КҮРЕСПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР
КҮРЕСПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР
Түрiк дүниесiнiң үлкен перзенттерiнiң бiрi Баймырза Хайт бiзге аса қадiрлi есiм едi
Баймырза Хайт… Бұл есiм Коммунистiк партия үстемдiк құрған бұрынғы КСРО атты зорлықпен ұйымдастырылған елде, оның ықпалындағы басқа социалистiк лагерь елдерiнде бiз үшiн аса құрметтi. Ол ондаған жылдар бойы орынсыз қараланып, датталып келдi, оның танымдық ғана емес, тәрбиелiк маңызы үлкен тамаша туындыларын сақтауға, аударуға тыйым салынды. Оған елiне келiп қайтуға рұқсат етiлмедi.
Өйткенi тағдыр тауқыметiмен алпыс жылдан астам уақыт бойына Алманияда өмiр сүрiп, еңбек етiп келген үлкен түркi ғалымы Баймырза Хайт Түркiстанның шынайы тарихын жазды, орыс отаршылдарының қасиеттi Түркiстан жерi мен халықтарына әкелген өлшеусiз қайғы-қасiретiн ерiнбей-жалықпай, тайсалмай-тартынбай айдай әлемге әшкере еттi. Бiз мұның бәрiн бiлмедiк, оқи алмадық. Бiрақ, азат әлем елдерiнде Баймырза Хайт еңбектерi әлденеше рет жарияланды, оған құрметтi атақтар мен сыйлықтар берiлдi. Әсiресе, туысқан Түркияда.
Ұлы Тәңiрi түркiлердiң көз жасын көрдi, КСРО-ның шаңырағы ортасына опырылып түстi де, бiрқатар түркi елдерi (Әзiрбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрiкменстан) тәуелсiздiктерiне қайта қауышты. Мұстафа Шоқай, Хасен Оралтай, Баймырза Хайт… есiмдерi де өздерiне лайық құрметке қайтадан ие болды, алыста жүрсе де ата-баба жұртына қайта оралды, еңбектерi аударылып, өздерi туралы жазыла бастады. Әрине едәуiр кеш, бiрақ кеш те болса, ештен жақсы ғой!
…Алманияның Көлiн қаласында тұрған Баймырза Хайт 1917 жылы 17-желтоқсанда Намаңған өңiрiндегi Жарқорған ауылында туды. Әкесiнiң аты – Айтмырза, шешесiнiң аты – Рабия (Рабиға) ханым. Баймырза бұл отбасының 15 баласының 9-баласы екен.
1923 жылы Баймырза өз аулындағы дiни мектепте, 1924-1934 жылдар аралығында орта мекте оқыды.
Баймырзаның Нармырза есiмдi сүйiктi ағасы өте батыл жiгiт болып өстi, әрi атқа жақсы отыратын. Ол 22 жасында «басмашыларға» қосылып, бәлшебектерге қарсы күрестi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, төрт жылдан кейiн Бiр Құрбан айты күнi сәбет солдаттары оның кесiлген басын үйiне апарып тастады. Бәлшебектердiң бұл зұлымдығын iнiсi ешқашан ұмытқан емес! (Бұл оқиға туралы кейiн жазушы Өзтемiр Ниязи «Құрбан айтқа сыйлық» деген роман жазды).
1934 жылы Баймырза Хайт Орта Азия (қазiргi – Ташкент) мемлекеттiк университетiнiң тарих факультетiне түсiп, 1938 жылы оны бiтiрiп шығады. Бұдан кейiн Баймырза Хайт Өзбекстан ағарту халық комиссариатының (министрлiгiнiң) бұйрығымен Ташкенттегi Низами атындағы педагогикалық институтының тарих факультетiнде оқиды. 1938 жылдың қараша айында ол осы институттың сырттай оқу бөлiмiне ауыстырылып, бiраз уақыт түрлi аудан орталықтарында тарих пәнiнiң мұғалiмi болып қызмет атқарады, ал 1939 жылдың басында Үйшi аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалады. 1939 жылдың маусымында мемлекеттiк емтихандарды сәттi тапсырып, пединституттың дипломын алады. Ал осыдан бiр ай бұрын, яғни, 1939 жылғы мамыр айында оқу-ағарту саласындағы табысты еңбегi үшiн Баймырза Хайт КСРО-ның «Құрмет белгiсi» орденiмен марапатталған болатын.
