Түркия Мәжiлiсiнiң депутаты Невзат ЯЛЧЫНТАШ: ТYБI БIР ТYРКIГЕ БIРЛIК КЕРЕК
Түркия Мәжiлiсiнiң депутаты Невзат ЯЛЧЫНТАШ: ТYБI БIР ТYРКIГЕ БIРЛIК КЕРЕК
Түркияда саяси науқан басталды. Алда – президенттiк сайлау. Газетiмiздiң өткен аптадағы санында түрiктер елiндегi саяси ахуал туралы сөз қозғаған едiк («Түркиядағы тулар толқыны»). Түркия Парламентiнiң депутаты, Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының Парламенттiк Ассамблеясындағы түрiк тобының басшысы Невзат Ялчынташ мырзамен өткiзiлген бүгiнгi сұхбатта Түркияның iшкi және сыртқы саясатына қатысты мәселелер мен түбi бiр түркiнiң бiрлiгi туралы сөз қозғалды. Анкарадағы Парламент ғимаратына телефон шалғанымызда Невзат мырза өзi мүшесi болып табылатын Түркия үкiметiн құраушы негiзгi партия – Әдiлет және даму партиясының (ӘДП) жиылысынан ендi ғана шыққан екен. Сол себептен, бiздi қызықтырған алғашқы сауал да партияға қатысты болды:
– Невзат мырза, ӘДП тарапынан президенттiк сайлауға кiмнiң түсетiнi белгiлi болды ма?
– Иә, жаңа ғана өткiзiлген жиналыста партия атынан сыртқы iстер министрi Абдуллах Гүлдiң кандидатурасы ұсынылып, ресми түрде бекiтiлдi.
– Спикер Бүлент Арынч бұған дейiн өзiнiң де сайлауға түсуге құқығы барлығын және қандай шешiм қабылдайтынын мәлiмдеп едi ғой?
– Одан хабарым жоқ. Бiрақ партия мүшелерiнiң шешiмi – Абдуллах Гүл мырза.
– Менiң түсiнбейтiнiм, Ердоғанның президенттiк таққа таласуына халық неге қарсы болды?
– Оның басты себебi, Түркия халқы Ердоғанның Үкiмет басшысы ретiнде ел игiлiгi үшiн әлi де тер төккенiн қалайды. Өзiңiз бiлесiз, бiзде президент — символикалық тұлға. Мемлекеттiк маңызы бар шаралардың көпшiлiгi және негiзгi жауапкершiлiк – премьер-министрдiң еншiсiнде.
– Демек, Ердоғанның премьерлiктен кетпеуiне халық мүдделi ғой?
– Дұрыс айтасыз. Оның үкiмет басшысы ретiнде бастаған қаншама жұмысы бар. Соларды соңына дейiн жеткiзуiне және елдiң саяси, экономикалық, әлеуметтiк т.б. салаларына қатысты атқарылатын шаруаларына уақыт қажет.
– Алайда, оппозиция өкiлдерi Ердоғанның президенттiк сайлауға түсуiне қарсылық таныту себептерiн оның «шектен тыс исламшыл» болуымен байланыстырған болатын.
– Негiзi Түркияда исламшылдық – күнә не кiнә емес. Абдуллах мырза да жұма намазын қаза етпейдi, ораза ұстайды, оның жұбайы да өзге мұсылман әйелдер секiлдi басына орамал тартады. Оның үстiне, мұндай иманы күштi, жүрегi таза адамдарды Түркия халқының басым бөлiгi жақсы көредi.
– Сiздiңше, сайлауда жеңiске жетуде үмiткерлер арасынан кiмнiң мүмкiндiгi мол?
– Абдуллах Гүлдiң.
– ӘДП тарапынан ба, әлде бүкiл үмiткерлер арасынан ба?
– ӘДП тарапынан да, саяси науқанға қатысатын барлық үмiткерлер арасынан да Абдуллахтың мүмкiндiгi мол.
– Түркияның қазiргi таңдағы сайлауалды саяси ахуалына қандай баға берер едiңiз?
– Саяси ахуал бiр қалыпты. Биржа қорларында да, экономикалық және саяси тұрғыда да жетiстiктер бар. Бiздi алаңдатқан жалғыз нәрсе: Ирактағы халықтың жағдайы.
– Сыртқы саясатқа келсек, Еуропалық Одақ Түркияны мүшелiкке әлi қабылдаған жоқ. Талаптарды күшейткен үстiне күшейтуде. 40 жылдан астам уақыттан берi түрiктердi емексiтiп келе жатқан ЕО-ның көздегенi не?
– Халқының саны 80 миллионға жақындаған Түркияның Еуроодаққа мүше болғанын Франция, Австрия сияқты елдер қаламайды. Олардың қорқатыны – түрiктердiң ислам дiнiн ұстануы. Оның үстiне, ЕО-ға мүше елдерде де мұсылмандар бар. Сондықтан олар Еуропалық Одақтағы мұсылмандардың көбеюiн құптамайды.
– Бiрақ еуропалықтар арасында да пiкiр қайшылықтары орын алғандай. Мысалы, ЕО-ға төрағалық етушi Германияда Штайнмайер түрiктерге iштартса, Меркель керiсiнше, талаптардың күшейтiлгенiн қалайды. Нелiктен?
– Жуырда премьермен бiрге Еуропаға ресми сапар жасадық. Германиядағы Гонноверде кездесулер болды. Премьер Ердоған мырза Меркельмен де кездестi. ЕО-ға мүшелiкке өтуге қатысты мәселелердi талқылау барысында бiраз түйiндi мәселе шешiлгендей болды. Әрине, бiз осы кездесуден кейiн ЕО-ға байланысты барлық проблема шешiледi деп ойламаймыз. Сондықтан Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Қырғызстан сияқты барлық түркi мемлекеттермен, тiптi, мүмкiндiгi болса, Өзбекстан мен Тәжiкстанмен секiлдi ислам елдерiмен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысуымыз керек. Егер бiрге болсақ, басымызға бәле келмесi анық.
– Бiрақ түбi бiр түркiнiң бiрлiгiне қарсылардың да көп екенiн бiлесiз ғой?
– Мысалы?
– Мысалы, қазақтармен көршiлес жатқан орыстардың өзi қарсы. Ресейдi айтам. Қытайлардың да қуана қоймасы белгiлi.
– Бәрi мүмкiн. Бiрақ олар қаламайды екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Бiз келешегiмiздiң жарқын болуына шынымен мүдделi болсақ, түркiтiлдес мемлекеттердiң бiр жағадан – бас, бiр жеңнен қол шығаруына ат салысуға мiндеттiмiз. Сонда ғана Орталық Азия аймағынан Балқанға дейiн түркi мәдениетi үстемдiк құрып, бауырлас халықтардың қоян-қолтық араласуына мүмкiндiк туады. Экономикалық, әлеуметтiк, саяси және рухани тұрғыда әлемдiк деңгейде маңызымыз артады.
– Айтқаныңыз келсiн! Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