ИСРА ЖӘНЕ МИҒРАЖ КЕШI
ИСРА ЖӘНЕ МИҒРАЖ КЕШI
Ережеп айының 26-сынан 27-сiне ауған түндi исра және миғраж түнi деп атайды. Осы түнде Пайғамбарымыз хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегi әл-Харам мешiтiнен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешiтiне бiр сәтте исра жасаған (араб тiлiнде ол «түнгi сапар» деп аталады). Одан миғражға – жетi қат көкке көтерiлiп Аллаһ тағаламен тiлдестi. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етiлдi. Миғраж – Аллаһ тағалаға жақындаудың ең жоғарғы дәрежесi. Миғраж – пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бiрi. Мұғжиза пайғамбарға тән. Құдiретi күштi бiр Аллаһқа және пайғамбарымызға сенген адам мұғжизаға да сенедi.
Миғраж жайлы бiраз дүниелер бар. Соның iшiнде қасиеттi Құраннан кейiнгi сенiмдi кiтап – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерiнiң жинағы – имам әл-Бухаридiң “Сахих әл-Бухариi” және “Сихах ас-ситта” кiтаптары. Исра және миғраж ислам тарихындағы ең қиын кезеңде болған едi. Бұл кезеңде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) басшылығындағы аз ғана мұсылмандар мүшрiктердiң зорлық-зобалаңынан, мұсылмандарды Аллаһ жолынан қайтару үшiн жасаған әрекеттерiнен қиналған едi. Миғраж оқиғасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сенiмдi қорғандары мен аяулы қамқоршылары – атасы Әбдiмүттәлiп, ағасы Әбу Тәлiп және жұбайы әрi ақылшысы Хадиша дүниеден өткен жылы болған. Яғни 621 жылы, ережеп айының 26-сынан 27-сiне өтер түнде, дүйсенбiде, Мекке қаласынан Мәдинаға һижрат етуден 18 ай бұрын Аллаһ тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) исра және миғражбен кереметтедi. Бұл оқиға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшiн Аллаһ тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелдi. Үмiт шамын қайта жақты. Осы түнде Жәбiрейiл (ғ.с.) перiште Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): “Ей, Мұхаммед, Аллаһ тағала ешкiмге нәсiп етпеген шарапатты саған нәсiп еттi. Сенi құзырына шақырып жатыр”, — дейдi. Осыдан кейiн Жәбiрейiл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды әл-Харам мешiтiнен әл-Ақса мешiтiне бiр сәтте алып келдi. Аллаһ тағала қасиеттi Құранда: “Аллаһ – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшiн (Аллаһ тағала) бiр түнi Өз пендесiн (Мұхаммедтi) әл-Харам мешiтiнен төңiрегi тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешiтiне алып келдi. Шынында, Ол (Аллаһ тағала) есiтушi әрi көрушi” (“Исра” сүресi, 1-аят),— делiнген. Аяттағы пендесi деген сөз Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды бiлдiредi. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз Аллаһтың пендесi екендiгiн мақтаныш ететiн едi. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарға шәһәда калимасында Мұхаммед (с.ғ.