1939 жылы 24 желтоқсанда Баймырза Хайт совет армиясы қатарына алынады. Алдымен немiстер тарапынан бағындырылған Польшаның Белосток қаласында танкi бөлiмшесiнде қызмет атқарады. 1941 жылы 4 шiлде күнi немiстердiң қолына тұтқынға түседi. 1942 жылдың 15 наурызына дейiн Честахов қаласындағы Алмания тұтқындары лагерiнде ұсталады. Сол 1942 жылғы 16 наурыздан 1945 жылдың 7 мамырына дейiн Баймырза аға Түркiстан легионында (1945 жылдың наурызынан – Түркiстан ұлттық армиясы) қызметте болады. Соғыстың соңына дейiн – Түркiстан ұлттық армиясы) қызметте болады. Соғыстың соңына дейiн ол капитан әскери шенiн алып жүрдi. 1944 жылдың мамырынан соғыстың аяғына дейiн Баймырза Хайт осы Түркiстан легионының әскери бөлiмiн басқарды және Түркiстан легионының Алмания жаяу әскерлерi бас қолбасшылығындағы өкiлi болды.
Айта кету керек, Түркiстан легионының сипаты, мақсаты мен мүддесi туралы талас күнi бүгiнге дейiн толастаған жоқ. Бiздiңше, бұл ең алдымен методологиялық мәселе. Түркiстан легионы да, менiңше, «басмашылар» сияқты, Түркiстанның тәуелсiздiгi жолында бәлшебектерге қарсы күресу үшiн ұйымдастырылған ұлт-азаттық армиясы деп сипатталуы қажет. Оны басқаша бағалауға болмайды. Бұл легионның (басқа да түркi-мұсылман легиондары сияқты) құрамындағы жауынгерлердiң бәрi дерлiк Түркiстанның азаттығын аңсаған шынайы патриоттар едi. (Легионның өзiнiң осы iзгi миссияны толық атқара алмағаны бөлек бiр мәселе).
Соғыс аяқталды, дегенмен де Баймырза Хайттың өмiрiнде тыныштық орнай қоймайды. 1945 жылы 7 мамыр күнi ол ендi Чехословакияның Марйнбад қаласындағы Американың әскери тұтқынына айналды, ал 1945 жылдың шiлдесiнен 1947 жылғы тамызға дейiн, яғни екi жыл бойына БҰҰ-ның Мүнхен және Миттенуальд қалаларындағы (Алмания) қайырымдылық лагерлерiнде тұрды.
1947 жылдың күзiнде Баймырза ағаның өмiрiнде ақыры тыныштық, оқу, ғылыми жұмыстар кезеңi басталды. Осы жылы қазан айында ол Мүнстер қаласындағы «Вестфален» университетенiң философия факультетiне оқуға түседi. (Бұл 30 жастағы Баймырза Хайт түсiп отырған үшiншi жоғарғы оқу орны). Университетте Б.Хайт араб, иран, түркi және славян (орыс, украин, поляк, чех, серб) тiлдерi мен жаңа заман тарихын оқып үйренедi. Университетте Баймырза Хайт «философия докторы» ғылыми атағымен бiтiрiп шығады. (1950 ж. 25.04). Профессор Герхард фон Менденiң ғылыми жетекшiлiгiмен Баймырза Хайттың жазып, қорғаған диссертациясының тақырыбы – «Қоқан және Алашорда ұлттық үкiметтерi». 1950 ж. 5-қазанда Баймырза Хайт Рут есiмдi немiс қызына үйленедi. Ол – акушер-гинеколог. Екеуiнiң үш баласы бар: Дiлбәр, Ертай, Мырза, олардан он шақты немере сүйедi.
Рут жеңгемiз бар тапқан-таянғанын Баймырзаның жолына арнап, оның еңбектерiн шығаруда, қажет болса емделуде көп көмек бередi.
Б.Хайт – 1959 жылдан Алмания азаматы.
1950 жылдан бастап Баймырза Хайт бiржола ғылыми зерттеу жұмыстарына ден қояды. Мақалалар, кiтаптар жариялайды, түрлi Халықаралық жиындарда баяндамалар жасайды, лекциялар оқиды, басқа елдерде ғылыми жұмыстармен шұғылдануға мүмкiндiк табады. 50-жылдардың басында ол ғылыми жұмыстарынан қол үзбей Түркiстанның ұлттық бiрлiгi комитетiнде де қызмет атқарады (1951-1953 ж.ж.).
