжiрибенi қолға алып, мұндағы диаспора өкiлдерiн ұлтқа бөлмей, қазаққа тартып, қазақыландыра бастауы тиiс. Онсыз дамыған 50 ел түгiлi, "мемлекет" атаулы санатқа кiруiмiз неғайбыл.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА