НЕ ДЕСЕҢ ДЕ ЗАҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ
НЕ ДЕСЕҢ ДЕ ЗАҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ
Осы аптаның басында Елбасы "Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасын мақұлдап, қол қойды. Сарапшылар Конституцияға енген жаңа өзгертулер мен толықтыруларды Қазақстанның саяси дамуындағы елеулi бетбұрыс деп бағалауда. ЕндI, яки 12 жыл бойы бiр заңның аясында жұмыс iстеп келген бiздегi саяси жүйе аздап болса да өзгеретiн болды.
Дегенмен, күштi президенттiк билiктiң кейбiр өкiлеттiктерiн Парламентке бергенiмiзбен, Қазақстан негiзiнен президенттiк билiк жүйесiнде қала бермек. Бiрақ, бүгiннен бастап елiмiздi президенттiк-парламенттiк басқару жүйесiндегi ел деп атауға да негiз бар. Өйткенi, Парламенттiң кейбiр өкiлеттiктерi кеңейдi.
Сондай-ақ, президент өкiлеттiгiнiң мерзiмi — 7 жылдан 5 жылға қысқарды. Бiрақ, бұл түзету тек 2012 жылдан кейiн жүзеге асатын болады.
Ал, парламентарийлердiң бiр iсi кешiрек аңғарылды. Алдын-ала келiсiп пiшкен тон болуы керек, мәжiлiсмен В. Нехорошев бастама көтердi. "Президенттiң сайлану құқы екi реттен аспайды" деген түзету енгiзiлсе де, бұның Тұңғыш президентке қатысы жоқ екен. Владимир Нехорошев "Елбасыға тұңғыш президент ретiнде басымдық беруге шақырып, оның сайлану еркiн шектемеудi" ұсынды. Нехорошевтiң бұл ұсынысы бiрауыздан мақұлданды, 3-4 қана депутат қарсы дауыс бердi. Қалғандары қос қолдап қолдады. Сөйтiп, Елбасы 2012 жылы президенттiк өкiлеттiгi аяқталғаннан кейiн, қайта сайлану мүмкiндiгiне ие болды. Егер, ол сайлауда жеңсе, одан кейiн де сайлану мүмкiндiгiне ие бола бередi. Демек, бұл өмiрбақиғы президенттiктiң бiр түрi десе де болғандай.
Елдегi саяси оқиғалардың дүмпуi бiздiң әрбiр қадамымызды аңдып отырған Батыс пен Америкаға да жеттi. Алғашқы сын да айтылып үлгердi. Американың Қазақстандағы өкiлеттi және төтенше елшiсi Джон Ордвей Конституцияға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар жөнiнде өз пiкiрiн айтты. Онда ол "Қазақстан саяси даму жолында бiр қадам алға жылжыды. Бiрақ, Конституциядағы өзгертулердiң тұңғыш президентке қатысы болмауы менi таңдандырды" дедi ол. Америка елшiсiнiң айтуына қарағанда, мұндай реформалармен 2009 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) Қазақстанның төрағалық етуi екiталай болмақ көрiнедi.
Елшiнiң пiкiрiне өз көзқарасын танытқан Ақпарат және мәдениет министрi Ермұхамет Ертiсбаев: "ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуiне бiз емес, керiсiнше Батыс пен Америка мүдделi. Қазақстанның бұл ұйымға төрағалық етуi арқылы, Еуропаның Орта Азия елдерiне есiгi ашылмақ", — дейдi ол.
Қалай дегенмен де, елдегi саяси реформалар бағытын әркiм сан саққа жүгiртуде. Тiптi, оппозиция серкелерiнiң өзi Назарбаевтың бұл бағытын қуана қабылдап жатты. Демек, қалай болса да, елде саяси реформалардың алғашқы қадамы жасалды. Ал, елдi елең еткiзген Парламентке ұлт өкiлдерiнен 9 адам квота арқылы сайланатын болғандығы. Бұл ешбiр демократиялық және халықаралық нормаларға қисынсыз көрiнедi. Егер, Қазақстан Федеративтi мемлекет болса, онда бiр жөн. Алайда, унитарлы мемлекеттен де ұлт өкiлдерiнiң квота арқылы билiк эшелонынан орын алуы ойлантады.
Есенгүл Кәпқызы