Орынбасар ТАЗАБЕКОВ: ТЕАТР – ТАЗАБЕКОВТIКI, АЛ ӨНЕР — ХАЛЫҚ ҮШIН...
Орынбасар ТАЗАБЕКОВ: ТЕАТР – ТАЗАБЕКОВТIКI, АЛ ӨНЕР — ХАЛЫҚ ҮШIН...
Бүгiнгi қоғам қазаққа нарықты үйреттi, базарға барып, сауда жасауды үйреттi, алыпсатарлыққа үйреттi. Рас, оның бәрi бүгiнгi күнкөрiстiң қамы. Үйде жатып, терезенi ашып қойып, бiреу бiрнәрсе бередi екен деп күткенмен, ештеңенiң келмейтiнiн қазақ та түсiндi.Сондықтан, олар бала-шағаны үйде тастап, базарға шықты. Базардан алып, базарға апарды. Бұл бизнестiң ең оңай жолы. Ал үлкен бизнестi бастау оңай шаруа емес. Ол үлкен қаржы-қаражатты, iскерлiктi, бiлiмдiлiктi қажет ететiнi тағы жасырын емес. Бiрақ, қазақ оған да үйрендi. Бизнестi жасағанда өзге елдерден асып түспесе кем түспейтiн дәрежеге жеттi. Бiрақ, олардың бизнесi қандай бизнес?! Бiреуiнен алып, бiреуге сату немесе бизнестiң пайдалы жағын ойлау. Бизнестiң заңы бойынша, кез-келген iскер адам бизнесiн бастамас бұрын ең әуелi оған маркетинг жасамайтын ба едi. Яғни, ненi алып, ненi сату қажеттiгiн алдын ала ойлайды. Сондықтан, көп бизнесмен анау-мынауға ақша шығарып, ұтылуды жол көрмейдi. Олар көбiне қаржысын пайда әкелетiн дүниеге жұмсауды жақсы көредi. Кеткен шығын мен кiрiстiң көзiн аңдиды. Олар үшiн пайданың көзi iрi кәсiпорындар мен зауыттарда, өнiм өндiретiн құрылыс аймақтарында. Оларға өнерден пайда табу қол емес. Олар үшiн, яғни көптеген бизнесмендер үшiн өнерден келетiн пайда жоқ. Ол тек шығынды ғана талап ететiн нәрсе деп түсiнедi. Сондықтан, сiздiң өнер мен мәдениетке, әдебиетке ақша бөлген адамды көргендерiңiз немесе кездестiргендерiңiз бар ма? Жоқ. Болса да некен-саяқ. Онда да демеушi болып, аз-маз қаржы бөлгеннен аса алмайды. Сондықтан болар, бүгiнгi қоғамда әдебиеттiң де, өнердiң де халi мүшкiл. Оны бизнестiң көзi деп қабылдайтындар мүлдем жоқтың қасы. Өнер мен мәдениеттiң кешеуiлдеп дамып жатқаны да сондықтан.
"ӨНЕРГЕ ЖАСАҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ"Бизнестiң заңдылығын мойындай тұра, өнердi бизнеске айналдырып, жекеменшiк театр ашқан бiр адамды бiлем. Өзi кәсiпкер болса да, тапқан таянғанын театрға жұмсап, репертуарын толықтырып, актерлерiне жалақы төлеп отырған жалғыз адам да сол кiсi. Ол — Орынбасар Тазабеков. "Тазабеков театрының" ашылғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Айналдырған жетi-сегiз айдың iшiнде төрт спектакльдi дүниеге әкелiп, көрерменiнiң көзайымына айналған театр ұжымы жуырда биылғы маусымын аяқтады. "Шыңғысхан" спектаклiмен шымылдығын жапқан аталмыш театр ұжымы жаздық демалысқа кеттi. Демалыстың алдында театрдың көркемдiк жетекшiсi әрi директоры Орынбасар Тазабековпен жолыққан едiк. Өнерден бизнеске, бизнестен өнерге келген жанның қаржысын өзге салаға емес, театрға жұмсағанына таңданысымызды жасыра алмадық.
