ОСПАН БАТЫРДЫҢ ҚАСИЕТТI СОҒЫСЫ
ОСПАН БАТЫРДЫҢ ҚАСИЕТТI СОҒЫСЫ
ХХ ғасыр адамзат тарихында тақсыретi мол алапат тудыруымен есте қалды. Осы ғасырдың басында аспан асты елiнiң билiгiне қол жеткiзген Сунь-Яцинь, Қытайдың бөлшектенiп кетуiнiң алдын-алып, ұсақ ұлттарға қытайландыру саясатын жасады. Сунь-Яциньннiң бұл бастамасы Қытай елiне қарасты болып келген Өр Алтай тауын мекендеген Абақ Керейге ауыр тидi. Шығыс Түркiстанды мекендеген өзге ұлыстар мен тайпалар жергiлiктi губернаторлықтарға бағынышты болса, ал Абақ Керей тайпасы 1790 жылғы Көгедай ханның Цинь императорымен жасаған «Сары ноқтаның аты» келiсiмшарты бойынша Цинь империясына белгiлi мөлшерде салық төлеп, Қытай үкiметiн Абақ Керейдiң iшкi iстерiне араластырмай, протекторат жағдайында тiкелей Пекинге бағынатын. Сунь-Яциньнiң бiртұтастандыру реформасы бойынша Абақ Керей тайпасы бұдан кейiн тiкелей Пекинге емес, жергiлiктi Шынжаң өлкелiк басқару үкiметiне бағынышты болды.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың артын ала Шығыс Түркiстан өңiрiнде де коммунистiк пiкiрлер орын ала бастады. Бұл кезде Қытай үкiметiнiң басына келген Гоминдаң партиясы ұсақ ұлттардың мүддесiне қайшы келетiн қытай буржуазиясы үстемдiгiн жүргiзетiн жүйенi ашық жүргiзе бастады. Абақ Керей тайпасы Гоминданның мұндай басынуына көнгiсi келмедi. Зуха батыр мен Бөке батырлардың Гоминьданға қарсы көтерiлiсi осыдан туындаған болатын. Гоминданға қарсы көтерiлiсте Шығыс Түркiстанды мекендеген туыс ұлттар мен тайпалар бiрiгiп күрес жүргiзе алмады. Жаппай түрде өрбiген мұндай бас көтерулердi Гоминьдан билiгi дер кезiнде жаншып отырды. Абақ Керейдiң кейбiр рулары Шынжаңдағы қытай езгiсiне шыдас бере алмай, Бәйтiк тауының етегiн жағалай Баркөл, Құмыл асып, Қытайдың Ганьсу, Шыңқай провинцияларына көшiп кеттi.
Қытайдың ұсақ ұлттарға жасаған озбырлығына қарсы Шығыс Түркiстан халықтарының ең үлкен көтерiлiсi қырқыншы жылдары жаппай сипат алды. Көтерiлiстiң туындауының негiзгi себебi, Қытай үкiметiнiң қашаннан жүргiзiлiп келе жатқан зорлық-зомбылығы болатын. Ал көтерiлiстiң жаппай етек алуына, Алтай өңiрi қазақтарының 1939 жылдан бастап Қытай өктемдiгiне қарсы тоқтаусыз жүргiзген жеңiстi күрестерi сеп болды. Әуелгiдегi Алтай өңiрiн жайлаған Абақ Керей қазақтарының көтерiлiс жасауына түрткi болған жәйт, Шынжаң билеушiсi Шың Ши Сай жаңа реформа жасаймын деп, елдiң бас көтерер ардақтыларын тұтқындап, халыққа аяусыз тiзесiн батырады. Зерттеушiлер Шың Ши Сай гоминдандық болғанмен, Кеңес үкiметiмен ауыз жаласқан социалистiк жүйенi жақтаушы болғандығын айтады. Шың Ши Сайдың Алтайдағы өкiлдiгi 1939 жылы мұндағы қазақтардың муфтиi болған Ақыт қажыны тұтқындап, оның дiни кiтаптарын өртейдi. Бұнысымен қоймай Көктоғай мешiтiне халықты қамап, қытай өкiлi мешiт