Жаңалықтар

ҚОЯНДЫДАFЫ ҚЫРҒИҚАБАҚ

ашық дереккөзі

ҚОЯНДЫДАFЫ ҚЫРҒИҚАБАҚ

Бұған дейiн қазақтың түтiн түтетiп отырған алақандай жерiн тартып алу үшiн, жердi сатқан иесiн таппай сандалып, қазақты "заңсыз басып алған" деп кiнәлайтынбыз. Кiнәнi соңғы байлығы үшiн жанын салып күресiп жүрген өз көгенкөздерiмiзге аударып қарап отыратынбыз. Ал, бұл жолы жердi берген ақы иесi бар болса да, баяғы қазақ кiнәлi болып отыр.

ҚАСҚЫРДЫҢ АУЗЫ ЖЕСЕ ДЕ ҚАН, ЖЕМЕСЕ ДЕ ҚАН

Соңғы кезде әкiм-қаралар қара күркесiн қалқайтып, азын-аулақ жерге иелiк етiп отырған қазақты болсын-болмасын "жердi заңсыз басып алған" деп айыптайтын болып апты. Кәдiмгi "қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан" деген қазақы пәлсапаға орай.

Әңгiмемiздi қалың оқырманға түсiнiктi баяндайтын болсақ, Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қоянды елдiмекенiнде 650 отбасына осыдан 3 жыл бұрын сол кездегi Көшi-қон және демография агенттiгiнiң төрайымы Алтыншаш Жағанова өзi бас болып қазық қағып берген екен. Арада жыл өтпей дәл осы жерге облыс әкiмi Мәжит Есенбаев, мәжiлiс депутаты Төлеген Мұхамеджанов бастаған тағы бiр топ делегация келедi. Олар да осы мекендi қоныс еткен оралмандарға бұл жердiң заңды тиесiлi екендiгiн шегелеп, алаңсыз отыра берулерi керектiгiн айтады. Бұл шаралардың барлығы, шенеунiктер мен депутаттардың жанашырлық танытып, халық қамын күйттей қалуы Мәжiлiс сайлауының алдында, сайлау кампаниясы қарсаңында жүзеге асқан едi.

Сөйтiп, басына қара күркесiн қалқайтып, құжаттарын дайындап, пысықайларға өткiзiп, инфрақұрылым тартамыз деген желеумен талап еткен 25-30 мың теңгелерiн берiп, неге болса да мойынсұнып отырған халық ендi аяқ астынан жердi заңсыз иеленген болып шығып отыр. Сөйтiп, бұл жер иелерiн жалғыз күнде тып-типыл қылып жерсiз қалдырғандарымен қоймай, сол үй-мүкамалын күреген қаражатты осы тұрғындардан үптейтiндiктерiн және қадағалап айтқан.

Целиноград ауданының әкiмi Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ:

"ШУЛАМАҢДАР, ШУЛАЙТЫН БОЛСАҢЫЗДАР БАСҚАША СӨЙЛЕСЕМIЗ"

Демократиялық күштердiң "Барлық деңгейдегi әкiмдердi сайлау керек, сонда ғана олар халыққа тәуелдi екендiктерiн сезiнiп, халық үшiн жұмыс iстейтiн болады" деген уәжiне бiз әлi құлақ түрмей келемiз. Ал, жоғарыдан тағайындалған Жексенбай Дүйсебаев секiлдiлердiң халықты қорқытып-үркiтiп бағындыратындығының куәсi болдық. Осы жексенбiде "Астана" телеарнасының "Апта" бағдарламасы "Қояндыда" қаңтарылған халықты екi күн күттiрiп әрең жеткен әкiмiнiң халық алдында өткiзген жиналысын қаз-қалпында суреттедi. Сондағы әкiмнiң жұдырығын бiлеп: "Шуламаңдар, шулайтын болсаңыздар, басқаша сөйлесемiз" дегенiн естiдiк. Басқаша сөйлескенде қайтедi екен, халықты қыра ма жоқ, баспанасыз қалдыра ма, ол жағы беймәлiм. Өзiнше доқ көрсетiп, жұртты тыныштандырғаннан кейiн, iстi майдалауға көшкенiмен, Жексенбай Дүйсебаев мандытып ештеңе айта алмады. Қазiр күреймiз десе, iс насырға шабатынын сездi, ал күремеймiз деп тағы да айта алмады. Жұртты әлiптiң артын бағуға шақырып, тайып тұрды. Ал, Қоянды округiне жаңадан тағайындалған әкiм Темiрхан Сағымбаев бұл отбасылардың жердi заңсыз басып алғанын өз аузымен айтты. Сондай-ақ, Қоянды елдiмекенiнде осы күнге дейiн инфрақұрылымдар тартылмаған. Халық үш жыл бойы сусыз, жарықсыз отыр.