— Өнер пайдалы емес дейсiз? Өнердiң қай түрi пайдалы емес?! Мәселен, Алла Пугачева елiмiзге келедi де, пәленбай мың ақша алып, пайда тауып кетедi. Немесе мықты суретшi көрмесiн өткiзiп, одан орасан зор пайда табады. Мықты скрипкашы өнерiн көрсетедi. Ол не пайдалы емес пе? Нарық заманында өнердi керек емес деп айтуға болмайды. Егер өнердi қолдасаңыз, ол сiзге моральдық жағынан да, материалдық жағынан да көп нәрсе бередi. Ал Қазақстандағы бүгiнгi театр өнерi туралы айтсақ, онда мен сiздiң ойыңызбен келiсер едiм. — Менiң сiзге қояйын деген сұрағым да сол — бүгiнгi қазақ театрының жай күйi. Бiздiң қазақта опера мен балет немесе театр өнерiне деген көзқарас толық қалыптаспаған сияқты…Сондай заманда жекеменшiк театр ашу дегенiңiз де ерлiкпен пара-пар дүние емес пе? — Қазақ театрының өмiр сүрiп келе жатқанына сексен-ақ жыл болыпты. Дәстүрлi театр өнерiн бастаған М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ғой, былтыр ғана сексен жылдығын тойлады. Бiздегi өнер атаулының әкесi де, шешесi де — сол. Сексен жылдық ғұмыры бар театр өнерiне неге Париждегiдей немесе Мәскеудегiдей емес деп айта алмаймыз. Бiрақ сол сексен жылда, сексен жылдық ғұмырға сай бiраз шаруалар iстедi. Ал бүгiнгi нарық заманында жекеменшiк театрлардың өмiрге келуiнiң өзi заңдылық. Осы тарапта, бiздiң театрымыз өзiнiң тұрғылықты мекен жайы бар, өзiнiң ғимараты бар, тұңғыш жекеменшiк театр. Бұл театрды өз күшiммен, өз қаражатыммен салдым. Менiң театрымнан бұрын Болат Атабаевтың "Ақсарайы" мен орыстардың "АРТиШОК" деп аталатын жекеменшiк театры ашылған. Бiрақ, олардың мекен-жайы жоқ. Бес-алты адамды жинап алып, театр аштық деп жатады. Театр ашу деген оңай шаруа емес. Жуырда Болат Атабаевпен жолығып сөйлестiм. Ол кiсi "ТуранӘлемБанкiмен" келiсiп, соның қарамағына кiрген көрiнедi. Ал, бiздiң театрымызға келсек, мұның шаруасының бәрiн жеке өзiм көтерiп отырмын. Тек, менiң ұтқаным, театрда қойылған төрт спектакльдiң үшеуi студенттердiң дипломдық жұмысы. Бiздiң сахнамызға келген соң, бiраз өзгертулер жасадық. Декорациясын өзгерттiк, киiмдерiн алдық. Құрамы ауысты. Өзiмiзде толыққанды қойылған "Шыңғысхан" ғана. — Алғашында бiраз қиындықтар болған шығар… — Бiраз қиындықтың болғаны рас. Осыған байланысты менiң айтатын өкпем де бар. Егер бiз театр өнерi Қазақстанда дамысын десек, оған қамқорлық қажет емес пе? Бiзге де қамқорлық жетiспей жатады. Рас, өзiң сияқты журналшылар қауымы көмектесiп, жарнамалап бередi. Бiрақ одан артық олардың қолынан не келедi? Бiздi қолдайтындар шенеунiктер, бизнесмендер болуы керек. Егер оларға билет апарып берiп, шақырсаңыз, театр дегенге бiртүрлi таңданыспен қарайтын сыңайлы. Олар үшiн театр өткен ғасырдың дүниесi сияқты. Қазақ театр өнерi темiр ғасырынан қалып қойған дүние сияқты көрiнедi оларға. Яғни, мәдениет деп аталатын театрға келуге жиркенедi. Намыстанады. Оның орнына Пугачеваның концертiне барғанды орынды санайды. Ол жерге өнердi түсiнбесе де, тусовка үшiн баратын сыңайлы. Театрдың орнына бәленбай жылқыны асырағанды орынды көредi. Күнi кеше Премьер-министр Мәсiмовтың өзi "Алматының айналасы жылқы шаруашылығына толып кеттi" деп айтып жатыр. Оны ұстау үшiн қанша ақша кететiнiн бiлесiз бе? 170 мың долларға бiр атты алып келедi шет елден. Сол ақшаға мен екi жылға актерлерге жалақы беретiн едiм. Қазаққа тамаша өнер беретiн едiм. Мен олар сияқты мал асырап отырғам жоқ, адам асырап жатырмын. Өрiмдей институтты бiтiрген жас балалар жұмыссыз тарап кетпесiн деп, соларға жағдай жасап отырмын. Театр