Жаңалықтар

ТАРИХЫМЫЗ ТАСАДА ҚАЛМАСЫН ДЕСЕК

ашық дереккөзі

ТАРИХЫМЫЗ ТАСАДА ҚАЛМАСЫН ДЕСЕК

Тәуелсiздiгiмiз қолға тигелi бергi он бес жылдың мезiретiнде өзiнiң тарихи атауларын қайта тапқан немесе уақыт алдындағы әдiлдiк үшiн жаңадан атау берiлген жер-су, елдi мекен, қала-кент, аудан-ауылдар, Аллаға шүкiр, ондап-жүздеп саналады. Бiрақ шындыққа жүгiнсек, бұл мұхиттағы мұзтаулардың су бетiнде жатқан бөлiгi ғана. Кеңестiк кезеңнiң жетпiс жылдан астам уақытынан бергi коммунистiк идеолияның пәрменiмен қойылған елдi мекен, олардағы көше атауларын айтпағанның өзiнде, тарихы орыс отарлауынан бермен тартатын үш ғасырды қамтыйтын уақыт iшiнде шырмауықтай шырмап жатқан, еш мән-маңызы жоқ атаулар қаншама. Бәлкiм, өзiмiз әлi дұрыстап игере алмай жүрген ДЕМОКРАТИЯ ұғымына тым демократияшыл болып көрiнуге тырысуымыздың салдары шығар. Әйтпесе, Ресей патшасы Павел келiп салып берiп кеткендей ғып айтулы қалаларымыздың бiрi Павлодарды, немесе қос патшаның құрметiне қойылған Петропавлды сол облыстардағы немесе қалалардағы мәслихат депутаттары, болмаса жергiлiктi ономастикалық комиссия келiсiмiн бермей отыр деген желеумен әлi күнге дейiн өзгерте алмай, өздерiнiң тарихи атауларын немесе ұрпағымыз ұялмай айтып жүретiн жаңадан атау тауып бере алмай отырғанымыз ұят-ақ.

Жуырда ғана туған өлкем Өскеменге барып қайттым. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары өндiрiстi Өскеменнiң, Алтай кенiн КСРО-ның жарқын болашағы үшiн игiлiкке оңды-солды, шашып-төгiп айналдырып жататын қаланың көшесiнде бiрдi-екiлi қаракөз қандасымызды көрiп қалсақ (ол кезде iрi өндiрiс орындарына оларды жұмысқа ала бермейтiн), "Әне, бiр қазақ кетiп бара жатыр!" деп қуанар едiк, қазiр, шүкiршiлiк, теңесiп-ақ қалыппыз. Алайда, бәрiбiр Ресейдiң бiр қаласында, онда да кеңестiк замандағы қалада жүргендей сезiнесiң. Бертiнге дейiн коммунизмдi нұсқаған күн-көсемнiң алып ескерткiшi қала ортасында тұрушы едi, әйтеуiр елдiң соңынан болса да оны алып тастапты, есесiне шаһардың күре тамырындай даңғыл әлi де Ленин атындағы, орталық алаңда солай. Ол ғана емес, оның төңкерiсшiл серiктерiн де әлi ренжiтпей ұстап отыр екен. Жергiлiктi депутаттар: "Бұлар да бiздiң тарихымыз" дейдi екен. Дау жоқ қой, тарихымыз екенiне. Алайда, олар Өскемен ғана емес, елiмiздiң тарихына қандай еңбек сiңiрiптi?.. Оның есесiне, көңiлдерi қалмасын дегендей, елеусiздеу көшелерге Абай, Әуезовтей ұлт мақтаныштары мен Ұлы Отан соғысының қаһармандары Т. Тоқтаров, I. Айтықов сынды, жиыны онға жетер-жетпес қазақ атаулары берiлiптi.

Қаладан берi мал жайып жүрген бiр қариямен тiлдесудiң ретi келiп қалды. Жөн сұрастық. Георгиевка кентiнiң iргесiне тиiп тұрған Васильевка ауылынан екен. Онда жүз пайыз, ал Георгиевкада түгелге жуық қазақ отбасылары тұратын көрiнедi. "Ақсақал, бұл ауылдардың атауларын өзгертуге талпыныс жасамадыңыздар ма?" деген сауалымызға: "Е, неге талпынбайық. Бiз ғана емес осы Өскемен маңында әр қадам сайын қаптаған "овкалар" мен "евкалар" ғой. Айтыстары, облыстағы басшылар рұқсат бермейдi бiлем ғой", дейдi.