Сонда қалай деймiз, бiр шенеунiктiң iсiн екiншi шенеунiк жоққа шығару заңдылыққа айналып кеткен бе? Әкiм-қаралардың өзара тартысының кесiрiнен қарапайым халық зардап шегуде. Жүйелiлiктiң жоқтығы салдарынан, бiрi орнатады, екiншiсi қиратады. Сөйтiп, халық сүйкенiскен екi түйенiң арасындағы шыбынға айналуда.

Мәжiлiс депутаты Төлеген Мұхамеджанов:

"МЕН ӘКIМ АЙНЫП КЕТПЕСIН ДЕП 10 ДЕПУТАТТЫ КУӘ РЕТIНДЕ АЛА БАРҒАНМЫН. ОЛ ЖЕР ЗАҢСЫЗ БАСЫП АЛЫНҒАН ЖОҚ"

Дәл осы мәселеге орай бiз Мәжiлiс депутаты Төлеген Мұхамеджанов мырзаға хабарласқан едiк. Төлеген Мұхамеджанов жергiлiктi тұрғындардың Мәжiлiс депутаттарының арнайы келгендiгi туралы ақпаратын жоққа шығарған жоқ. "Бұл елдiмекен Ақмола облысына қарасты. Бiз сол кезде облыс әкiмi Мәжит Есенбаев, 10 мәжiлiс депутаты барған болатынбыз. Ол жерде ешқандай заңсыз басып алған жер телiмдерi жоқ. Бәрi заңды. Бәлкiм оралмандар құжаттарын әлi заңдастыра алмай жүрген болар. Былайынан ешкiм оған өз бетiмен қоныс тепкен жоқ. Оны облыс әкiмi арнайы бөлiп берген, бiз сол оқиғаның куәгерi ретiнде қатысқанбыз. Кейiн уәделерiнен тайқып кетпесiн деп мен әдейi 10 депутатты қасыма ала барғанмын. Мүмкiн жаңа әкiм (аудан әкiмi) өзiнше жаңа заң қабылдап жүрген шығар. Немесе бұл жердiң заңды берiлгенiнен бейхабар болар. Оны ешкiм қозғай алмайды. Олар бұл жерге заңды иелiк етiп отыр. Қояндыдағы тұрғындар маған неге хабарласпаған? Мен оларға өз құқығын дәлелдеп берер едiм" дейдi Т. Мұхамеджанов.

Түйiн: Қолына билiк тисе, қоқаңдап, халықты қорқытатын майда әкiмдер алдымен iстiң анық-қанығына көз жеткiзбей, халыққа дүрсе қоя бергенде, "өз үйiм деме, үй артында кiсi бар" деген тәмсiлдi ескердi ме екен? Жоқ, халық сайламаған, жоғарыдан тағайындалған әкiм өзiн халық алдында қалай көрсетсе де, өз еркiм дедi ме екен? Әйтеуiр, сесi қатты. Әрине, ол да бiреудiң қол шоқпары болып отырғаны белгiлi. Алайда, қуантарлығы бұл жердi өзге емес, облыс әкiмi Мәжит Есенбаевтiң өзiнiң бөлiп бергендiгi. Депутаттардың оған куәгер болғандығы. Демек, 650 отбасы, 2000-нан астам адам далада қалмайды деген сенiмдемiз.

Есенгүл Кәпқызы