жарайды "Тазабеков" деп аталады екен. Сол Тазабековтың театры елге жұмыс жасайды ғой. Өзiңiз көрiп отырсыз, спектакльдi көруге қанша адам келiп отыр. Бұл театр ақ пен қараны, жаман мен жақсыны ажырататын орын. Жасөспiрiм балаға жамандық пен жақсылықтың не екенiн үйрететiн орын. Өзiмнiң бала-шағамды ғана театрға отырғызып, тәрбиелеп отырған жоқпын ғой. Жалпы, қазақты тәрбиелеп отырмын. Бұрын бiздiң ауданымызда Сарыарқа мен Байқоңыр театры ғана жұмыс iстейтiн. Кейiн Мегацентр ашылған соң, Байқоңыр театрына тиiмсiз болып қалды. Маған да мүмкiндiк аз. Бiрақ, мен оны ұстап отырмын. Киносын да көрсетем. Менiң шамам қаншаға жетедi. Оны бiлмеймiн. Бұл моральдық, психологиялық жағынан. Өнер үшiн бәрiн беруге бармын. Бүгiн шапкiмдi берейiн, арғы күнi шапанымды, одан кейiн үйiмдi сатайын, маған бәрiбiр. Бiрақ, менi жұрт қолдамаса, ел ықылас танытпаса, бәрiбiр қалады ғой. Жетi ай болыпты ашылғанымызға. Осынша уақыт iшiнде, көрiп бiлiп тұрып, естiмегендей, көрмегендей қалып танытатынына өкiнем. Қарнымның ашатыны да сол. — "Драматургия жоқ, режиссура жетiспейдi" деп жатады. Соған қарамастан, сiз театрыңызды ашып жiбердiңiз. Жаңағы қиындықтар сiздiң алдыңыздан кездесуi мүмкiн-ау деп қорықпайсыз ба? — Төрт спектакльдiң төртеуiн де Нұрқанат Жақыпбай қойды. Бұлар кезiнде Жастар театрының сахнасында қойылған, Өнер академиясында "Мен" атты творчестволық студия ашып, сонда да қойған. Нұрқанаттың тапқырлығы, қойылымның барысында соны дәп басып айтуы, соның мағынасын өзгертпей әсерлермен беруi, бимен, әнмен ауыстыруында жатыр. Режиссер жоқ дегенге келiсем. Бiзде режиссерлер мүлдем жоқ деуге болмас. Бар, бiрақ аз. — Режиссерлердiң көбi актерлерден шығып жатқан жоқ па? — Актерлерден шыққан режиссер керiсiнше, актердiң тынысын бiледi, сахнаның қыр-сырын меңгерiп шығады. — Сонда Өнер академиясы дайындап жатқан режиссерлер қайда кетiп жатыр? — Оның рас, жыл сайын академия режиссерлер дайындап шығарып жатыр. Бiлмеймiн, менiңше, сол режиссерлердiң көбiнiң саны бар да, сапасы жоқ сияқты. Кешегi ауылда өскен, қойшының баласы бiрден режиссер болып кетпейдi ғой. Әркiмнiң өз потенциалы болады. Қазiр ауылда да бiлiм қалмады. Сондай бiлiммен келемiз де, төрт-бес жылда қалай режиссер болып шығамыз. Қырықтан кейiн режиссер боламын дегендерден бiрдеңе шығар. Жалпы, бәрiн жоққа шығаруға болмас. Жастардың арасында да таланттылар кездеседi. Бiрақ ондайлар аз. Ал ендi драматургия жоқ дегенге келiспеймiн. — Бұл драматургтер мен режиссерлердiң арасындағы бiтiспес дау сияқты. Режиссерлер шығарма таба алмайды, драматург шығармасын қоятын режиссер таба алмайды. — Қазақта мықты режиссерлер болды. Олар өмiрден өтiп кеттi. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов. Қазiр олар жоқ. Бiрақ, драматургия сонау Шекспирден, Софоклден бастап қалып жатыр. Олардың өлмейтiн шығармалары бiзбен бiрге өмiр сүрiп келедi. Ақылды режиссер болса, сол классиканы бүгiнгi күнге сәйкестендiрiп қояр едi. Драматургия жоқ деген өтiрiк. Мүмкiн қазақтың бүгiнгi драматургиясы тоқтап тұрған шығар. Бiрен-саран қазақта да драматургтер бар. Жалпы, драматургия жоқ деп айтуға болмайды. Ғабит Мүсiреповтың "Қозы мен Баяны" өлмейтiн шығарма. Осыны қоятын режиссерлер болса… Алтынды ешқашан да тат баспайды ғой. Ескiрмейдi де, оны таба бiлу керек. "БҮГIНГI КӨРЕРМЕНГЕ СҰРАҒАНЫН БЕРУ КЕРЕК"— Бүгiнгi қазақ көрерменiнiң талғамы да өз-герген. Оларды кез келген шала-шарпы дүниемен алдай алмайсыз. Сiз бүгiнгi көрерменге ненi, қандай шығарманы ұсынар едiңiз?
