Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БАЙҚАУЫ: ЖҮЛДЕЛЕР ИЕЛЕРIН ТАПТЫ

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БАЙҚАУЫ: ЖҮЛДЕЛЕР ИЕЛЕРIН ТАПТЫ

Кеше Алматы қалалық Тiлдер басқармасы жариялаған «Мемлекеттiк тiл және БАҚ» конкурсы өз мәресiне жеттi.

Алматы қалалық Тiлдер басқармасының бастығы Кенжехан Матыжанов: «Байқаудың негiзгi мақсаты мемлекеттiң жүргiзiп отырған тiл саясатының жағымды имиджiн қалыптастыру, мемлекеттiк тiл саясатында қордаланып қалған мәселелердiң бетiн ашу және оны шешудiң жолдарын қарастыру әрi елiмiздегi зиялы қауымның тиiмдi ұсыныстарын жинау» дегендi айтты.

Байқауға жыл басынан берi жүзге жуық мақалалар мен 10-нан астам электронды БАҚ қатысқан. Өңкей газет-журнал редакторларынан тұратын қазылар алқасы мүшелерiнiң айтуынша байқау материалдарын сарапқа салу қиынға түскен сынды. Дегенмен, «Хабар» телеарнасындағы «Азамат» бағдарламасын үздiк деп табуды жөн санаған. Қазылар алқасының мүшесi, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Темiрхан Медетбектiң айтуына қарағанда, «Азамат» бағдарламасына сөз сайысқа келген әрбiр жастың ел ертеңiне адалдығы, тiл проблемаларына тереңдеп енуi қазылар алқасын риза қылған.

Ал, екiншi жүлдеге кинотанушы Гүлнәр Әбiкееваның «Начнем с понедельника» газетiнде жариялаған тiл бiлмейтiн қазақтардың трагедиясы жайында жазылған мақаласы үшiн ие болған. Үшiншi орынға «Алматы ақшамы» газетiнiң тiлшiсi Өтеш Қырғызбайдың тiл туралы жазған сериялы мақалалары ие болды.

Сондай-ақ, ынталандыру жүлдесiне бес адам ие болса, тiл тақырыбына үнемi қалам тербеп, жанашырлық танытып жүрген 4-5 авторға Тiлдер басқармасының алғыс хаты тапсырылды.

Атап өтерлiгi, «Түркiстан» халықаралық-саяси апталығының тiлшiсi Есенгүл Кәпқызы ынталандыру жүлдесiне ие болды.

Конкурсты қорытындылаған Тiлдер басқармасының төрағасы Кенжехан Матыжановтың айтуына қарағанда, қазылар алқасы негiзгi назарды орыстiлдi басылымдарға аударуға күш салған екен. «Қазақтiлдi басылымдар, атап айтқанда: «Ана тiлi», «Түркiстан», «Қазақ әдебиетi» газеттерi мемлекеттiк тiл туралы мақалаларды байқау жариялансын, жарияланбасын жазып тұрады, жазып та келедi, жаза да бередi. Ең басты мәселе, тiл саясатын орыстiлдi ортада насихаттау» дейдi ол. Бiрақ, түскен мақалалардың басым көпшiлiгi, 90%-дан астамы мемлекеттiк тiлдегi мақалалар болған. Яғни, орыстiлдi ортада тiл саясаты әлi де жеткiлiктi насихатталмай отыр. Демек, елдегi ұлттық саясат бiртұтас қолдауға ие емес. Ал, байқаудың негiзгi мақсаты қазiр Қазақстанда басымдыққа ие болып отырған орыстiлдi ортада қазақ тiлiнiң маңыздылығын насихаттау болып отыр. Бәлкiм келесi жылы бұл байқау тек орыстiлдi журналистер арасында өтуi ықтимал.