1954 жылдың басынан 1964 жылдың ортасына дейiн, яғни он жылдай Баймырза Хайт Шығыс Еуропаны зерттеу институтының Шығыстағы ислам елдерi бөлiмiн басқарады. Ал 1964 жылдан бастап ол ғылыми жұмыстарын дербес түрде жүргiзiп келдi. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына ғылыми жұмыстармен шұғылданып келген Баймырза Хайттың (оның алғашқы мақаласы 1942 жылы Уәли Қаюмхан шығарып тұрған «Милли Түркiстан» (Берлин) журналында жарық көрген) қаламынан 10 (әрқайсы бiрнеше жүз беттiк) кiтап, 12 кiтапша (брошюра), 250-ден астам мақала туған. Оның еңбектерi әлемнiң 12 тiлiнде жарық көрген.
Баймырза Хайттың бүкiл ғылыми өмiрi, жарық көрген барлық еңбектерi, әлемнiң түрлi елдерiндегi халықаралық жиындарда, ол жасаған баяндамалар немесе оқыған лекциялары мен жүргiзген курстары негiзiнен басты бiр ғана мәселеге арналған. Ол қасиеттi мәселе – Түркiстан тарихы, Түркiстанның кешегi, бүгiнгi тағдыры, орыс және басқа да отаршылдардың кесiрiнен түркiстандықтардың тартқан және тартып келе жатқан ауыр азабы. Баймырза Хайт әлемнiң қай елiнде, қай жерiнде баяндама жасамасын, лекция оқымасын, сөз сөйлемесiн, мақала немесе кiтап жарияламасын, үнемi осы тақырыпты тiлге тиек етедi, осы мәселенi әлемдiк, қоғамдық пiкiрге жеткiзуге тырысады, соған жұртшылықтың назарын аударады. Ол Түркiстаннан алыста тұрып, еңбек етуге мәжбүр болса да, осылайша қаламымен, кiтаптарымен, мақалаларымен туған Түркiстанының тәуелсiздiгi үшiн, азаттығы үшiн күресiп келдi. Сондықтан Баймырза Хайт – үлкен күрескер ғалым, қайраткер зерттеушi болды. Ол арманына жеттi – Түркiстанның (Батыс бөлiгiнiң) орыс – совет отаршылдығынан құтылып, тәуелсiздiгiне қайта қауышқанын өз көзiмен көрдi. (Бәлкiм, Баймырза Хайт жүргiзген ғылыми-рухани күрестiң де Түркiстанның отаршылдықтан құтылу процесiн жеделдетуде өзiндiк рөлi болған шығар).
Бiр өкiнiштiсi – Түркiстанның бүгiнгi басшылары әлi де Баймырза Хайт хақында бұрынғы кеңестiк идеологиялық көзқараста қалып отыр, сондықтан оның еңбектерiн насихаттауға, оған туған өлкесiне келiп қайтуға рұхсат бермедi. Мысалы, осыдан он бес жыл бұрын, 1992 жылдың жазында тұңғыш рет Өзбекстанға барып, ата-бабаларының қабiрлерiне тағзым еткен, құран оқып қайтқан кезде оған небары бiр апта – он күн көлемiнде ғана мүмкiндiк берiлген, әрi бақылауға алынған. Алманияға қайтып барған соң Баймырза Хайт өзiнiң бұл сапары жөнiнде ренiшке толы үлкен мақала жариялайды («Отанымызда болып қайттым» деген атпен Б.Х. бұл мақаласы Ыстанбұлдағы Түрiк әлемiн зерттеу қорының «Түрiк әлемi бойынша зерттеулер» алманағының 1993 жылғы 83-санының 65-92-б.б. жарық көрдi).
1995 жылы Баймырза Хайт ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысқан құрметтi қонақтардың бiрi болды, салтанатты жиындар төрiнде отырды, мiнбеге шығып, тебiрене сөз сөйледi. Алматыда ол бiр ай тұрды, Семейге, одан келiп «Манастың» 1000 жылдық тойына барды. Қазақстаннан риза болып аттанды.
Орайы келiп, сол 1995 жылдың соңғы күндерiнде Баймырза ағаның үйiнде бiз қонақ болып қалдық. Мүнхеннен арнайы iздеп барғанымызға қарт ғалым қатты қуанып едi. Өте кiшiпейiл, iзеттi дәрiгер жеңгемiз Рут ханым да риза болды. Сол жолы Баймырза аға бiздерге (ақын, теледидар қызметкерi Жұмаш Кенебай, әншi – сазгер Шәмiл Әбiлтай және осы жолдардың авторы) тебiрене көп әңгiме айтты, үлкен қошемет көрсеттi. Оның әңгiмесi бiздi оқтын-оқтын толқытып отырды. Әңгiме үстiнде ол жиi-жиi ардақты арысымыз Мұстафа Шоқайды еске алып, ол жайында жылы пiкiрлер бiлдiрдi. Алла өмiр берсе, естелiктер жазбақ ойының бар екенiн де айтты.