мiнбесiне шығып алып, социалистiк уағызын айтады. Дiни-нанымының бұлай тапталуына жол бергiсi келмеген жергiлiктi қазақтар, Көктоғайдағы қытай әскерiн қырып салады. Шың Ши Сайдың Көктоғайға жiберген жазалаушы әскерiнiң Шакұрты деген жерде көтерiлiсшiлер тас-талқан ғып жеңiп, жаудың бетiн қайтарады. Көтерiлiсшiлер iле-шала Сарытоғай мен Шiңгiлдi де басып алып, өздерiнiң санын молайта түседi. Көтерiлiсшiлер «Түркiстандықтарды азат ету ұйымын» құрып, халық қалаулысы Ырысханды көсем етiп сайлайды. Көтерiлiсшiлер ұйымы Шың Ши Сай құрсауынан Алтай аймағын азат етудi басты мұратымыз деп бiлдi. Қытайдың жазалаушы әскерiне көтерiлiсшiлер дес бермегеннен кейiн, Шың Ши Сай мен Моңғол коммунистiк үкiметi өзара келiсiмге келiп, көтерiлiсшiлердi екi бүйiрiнен келiп қысады. Мың жетi жүз көтерiлiсшi Бәйтiк пен Қаптық тауын паналап, жер жағдайын тиiмдi пайдалана отырып, үстiнен ұшақпен бомбалап, астынан пулемет, минаметтерден оқ жаудырған моңғол мен қытай әскерiне бiрнеше қайтара ауыр соққылар бередi. Ырысхан, моңғол мен қытай әскерi келiп қауiп төндiредi деген асуларға осы өңiрден шыққан Оспан, Сүлейман, Нұрғожай, Кемел, Ақтайлақ, Сейiт батыр бастаған қосындарды тосқауылға қойып, Шың Ши Сай әскерiмен кескiлескен ұрыстар жүргiздi. Кейбiр сәтсiздiктердi айтпағанда көтерiлiсшiлер өздерiнен бiрнеше есе көп, басынан бақайшығына дейiн қаруланған жау әскерiн жеңiлiске ұшыратып отырды. Ашық майданда Алтай қазақтарын тiзе бүктiру мүмкiн еместiгiн түсiнген Шың Ши Сай қазақтардың Үрiмжiдегi өкiлi Жанымхан қажыны араға салып, Ырысханмен мәмiлеге келуiне тура келедi. Ырысхан Шың Ши Сайға мына шарттарға мойынсұнса ғана қару тапсырып, көтерiлiстi тоқтататынын айтты:
1. Үрiмжiдегi тұтқында отырған Шығыс Түркiстанның басшыларын босатып, өлгендерiнiң денесiн қайтарады.
2. Әрбiр ел өзi отырған аймақтың иесi. Шығыс Түркiстандықтар мекендеген өңiрдегi басшылық шендер олардың өздерiне берiледi. Басшыларды халықтың өзi сайлайды. Бұл жерлерге қытайлардың кiруiне болмайды. Шың Ши Сай үкiметi қылмыс iстедi деген азаматтарға әдiл сот жүргiзсiн. Егер халықтың кiнәсi болған болса, ел ағаларын жауапқа тартсын. Үстiмiзден әскер түсiрмесiн.
3. Дiни-нанымызға еркiндiк берiлсiн. Жер-асты байлықтарымызды бiздiң рұқсатымсыз игеруге жол жоқ. Әрбiр нәрседе қытай үкiметi әдiл болса, сонда қазақтар бағынып, салығын төлейдi.
Шың Ши Сай бұл шарттарды қабыл алып, Алтай аймағын Ырысханның дербес басқаруына бердi. Келiсiмге сай көтерiлiсшiлерде қаруларын тапсырды. Ырысхан өзi науқас болғандықтан, Алтай өңiрiн жетi ауданға бөлiп, Нәби қажыға өлкенi басқаруды тапсырады. Сырқаты меңдеген Ырысқан осы 1940 жылы қайтыс болады. Алайда, Ырысхан Өр Алтайды жайлаған қазақ қауымына өз iшкi егемендiгiн әперiп, бұл пәниден армансыз өткен едi.
