АЛАШ АРЫСТАРЫНА ТАҒЗЫМ
АЛАШ АРЫСТАРЫНА ТАҒЗЫМ
Алматыда 31 мамыр Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiне орай, Алматы қаласы әкiмдiгi Тiлдердi дамыту басқармасының ұйымдастыруымен, 30-мамырда А. Байтұрсынов музейiнде «Алаш» арыстарын еске алу рәсiмi өттi.
Рәсiмдi ашып, сөз сөйлеген Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының төрағасы Кенжехан Матыжанов: «Жалпы қазақтың тарихында 1937-1938 жылдардағыдан асқан нәубет жылдары болмаған. Өйткенi, ел аман, жұрт тынышта, бейбiт күнде бүкiл елдiң зиялыларын атып-асып, дағдарысқа ұшырату деген жалпы адамзат тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бiрi болып саналады. Елбасының Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi болып жарияланды. Дегенмен, Алаш арыстарына құрмет ету, оларды еске алу шаралары бiр күнмен шектелмеуi керек. Бiз олардың рухының алдында мәңгi-бақи қарыздармыз. Қазiр олардың мұрасын игеру, тарихын зерттеу, тағлымын кейiнгi ұрпаққа жеткiзу мәселесi қолға алынып жатыр. Соның iшiнде, бүгiнгi өткiзiлiп жатқан шара Ахмет Байтұрсынов атамыз өмiр сүрген үйiнде өтiп жатыр. Ахмет Байтұрсынов Алаш көсемдерiнiң iшiнде ең бiрегейi және iрi тұлға. Бұл жердiң өзiнiң символдық мәнi бар. Бұл үйде Ахаң тұрған кезiнде Алаш арыстарының барлығы да осы үйге бас сұққан. Яғни, Алаш арыстарының терi сiңген, табаны тиген. Өткен жылы Алматы қаласы әкiмiнiң бастамасымен бұл мұражай күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Сол себептi де, Алаш арыстарына тағзым етудi Ахаңның мұражайы үйiнiң жанында өткiзiп тұрмыз. Сондай-ақ, биыл «Алаш» қозғалысына 90 жыл толады. Ол мерейтойды атап өту қаланың жоспарына енгiзiлген. Жалпы, бұл мерейтойға орай мемлекеттiк деңгейде iрi-iрi шаралар ұйымдастырылуы керек. Ол тарихтың әлi де зерттелмеген беттерi, орны толмаған ақтаңдақтары бар. Оның бәрi 90 жылдықтың қарсаңында қалпына келтiрiлiп, Алаш арыстарының мұраларын көптеген таралымдармен шығарып, жас ұрпақтың зердесiне жеткiзу жағы қарастырылуы керек» дедi.
Сонымен қатар, рәсiмге Ахаңның көзiн көрген Мiржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатова, Қошке Кемеңгеровтiң қызы Зайра Қошкеқызы секiлдi Алаш арыстарының ұрпақтары қатысып, өз ойларымен бөлiстi. Ал, Ахаңның шөбересi Жәнiбек А. Байтұрсыновтың «Жазушы» деген өлеңiн оқып бердi. Яғни, тоталитарлық режим Алаш арыстарының көзiн жойса да, оның мұрасын, ұрпағының зердесiн жоя алған жоқ.
Е. ҚҰМАР