Үлкен түркi тарихшысы Баймырза Хайттың еңбектерi мен қызметi туралы көп жазылған, оның есiмi энциклопедияларға енген, диссертациялық зерттеулерге тақырып болған.
Түркиядағы Ататүрiк атындағы Мәдениет, тiл және тарих жоғары қоғамына қатысты Ататүрiк атындағы мәдениет орталығы доктор Баймырза Хайттың еңбектерi мен қызметi жайлы бiлдiрiлген пiкiрлер жинағының I томын 1994 жылы басып шығарған едi. Оны баспаға әзiрлеген Б.Хайттың шәкiрттерiнiң бiрi – доцент Айфер Қайнар ханым. Жалпы көлемi 644 беттiк бұл кiтап Баймырза Хайт жайында Батыс Еуропада, АҚШ-та және Шығыс елдерiнде жарық көрген материалдарды қамтиды. Олардың бәрiнде де Баймырза Хайт еңбектерi мен қызметiне әдiл баға берiлiп бiлдiрiлген.
Мұндай материалдардың II томы (610 бет) 1996 жылы жарық көрдi. Ол тұтасымен бұрынғы Кеңес одағына арналған. Оны да баспаға дайындаған – доцент Айфер Қайнар ханым. (Қандай еңбек, ұстазға деген қандай құрмет сезiмi!). Кiтапта орыс, өзбек, қырғыз, т.б. тiлдердегi 346 мақала мен сөйлеген сөз, радиохабар орын алған. Олардың 50-ге жақыны Қазақстаннан. II томда да доцент Айфер Қайнардың алғысөзi, профессор Садық Тұралдың үлкен кiрiспе мақаласы берiлген. Доцент Айфер Қайнар ханым өзiнiң алғысөзiнде бұрынғы Кеңес одағында Б.Хайт жайлы барлығы 13613 беттiк материал жарық көргенiн, бұл кiтапта олардың белгiлi бiр бөлiгi ғана жарияланып отырғанын айтады.
Құрастырушы бұл кiтаптың жарық көруiне рухани көмек берген, қолдау бiлдiрген қазақ ғалымдары К.Ә.Сағадиевке, Ж.М.Әбдiлдинге, А.Қошановқа ж.б. алғыс айтады. Кiтапта бұл жинақ туралы профессор Кеңес Нұрпейiсовтiң шағын рецензиясы (пiкiрi) берiлген.
Бұл томда жарық көрген материалдардың басым бөлiгi Баймырза Хайтқа қарсы, оны орынсыз жамандауға, даттауға арналған. Кезiнде Б.Хайтқа қарсы пiкiр айтқан кiсiлердiң iшiнде Совет Одағы жылдарында өте атақты болған жоғары лауазым иелерi бар.
Доцент Айфер Қайнар ханымның жазуынша, доктор Б.Хайтқа қарсы бұрынғы Совет Одағында 19 диссертация қорғалған, ол жайында 90 кiтапта, 261 газет-журналда қарсы пiкiр айтылған, оның қызметiмен 300 қоғам мен ұйым «шұғылданған». Баймырза Хайт туралы пiкiр айтқан 406 автордың iшiнде КОКП ОК-ның бiр хатшысы, Түркiстандағы бұрынғы бес сов. республикасы КП ОК бiрiншi хатшысы, iрi-iрi совет ғалымдары мен жазушылары, 3 совет армиясының полковнигi, т.б. бар…
Кеңес одағы ыдырап, бұрынғы «одақтас» республикалар қайтадан өз тәуелсiздiктерiне қауышқан 90-жылдардың басында жағдай өзгердi – ТМД елдерiнде, оның iшiнде Түркiстан республикаларында Баймырза Хайт туралы ұнамды мақалалар жарияланып, оның еңбектерi аударыла бастады. Ақыры шындық жеңдi. Түркiстанда да алыста жүрiп «Түркiстаным!» деп еңiреген асыл азамат, абзал аға есiмi қайтадан құрметпен ауызға алынатын болды. Алтынды тот баспайды ғой…
Ендi Баймырза Хайт қаламынан туған (әрқайсысы бiрнеше жүз беттiк) кiтаптарды атап өтейiк:
1. ХХ ғасырдағы Түркiстан. Дармштат. 1956 (немiс тiлiнде).