Бұдан кейiн, Алтай өңiрiн мекендеген қазақтар бiр жылдай уақыт тыныш өмiр сүрдi. 1941 жылың жаз айларында Шың Ши Сай үкiметiнен Алтай әкiмдiгiне: «Көктоғайдағы жер-асты байлығын игеруге орыс инженерлерi барып жұмыс iстейдi. Қазба жұмыстарына сырттан әкелуге күштiң жоқтығына байланысты, осы өңiрдегi қазақтардын 8000 адам жұмысқа алынсын» деген жарлық түседi. Ырысхан мен Шың Ши Сайдың 1940 жылы жасасқан келiсiмшартына қайшы келетiн бұл жарлыққа мойынсұнғысы келмеген Алтай қазақтары қайтадан бас көтередi. Көтерiлiсшiлер Көктоғайға орыс инженерлерiмен ерiп келген 300 қытай әскерiн тас-талқан етiп жеңiп, опасыз Шың Ши Сай үкiметiмен қайта арпалысты. Шың Ши Сай көтерiлiстi басып-жаншуға 5000 әскер аттандырады. Көтерiлiсшiлер Шолақ Бұлақ және Томар Бұлақ деген тау шатқалына бекiнiп алып, бiр айдай жаумен соғыс жүргiзедi. Алғашқыда жаудың бетiн қайтарғанмен, төрт қаруы сай қытай әскерi көтерiлiсшiлердi тықсыра бастайды. Осы кезде Үрiмжiдегi қазақ ұлтының өкiлi Жанымхан қажы араға түсiп, көтерiлiстiң уақытша тоқтауына дәнекер болады. Қытай жағы қазақтар өлтiрген орыс инженерлерi мен қытай әскерiнiң бодауы ретiнде бес мың ат, мың түйе, он мың қой талап етедi. Ел ағалары бодау төлеп бұған келiскенмен, Шың Ши Сай Алтай басшыларын Үрiмжiге алдап шақырып, түрмеге қамайды. Шың Ши Сайдың арбауына түспеген жалғыз Оспан батыр болатын. Ол өзiне келген Шың Ши Сай елшiлерiне: «Үкiмет 1940 жылғы келiсiмшартты өз күшiнде қалдырып, сонымен бiрге Үрiмжiдегi тұтқында жатқан Алтай қазақтарының он үш жетекшiсiн босатса ғана барып, қаруымды тапсырып, көтерiлiсiмдi доғарамын» дедi (Пр.Др Гулшын Шандарлыоғлу. Оспан батыр. Ыстанбул. 2006). Шың Ши Сай үкiметi жүз қаралы ғана атты әскерi бар Оспанның айтқанына құлақ түргiсi келмедi. Бiрақ, Шың Ши Сай үкiметi Оспан батыр қосынының өздерiне бұрын-соңды көрмеген ауыр соққылар берiп, қытай үкiметiнiң құтын қашырып, тәлейiн шығаратынын бiлген жоқ. Оспан батыр 1942 жылы Алтай тауларында қаша жүрiп, партизандық соғыс жүргiздi. Шың Ши Сай үкiметiнiң Оспанды тұтқындауы тиiс арнаулы жасағы батырға қанша тұзақ құрғанмен, жер жағдайын жетiк бiлетiн Оспан батыр жаудан сытылып кетiп отырды. Шың Ши Сайдың 1940 жылғы көтрiлiске қатысқан ел ағаларын қайта тұтқынға ала бастауы, Оспан батырдың шоғырын көбейте түскен болатын. Оспан батыр тарих сахнасына тосыннан шыққан тұлға емес-тi. Жас күнiнде Бөке батырға ерiп, кейiн Ырысханның кезiнде көтерiлiстiң бiр уығын көтерiскен болатын. Зерттеушiлердiң айтуына қарағанда, Оспан батырдың көтерiлiсiнде алғашқыда мың қаралы адам ғана болса, кейiн көтерiлiстiң қызған шағында он бес мың қазақ қосыны, Құмылдағы қазақ, ұйғыр, дүнген болып коалиция әскерiн құрған шақта елу мың әскер болған. Осынша қарақұрым әскердiң Оспанның соңынан еруiнде, сөз жоқ оның жеке тұлғалық қасиеттерiнiң орны ерекше-тiн (Пр.Др Гулшын Шандарлыоғлу. Оспан батыр. Ыстанбул. 2006).
