АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТIҢ АҚИҚАТ ҮШIН АРПАЛЫСЫ
АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТIҢ АҚИҚАТ ҮШIН АРПАЛЫСЫ
Астананы айнала қоршап жатқан аймақ Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты ауылдар. Осы ауданның соңғы кезде басынан бағы тайып, мешеу күйге түскенi кiмнiң болса да жанына батады. Экономикалық секiрiстерiмен әлемге аты әйгiлi болып, қарыштап дамудың үлгiсiн көрсетiп келе жатқан Астанамен аралас-құралас отырып-ақ, кежегесi кейiн, алға басқан аяқтары керi кетiп, тiрсегi қиылған қасқырға ұқсап, сүйретiлiп шоңқиып қалды.
Мемлекет өз тарапынан ауылшаруашылығына көп жеңiлдiктер жасап, жанар-жағар май, тыңайтқыштар бөлiп жатса да оның қайтарымы болмай, мемлекеттен бөлiнген қыруар қаржы құмға сiңген судай болып, iс-түзсiз жоғалумен келген. 2-3 шаруашылық қана егiнмен айналысып, қалғандары халыққа қосымша жұмыс орындарын ашып, көкөнiс өсiрiп, мал шаруашылығын дамытуды ойларына да алмады. Сөйтсе де мал басы азайып, бақшалық өнiмдердi өсiрудi мүлдем қойды. Өспесе бiр сәрi, бәрi де өседi. Бұрын «Заречный», Қосшы, Рождественка, Софиевка, Романовкада картоп, қияр, сәбiз, капуста, қарбыз өсiрiп, бақшадан мол өнiм алып, Целиноград қаласын асырап отырды. Қазiр бұл шаруашылықтардың аты қалып, заты жоғалған. Бұлар құлап, тозып кеткен болса әңгiме басқа. Жылдан-жылға халқы көбейiп, жекеменшiк әдемi үйлер көптеп салынып, үй бағасы күйiп тұр. Бұл ауылдарда байлар, кәсiпкерлер жетiп артылады. Өкiнiштiсi – барлығы дерлiк тиiп тұрған Астанада кәсiбiн дөңгелетiп отыр. Ал солар тұрып жатқан ауылдарда көптеген шаруа қожалықтары, серiктестiктер жұмыстарын жүгенсiз жiберген. Олардың егiстiк алқаптарын арам шөптер жайлаған. Гектар айналымы жыл сайын төмендеп барады. Астықтың сапасы да төмен. Жердi бауырларына молынан басқан осындай шаруашылықтар аудан экономикасын көтермек түгiлi, жергiлiктi халықты тұралатып, мал асырауға мүмкiндiктерiн тарылтып тастады, шағын ауласына бақша өсiрейiн десе су жоқ, жүрiп-тұруға жолдар жөнделмеген, берер көмегi де жоқ. Үздiк механизаторлар, механиктер, құрылысшылар, бағбандар нан табу үшiн қалаға тентiреп кеттi. Осылай өлiмсiреп отырғанына, ауданды жайлаған жемқорлыққа, былық-шылыққа шыдамаған аудандық «Ұран-Призыв» газетi Жалғызқұдық, Малиновка, Красноярск, Оразақ т.б. ауылдардағы сорақылықтардың, бүкiл келеңсiздiктiң бетiн ашты. Не үйiнiң, не жерiнiң, не мүлкiнiң құжаттарын жасай алмай, бiр кеңседен екiншi кеңсеге таңның атысы, күннiң батысы сенделген халық. Ауданды бей берекетсiздiк жайлаған. Ауыл әкiмдерiнiң ең болмаса бiр-екеуi қол астындағы халқының жағдайын айтып, шырылдаса болмай ма? Жоқ, оның орнына жер сатып, пара алып, iстi болып жатыр. Газеттiң батыл редакторы мен қаламы қарымды шыншыл тiлшiсi М.Гольдберг екеуi көп жайтты әшкерелеп жиi жазды. Нысанаға дөп түйген мақалалар аудан әкiмi мен орынбасарларын түн ұйқысынан шошытып, аудан әкiмi Т.Жанғоразов бастаған шенеунiктерге «жұмыс табыла» кеттi. Редактордың соңына шам алып түсiп, жала хаттар ұйымдастырып, «тапсырмамен» аудандық газеттiң қаржы-қаражат есебiн тексерттi. Қаза-қаза «бiрнәрсе» тапқандай болды. Аудан әкiмi №128 16.06.2005 бұйрығымен «мемлекеттiк қаржыны орынсыз жұмсады» деген желеумен редакторды орнынан алды. Олар сол түнi тыныш ұйықтады. Бiрақ қуаныштары ұзаққа созылмай, iс басқаша бағыт алды. Әрқашанда арамдықтың жолы болмаған. Түгелбаев аудандық прокурор В.Г.Прокоптың атына шағым түсiрдi. Прокурор редактордың қаржы-қаражат есебiнде ешқандай заң бұзушылықтың жоқ екенiн дәлелдеп, оны жұмыстан шығару заңсыз деп тауып, қарсылық жасады. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, аудан әкiмi Түгелбаевқа ендi сөгiс берiп, бұйрығын қайтып алды. Жанат Түгелбаев ауданда болып жатқан сорақылықтарды жiпке тiзiп, Ақмола облысының әкiмi М.