Жаңалықтар

Үндiстанның Индустрия министрi Ашвани КУМАР: БIЗДI ҚАЗАҚ КЕНIШТЕРI ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

ашық дереккөзі

Үндiстанның Индустрия министрi Ашвани КУМАР: БIЗДI ҚАЗАҚ КЕНIШТЕРI ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Бұл мемлекет өзiн Қазақстанмен баяғы сақ тайпалары кезеңiнен байланыстырады. «Қазақстанның оңтүстiк аймағын мекендеген сақ тайпалары Үндiстанға көшкен» дейдi мәлiметтер. Онан берiде Үндiстан мен қазақ жерiн әйгiлi Бабыр жалғай түседi.

Бұл мемлекет Қазақстанның тәуелсiздiгiн алғаш танып, мұндағы елшiлiгiн ең бiрiншi болып ашқан мемлекеттердiң бiрi. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан Президентiнiң ең алғашқы ресми сапары да осы елге түсiптi.

Оңтүстiк Азияны жайлаған Үндiстанның Қазақстандағы қазiргi мүддесi мол. Әсiресе, мұнай кенiштерiнде. Бiз Үндiстанның Индустрия министрi Ашвани Кумарды екi ел арасындағы қатынастар жөнiнде сөзге тартқан едiк.

— Кумар мырза, бiз қазiр Үндiстанның IT- технологиясына аса зер салып отырмыз. Ондағы Бангалор қаласында ақпараттық технологиялар паркiмен тәжiрбие алмасу үшiн қазақстандық мамандарды жiберуге назар аударылуда. Екi ел арасындағы дәл осы сала бойынша әрiптестiктi қалай бағалар едiңiз?

— Бiздiң бiраз компаниялар осы қала маңындағы ақпараттық технологиялар паркiмен бiрлесiп жұмыс iстесуге әзiр. Екi ел арасындағы мамандардың тәжiрбие алмасуына, бiздiң компаниялардың осында өз өкiлдiктерiн ашуына бiз де барынша жағдай жасап отырмыз. Мен Бангалордағы ақпараттық технологиялық парктi өз көзiмен көрiп қайту үшiн Қазақстанның Индустрия министрiн Үндiстанға шақырдым.

— Ғалым Оразбақовты ма?

— Иә, сонымен қатар Сыртқы Iстер министрiн де бiздiң елге келiп қайтуға шақырдым.

— Үндiстанның Қазақстандағы мұнай саласындағы стратегиясы қалай түзiлуi мүмкiн? Үндiстан энергоресурстарды аса қажет ететiн мемлекет. Үндi компанияларының бiздiң елдегi кенiштердi сатып алуға мүдделi болғанын бiлемiз…

— Қазiр де сол ойымыздан айныған жоқпыз. Қазақстанның мұнай кенiштерiн барлау жұмыстарына қатысуға аса мүдделiмiз. Осы сапарымда үндi компанияларының Қазақстан мұнай кенiштерiн барлау iсiне қатысуы жөнiн күйттеп келдiм. Мұнаймен қатар көгiлдiр отын кенiштерi де бiздi қызықтырады.

— Қазiргi күнi Үндiстанның тұтынатын мұнай өнiмдерiнiң қанша пайызы Қазақстанға тиесiлi?

— Ой, өте аз. Мен қателеспесем, 0.9 пайыз-ау деймiн. Яғни, Үндiстан тұтынып отырған мұнай өнiмдерiнiң қазақстандық үлесi 1 пайыздан да төмен.

— Қазақстан ДСҰ (Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымы) құрамына кiруге қам жасауда. Бұл ұйымға кiру үшiн Үндiстанмен келiссөздер жүргiзуi керек…

— Бiз Қазақстанның ДСҰ құрамына кiруiне барынша қолдау көрсетiп отырмыз. Әрi қарай да бұл идеяны тек қолдайтын боламыз.

— Менiң қолымдағы ақпараттарға қарағанда, Үндiстан Қазақстанның кандидатурасын қолдау үшiн бiраз шарттар қойғанға ұқсайды. Мәселен, Қазақстанның Каспийдегi мұнай кенiштерiне енуге жеңiлдiктер беру жөнiнде осы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?