1943 жылы Оспан батыр Моңғол үкiметiмен байланысқа шығып, олардан қару-жарақ алуды көздедi. Ырысхан заманында Шың Ши Саймен бiрiгiп Моңғол әскерi қазақты қысымға алған болатын. Шың Ши Сай алғашқыда Шығыс Түркiстандағы өз билiгiн күшейту үшiн Кеңес үкiметiне арқа сүйеген едi. Ал екiншi дүниежүзiлiк соғыстың алғашқы кезеңiнде Кеңес үкiметiнiң жеңiлiске ұшырауына байланысты, бұрынғы арқа сүйенерiне қырын қарай бастады. Шың Ши Сайдың бұл әрекетiн ұнатпаған Кеңес үкiметi өздерiне қарасты Моңғол үкiметi арқылы Оспан батырды қарумен қамдауды жөн көрдi. Кеңес үкiметiнiң мұндағы мақсаты Шығыс Түркiстанның өз уысынан шығып кетпегендiгiн көздеген болатын. Моңғол генералы Б.Дорждың (1914-1982) «Отан үшiн соққан жүрек» (Уланбатыр 1973) атты естелiк шығармасында Оспан батырдың 1943 жылдың күз айларында Моңғол мемлекетiмен мынандай келiсiмшарт жасағандығы баяндалады:
1. Оспан батыр МХР-ға қарсы бандылық әрекет жасамайды.
2. МХР-дан материалдық көмек алады.
3. Оспан тобындағылар отбасы, дүние-мүлкi, мал-жанымен бiрге МХР шекарасына жақын аумаққа қоныс салып, гоминдан әскерiне күресiн жалғастырады.
4. Шыңжан халықтарының азаттық күресiн үшiн келiсiм жасалғандықтан осы негiзге сай Оспан тарабындағылардың отбасы, кейбiр отряды бiздiң шекараға жақын қоныстанады.
Моңғол тарихын зерттеушi Лхамсүрэгийн Баточир жазған «Чойбалсан» (Уланбатыр 1996) атты шығармада, сол кездегi Моңғол мемлекетiнiң премер-министрi Чойбалсанның 1944 жылы Мәскеуде Сталинге жолығып, Оспан батырдың көтерiлiсiне қару-жарақпен көмек беру туралы уағдаласқанын айтады. Чойбалсан осы жылдың ақпан-наурыз айларында Алагтолғай заставасында Оспан батырмен кездесiп, Оспан батырды Алтай аймағының қазақтарының басшысы ретiнде танып, моңғол жағы бұдан бұрынғы жасалған келiсiм негiзiнде, Оспан батырдың қолын қару-жарақпен қамтамасыз етедi.
Оспан батыр Кеңес пен Моңғол үкiметiнiң мүддесiн өз мүддесiне пайдалана отырып, өз әскерiн олардан алған заманауи қару-жарақпен қамдап, осы жылы Алтай өңiрiнде Шың Ши Сай әскерiмен кескiлескен ұрыстар жүргiзедi. Көп ұзамай көтерiлiсшi қазақ қосынының қаһармандық ерлiктерiнiң нәтижесiнде Алтай өңiрi гоминдандықтардан тазартылып, Оспан батыр уақытша Алтай Қазақ мемлекетiн құрады. Кеңес пен Моңғол үкiметiнiң Алтай мемлекетiн мойындағандығы туралы құттықтау хаттар алады (Пр.Др Гулшын Шандарлыоғлу. Оспан батыр. Ыстанбул. 2006).
Қазақ монғол екi ел болып жиылып Оспанды ақ кигiзге салып көтерiп, қазақтың соңғы ханы деп жариялайды (Жақсылық Самитұлы. Қытайдағы қазақтар. Алматы. 2000).
Бұл кезде Пекиндегi гоминдан билiгi Алтай қазақтарынан оңбай жеңiлген Шың Ши Сайды орнынан алып, Синьзяньға жаңа басшылықты тағайындайды. Жаңа басшылықтың негiзгi тапсырмасы Алтай мемлекетiнiң iшкi егемендiгiне қол сұқпай, сыртқы жағдайда бұрынғысынша Қытайға тәуелдiлiгiн сақтап қалу болатын. Оспан батыр өзiне келген Гоминдан елшiлерiне Қытай үкiметiнiң тек Алтай қазақтарын ғана емес, күллi Шығыс Түркiстанның iшкi iсiне араласпауға шақырды.