— Бүгiнгi заман техниканың заманы. Сiз де, бiз де таңғы алтыдан күн батқанша шапқылаймыз. Ешкiм де бiздi қинап жұмсап жатқан жоқ. Бiрақ "қасқырды аяғы асырамай ма?". Сондықтан, бұл заманда жұмыс iстеуiмiз керек. Жұмыстан шаршап-шалдыққан сәттерде, бiр жерге демалып отырғың келедi. Тiптi, өз отбасыңызбен бiр жерге барсақ дейсiң… Таңның атысы, күннiң батысы сандалып жүре бергеннен де мезi боласың ғой. Сондай сәттерде көңiл жұбатар, шаршағаныңды басатын орын iздейсiң. Қашанғы үйде жата бересiң, бiр уақыт театрға барғың келедi. Театрға барғанда, ала-құла Алматыда таза өз тiлiңде көрсететiн дүниенi көргiң келедi. Театрдың бөлектiгi де сол. Киноны үйден де көруге болады. Өйткенi, киноны үйде көруге барлық мүмкiндiк жасалған. Мұның бәрi өлi экран. Кейде тiрi бейненi көргiң келедi. Не үшiн концертке барасың, тiрi әншiнi көру үшiн емес пе? Театрдың бiр құдiретi, блокбастердiң, боевиктердiң өтiрiк жасанды дүниелерiн көрсетпейдi. Табиғи тәлiм-тәрбие бередi, таза бiр бұлақтан су iшкiсi келедi адамның. Қандай спектакль беру керек дегенде, оның уақытына байланысты жасау керек. Мәселен бiз, антракт дегендi жасамаймыз. Бiздiң спектаклiмiз ары кеткенде, бiр сағат елу минуттан аспайды. Бiр жарым сағаттық спектакль болуы керек. Бұл заман сахнада тұрып алып, мораль оқығанды ұнатпайды. "Сен мынаны жасама, мынаны жаса" деген монологтарды оқығаннан ел шаршады. Қазiргi көрермен бұрынғыдай емес, ақылды. Сондықтан, мынадай iстегенде не болар екен дегендi iс қимылмен көрсетесiң. Болып жатқан оқиғадағы кейiпкердiң образы арқылы, динамикалық қимыл қозғалыспен беруге тырысу керек. Монотонды дүниелер көрермендi шаршатып жiбередi. Бүгiнгi күннiң талабына байланысты, сұрағанын беру керек. Алтынмен оқаланып жасалған шапанды сiз сатып алмайсыз ғой. Оны сатып алғанда да қайда киiп барасыз?! Көшеде киiп жүре алмайсыз, оның орнына жеңiл-желпi бiрнәрсенi сатып алғанды тәуiр көресiз. Тiптi, бар дүниенi де икемге, көрерменнiң көзқарасына қарай бағыттап беруге болады. Ол үшiн бүгiнгi күнге сәйкестендiрiлген қойылым мен бүгiнгi көзқарастағы режиссер болуы керек. Сонда ғана бiздiң спектакльдерiмiз қызық болады. Бiздiкi жекеменшiк болғаннан кейiн, бiзге қандай режиссер қойса да бәрiбiр. Ақшамды шығарамын да қойдыртам. — Сосын сол шығарған ақшамды қайтарып аламын дейсiз ғой. — Иә, қайтарып алам. Мен неге жаман режиссерге жаман шығарма қойдыруға тиiспiн. Өтетiн спектакль қойдыртам. Бүгiнгi күнге қарасты, бүгiнгi көрермен ненi алғысы келедi, мәселен, джинси кигiсi келе ме, соны кидiртем. — Сiздiң қалағаныңызды режиссер орындай алмаса