Қазiр елiмiздiң әл-ауқаты артып, халқымыздың қоңы көтерiлген шақта алыс-жақын шетелдермен тереземiздi теңестiрiп, барыс-келiсiмiз, алыс-берiсiмiз молайған заманға да жеттiк. Туризмдi дамытып, көрiктi қала, көркем тау мен даламызды "бiздерде мынандай бар, мынандай бар" деп көрсететiн уақыт та келiп қалды. Сонда деймiн-ау, Шығыстың көркiне таң-тамаша қалар туристер қалың "овкалар" мен "евкаларды" көргенде, қалаларын аралап, қазақы иiстен жұрдай көшелерiнде жүргенде, тiптi бұл облыс қана емес, бүкiл солтүстiкте жатқан өңiрлер мен өлкелермен танысқанда: "Бұларыңыз қалай?" десе не айтпақпыз? Ал, айтатындары кәмiл, айтып та жүр.

Осыдан он шақты жыл бұрын қазақ қаһармандығының жер бетiне жазып кеткен шежiре-тарихындай атақты Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын ел болып тойлағанымыз есiмде. Адамзат тарихында тұңғыш рет оққалқан ор ("окоп" дегендi мөлшерлеп қазақшалағаным ғой) қазып, үлкен тактикалық амал қолданудың нәтижесiнде Салқам Шәңгiрдiң қалмақ Батурдың қара құрттай қалың қолын Жоңғар Алатауы Баркернеу биiгiнiң бiр шатқалында аз сарбазбен тоқтата бiлген, сонау Самарқаннан Жалаңтөс баһадүрдiң көмек қолы келген соң басқыншыларды тоқтатып қана қоймай, тас-талқан етiп жеңген орнын көрiп, елдiктi сақтау тарихының уақыт қатпарларында қалып бара жатқан беттерiн жаңғырта оқығандай болып едiк. Сол үлкен жиында ел бiрлiгiнiң, халық ерлiгiнiң куәсi болып тау беткейiнде ғасырлар бойы табиғи мұрағат болып сақталып келе жатқан Орбұлақ атты киелi мекеннiң атауын Панфилов ауданына беру жөнiнде ұсыныстар айтылып едi.

Рас, бiз еш уақытта генерал И. В. Панфилов Қазақстанда тумады, бұл елде ұзақ уақыт тұрмады демей, негiзiнен қазақстандықтардан жасақталған ол басқарған атақты 316-шы атқыштар дивизиясы көрсеткен кешегi қан майдандағы ерен ерлiгi үшiн батырдың есiмiн әспеттеп келдiк, әлi де әспеттей беремiз. Батырдың атында көшелер, кенттер, мектептер, Алматыда панфиловшыларға арналған саябақ бар. Ал ауданның атын халқымыздың табиғи тарихы болып жатқан Орбұлақ деп атайық деген баяғы ұсыныс осыдан төрт-бес жыл бұрын бiр қозғалып едi, неге екенiн қайдам, жабулы қазан жабулы күйi қала бердi. Кейiнгi кездерi мерзiмдiк баспасөз беттерiнде бұл мәселе тағы көтерiлiп жүр. Демек, бұл елдiң елдiгiнiң, ердiң ерлiгiнiң куәсi болған тариыхымызды тасада қалдырмайық. Бүгiн бiздiң риздығымызға айналып отырған ата жұртымызды майдан даласында бастарын қалдырса да сақтай бiлген бабалар рухын ұлықтайық деген ойдан туындап жатқаны анық. Көршiнiң көңiлiне, қасыңдағының қабағына қараған әсiре кiшiпейiлдiктен арылар уақыт болған жоқ па, ағайын?!

Бәлкiм, әр облыс, әр аудан жерiндегi соноу "қара шекпендер" заманынан бермен қарай отаршылар өкiлдерiнiң есiмдерiн алып келе жатқан ондаған-жүздеген "овка" мен "евкалар" ("Васильевка" сияқтылар дегенiм ғой) жергiлiктi нағыз демократиялық шешiмдер шыққанда өзгере жатар.

Ал iрi қалалардың, облыстардың, аудандардың, кенттердiң, бәлкiм, оқу орындары мен ғылыми мекемелердiң, iрi қалалардағы аудандар мен орталық даңғылдардың атауларын "тартады аққу көлге, шаян шөлге" дегенге айналдырмай мемлекеттiк маңызды мәселе тұрғысында, не Үкiмет қаулысымен не Парламент, болмаса Орталық ономастикалық комиссияның шешiмiмен бекiтiлсе жөн болар едi. Әйтпесе, батыл шешiм шығарғанша жалтақтаумен талай жылдарды алға саларымыз хақ.

Ел тарихы, жер тарихы оның бүгiнгi атауынан көрiнiп тұрса қанеки.

Кәдiрбек СЕГIЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, М. Әуезов атындағы сыйлықтың иегерi