Белгiлi күрескер Х. Оралтайдың пiкiрiнше Оспан батырдың iрi жеңiстерi осы жылы Iле, Құлжа өңiрiндегi жергiлiктi халықтың Қытайға қарсы көтерiлiс жасауына түрткi болған. Алайда, мұндағы көтерiлiс басшылары Акбар, Сейiт, Алихан төрелерге де дем берген Кеңес үкiметi болатын. Алтай мен Iле, Құлжа көтерiлiсшiлерi 1944 жылы Шығыс Түркiстан мемлекетiн құрып, президентi болып Алихан төре, ал Алтай аймағының уәли болып Оспан батыр сайланады (Хасан Оралтай. Оспан батыр. Қазақ елi, газетi. 2004) Осы жылы Шығыс Түркiстан әскерi Гоминдан әскерiн тас-талқан ғып жеңiп, Үрiмжiге жақын маңдағы Манасқа келгенде, Кеңес пен Гоминдан билiгi өзара мәмiлеге келiп, Шығыс Түркiстан әскерi кейiн қайтуға мәжбүр болады. Көтерiлiсшiлердiң шешушi кезеңде, солқылдақтық танытуының негiзгi себебi, Iле мен Құлжа көтерiлiсшiлерiнiң көсемдерi тiкелей Кеңес үкiметiнiң айтқанымен жүрiп-тұратын арнайы адамдары едi. Кеңес үкiметi алғашқыда көтерiлiсшiлердi қолдағанмен, көтерiлiсшiлердiң бағынышсыз Шығыс Түркiстан мемлекетiн құруынан сескендi. Кеңес үкiметiне Ұлы Түрiк идеясын тудырушы Түркiстан атын жамылған тәуелсiз мемлекет емес, өзiнiң ығынан шықпайтын, бағынышты үкiмет керек едi. Сондықтан да, Кеңес үкiметi 1944 жылы құрылған Шығыс Түркiстан мемлекетiнiң атын кейiн, «Үш аймақ» үкiметi деп өзгерттi (Хасан Оралтай. Елiм-айлап өткен өмiр. Алматы. 2005). Ал Алихан төре болса, Оспан мен оңаша сөйлесiп, оны өз жағына тартып Кеңес Одағының шеңгелiне түсiп жоғалып құрып бара жатқан Шығыс Түркiстан Республикасын Оспанмен бiрлесе отырып құтқарып қалмақ болады, әрi өз атынан Алтайдағы Оспанға: бiтiм жасадық деп Шығыс Түркiстанды қызылдар иеленiп алмақшы. Бiз мақсатымызға жете алмадық,күрес әлi аяқталған жоқ, Iленiң тағдырын мен қолда ұстаймын Алтайда сен мықты тұр. Деген мазмұнда құпия хат жазады. (Генерал Ысқақбек. Үрiмшi. 1996). Ақыры Шығыс Түркiстан мемлекетiнiң президентi Алихан төренi Құлжадан бiр күнде Қазақстанға ұрлап әкетiп, орнына коммунист Ахмет Қасымидi тағайындайды. Ахмет Қасыми көтерiлiсшiлердiң бұрынғы басшыларымен санаспай «Үш аймақ» үкiметiне қарасты елге коммунистiк пiкiр жүргiзудi қолға алады. Бұған қарсы Гоминданның Үрiмжiдегi өкiлдiгi Синьзянь халықтарының iшкi егемендiгi бар ұлттық үкiмет құруды жоспарлайды (Абдуллаһаб Қара. Оспан батыр. Тарих және Мәдениет, журналы. Ыстанбул. 1997).