с.) Аллаһтың елшiсi дегеннен кейiн және пендесi деп қосып айтуды бұйырды. Аятта айтылмай-ақ, пендесiн делiнуi Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көрсетiлген құрмет, әрi бұл сөз оған сол уақытта жұбаныш болды. “Исра” сөзi түннiң бiр бөлiгiн серуендеумен өткiзу деген ұғымды бередi. Ал, шариғат тiлiнде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түннiң бiр сәтiнде әл-Харам мешiтiнен әл-Ақса мешiтiне барғанын бiлдiредi. Шариғат бойынша үш жер әл-Харам деп аталады: Қағба мешiтi (Меккеде), Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешiтi (Мәдинада) және әл-Ақса мешiтi (Иерусалимде). Өйткенi бұл мешiттердiң төңiрегiнде ауыр қылмыс пен үлкен күнәларды жасауға тыйым салынған. Аяттағы әл-Харам мешiтi деп Мекке қаласы түсiнiледi. Әл-Ақса мешiтi кезiнде Мұса мен Иса және олардың арасында өткен пайғамбарлардың (ғ.с.) қыбыласы болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да Меккедегi әл-Харам мешiтi қыбыла болғанға дейiн Исқақ пен Яқуб (ғ.с.) екеуi салған әл-Ақса мешiтiне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мәдинадағы әл-Қибләтайн мешiтiнде болғандарында көздерi жетедi. Ақса – ұзақ, алыс бiр шеттегi деген мағынаны бiлдiредi. Сол заманда әл-Ақса мешiтi Меккеге қарағанда алыс, шеттегi ғибадатхана едi. Сол себептi де ол әл-Ақса атанып кеткен. Әл-Ақса мешiтi Аллаһ тағала тарапынан берекелi мекен етiлген. Оның хабарын аятта: “Төңiрегi тұнған береке-байлық”,— делiндi. Өйткенi, расында да ол мекен мүбарак етiлгендiгiнен Аллаһ тағала топырағын өте құнарлы, егiндерiнiң өнiмiн мол, ауа-райын ғажап, суларын мөлдiр, әрi шипалы еткен. Сондай-ақ, осы өлкеден көп пайғамбарлар шыққан. Исра оқиғасы түс те емес, рухани серуен де емес. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өңiнде әрi денесiмен, әрi рухымен жасалған сапар. Аятта “Өз пендесiн” деген сөзден әрi денесi, әрi рухы түсiнiледi. Тек қана рухы болғанда “пендесiнiң рухын” делiнген болар едi. “Миғраж” сөзiнiң мағынасы – биiкке көтерiлу, жоғарылау. Шариғатта – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Бәйт әл-Мақдис мешiтiнен аспандағы Сидрат әл-Мұнтәһәға – Аллаһ тағала құзырына көтерiлгенiн айтамыз. Сидрат – ағаш, ал мұнтәһә – соңғы деген сөз. Мұнан әлемнiң соңғы шегi түсiнiледi. Миғраж мәселесi мутауатыр хадиспен бекiтiлген. Мутауатыр хадистi кемiнде қырық сахаба риуаят етедi. Шариғат заңы бойынша, кiмде–кiм мұндай хадистердiң бiрiн мойындамаса, ол кәпiр болады. Мутауатыр хадистердiң дәрежесi жоғары жүретiн Құраннан кейiнгi бастаулардың бiрi болып саналады. Демек, миғражға сену парыз. Миғраж оқиғасын баяндаудағы мақсат: “Мұғжизаларымызды көрсету үшiн едi”, — деп баяндайды Аллаһ тағала Өзiнiң қасиеттi кiтабында. Шексiз дүниенi, ұшы-қиырсыз ғарышты, көктегi аспан қабаттарын, пейiш пен тозақты көру Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға нәсiп етiлдi. Бiр түннiң iшiнде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген мұғжизалар көре алды. Бұл оқиғаның растығын “Нәжiм” сүресi де растайды: “Расында ол Жәбiрейiлдi өз суретiнде екiншi рет Сидрат әл-Мунтәһәда көрдi” (“Нәжiм” сүресi, 13-14 аяттар), — делiнген. Барлық пайғамбарлардың тарихында жалғыз, әрi теңдессiз мұғжиза – Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) миғражға шыққандығын қуаттай отырып, Аллаһ тағала Пайғамбар (с.ғ.с.) адаспағандығын, ол өзiнше сөйлемейтiндiгiн, көргенiнiң барлығы рас екендiгiн, тiптi Жәбiрейiлдi (ғ.с.) де өз суретiнде көргендiгiне серт етедi. Әдетте Жәбiрейiлдi (ғ.