2. Түркiстан мысалындағы советтiк орыс-шығыс саясаты. Көлiн-Берлин, 1962 (немiс тiлiнде).
3. Түркiстанның экономикалық проблемалары, Анкара, 1968 (немiс тiлiнде).
4. Ресей мен Қытай қыспағындағы Түркiстан, Амстердам, 1971 (немiс тiлiнде). (1975 ж. Ыстанбұлда түрiк тiлiнде басылып шыққан).
5. Түрiк әлемiндегi орыс империализмiнiң iздерi, Анкара, 1975; Ыстанбұл, 1978 (түрiк тiлiнде).
6. Еуразияның кiндiгiндегi Түркiстан, Көлiн, 1980 (немiс тiлiнде).
7. Ресей билiгiндегi Ислам мен Түркiстан, Ыстанбұл, 1987 (ағылшын тiлiнде).
8. Ресей билiгiндегi түркiлiк пен Исламның кейбiр мәселелерi, Ыстанбұл, 1987 (мақалаларының түрiк тiлiндегi жинағы).
9. Басмашылық. Түркiстандағы 1917-1934 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық күрес, Көлiн, 1992 (немiс тiлiнде; кейiнiрек Түркияда түрiк тiлiнде де басылып шықты).
10. «Милли Түркистан» һүррийет давасы («Милли Түркистан» – «Ұлттық Түркiстан» жорналындағы азаттық дауы» (осы жорналдағы азаттық туралы мақалаларының жинағы), Анкара, 2004 (640 бет).
«Милли Түркистан» – «Ұлттық Түркiстан» жорналы атышулы Уәли Қаюмхан (1904-1993) шығарған. 1942-1975 жылдар аралығында бұл жорналдың барлығы 134 саны шыққан-ды. Мұның алғашқы 63 саны 1942-1945 ж.ж. Берлинде, ал 64-134-сандары 1950 жылдан бастап Дүсселдорф қаласында шықты (Уәли Қаюмхан соғыстан кейiн сол қалада тұрып, сонда қайтыс болған). Бұл жорнал негiзiнен латын әрiптерiмен, кейбiр сандары араб жазуымен де шығып отырған. «Милли Түркистан» да 1929-1939 ж.ж. Париж бен Берлинде Мұстафа Шоқай 117 санын шығарған «Яш Түркистан» («Жас Түркiстан«) жорналы сияқты «Түркiстан түркi тiлi» деп аталған шағатай тiлiне ұқсас (өзбек тiлiне өте жақын) тiлде шығарылған…
Мен Баймырза ағамен алғаш 1993 жылы Анталияда Бүкiлтүрiк құрылтайында танысқан едiм. Кейiн де Түркияда, Алманияда, Алматыда бiрнеше рет кездесудiң сәтi түскен-дi. Ол кiсi маған оқтын-оқтын кiтаптарын жiберiп, хат жазып тұрды. Мен ол кiсiнiң кейбiр мақалаларын қазақ тiлiне аударып, өзiн қазақ оқырмандарына таныстырып мақалалар да жаздым…
Соңғы он шақты жылдың көлемiнде Баймырза ағаның денсаулығы едәуiр әлсiредi. Оның жүрегiне екiншi рет операция жасалып, жасанды клапандар қойылған болатын. Кейiнгi бiрнеше жылда қарт ғалым жазуды да, кiтап оқуды да мүлде тоқтатып, төсек тартып, жатып қалған едi. Сөйтiп, 2006 ж. 31 қазан, сейсенбi күнi 89 жасқа бiр жарым ай қалғанда мәңгiлiкке көз жұмыпты. Биыл ол 90 жылдығын атап өтпекшi болатын (17-желтоқсанда).
Баймырза ақсақалдың қайтыс болғаны туралы бұл жайсыз хабарды мен таяуда, яғни сәл кейiнiрек таныстар арқылы естiдiм. Бiздiң БАҚ-та бұл жайында жазылған да, айтылған да жоқ. Ал туысқан Түркияда оның өмiрi, күрескерлiгi, ғылыми еңбектерi туралы кең молынан арнайы телехабарлар ұйымдастырылыпты. «Жатқан жерi жайлы, жаны жаннатта болсын!» дегеннен басқа бiздiң айтарымыз жоқ… Ол шын мәнiнде Түркiстан тарихшыларының ақсақалы едi ғой!
Фадли Әли, түрiктанушы