Оспан батыр осы шақта iшкi егемендiгi бар ұлттық үкiмет жағына шығады. Оспан батырдың бұл таңдауды жасауының мынандай себептерi болды. Бiрiншiден Үш аймақ билiгiнiң Кеңестiң айтқанынан шықпайтын қуыршақ үкiметi екендiгi белгiлi болып, коммунистiк режимдi жүзеге асыруды қолға алуы болатын. Оспан батыр ешкiмнiң қуыршағы болғысы келмедi. Екiншiден коммунистiк режимнiң Қазақстанды қанға бөктiргенiнен хабардар едi. Зерттенушiлер Оспан батырдың дiнге аса берiк болғандығын айтады. Дiни-нанымды аяққа таптаған коммунистiк жүйеге қарсы келуiнiң бiр сыры осында-тын. Үшiншiден Гоминдан билiгi тоғыз жыл бойы Жапон басқыншыларымен арпалысып, 1945 жылы Жапония тiзе бүккеннен кейiн, Гоминданның тек бiр қарсыласы Шығыс Түркiстан көтерiлiсшiлерi қалған болатын. Шығыс Түркiстанға Гоминдан қаптаған қалың қытай әскерiн кiргiзсе, бейбiт халық қатты зардап шегедi деп ойлады. Осыдан келiп Оспан батыр Кеңестiң қуыршағы болғаннан, Гоминдан мойындаған ұлттық үкiметтi құрғанды жөн көрдi. Оспан батыр өзiнiң саяси мұратына ел қалай қарайды екен деп, Алтайға сауыншылар аттандырады. Алтай халқының негiзгi денiнен: «Оспан батыр қайда болса, бiз сондамыз» деген қуанышты хабар алады. Үрiмжiдегi ұлттық үкiметте Оспан батырды қару-жарақпен қамтамасыз ететiндiгiн хабарлайды (Пр.Др Гулшын Шандарлыоғлу. Оспан батыр. Ыстанбул. 2006).
Кеңес үкiметi Оспан батырға қарсы Үш аймақ үкiметiнiң өкiлi Дәлелхан Сүгiрбайұлы бастаған қазақ әскерiн қарсы қояды. Х. Оралтай Дәлелхан Сүгiрбайұлының әскерiнiң негiзгi денi Үш аймақ әскерiнiң киiмiн киген Кеңес әскерi болғандығын айтады. Сөйтiп, 1946-1948 жылдары бiрi ұлттық үкiметтi, бiрi коммунистiк жүйенi қолдаған екi қазақ бiр-бiрiне қарсы келедi. Алғашқыда Оспан батырдан Сарысүмбеде ауыр соққылар алып, жеңiлiске ұшыраған Үш аймақ әскерi, кейiн қулыққа көшедi. Олар елге: «Оспан батыр Абақ Керейдiң жоғын жоқтаушы, ол Үш аймақ әскерiмен соғыста, 200 Найманның жiгiтiн өлтiрдi» деген қауесет таратады (Хасан Оралтай. Елiм-айлап өткен өмiр. Алматы. 2005). Оспан батыр өз елiн шығыстағы қауыпсыз Бәйтiк, Қаптық тауларына көшiрiп, Алтайда Үш аймақ әскерiмен кескiлескен ұрыстар жүргiзедi. Үш аймақ әскерiнiң қолбасшылары Кеңес үкiметiнде әскери оқу оқыған азаматтар болғандықтан және заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етiлгендiктен, Оспан батырға табанды қарсылық көрсетедi. Бiрде Оспан батыр, бiрде Үш аймақ әскерi жеңген ит-жығыс соғыстың нәтижесiнде, 1949 жылы Оспан батыр өз әскерiн шығыстағы Баркөл-Құмылға қарай шегiндiредi. Мұның себебi, 1934-1937 жылдары Шың Ши Сайдың зорылығына шыдамаған Алтай қазақтары осы Баркөл-Құмылға келiп тұрақтаған болатын. Оспан батыр осындағы қазақ, ұйғыр, дүнгендермен күш бiрiктiре отырып, Үш аймақ әскерiмен соғысуды ойлайды. Алайда, осы шақта Оспан батырға шығыстан тағы бiр үлкен майдан ашылады. 1949 жылы Қытай коммунистерi Гоминдандықтарды тас-талқан етiп жеңiп, Шығыс Түркiстанға аяқ басады. Коммунистiк жүйенi мойындағысы келмеген Оспан батырдың қарамағындағы қазақ, ұйғыр, дүнгеннен құралған елу әскер мен Қытай коммунистерiнiң әскерi 1950 жылы Құмылдың Қуарша деген жерiнде бетпе-бет келiп, соғысады. Қуаршада Оспан батыр Қытай коммунистерiнiң әскерiн жеңгенмен, Үш аймақ пен Моңғол және Қытай коммунистрiнiң әскерiнiң үш жақтан шабуылдауына төтеп бере алмай кейiн шегiнуге мәжбүр болады. Қытай коммунистерiнiң Шығыс Түркiстанға аяқ басуымен Кеңес үкiметiнiң қолжаулығы болған Үш аймақ үкiметiнiң де күнi бiтедi (Хасан Оралтай. Елiм-айлап өткен өмiр. Алматы. 2005).
1950 жылы Құмылдың Дарақты деген жерiнде, Қытай әскерi Оспан батыр мен Жанымхан қажының ауылына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Оспан батыр қоршаудан сытылып шығып кеткенмен, Жанымхан қажы жау қолына түседi. Осы кезде Ұлттық үкiметтi басқарып отырған ұйғыр мен дүнген және қазақтардың кейбiр жетекшiлерi шет елге қаша бастайды. Олар Оспан батырға бұл ұсынысты айтқанда, Оспан батыр табанды түрде бұдан бас тартып, арттан (Алтайдан) келер көшпен бiрiге отырып, Қытай коммунистерiмен қайтадан соғысатынын айтады. Осы жылы Оспан батыр өз жұртын Гансу аймағындағы Қанамбал тауына көшiрiп, осында қыстап шығуды ойлайды. Алайда Оспанның оңай дұшпан емес екенiн ұққан Қытай коммунистерi, оған қыс айларында да тыным таптырмайды. 1951 жылы Қанамбал тауын қыстап жатқан Оспан батырды жау әскерi аңдаусызда қолға түсiредi. Қытай коммунистерi Оспан батырға адам айтқысыз небiр азаптарды көрсетiп, 1951 жылы сәуiр айының 29 күнi Үрiмжiде атуға бұйрық бередi (Хасан Оралтай. Елiм-айлап өткен өмiр. Алматы. 2005).
Бұдан кейiн Оспан батырдың жұрты бiршама уақыт Қытай үкiметiне қарсы күрес жүргiзедi. Қытай коммунистерi көтерiлiсшiлердi бiтiмге шақырғанда, көтерiлiсшiлер Оспан батырдың денесiн мұсылманша қайта жерлеуге берсе ғана, қаруларын тапсырып, көтерiлiстi тоқтататынын айтады. Қытай үкiметi көтерiлiсшiлердiң уәжiне амалсыз көндiгiп, батырдың ұрпақтары Оспанды туған жерi Алтайдың Көктоғай ауданына апарып мұсылманша жерлейдi.
Оспан батырдың күресiнiң қасиеттi мұраты – қазақтың Алладан басқа ешкiмге басын имей азат өмiр сүруiн қалады. Оспан батырдың қасиеттi соғысы Кенесары, Шәмiл, Әбдiқадыр, Сырым, Исатай мен Махамбеттердiң күресiнiң жалғасы болатын. Осы тұрыда, Оспан батыр есiмi тек қазақтың ғана емес, түркi тектес, қала бердi ислам әлемiнiң ардақ тұтар тұлғасы болуы тиiс екендiгiн айтқымыз келедi.
Иә, қазақ халқына тәуелсiздiк тосыннан келген тағдырдың тартуы емес. Азаттық деп аттандаған ата-бабаларымыздың қыл үстiнде өмiрiн өткiзген қиын күндерiнiң қарымтасына Құдайдың жарылқап берген жемiсi. Бiзге азаттық, Оспан секiлдi бодандықтың шырмауына түспеймiн деп бұлқынған ер қазақтың бойындағы бұла күштiң ерен-ерлiктер көрсетуiмен келген. Бiзге азаттық, Оспан секiлдi ата-бабаларымыздың ертең ұлым құл, қызым күң болмасын деген жүрек жарды атқақтаған ниетiне келген. Лайым осы iзгi ниет бүгiнгi ұрпақтың бойында атой салып, әрдайым жалғасын тапсын деп тiлейiк.
Елiм АЛТАЙҰЛЫ