с.) күллi пайғамбарлар адам суретiнде көрген. Ал бұл кеште және бұдан бұрын бiр рет хазретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз Жәбiрейiлдiң нағыз өзiн де көрген едi. Оқиға арқылы көзделген тағы бiр мақсат – адамдарды сынау едi. Аллаһ тағала ол туралы қасиеттi Құранда: “(Ей, Мұхаммед!) Саған (миғражда) көрсеткен нәрселерiмiзбен адамдарды сынап бақтық” (“Исра” сүресi, 60-аят), — деген. Яғни, пайда жолына түскен, ой өрiсi тар, дүниенiң қалай пайда болғанын және де Аллаһ тағала құдiретiне күмәнмен қарап, сауатсыздықтан аса алмайтындардың: “Керуен бiр айда әрең барып келетiн ұзақтықты Мұхаммед қалай бiр түнде жүрiп өтедi?” — деген сияқты мәнсiз сөздерiне Әбу Бәкiр: “Егер Мұхаммед осылай деген болса, онда ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын”, — деп жауап берген. Ендi оқиғаның қандай болғандығын хазретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өзiнен есiтелiк. Хадис шәрiпте: “Жәбiрейiл (ғ.с.) маған пырақ (бурак) деген жануарды жәннәттан алып келдi. Пырақ есектен биiк қашырдан аласа болған, қадамын көз ұшы жететiн жерге тастайтын жүйрiк жануар. Оған бұрын өткен пайғамбарлар да мiнген екен. Мен пыраққа мiнiп Байт әл-Мақдиске келдiм. Мешiтке кiрiп екi ракағат намаз оқып шыққаннан кейiн Жәбiрейiл (ғ.с.) бiр қолындағы ыдыспен арақ, екiншi қолындағы ыдыспен сүт алып келiп: “Бiрiн таңда”, — дедi. Мен араққа қарамай, сүттi таңдап едiм, Жәбiрейiл (ғ.с.): “Сен Фитратты, яғни ақиқатты таңдадың, — дедi қуанып, — Егерде арақты таңдағаныңда, үмметiң тура жолдан адасар едi”, — дедi. I ҚАБАТ Содан кейiн мен пыраққа мiнiп, Жәбiрейiл (ғ.с.) жетектеп, жер бетiнен көкке көтерiлiп, аспанның бiрiншi қабатына жеттiк. Жәбiрейiл (ғ.с.) аспанның бiрiншi қабаты есiгiнiң сақшы перiштесiне: “Аш”, — деп есiктiң ашылуын сұрады. Көктен: “Сен кiмсiң?” — деген дауыс келдi. – «Мен Жәбiрейiлмiн», — дедi. – «Қасыңдағы жолдасың кiм?» — деп сұрады. Жәбiрейiл (ғ.с.): – «Бұл Мұхаммед (с.ғ.с.)», — деп жауап бердi. – «Оған пайғамбарлық жiберiлдi ме?» — деп сұрады сақшы перiште. Жәбiрейiл (ғ.с.): – «Иә, жiберiлдi», — дегеннен кейiн аспан есiгi ашылды. Бiрiншi болып қарсымыздан Адам (ғ.с.) шықты. Ол (ғ.с.) маған: “Ей, қадiрлi перзентiм, қош келдiң”, — деп ақ батасын бердi. II ҚАБАТ Ол жерден аттанып аспанның екiншi қабатына жеттiк. Оның есiгiнiң алдында да жоғарыдағыдай сұрақ-жауап болды. Хазретi Яхъя (ғ.с.) мен Иса (ғ.с.) пайғамбарлар осында екен. Олар да қарсы алып, жақсы баталар бердi. III ҚАБАТ Аспанның үшiншi қабатында Жүсiп пайғамбарға (ғ.с.) жолыққанда, ол да тiлегiн айтып, құттықтады. Расында Аллаһ тағала Жүсiпке (ғ.с.) дүние көркiнiң жартысын берген екен. IV ҚАБАТ Төртiншi қабатқа беттедiк, онда өтiсiмен Аллаһ тағала “Мәриям” сүресiнде: “Бiз оны жоғары мәртебеге көтердiк” (“Мәриям” сүресi, 57-аят), — деп хабар бергенiндей Ыдырыс (ғ.с.) пайғамбармен кездестiк. Кейiн үлкен бiр перiштенi көрдiм, аяғы жердiң жетiншi қабатында, басы Арш астында. Ол нұрдан болған бiр күрсiде отыр едi. Алдында, оң және сол жағындағы қаптаған перiштелер Аллаһтың әмiрiн күтуде. Оң жағында Лауах, сол жағында үлкен ағаш бар едi. Ол ешқашан күлмейдi екен. Сонда мен: “Ей, бауырым Жәбiрейiл! Бұл кiм?” — деп сұрадым. Ол (ғ.