ше… — Бұл жерде, продюсер болғаннан кейiн, талапты мен қоям. Ең әуелi шығарманы таңдап аласыз. Ол шығарма бүгiнгi күннiң талабына жауап бере ала ма, жоқ па, соны қарайсыз. Содан кейiн, ол шығарманы кiм қоя алады,сосын режиссерлердi таңдайсыз. Оны жалғыз мен ғана шешпеймiн, актерлерiммен ақылдасам, достарыммен кеңесем. Келер жылға өз әңгiмемнiң желiсiнде "Зауал" деген пьеса жазып жатырмын. Тағы бiр комедиялық пьесам бар. Әзiр атын айтпай-ақ қояйын. Әзiрге осы екеуiн таңдап отырмын. Оны өзiм қоямын ба, басқа режиссер қоя ма, оны уақыт көрсетер. Күзге дейiн демаламыз, сол демалыстан кейiн, үш-төрт спектакль шығарсақ, жаман болмайды. Оның бәрi қаражатқа байланысты. Бiр спектакльге бес мың доллардан он бес мың долларға дейiн кетедi. — Оның iшiне актерлердiң айлығы да кiре ме? — Жоқ. Айлығы мүлдем бөлек. Сахнаны безендiруiңiз бар, костюмi бар деген сияқты дүниелерге кетедi. Әуезов театрында Асанәлi ағамыз "Фархад-Шырынды" қойды. Не деген декорация? Киiмдерiнiң өзi ерекше. Оған драма театрдың шамасы келер, менiң шамам жетпейдi. Бiздiкi бес мың, жетi мың, ары кетсе он мың болар. — Театрыңызға актерлердi қалай iрiктедiңiз? — Маған Құдай сәтiн салды. Ең әуелi театрымның ғимаратын салып алдым. Сосын актерлер iздедiм. Болат Атабаевты жақсы танитын едiм, сол кiсiмен ақылдасып, бiрге жұмыс iстесек деп айтып көрiп едiм, ол кiсiнiң курсы үшiншi курсты ендi бiтiрiптi. Әшiрбек Сығай деген ағам мен Жүргенов атындағы Өнер академиясының Театр факультетiн басқаратын Аман Құлбаев деген ағамыз өз кеңестерiн бердi. Ол кiсiлер: "Нұрқанат Жақыпбайдың курсы биыл бiтiредi. Оның балалары "Мен" деген студия құрып, бiраз жерге барып, жүлдегер атанып қайтты. Соларды көрмейсiң бе?" дедi. Егер Нұрқанаттың театр ашамын деген ойы болса, оның балаларын менiң алып қойғаным ұят болар, не болса да, сөйлесiп көрейiн дедiм. Сөйлестiм. Ол кiсi: "Ары жүгiрдiм, берi жүгiрдiм. Ештеңе шығара алмадым. Ендi бiр демеушi болса" дегендей әңгiме айтты. Сосын мен де: "Нұреке, менiң театрым дайын. Келiп көрiңiз. Ұнаса, творчестволық жағынан не iстеп, не қоям десеңiз де, өзiңiздiң еркiңiз" дедiм. "Балалардың бiразында тұратын жатақхана жоқ, соған көмектес" дедi. Олардың жатақханасын шештiк. Жатақханасын қоса есептегенде 25-50 мың теңгенiң көлемiнде айлық беремiн. "Спектакль сiздiкi болғанымен, театр менiкi. Осы мәселенiң түбiн шешiп алайық. Түбiнде ұрысып, керiсiп жүрмейiк" дедiм Нұрекеңе. Құдайға шүкiр, қазiр тiл табысып, жұмыс iстеп келемiз. "ӨНЕРСIЗ ЕЛ — ЖЕТIМ ЕЛ"— Жалпы, сiздiң өзiңiздiң де өнерге, яғни театрға қатысыңыз бар сияқты..
— Иә, менiң тiкелей қатысым бар. 1978 жылы драма театрдың жанындағы театр студиясын бiтiрiп, театрға қабылданғам. Бiрақ, жасым келгенiне байланысты әскерге кетiп қалдым. Тағдыр ғой, Ауғанстаннан бiрақ шықтым. 1982 жылы елге қайтып келген соң, театрға жұмыс iстеуге дайын емеспiн деп ойладым да, Өнер академиясына түсiп, драма және кино актерi деген мамандықты алып шықтым. Бiрақ, театрда орын болмаған соң, телевидениеге жұмысқа орналастым. 20 минуттық тiкелей эфирдегi жаңалықтарды жүргiзуге шығарды. Тыныс Өтебаев, Ласкер Сейiтов, Мәриам Атабаева, Орлов сияқты диктор ағаларыммен бiр жылдай бiрге жұмыс iстедiм. Бiрақ есiл-дертiм театрда. Қайта-қайта байқауға қатысып жүрiп, Әуезов театрына қабылдандым. Актер боп жұмыс жасап жүрiп, кейiнiрек актерлiктен шығып қалдым. Сол кездегi басшылар жабық дауысқа салып, "Профессионалдық тұрғыдан жарамсыз актер" деп тапты ғой. Пендешiлiк те баяғы. Ауғанстанда әскер қызметiн өтедiм дедiм ғой. Ол кезде оларға кезексiз үй беретiн. Олар бұл кезексiз үй алып қояды деп қорқып, жабық дауысқа салған ғой. Жалпы, қазаққа үйдiң мәселесi қай кезде де қиындық тудырып келе жатқаны рас. Бәрiмiз де солай өстiк. Ауылдан келiп бiлiм алып, жұмыс iстеп, ақша табамыз деп жүргенiмiзде өмiрiмiздiң жартысы өтiп кетедi. Шашымыз мен сақал мұртымыз ағарады. Одан кейiн баспанаға қолымыз жетедi. Баспанаға қол жеткен кезде бала-шағаң өседi. Оны үйлендiресiң, тұрмысқа шығарасың. Сөйтiп жүрген кезде, өзiң де қартаясың. Шығармашылықпен айналысуға ешқандай жағдай жоқ. Қалада тұрған орыстардың жағдайы мүлдем бөлек қой. Бiз бәрiн нөлден бастаймыз. Сондықтан бүгiнгi қазақтардың баспанаға таласып жатқанын жақсы түсiнем. Мен жалпы театрдан бiрден кеткем жоқ. Әкiмшiлiкте де бiраз қызмет атқардым. Менiң театрға өкпем жоқ. Коллектив менi жақсы көрдi. Мен де олармен әлi күнге дейiн араласам. Менiң бакытым сол, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыровтардың көзiн көрдiм. Студияда оқып жүргенде, тәжiрибе алсын деп, театрға жиi жiберетiн. Үлкен актерлердiң бәрiн көрдiм десем де болады. Батасын алдым, шапанының етегiн қақтым, солардың тәлiм-тәрбиесiн көрдiм. Менiң көргенiм бiр-ақ театр. Ол — Әуезов атындағы драма театр. "Бас жарылса, бөрiк iшiнде" демей ме, ренжiсем басшылыққа ренжiген шығармын. Басшылар не, бүгiн келедi, ертең кетедi. Театрдан кетсем де, театрға деген ыстық махаббатымды өзiммен ала кеттiм. 1992 жылдан бизнесте жүрдiм. Адам талантты болса, бiлiмдi, iскер болса, кез келген қиындықты да жеңiп шығады екен. Актер болсам да, жаман актер бола алмас едiм, директор болсам да, жаман директор бола алмас едiм. Театрға деген ыстық ықыласым, өмiр бойы менiң жүрегiмде тұрды. Осы театрды ашқан кезде кейбiреулер "Дон Хикот" деп те, "мақтан, атақ керек" деп те қарады. Мен өзiмнiң iсiмдi бiлем. Бiреу қажет етпейдi деп ренжуге болмайды. Әр нәрсенiң өз бағасы бар. Базарда да өтпейтiн зат болмайды. Әбден тозығы жеткен, киiлмейтiн бiр нәрсенi сатып тұрады бiреулер. Бұрын "осыны кiм алады?" деп ойлаушы едiм. Алатындар бар екен ғой. Әр заттың өзiнiң алушысы бар. Сол сияқты бiздiң театрдың да көрерменi бар. Жүз пайыз қалыптасты демесем де, қалыптасып келедi. НПО деймiз ғой, сондайлардың бiрiнен ұсыныстар түсiп жатыр. Көмектесейiк деген сияқты. "АРТиШОК" деген театр келiскен екен, бiрақ, олар солардың сойылын соғып жүр ғой. Олардан бiр тиын-тебен алсақ, бiздiң үкiметтiң саясатына қарсы бiрдеңелердi қой деуi мүмкiн. Мүмкiн, өздерiнiң жындысүрей бiрдеңелерiн қой дейтiн шығар. Бiреудiң тамағын iшкеннен кейiн, соларға жұмыс iстейсiң ғой. Сондықтан, әзiрге тамағын iшпей-ақ қояйын деп отырмын. Өзiмiздiң азаматтарымыз бар ғой. Бизнесмендерiмiздiң, шенеунiктерiмiздiң беттерi берi қарайтын шығар. Олардың беттерi берi қарамай отыр. Жалпы, өнерге, театр өнерiне қарамай отыр. Болмаса, бiздiң өзiмiз құл боп кеттiк пе? Өзiмiзден де бар. Өлгенше кейбiр шенеунiктердi жатып кеп мақтаймыз. Өйткенi, ол бiзге жер бередi. Болмаса, мерейтойымызға машина бередi. Қаржылай болса да көмектеседi. Содан кейiн бiз олардың алдында iшiмiз жылап тұрса да, өтiрiк күлемiз. Шындықты айта алмаймыз. Бiз тамақтың құлы болған халықпыз. Жиырма бес мыңмен адам өмiр сүре ме, айтшы. Бiр бөлмелi үйiң 120 мың болып тұрғанда, баспана ала ала ма? Бiр мейрамханаға кiрiп шықсаң, кем дегенде он-он екi мың төлеп шығасың. Содан кейiн, ерiксiз мұқтаж боласың. Көзiңдi сатып, маймыл боласың. Содан кейiн, олар бiзге маймыл деп қарайды. Бiле бiлсеңiз, өнерсiз ел — жетiм ел. Фундаментсiз үй болмайды ғой. Қазақтың ауыз әдебиетi, фольклоры деймiз ғой, бiз сонымен қоректенген жоқпыз ба? Айтыңызшы, ауыз әдебиетiнiң өзi -өнер емес пе? Бүгiнгi кейбiр шенеунiктер неңдi бiледi? Өнердiң атасы — тiл. "Өнер алды — қызыл тiл" демей ме? Тiлiң кеткен соң кiмнен не сұрайсың?! Өнерiмiздi сыйлау арқылы, өзiмiздi сыйлаймыз. Өнерiмiздi дәрiптеу арқылы, өзiмiздi дәрiптеймiз. Сондықтан, тыңнан жол салдым. Көкiрегiмде мен өзiм аштым, өзiм бiлем деген әңгiме емес. Елiмнiң, бүгiнгi жас ұрпақтың жыртығына жамау боп жабылсам, солардың iздегенiн берсем, одан өзге арман жоқ. Жас дарынға жасалған жақсылықты олар ешқашан ұмытпайды. Жүз жерден бай болып, құдай болғаның кiмге керек, егер халқың аш-жалаңаш жүрсе… Егер артыңнан ерген туған-туысың жоқшылықта өмiр сүрiп жатса, онда сенiң байлығыңның құны көк тиын. Бұл байлық сен өлген соң кетедi ғой. Қазақта "әкенiң малы балаға мал болмайды" деп айтпай ма? Сондықтан, жиған-тергенiмдi шашуға құқылым ғой. Жүз қазақтың бесеуiнiң түйсiгiне бiрдеңе құйсам, сол да жетедi. Кейде халық та таза бұлақтың қайнарынан қанып iшкiсi келмей ме?Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА