ҮКIМЕТТIҢ 100 КҮНI МӘСIМОВ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ТОЛЫҚ БЕТ БҰРА ҚОЙҒАН ЖОҚ
ҮКIМЕТТIҢ 100 КҮНI МӘСIМОВ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ТОЛЫҚ БЕТ БҰРА ҚОЙҒАН ЖОҚ
Премьердiң тағына жайғасқанына жүз күн толған Кәрiм Мәсiмов республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының осы жылдың алғашқы тоқсанындағы барысын талқылап, қорытынды жасады. Жылдың алғашқы үш айындағы шаруаны нақтылайтын алқалы басқосуға премьер әжептеуiр-ақ дайындалып келiптi. Тiптi, биылғы жылдың көрсеткiштерiн былтырғы жылдыкiмен салыстыру үшiн архивтен 2006 жылдың стенограммасына дейiн алдырыпты.
Елдiң әлеуметтiк дамуының бүге-шiгесiнен вице-премьер Аслан Мусиннiң Атыраудан (оның алдында Ақтөбеден) алдырған орынбасары Виктор Суприн хабардар еттi. Сонымен, елдегi өнеркәсiп өндiрiсiнiң өсiмi көзге түсерлiктей ауқымды. Сыртқы сауда айналымы 50 пайызға өскен. Жұмыссыздық деңгейi былтырғы есеппен салыстырғанда, 624 адамға азайған. Жалақы мөлшерi 16.5 пайызға артып, елдегi орташа жалақы көлемi 40 000 теңгеге жеткен. Ұлттық Қордың қаржысы 15.9 млрд. АҚШ долларына теңесiп отыр. Осы Ұлттық Қордағы ақшаны қоса есептегенде, елдiң сыртқы халықаралық резервтерi 37.4 млрд.АҚШ долларына жеткен. Алайда, iшкi инвестиция азайған. Былтырғы жылдың алғашқы тоқсанында 131.4 млн. теңгеге сай инвестиция құйылса, биыл 107.1 млн. теңгенi құраған. «Неге» деген сауалға Суприн: мұны «Теңiзшевройл» бiрiккен кәсiпорны жобаларының жүзеге асырылып бiтуiмен түсiндiредi. Яғни, «Теңiзшевройл» кәсiпорны мұнай мен газды күкiрттен тазалайтын екiншi буын зауыттарының құрылысын аяқтап қалыпты.
КIМ КIНӘЛI? КОРЖОВА МА, ЖОҚ, ӘЛДЕ…
Республикалық бюджеттiң орындалу барысы да Мәсiмов басқарған жиылыстың күн тәртiбiне қойылды. Қаржы министрi Коржованың айтуынша, мемлекеттiк бюджеттiң түсiмi 613.1 млрд. теңгенi құрап, жоспардың 72. 4 пайызын құраған. Ал бюджеттiң шығыс бөлiгi 692.7 млрд.теңгеге жетiп жоспарланған мөлшердiң 85.5 пайызына теңескен. Бюджет дефицитi 84. 7 мдрд.теңгенi құрайды.Осы жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттiк бюджетке 590.1 млрд.теңге көлемiнде кiрiс кiрiп, жоспарды 80. 2 пайызға орындаған. Сөйтiп, былтырғы жылдың алғашқы тоқсанындағы мәлiметтермен салыстырғанда, биылғы жылғы бюджеттiң өсу қарқыны 106.0 пайызды құраған. Мемлекеттiк бюджетке толық төленбеген салық мөлшерi де артыпты. Яғни, бюджетке 50.7 млрд.теңге түспеген. Мұның себебiн Коржова елде тiркелген жалған кәсiпорындар мен фирмалардың атымен байланыстырады. «Еш салық төлемейдi. 1990 жылдардан берi тiркелiп қойған кәсiпорындардан бюджетке салық түспейдi» дейдi ол. Бюджетке салық төлемейтiн фирмалардың көпшiлiгi Ақтөбе облысында орналасыпты.
Ал өздерiне бөлiнген ақшаны игеру жөнiнен Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Алматы облысы мен Алматы қаласы алда келедi. Қаржы игере алмайтындардың алдыңғы қатарында Астана қаласы мен Оңтүстiк Қазақстан облысы, Маңғыстау облыстары бар.