— Шынымды айтсам, мен мұндай ақпараттардан хабарсыз екенмiн. Бiз ондай шарттар қойған жоқпыз. Мұнай кенiштерiне қатысты мұндай шарттарды бiлмейдi екенмiн.

— Қазақстан Алматы қаласында iрi қаржы орталығын қалыптастырмақ. Үндi компанияларын Алматы қаржы орталығының «ойыншысы» болу идеясы қызықтырады ма?

— Мен бұл iстен хабардармын. Алайда, бiздiң елдiң өзiнде Мумбай қаржы орталығы бар. Оған қоса, үндi компаниялары Дубай қаласындағы қаржы орталығына шыға алады. Ал Қазақстан, Алматының ара қашықтығы ұзақ. Сондықтан, арадағы қашықтыққа байланысты Алматыдағы қаржы орталығында аса рөл ойнаймыз деп айта алмаймын.

Жаһанданудың бiр көрiнiсi елдердiң экономикаларының араласуы ғой. Орталық Азияның экономикасы үлкен бiр нарыққа айналды. Алматы сол нарықтың негiзгi ойыншыларының басын қосатындығына сенемiн. Ал бiздiң ел орналасқан оңтүстiк Азияға бiрден-бiр қолайлысы Мумбай мен Дубайдың қаржы орталықтары;

— Орталық Азия демекшi, бүгiнгi күнi Үндiстан Орталық Азия мемлекеттерiнiң қайсысын өзiнiң негiзгi сауда әрiптесi ретiнде бiледi? Немесе мүддесi қай елде көбiрек шоғырланған?

— Бiз Орталық Азиядағы барлық мемлекетпен арадағы экономикалық қарым-қатынасты жолға қойғанбыз. Бiрақ, Қазақстан осы аймақтағы экономикасы өте қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Бұған шүбә жоқ. Елдiң жан басына шаққандағы iшкi өнiмiнiң қалайша артып отырғанын бiз бiлемiз. Қазақстан табиғи ресурстарға аса бай ел. Сондықтан, бiз Қазақстанның Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекет екендiгiн түсiнемiз.

— Қазақстанның қаржы саласында Еуропа банктерiнiң үлесi бар, Қытай банктерi өз бөлiмшeлерiн ашқан. Тiптi, Түркияның банкi жұмыс iстейдi. Үндiстанның банктерi мұнда неге жоқ?

— Қазақстаннан банк ашу оңай емес. Бiзге лицензия бермейдi. Алайда, Алматы қаржы орталығы болайын деп жатыр ғой. Сол кезде бiздiң банктер де мұнда келетiн шығар. Мұнда қазiр бiздiң елдiң бiр банкiнiң бөлiмшесi бар-ау деймiн. Өкiлдiгi. Болашақта, ол бар қуатымен жұмыс iстейтiн шығар. Тағы бiр айтқым келгенi, екi ел арасындағы виза мәселесi қиындау. Бiр-бiрiнiң аумағына кiру мәселесi оңайға түспейдi.

— Бүгiнгi күнi Қазақстанда жұмыс iстеп жатқан үндi компанияларының саны қанша? Әрi бiздiң елдiң инвестициялық климатын олар қалай бағалайды?

— Қазiр Қазақстанда он бес үндi компаниясының бөлiмшелерi жұмыс iстейдi. Менiң байқауымша жемiстi еңбек етуде.

— Сiз ЭСКАТО коференциясына қатысуға келдiңiз ғой. Конференция қалай өттi?

— Өте сәттi өттi. Жақсы ұйымдастырылған. Сол үшiн де Қазақстан Үкiметiне алғысымды бiлдiремiн. Негiзi, мұндай конференциялардың ұйымдастырылғаны қажет. Әлеуметтiк ахуал талқыланды. Қазiр планетамызда әлеуметтiк жағдайы нашар, аштықтан меңдеген жұрттың баршылық екенi белгiлi. Осы мәселелердi шешуге бiраз ықпал жасалды деп ойлаймын.

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА