ЖАМБЫЛ АТА МАҢДАЙЫМНАН СИПАҒАН
ЖАМБЫЛ АТА МАҢДАЙЫМНАН СИПАҒАН
Қазақ халқының ХХ ғасырдағы атақты арыстарымен аралас-құралас бiрге жүрген әкем Ермек Жәкеевтiң арқасында ұлтымыздың ұлы зиялыларының көбiсiн көрдiм. Бала кезiмде бiразының алдына отырдым, еркеледiм. Олардың бiрi бетiмнен сүйдi, бiрi арқамнан қақты, бiрi мәмпәси, қант бердi… Сол арыстардың бiрi, әрi бiрiгейi – Жамбыл ата. Оның жылы мейiрiммен қасына отырғызып, маңдайымнан сипағаны бүгiнге дейiн есiмде.
Жәкеңдi алғаш рет 1932 жылдың көктемiнде көрдiм. Ол уақытта тағдырдың тәлкегiмен Қарақыстақтағы балалар үйiнде едiм. Әкем iссапармен Мәскеу, Кавказға кеткен. Көп кешiккен соң, iнiлерi Түсiп пен Кәрiм оны өлдiге санап менi осында әкеп жылатып тастап кеткен.
Балалар үйi бұрынғы құрт аурулар ауруханасында болатын. Бұрған мен Қарақыстақ арасында өзеннiң Қарақыстақ жағында апталық базар болатын. Бiрде бiрнеше бала базарға бардық. Бiр кезде қарт адам ақбоз атқа мiнген,қарт адам үзеңгiге шiрене: «Оу, жарандар, жарандар!» – деп дауыстады. Одан әрi ұзақ өлең шұбырта шырқалды. Тыңдаушылар: – «Жамбыл! Жамбыл!» – десiп жатты. Ақбоз ат иесi мал жоғалтыпты. Соған сұрау салып, Жәкеңе жар салдырыпты. Жамбыл ата Ақбоз ат үстiнде екi қолын кезек-кезек сермеп, мүдiрместен саңқылдаған дауыспен бiраз өлең айтты. Көктемнiң шуақты күнi жүзiн нұрландырып тұрды.
1932 жылы жайлауға көшер алдында, Дегерестiң қасындағы Бұлақ деген шағын ауылда әкем бастық болса да осында киiз үйде тұратынбыз. Үйге екi әйел келдi. Бiрi – Сәкен ағаның (Сейфуллиннiң әйелi Гүлбаһрам тәте, екiншiсiн бiлмедiм. Кейiн белгiлi болғандай ол – Мариям Хакiмжанова екен. Гүлбаһрам тәте менi танып, маңдайымнан сипап, бетiмнен сүйiп, арқамнан қағып, мәре-сәре болдық. Бiз елден келген жылы әкем Дегерестен келiп, бiздi алып кеткенше шешем Жаңыл (Жанайдар Садуақасовтың үлкен әпкесi-анасы) екеуiмiз Сәкен ағаныкiнде 10-15 күн тұрғанбыз.
Сол Бұлақта кешкiсiн үйге бiрi қарт, екiншiсi орта жастағы екi кiсi келдi. Әкем «Жәкең келдi» деп қуанышпен қарсы алды. Дәм-тұздан кейiн Жамбыл ата аз ғана өлең айтты. Бiр өлеңiнде Жәкем Ермектi де, Сәкен ағаны да атады. Әйтеуiр сүйiктi әкем Ермектiң Жәкеңдi құрметтеп, сый-сияпат көрсеткенi есiмде.
Бiздiң киiз үй қайда тiгiлмедi, онда кiм түстенiп қонбады, аунап-қунамады дейсiз. Шыбыр өзенi бойында Саржазық, Үшқоңыр, Жалпақсаз жайлауларында, Бұлақ, Жаманты, Қараша (Покровка), Қайнарда (ВАСХНИЛ), Қасымбек қасында (бүгiнгi Мыңбаев аулындағы Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас ғимараты тұрған жерде) Ұзынқарғалыда, т.б. жерлерде тiгiлдi ғой.
1934 жылы көктем-жаз аралығында Ұзынқарғалыда тұрдық. Әкем үйге екi орыс кiсiнi ертiп келдi. Бiрi – Қарақыстақтағы балалар үйiнiң дәрiгерi, екiншiсi – өзiмен бiрге жұмыс жасайтын Володя ағай (В.Бальмонт, 1901-1971ж. 1956 жылдан академик) екен.
Володя ағай бiздiң үйге қай жерде болмайық 15-20 күнде бiр келмесе көңiлi көншiмейтiн. Сағынғандай болатын. Әжеме алма, кәмпит, шай, т.б. әкелетiн.
Тап сол күнi қасында жас атқосшысы бар Жәкең бiздiң үйге келдi. Ераға да, Володя ағай да, дәрiгер де, үй iшi түгел далаға шығып, Жамбыл атаны қарсы алдық. Көп ұзамай көп қанатты үлкен ақ үйдi гу-гу әңгiме кернеп кеттi. Табиғат та маужырап, ел де қоңдана көңiлденiп тұрған шақ едi. Әкемнiң қарсылығына қарамастан Жамбыл ата менi оң жақ қасына отырғызды. Маңдайымнан сипады, үлкен аста семiз қой басының майлы үлкен құлағын маған бердi. Менiң оң жағымда Володя ағай отырған-ды. Астан соң қараңғы түсе, Жәкең домбырасын шертiп, көңiлдi балқытып, жүректi шалқытып, ұзақ жыр айтты. Тыңдаушы ауыл адамдары дән риза болды. Ертеңiне Жәкеңдер аттанып кеттi. Ұлы ақынды әкем өзi қолтықтап атына мiнгiздi, ал мен болсам аттың ұзын жалын сипап, әкемнiң артында тұрдым. Бiр-екi күннен кейiн әкем арбамен Жәкең үйiне бiр қой, бiрнеше қап жүн берiп жiбердi.
…1936 жылы әкем Еңбекшiқазақ ауданында «Балтабай» мал бордақылау кеңшарында загоскотта директор боп қызмет жасайтын. Жамбыл ата, Сәкен ағалар Мәскеуден келгенде, шағын жүк машинасымен бiз оларды Алмата вокзалынан қарсы алдық. Жәкеңмен бiрге аулына дейiн бардық. Жолай Қаскелең, Шамалған, Қарғалы, т.б. ауылдарда, ел көп жиналған жол бойында тоқтадық. Барлық жерде қысқа-қысқа қарсы алу митингiлерi болды. Нағыз «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» заман туып, өзiн шаттықтың шалқарында жүргендей сезiнбеген адам тап сол күндерi бұл өңiрде болмаған шығар.
Кейiн әкем бiр кiтаптан, әлде журналдан «Жамбылды қарсы алу» деген көркем суреттi көрсеттi. Суреттiң алдыңғы қатарындағы ақ көйлектi баланы көрсетiп «Мынау сенсiң, ұмытпа!» дедi. Кейiн сол суреттi қанша iздесем де таба да, көре де алмадым. Бұл күнде мiне, селкiлдеп 85-ке келiп жеттiк.
Бұдан 60 жыл бұрын қылшылдаған 25 жасымда 1946-47 жылы сатып алған Жамбыл атаның туғанына 100 жыл толу мерекесiне арнап шығарылған шығармаларының толық жинағы (Жамбыл, Мемлекеттiк баспа, Алматы, 1946 ж. менде әлi күнге дейiн сақтаулы, Бұл жыр жинағының қасында 1939 жылы Алматыда шыққан 124 беттiк «Сұраншы батыр» жыры, өлеңдерi бар.
Жоғарыда айтылған Жамбыл атаның толық жинағын бала менiң шәкiрттерiм қолдарына ұстап, оқыды.
Мен әкемнiң арқасында Жәкеңдей даналардың мұрасын сақтап, бүгiнге дейiн жеткiзiп отырмын. Бұл ғибраты мол дүниелермен әлi талай ұрпақтар сусындайтын болады.
Сәкен ЖӘКЕЕВ, ҚР Журналистер одағының мүшесi,соғыс және еңбек ардагерi