Коржова тендер, мемлекеттiк сатып алудың кемшiлiктерi туралы айта бастап едi, Мәсiмовтiң жүзiне қан ойнап шыға келдi. «Бюджеттiң игерiлу жөнiндегi есебiңiз былтырғы жылдағы есебiңiзден айнымайды. Ақша игере алмайтындар да сол баяғылар. Себебi де ұқсас. Бiр жыл өтсе де, жағдай өзгермеген. Қаржыны ең алдымен қаржы министрлiгiнiң өзi игере алмаған. Бәлкiм, қаржы министрлiгi дұрыс жұмыс iстемей отырған шығар? Әлде жүйеде кемшiлiк бар ма?» деп сұрап едi, Коржова өзi басқаратын министрлiкке шаң жуытпады. «Дұрыс айтасыз, мәселе жүйеде» деген Коржованың сөзiнен ұққанымыз, ол басқаратын министрлiк бюджеттi игерудiң жаңа бағдарламасын ойлап тауыпты. Бағдарламаның ерекшелiгi, қаржыны игерудiң арасына үздiк-үздiк үзiлiс жариялап тұрады екен. Коржова бүкiл шикiлiктi тендер өткiзу процесiнен көрiп отыр. «Мәжiлiсте тендер өткiзудiң жағдайы туралы заңға қатысты толықтырулар мен өзгерiстер дайындап жатырмыз. Жақын арада ол заңды Мәжiлiстен өткiземiз» дейдi. Сiрә, Парламенттен Коржованың қолы қайтып көрмеген-ау деймiн, өте сенiмдi түрде айтады. «Қазiргi тендер өткiзуде бiраз кемшiлiктер бар» дейдi. Тағы бiр байқағанымыз, мейрам күндерi Қаржы министрлiгi бюджет деген нәрсенi (негiзгi жұмысы) мүлдем естен шығарып жiберiп, барынша демалатын секiлдi. Дәлiрегiнде, Мәсiмовтiң «Облыс әкiмшiлiктерiнiң қаржыны дер кезiнде игере алмағандығы себебiн әкiмдерiнен сұрап едiм, олар ақшаның кеш түсетiнiн айтады» десе, Коржова бет бақтырмай: «Шоттарға ақша айдау мейрам күндерiне байланысты, кешiктiрiлiп қалды» дейдi. Бұл арада Коржованың демалысына кедергi келтiргiмiз жоқ. Бiрақ, осы министрдiң сылтау таба бiлуi таңқалдырады. Мәсiмов:«Шаруаға жеңiл қарамау керек» деп Коржоваға ескерте кеттi. Осы Коржова соңғы кезде Қаржы министрлiгiнде бiраз өзгерiс жасауға бел шеше кiрiспек болып жүр. Жақында, Парламент депутаттарының алдына келiп, «лауазымдары саудаға салынатын кеден және салық комитеттерiн тазалау үшiн ерекше өкiлеттiк берудi» сұрады…
… Ал жүз күннен берi Үкiмет басшысы болып жұмыс iстеп отырған премьердiң жаны жарнамаға жақынырақ па деп қалдық. Ол премьер болып тағайындалғаннан бергi алғашқы брифингiн өткiздi. «Ендi әр жиылыстың соңында осылайша брифинг өткiзiп тұрамыз. Министрлерге де сондай тапсырма бердiм» дейдi премьер. Журналистер секiлдi қоғамдық бақылаушылар алдына шығып, сауалдарға жауап беру, әрине, құптарлық iс. Бұл ашықтыққа апаратын қадам. Алайда, бiздiң өкiнiшiмiзге қарай, «мемлекеттiк тiлдi ендi ғана үйренiп жатқандығына байланысты» Мәсiмов мырза қазақ тiлiнде әзiрге көп сөйлей қоймады. Алдын ала сценарийде түзiлгендей, ресми басылымның бiр сұрағына ғана қазақша жауап бергендей болды. Бiрақ, жауап мәтiнiне қарағанда, сұрақтың мәтiнi ұзақтау естiлдi бiзге. Есесiне, Мәсiмов ағылшын тiлiндегi сауалдарға бар ықыласымен жауап бердi. Соған қарағанда, мемлекет тетiгiн ұстап отырған адамдар үшiн қазақ тiлi «жауап беруге лайық емес тiл» секiлдi.
Гүлнәр Мұқанова