с.): “Дүние ләззатын қырқатын, жамағаттан ажырататын, үйлердi қирататын, қабырларға өмiр беретiн, жасөспiрiмдердi жетiм, әйелдердi жесiр, босағаны қаралы ететiн, жас жiгiттердi сындыратын өлiм перiштесi Әзiрейiл мен тозақты қорғаушы перiште. Бұлар еш күлген емес. Оларға жақын барып сәлем бер”, — дедi. Мен барып сәлем бердiм. Менiң сәлемiм алынбады. Жәбiрейiл (ғ.с.): “Хақтың хабибi, халықтың сәйiдiне неге сәлем бермейсiңдер?” — дедi оларға. Жәбiрейiлдiң (ғ.с.) кәләмiн ести сала олар тiк тұрып сәлем бердi. Раббым тарапынан құрмет көрсетiп: “Ей, Мұхаммед! Сүйiншi! Қиямет қайымға дейiн қайырлық саған және сенiң үмметiңе қонды”, — дедi. Мен: “Ей, бауырым Әзiрейiл! Мынау сенiң мақамың ба?”— деп таңдана сұрадым. Ол: “Иә, Раббым жаратқаннан қиямет қайымға дейiн осы мақамдамын”, — дедi ол әрi қарай сөзiн жалғастырып: “Өмiр уақыты бiтiп, ажалы жеткен кiсiге қырық перiштенi жiберемiн. Олар оның жанын терiден, жүйкеден, еттен, қаннан ажыратып алады. Жан алу тырнақ ұшынан басталып, тiзеге жеткенде аздап дем бередi, кейiн жанталасу қайта басталып, жан кiндiкке келгенде тағы дем берiледi, сосын жан алқымға келедi, сонда ғарғара сәтi басталады. Кейiн ағашты тамырымен суырып алғандай денеден жан суырылып алынады. Екi көз ұйқыда болса, жабық күйiнде, ашық болса, ашық күйiнше қалып, жанары жоғары қарап қалады. Өйткенi көз жанға iлеседi. Мына екi найзамның бiрiмен жанды iлiп аламын. Бұл найзаларымның бiрi нұрдан, бiрi ашу-ызадан жаралған. Адамның рухы жақсы болса, нұрлы найзамен жанын алып иллийiнге жөнелтем. Ал жаман болса, жанды ашу-ызалы найзамен шаншып аламын да сижжинге жiберем. Сижжин – жетi қат жердiң ең төменiнде жайласқан қара сахара. Ол жерде куффар, фужжар болғандардың жандары сақталады», — дедi. Мен одан: “Пенде ажалы жақындағанын бiле ме, бiлмей бе?” — деп сұрадым. Ол: “Ей, Мұхаммед! Кез келген пенде үшiн аспанда екi есiк бар. Бiр есiктен оның ризық-несiбесi түсiп тұрса, бiр есiктен оның амалы кiрiп тұрады. Менiң сол жағымда тұрған мынау ағашта Адам ұрпағының әрбiрiнiң аты жазылған жапырақтар бар. Егер бiр адамның ажалы жақындаса, аты жазылған жапырағы сарғайып, ризық-несiбесi келiп тұратын есiк алдына түседi. Лаухтағы есiмi қарайып өшiп кетедi. Мынаны бiлiп ал! Ажалы жеткен пендеге мен бiр қарасам – оның денесi дiрiлдей бастайды. Менiң сұсымнан жүрегi әлсiз екенiн сезiнедi. Кейiн қырық перiште жiберемiн. Олар оның рухын әзiрлейдi. Мен: “Ей, Әзiрейiл! Маған Аллаһ жаратқан, адамның жанын алатын өз бейнеңдi көрсет”, — деп өтiндiм. Ол: “Ей, бауырым! Оған ешбiр жанның назары шыдай алмайды”, — деп жауап қайырды. Сол кезде жоғарыдан бiр дауыс келiп: “Бауырың Мұхаммедке көрiне ғой”, — дедi. Сол сәт өлiм перiштесi өзiнiң ұлы бейнесiнде көрiндi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Өлiм перiштесi маған бiр қарағанда, мен бұл дүниенi сендердiң қол-дарыңдағы қолдан қолға ауысып жүретiн бiр тиынға ұқсаттым. Жүрегiм жарылып кетуге шақ қалды. Сонда Жәбiрейiл досым кеудеме қолын қойып едi, жаным мен ақылым кiрдi”. Жәбiрейiл маған: “Ей, Мұхаммед! Бұлай болса, қабiр қараңғылығының қорқынышы, Мүнкар мен Накирдiң сұрағы қалай болмақ?”, — дедi. V ҚАБАТ Одан да жоғары көтерiлiп, аспанның бесiншi қабатына Һарун (ғ.с.) пайғамбарға жолықтық. Һарун (ғ.с.) көп жақсы баталар берiп, аса құрмет көрсеттi. VI ҚАБАТ Алтыншы қабатта Мұса (ғ.с.) пайғамбарға жолықтық. Ол да игi тiлек, бата бердi. Ол жерден де пырақпен ұшып, жетiншi көкке көтерiлгенiмiзде, қазiргi Кағбаның орнында болған, кейiн Нұһ (ғ.с.) дәуiрiнде топан суға қалдырмай перiштелер аспанға көтерiп кеткен Бәйт әл-Мағмурға сүйенiп отырған кiсiнi көргенiмiзде, маған Жәбiрейiлден Ибраһим атаңыз деген белгi берiлдi. Мен лезде сәлем бердiм. Менiң сәлемiмдi алғаннан кейiн: “Қадiрлi перзентiм, ұлы мақамдарға қош келдiң”, — деп дұғасын жасады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуынша осы Бәйт әл-Мағмур жаратылғаннан берi оған күн сайын жетпiс мың перiште кiрiп зиярат етедi екен. Перiштелердiң көптiгi соншалық онда бiр кiрген перiштеге қиямет күнiне дейiн қайта зиярат етуге кезек жетпейдi. VII ҚАБАТ Ол мекендерден де әрi өтiп, жетiншi көкке Сидрат әл-Мұнтәһәға да жеттiк, ол Аллаһтың құдiретiне белгi болардай, жемiстi үлкен ағаш екен. Сидрат әл-Мұнтәһә — адамзат әлемiнiң соңғы шетi. Пайғамбардың, перiштелердiң жеткен бiлiмдерiнiң шегi. Оның көркемдiгiн ешбiр пенде сипаттай алмайды. Сидрат – бақыт әлемiнiң астындағы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да, перiште де әрi қарай өте алмайтын, Аллаһтан басқа ешкiм бiлмейтiн ғайып әлемi. Пайғамбарымыз осы ағаштың астына келгенде Аллаһ тағала өз пендесi Мұхаммедтi (с.ғ.с.) құрметтеу үшiн оған: “Безен”, — дедi. Сонда ол ағаштың жамалы тамаша күйге безендi, ол Аллаһтың өзi ғана сипаттай алатын дәрежеде едi. Жәбiрейiл перiштенiң мақамы осы орын екен. Бұл жерде Жәбiрейiл перiште Мұхаммедке (с.ғ.с.): “Екеумiздiң де шекарамыз бар. Менiң шекарам осы арада бiтедi. Мұнан ассам бiткенiм. Ал, сен Аллаһтың мейманысың, Аллаһ тағала сенi өзiне шақырған. Сен адамзатына жiберiлген рахмет алып келушi пайғамбарсың. Мұнан әрi өзiң барғайсың”, — дедi. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ол арадан қаншалықты дәреже көтерiлгенi, қалай көтерiлгенi сыр боп қалған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұнан кейiнгi сапары жайында: “Жәбiрейiлмен қоштасып қайырласқан соң, қорқа бастадым. Сол мезет Раббым Аллаһтың даусын естiдiм. Аллаһ тағала маған: “Ей, Мұхаммед, менiмен сөйлес!” — дедi. Мен сөйлеуге сөз таба алмадым. Бiрақ Аллаһ менiң көкiрегiме салды. Мен: “Ей, тәңiрiм Аллаһ! Тiлмен, жан-тәнiммен, мал-дәулетiммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшiн”, — дедiм. Сонда Аллаһ тағала: “Ей, Аллаһтың елшiсi, саған сәлем мен Аллаһтың рахметi және берекетi болсын!”-дедi. Мен: “Сәлем бiзге және Аллаһтың iзгi пенделерiне болсын”, — дедiм. Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейiн Ұлы Ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында перiштелер бiр ауыздан танымал сөздi оқыды: “Аллаһтың барлығы мен бiрлiгiне, хазретi Мұхаммед Аллаһтың пендесi және елшiсi екендiгiне куәлiк беремiз”, — дедi. Бiз әр намазда оқып жүрген “Әттәһият” дұғасы – осы, Аллаһ тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) миғражда сөйлесуiнен келiп шыққан дұға. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраж түнi: “Үмметiм, үмметiм”, — деп жылап, Өзiне iлескен барлық мұсылмандар үшiн көп дұға-тiлектер жасады, ғапу сұрады. Аллаһтан үмметтерi үшiн де миғраж сұрады: “Ей, Тәңiрiм, миғраж мұғжизасымен менi нығметтендiрдiң. Үмметiм үшiн де осындай бiр нығмет тiлеймiн”, — дегенiнде, Хақ тағала: “Намаз момындардың миғражы”, — деп Мұхаммед үмметiне миғраж дәрежесiнде жүретiн намаз ғибадатын сыйлады. Миғраж түнiнде пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) үш сый жасалды: 1. “Бақара” сүресiнiң соңғы екi (285-286) аяты “Амәнәр-расул” уахи етiлдi. 2. Пайғамбарымызға қиямет күнi үмметiне шапағат ету мүмкiншiлiгi берiлдi. Қияметте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күнәһар мұсылмандарға жәрдем берiп, оларды азаптан құтқарады. 3. Миғраждың ең үлкен сыйы – бес уақыт намаз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Аллаһ тағала маған және үмметiме әр күнi елу уақыт намаз оқуды парыз еттi. Қайтарымда Мұсаға (ғ.с.) жолыққанымда, Мұса (ғ.с.): “Ей, Мұхаммед, Раббыңнан жеңiлдетуiн сұра. Себебi үмметiң оның үдесiнен шыға алмай қалуы мүмкiн. Мен сенен бұрын Бани Исраиыл қауымын сынап көргем”, — деп ол жерден менi қайтарды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайта оралып, жеңiлдiк сұраған едi, әр күнi бес уақыт намаз оқу бұйырылды. Аллаһ тағала: “Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.), әр күнгi және түнгi оқылатын елу уақыт намазды бес уақытқа қысқарттым. Осы бес уақыт намаз елу уақыт намаздың орнын басып, әр намазға он сауаптан жазамын. Сол секiлдi үмметiңнен кiмде-кiм бiр жақсылықты (сауап iстi) ниет етiп, орындамаса бiр сауап жазылады. Ал, орындаса он сауап жазылады. Кiмде-кiм бiр жамандықты ниет етiп, iстемесе еш күнә жазылмайды. Ал, iстесе бiр күнә жаздырамын”, — дедi. Мен ризалығымды бiлдiрiп кейiн қайттым. Жолда Мұсаға (ғ.с.) қайта жолығып хабарды айттым. Мұса (ғ.с.): “Раббыңа қайта барып, мұнан да жеңiлдету шарасын жаса”, — дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайта баруға ұялып, Мұсаның кеңесiн орындауға батылдық жасай алмады. Содан қиямет қайымға дейiн бес уақыт намаз үмметке парыз болып қалды. Аллаһ тағаланың құдiретiне белгi болатындай көп мұғжизаларды көрудi Расулуллаһқа нәсiп еттi. Ең ұлысы Аллаһ тағаланың кемел дидарын көру болды. Бұл ешбiр пайғамбарға нәсiп етпеген ең ұлық керемет едi. Сол үшiн пайғамбарымызға берiлген есепсiз мұғжизалардың ең үлкендерiнiң бiрi – миғраж мұғжизасы. Өйткенi, ең төменгi әлемдегi тозақты, ең жоғарғы әлемдегi пейiштi өз көзiмен көрiп, тамашалады. Ия, шегi шексiз әлемдi қыдыру, көптеген оқиғаларды көру түннiң бiр бөлiгiнде ғана болып өттi. Бiз момын-мұсылмандар бұл ұлы мұғжизаға иманмен қараймыз. Таңертең Үммi һаниге: “Пайғамбарлар жиналды, оларға намаз оқып бердiм…”, — деп оқиғаның баршасын айтып бердi. Кейiн кетпек боп орнынан тұрғанда Үммi һани ол кiсiнiң етегiне жабысып алды. Мұхаммед (с.ғ.с.) оған: “Саған не болды”, — деп таңданды. Сонда Әбу Тәлiптiң қызы: “Құрайыштықтар саған жалған айтады деп жала жабуынан қорқам”, — деген едi, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Мейлi жалған десiн”, — деп шығып кеттi. Одан келiп Қағба алдында құрайыштардың мәжiлiсiне қатысты. Сол араға Әбу Жәһл келiп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына отырды. Көңiлiне Аллаһ тәуфиқ салса деп, миғраж оқиғасын оған айта бастады. Мұны естiсiмен Әбу Жәһл орнынан ыршып тұрып, адамдарды шақырды. Адамдарға көргенiмдi хабарлағанымда, ақылдарына сыйғыза алмай қолдарын бастарына қойып теңселiп кеттi. Араларындағы бiреулер: “Мiне, ендi жалғандығы анық болды”, — деп сандарын шапалақтады. Иманы әлсiз жандар ислам дiнiнен қайтып мұртад болды. Құрайыш кәпiрлерi бұл оқиғаны өздерiне үлкен бiр дәлел ретiнде қолданып: “Қалайша түннiң бiр сәтiнде алыс жерге барып келедi, бұл анық өтiрiк емес пе?”, — деп момындарға тиiсе бастады. Басқа бiреулер, жүгiрiп хазретi Әбу Бәкiрдiң қасына келiп: “Ей, Әбу Бәкiр досың Мұхаммедтiң айтып жатқанын естiдiң бе? Ол тағы бiр жаңа өтiрiктi айта бастапты. Екi айлық жер Байт әл-Мақдиске түннiң бiр-ақ сәтiнде барып келдiм деп жүр. Ендi сен осыған да сенесiң бе?” — дедi. Оларға Әбу Бәкiр: “Егер осыны Мұхаммед айтқан болса, ол рас айтқан, әрине мен оған сенемiн. Өйткенi жетi қабат аспан үстiнен оған бiр-ақ сәтте келген уахи хабарларына сенiп, оны мойындап жүрген мен, бұл айтқанына неге сенбейiн”, — дедi. Сол күннен бастап Әбу Бәкiр Сыддиқ деп атала бастады. Сонымен момын-кәпiрлердiң арасында түрлi-түрлi әңгiмелер көбейдi. Құрайыштықтардың арасында Құддыста болған адамдар көп едi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдын Құддыста болып көрмеп едi. Байт әл-Мақдисты көргендерi Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сынамақшы болып, Байт әл-Мақдистың қандай екендiгiн сұрай бастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көргенiн айтып берген уақытта, Мекке мүшрiктерiнен бiлетiндерi: “Иә сондай, иә сондай”, — деуден басқа ешнәрсе айта алмады. Одан соң бiрқатары: “Бiздiң керуенiмiздi қай жерде көрдiң?” — деп сұрады. Оларға да керуендерiнде неше адам барлығын, жағдайлары қалай екенiн, сол түнi қай жерде қонғанын, кiм басшы және ол қара боз түйеге мiнiп келе жатқаны, тiптi сол түйеге екi қап артылғаны бiрi – ақ, бiрi – қара екенi жайлы хабар бердi. Кейiн адамдар керуендi күтiп алып қараса Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқанындай болып шықты. Бiрақ осыншалық мұғжизаға куә болып тұрса да көпшiлiк иманға келмедi. Көпшiлiк яғни Меккенiң мүшрiк қауымы: “Мұхаммед арамызда жүрiп көз байлауды, сиқыршылықты қайдан үйрендi екен”, — деп алдынғыдан да бетер күмәнi күшейдi. Миғраж түнiнен кейiн Жәбiрейiл (ғ.с.) келiп Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намаз уақыттарын, ракаттарын, намаз оқу тәртiбiн үйреттi. Намаз парыз болғанға дейiн Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ерте және кешке екi ракаттан төрт ракат етiп намаз оқып жүретiн едi. Дәл осылай Ибраһим (ғ.с.) намаз оқитын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұны бiреуден көрмей, ешкiмнен үйренбей, Аллаһтың көңiлiне салғаны бойынша оқып жүретiн. Исра және миғраж оқиғасынан кейiн Құрайыш қауымынан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмiтi үзiлдi. Құрметтi бауырлар! Ардақты айларда Жаратқан Аллаһ бәрiмiздi жарылқағай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тiлегендей бiз де “Жаратқан Ием, ережеп, шағбан айларында береке берiп, рамазан айына жеткiзе гөр!”, — деп тiлейiк. Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI, Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти