Жаңалықтар

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ БӨЛЕНГЕН ҚАЛА СЕНБI КҮНI ӘУЕЗОВ АУДАНЫ СЕНБIЛIККЕ ШЫҚТЫ

ашық дереккөзі

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ БӨЛЕНГЕН ҚАЛА СЕНБI КҮНI ӘУЕЗОВ АУДАНЫ СЕНБIЛIККЕ ШЫҚТЫ

Бүгiнде көгiлдiр көктем туғаннан Алматы қаласы да жаңарып, жасара түсетiн болды. Оған себеп, күн мен түн теңесер шақ, наурыз айы туғаннан әр сенбi сайын әдетке айналған сенбiлiктiң жиi өтуi. Бұрынғыдай емес, қала халқы да тазалыққа дендеп, бой үйретiп келедi. Өз ауласынан басталған тазалық, көше көшенiң бойына ұласып, әрбiр жас жеткiншек отырғызған жасыл желектер де жылдан жылға құлпырап келедi. Бұл жақсы үрдiс қалаға әкiм болып Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов келген шақтан басталды.

Осындай сенбiлiктiң бiрi – өткен аптаның сенбiсiнде Әуезов ауданында өттi. Қаладағы халқы көп ауданның бiрi де осы. Әуезов ауданына «Үлкен Алматы» өзенiнiң батыс бөлiгi, «Қарғалы» өзенi мен «Сайран» демалу аймағы, түрлi саябақтар мен гүлбаулар тиесiлi аймақ. Осы орасан зор байлықты игеру де оңай шаруа емес. Есiмiзде болса, «Үлкен Алматы» өзенi мен «Кiшi Алматының» бойлары бiр кездерi күл-қоқыстан көз ашпай жататын. Қала жұртшылығы қыс бойы үйлерiнен шыққан қоқыстың бәрiн шағын арықтарға, өзен жағалауларына лақтырып жүре беретiн. Тiптi, кейбiрi сырттағы қоқыс салатын жәшiктерге апаруға да ерiнiп, терезелерден лақтыра салуды да әдетке айналдырғаны белгiлi. Соңғы жылдары бұл жойылып, жұртшылық тазалыққа ден қоя бастады. Қалың жұртшылықты тазалыққа жұмылдырып отырған қаладағы экологиялық инспекциялар екендiгiн мойындауымыз керек. Көктем басталғалы берi қала тұрғындарын сенбi сайын сенбiлiкке жұмылдырып, қаланы жас желекке айналдырып отырған да экология саласы екенi белгiлi.

Сондай, экологиялық инспекцияның бiрi – Әуезов ауданына қарасты экологиялық инспекция бөлiмi. Жыл басталғалы берi бұл бөлiм қарқынды жұмыс iстеп келедi.Соңғы екi айдың iшiнде «Үлкен Алматы» өзенiнiң батыс бөлiгiн, «Қарғалы» өзенiн, «Сайран» демалу аймағында сенбiлiк жұмыстарын жүргiзiптi. Аудандық экология инспекциясының бастығы Дулат Қуатбековтың берген мәлiметтерiне сүйенсек, аталмыш аудан наурыз айының 31 жұлдызында «Мамыр-4» мөлтек ауданында аудан аппаратының қызметкерлерi тал отырғызып, ауланы көрiктендiрумен айналысса, әр аптаның соңында тұрақты тазалық жұмыстары жүргiзiлiп келедi екен.

«Табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қамтамасыз ету үшiн арнайы қалалық штаб құрылды. Ол штаб сәуiр айының 2-шi жұлдызынан мамыр айының 2 жұлдызына дейiн қаладағы тазалықты қамтамасыз ету үшiн жұмыс iстемек. Қалалық штабтың бастығы болып Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары М.Мұқашев сайланса, ал табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу Департаментiнiң директоры С. Мәкежанов мырза орынбасары болып тағайындалды. Ал бiздiң ауданымызда аудандық штабтың төрағасы болып А.Нүкенов мырза сайланды. Осы штабтың арнайы бекiтуiмен әр аптаның соңғы күндерi жасалатын жұмыс кестесi де iлiнген. Мәселен, сәуiр 2-шi жұлдызынан бастап, 6-жұлдызына дейiн көлiктердiң рұқсат етiлмеген жерге қалдыруын анықтау бойынша iс шара ұйымдастырылса, 9-нан бастап, 13-i аралығында жасыл желектердi рұқсатсыз кесу және оларға зиян тигiзу фактiлерiн анықтау үшiн жұмыстар жүргiзiлмек. Сондай ақ, 16-нан бастап, 20-ы аралығында жанармай бекеттерiнде майдың сапасын анықтау үшiн жұмыстар жасалды. 23-нен бастап, мамыр айының 2- шi жұлдызына дейiн Iшкi iстер департаментiнiң жол полициясы басқармасының 9-шi взводы бекiткен жұмыс жоспарына сәйкес көлiктердiң зиянды түтiн шығаруын бақылау жұмыстарымен айналысуда. Мұның бәрi қала тазалығы үшiн жасалып жатқан игiлiктi шаралар. Апта сайын сенбiлiктiң өтуiне жұртшылықтың да бойы үйренiп қалды. Осындай шаралардың тұрақты өтуiне Алматы қалалық экологияның бастығы Амангелдi Сәкенұлы мен ол кiсiнiң орынбасары Дулат Өтебековтың тынымсыз еңбегiнiң арқасы деп ойлаймын»,–дейдi Дулат Қуатбеков. Аталмыш штабтың жүргiзген iс-шараларының арқасында рұхсатсыз көлiктерiн тастап кеткен жетi адамға айыппұл салынып, үш адамға ескерту берiлiптi. Ал, жасыл желектердi рұхсатсыз кескенi үшiн және зиян тигiзгенi үшiн алты адам айыпталып, оның төртеуiне айыппұл салынған екен. Әзiрге, бұл бастама нәтижесiз емес.

Дәл сол күнi, яғни 21-сәуiр күнi Табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу Департаментiнiң директоры С.Мәкежанов мырзаның бастауымен Әуезов және Медеу аудандарының биылғы жылғы мектеп бiтiрушi түлектерi Шаляпин көшесiнен Әуезов көшесiнiң арасына 3000-ға жуық жасыл желектердi отырғызды. Сондай ақ, таңертеңгiлiктен басталған сенбiлiкке 3700 адам қатысты. Олар «Үлкен Алматы» өзенiнiң батыс бөлiгi Тоқтабаев көшесiнен Үлкен Алматы каналына дейiн және «Қарғалы» өзенiнiң Жандосов көшесiнен бастап Райымбек даңғылының арасында, сондай ақ, гүлбаулар мен саябақтарды тазалаумен айналысты. Сенбiлiкке департаменттен бiр арнайы техника (эксковатор), бiр камаз бөлiнсе, қалған техниканы аудан аппараты өздерi бөлiптi.

Мектеп бiтiрушi түлектерден ескерткiш ретiнде қалатын әрбiр жасыл желектер қаланы көрiктендiрумен қатар, олардың жадында мәңгi сақталары хақ. Мектеп бiтiрушiлер аллеясында жайқалатын желектер осынысымен құнды, осынысымен де қымбат болары анық. Сонымен қатар, Дулат Қуатбековтың айтуынша, мектеп бiтiрушi түлектермен қатар, дүние есiгiн ашқан әрбiр сәбидiң құрметiне де биылғы жылы тал отырғызуды үрдiске айналдырыпты. Келешекте бес жүзге жуық сәбидiң құрметiне отырғызған бес жүз талы Әуезов ауданына қарасты аймақтарда әр сәбимен бiрге өсiп, жетiлетiн болады.

Гүлзина Бектасова