Есенбаевқа хат жазады. Облыс әкiмi бей-жай отыра алмай, аудан шаруашылықтарын аралап, хатта жазылғанның шындығына көзi жеткен соң аудан әкiмi Жанғоразовты орнынан алып, Целиноград ауданы әкiмi етiп ендi Жексенбай Қартабайұлы Дүйсебаевты тағайындады. Аудандық газеттiң өткен жылғы №44 нөмiрiнде аудан әкiмiнiң орынбасары М.Ермағамбетов (тендер төрағасы) «тобымен» құмда iзi, сайда саны жоқ бiр фирмаға тендердi «ұтқызғаны» жазылған. Ол фирма тендер бойынша Қосшы ауылының орта мектебiн 6 млн.620 мың теңгеге жөндеуге тиiс едi. Бiрақ, 2 млн.620 мың теңге ғана негiзгi мақсатқа жұмсалып, қалғаны жоқ болғанын халық оқыды. Ал Софиевкаға 2 км. жолға 3 млн.теңге бөлiнiп, оған тек 30 машина тас әкелiп шашып тастағанын, орта мектептiң қазандығын жөндеуге 3 млн.теңге бөлiнiп, «жөндеп» кеткен соң да азынап тұрғанын кiмге айтарымызды да бiлмеймiз. Бұл тек бiрнешеуi ғана, соңғы бес жылды мұқият тексерсе талай миллионның сыры ашылар ма едi?! Аудандық газеттiң №45 нөмiрiнде аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Жанбаевтың аудан шаруашылықтарына баспасөзге жазылу жөнiнде нұсқау жiбергенi айтылған. Онда республикалық, облыстық, басқа да әртүрлi газет-журналдармен қатар ұсақ газеттер де тiзiмге енген. Өкiнiштiсi сол, ауданның өз газетi жоқ. Бұл – аудан халқының 60 пайызы қазақтар бола тұрса да «аудандық газеттiң қазақшасын жап» деген нұсқауын орындамағаны үшiн «айдауға жүрмейтiн» редакторды жазалаудың жолы едi. Аудан халқы редакцияға қоңырау шалып, «газеттi жауып тастаған ба?» деп сұрайды. Жаңа келген әкiм Дүйсебаев аудандық газетке қарсы жасалған жамандыққа көзi жеткен соң, аудан халқына үндеу жариялады. Ол үндеуiнде: «Аудан халқы ненi қаласа, мен де соны қалаймын. Бiздiң өмiрiмiз ендiгi кезекте астаналық адамдардан кем болмау керек. Тұрмыс-тiршiлiгiмiз де сондай деңгейде болса екен деп ойлаймын. Мiне, осының бәрiн қозғау, өмiрдiң түрлi тақырыптарын қарастыру – аудандық газеттер ұжымының мiндетi дер едiм», – деп, 2004 жылы 50-ге толған аудан газетiнiң атаусыз қалғаны аудан әкiмшiлiгiнiң қысастығы екенiн ашып айтып, аудан халқын өз газеттерiне жазылуға шақырды. Аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Жанбаевтың ауылдарға жасырын жiберген «аудандық газетке жазылмау» нұсқауы толық орындалса, газетке ешкiм жазылмаса, газеттi жауып, газет редакторын жұмыстан қуу арманы iске аспай қалды. Жаңа әкiм оның жолын кестi. Жақында аудан әкiмi аудан орталығын Астанаға қосылып кеткен «Көктал» кентiнен 30 шақырым жердегi Малиновка ауылына көшiрдi. Малиновкада қаншама жылдардан берi халық ұмытып қалған ауылшаруашылық күнiн тойлатып, халықтың еңсесiн бiр көтерiп тастады. Аудан халқы жаңа әкiмге үлкен үмiтпен қарайды. Бiрақ, жүректерiнде бiр күдiк бар. Аудан әкiмi ауысқанмен, бұрынғы әкiм Т.Жанғоразовтың «тобы» орындарында отырғанда жаңа әкiмнiң жұмысына кедергi келтiрмес пе екен деген секем бар. Ж.Қ.Дүйсебаев келгелi алты айда жарғақ құлағы жастыққа тимей әрбiр шаруашылықты аралап, экономикалық, нарықтық жаңа жоспарлар ойластыра бастады. Аудан халқы күндiз-түнi құжаттарын заңдастыра алмай сандалмас үшiн «бiр терезе» жүйесiн ұйымдастыруды ойластыруда. Целиноград ауданының жаңа орталығы Малиновка ауылында аудандық жаңа аурухана да ашылды. Целиноград ауданы Астанамен аралас-құралас жатқандықтан нарыққа барынша енiп, ауданды қаламен бiрдей көтеретiнiне сенедi. Халық жетедi, қаржы жетедi, жағдай бар, тек оны ұйымдастыратын басшының жоқ екенi көрiнiп тұрғанын жүрегiмен сезедi. Ол үшiн өмiрiнiң отыз жылын журналистiкпен өткiзген, халқы үшiн жаны ауыратын, адал да әдiл Жанат Түгелбаев сынды азаматтар керек. Шенеунiктердiң аяқтан шалмауын қалайды. Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