Жаңалықтар

Халықаралық Алаш сыйлығының иегерi Хасан Оралтай: «ОТАНЫМА, ҰЛТЫМА, ДIНIМЕ АДАЛМЫН»

ашық дереккөзі

Халықаралық Алаш сыйлығының иегерi Хасан Оралтай: «ОТАНЫМА, ҰЛТЫМА, ДIНIМЕ АДАЛМЫН»

Хасан Оралтай Қалибекұлы 1933 жылы ҚХР ШҰАР-да туған. Ауылда араб тiлiнде сауат ашқан. 1946 жылдан бастап қызыл үкiметтiң қудалауымен ата-мекенiнен шет елге ауған. 1951-1954 жылдары Үндiстанның Кашмир өлкесiн паналаған. 1954-1967 жылдары Түркияда өмiр сүрген. Газет, журнал, кiтап шығарумен айналысқан. 1968-1995 жылдары аралығында халықаралық «Азаттық» радиосында қызмет атқарған. Қазақ бөлiмiнiң бастығы болған. Қазiр зейнеткерлiк демалыста Германияның Мюнхен қаласында тұрады.

Х. Оралтай 2007 жылы 11-сәуiрде Алматы қаласына арнайы шақырылып, Қазақстан Журналистика академиясының БАҚ саласындағы ең мәртебелi жалпы ұлттық сыйлықтарын табыс ету жиналысына қатысып, Академия президентi Сағымбай Қозыбаев мырзаның қолынан «Алтын самұрық» ерекше сыйлығын алды.

14-сәуiр күнi Абай атындағы Алматы мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiнде студенттермен кездесу өткiзiп, жас журналистердiң әр түрлi сауалдарына жауап бердi.

Осы орайда жазушы Жәди Шәкенұлының ол кiсiмен өткiзген әңгiмесiн берiп отырмыз.

– Сiздiң өткен өмiрiңiз туралы әңгiменi басынан бастап сөйлеу артық болар едi. Десе де, «Елiм-айлап» өткен қилы да қиын тағдырыңызда сiздi жетелеп жүрген не едi?

– Осыдан дәл 60 жыл бұрын, яғни 1947 жылы күзде, ол кезге дейiн, 1944 жылдан бастап Шығыс Түркiстан Республикасы деп аталып, кейiн Совет-Қытай басқыншылығы нәтижесiнде «Үш аймақ» деп ат қойылған, қазiргi ҚХР-ның құрамындағы мына iргелес байырғы Шығыс Түркiстан, яғни Шыңжаңдағы атақонысымыз — Еренқабырға тауы бөктерiндегi Қызылөзен өңiрiнен шығысқа қарай босып, 1949 жылы Сталин мен Мао Цзе Дұңның әлемге әйгiлi зұлымдығынан бас сауғалап, Такламакан шөлiнен өткенде де, Гималай тауынан асқанда да, шет елдерде ауыр жағдайларда өмiр сүрiп өксiгенде де, марқұм Мағжан Жұмабайұлы: «Көп түрiк еншi алыпсың тарасқанда – Қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?» деген қарашаңырағымызды, туған халқымыз қазақты ешқашан естен шығармадық. Сол үшiн де мақалалар, кiтаптар жаздым, журналдар және газеттер шығардым. Ширек ғасырдан астам радиодан сөйледiм. Бұл iстерiмнiң деректерiнiң бiр бөлiмi, екi мың бесiншi жылы наурыздың бiрi күнгi (01.03.2005) «Егемен Қазақстан» газетiнде хабарланғанындай: «…450 томдай материал ретiнде академик Рымғали Нұрғали арқылы Астанадағы Ұлттық академиялық кiтапханаға тапсырылды».

Елiм деген етжүрек, ұлтым деген ұлағаттылық, Алла деген адал көңiлiм үмiт пен сенiм арқалатып, осы күнге жетелеп келдi.

– Демек, бiз сiздi нағыз ұлтшыл ретiнде бағалаймыз. Осы жағынан не айтар едiңiз?

– Дiни сенiмi берiк бiр мұсылман ауыр-жеңiл қандай жағдайда болса да Алланы, оған деген ғибадат құлшылығын естен шығармайтынындай, ұлттық сана-сезiмi берiк нағыз ұлтшылдар ылғи Отанын, ұлтын ойлайды. Шамасы келгенше оның мүдде-мақсатын қорғауға тырысуды өзiнiң басты парызы санайды.

Бұл жерде мынаны ашып айта өтейiн. Ұлтшылдық сана сезiмдi «Ұлтжандылық» деп атау баяғы советтiк, яғни коммунистiк әкiмшiлiк кезiндегi зұлым-зомбылықтың әсер-зардабынан әлi арыла алмаған, үрей жасқаншақтық саналады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мiржақып Дулат, Мұқаметжан Тынышбай, Мұстафа Шоқайлар жетекшiлiк еткен Алаш партиясы мен Алашорда үкiметi және олардың елдегi және шеттегi iзбасарлары «Ұлтжанды емес ұлтшылдар» деп аталады. Ал олардың қазiргi iзбасарлары да ұлтшылдар. Қазақ ұлтшылдары сонау баста да, қазiр де, басқа халықтарды езiп-қанауды бағыт-бағдарлама етiп алған емес. Қазақ ұлтшылдығы қорғану, яғни жат жұрттық отаршылдардың езгi қанауында қалып, ана тiлiнен, тiлi мен дiлi, яғни барлық ұлттық қасиеттерiнен жұрдай болып, басқаларына сiңiп кетпеудi ойлағандық.

– Сiздiң өзiңiз атағандай елеулi еңбектерiңiздi бағалаған Қазақстан журналистика академиясы осы ретте «Алтын самұрық» сыйлығын ұсынып, сiздi ерекше марапаттап отыр. Осы байланыспен баспа сөз және бүгiнгi Қазақстан туралы ойларыңыз қалай?

– Советтiк дәуiрде де, жыл сайын Қазақстанда да үлкен пропагандалық науқанмен белгiленетiн «Баспасөз күнi» дейтiндер кезiнде қазақ халқының бұрын әдебиетi дамымаған, баспасөз орындары болмаған бейне бiр жабайы халық ретiнде сипатталып, қазақтың жарылқаушысы, жалпы алғанда, әлгi «ұлы орыс халқы» деп дәрiптелетiн, патшалық және советтiк Ресей, сондай-ақ коммунистiк жүйе болғандығы алға тартылатын. Қазақ баспасөзi советтiк дәуiрде, соның қамқорлығы арқасында ғана жарық көрiп дамыды делiнетiн. Қазақстанда ешкiм ол жөнiнде шындық тұрғысынан ешқандай пiкiр айта алмайтын.

Шет елдерде жүрiп бiз ол пiкiрлердiң тарихи шындыққа қайшы отаршыл озбырлықтың қамын ғана ойлаған бұрмалаушылық саясат екенiн айтатынбыз. Соған байланысты Қазақстанда нағыз баспасөз күнi белгiленетiн болса, ол 1907 жылы Мiржақып Дулатұлы шығарған «СЕРКЕ», 1913 жылы Әлекең, Ақаң, Жақаңдар шығарған, 1918жылға дейiн жарияланған әйгiлi «ҚАЗАҚ» газетiнiң алғашқы саны жарық көрген күн болу керек дейтiнбiз. Бұл жөнiнде Қазақстанда пiкiр бiлдiрушiлер болмайтын, өйткенi Қазақстан ол кезде тәуелсiз ел емес едi. Сондықтан да ешкiм мәскеулiк шонжарлардың отаршылдық саясатына қайшы келетiн шындықтарды ашып айта алмайтын.Ондай бағыт ұстанғандар, яғни тарихи шындықты айтқандар, мәселен шетелдегi бiздер, шындықты ортаға салғанымыз үшiн «халық жаулары» деп сипатталатынбыз.

Аллаға шүкiр, Қазақстан – қазiр көк туы көкте желбiреген тәуелсiз ел. Сондықтан кешегi отаршылдық езгi-қанау астындағы күндерде бұрмаланған, мүлде айтылмаған тарихи шындықтар ендi ашық айтылуда. Кешегi кiнәсiз айыпталып «халық жаулары» делiнгендердiң бiрi – мен, мiне, қазiр алдарыңызда тұрмын. Осының бәрi – Қазақстан тәуелсiздiгiнiң арқасы. Демек, барлық бағыттың басы, қайнар көзi – ұлттық тәуелсiздiк. Ұлттық тәуелсiздiкке қол жеткiзудi әлемдегi барлық қазақ армандады. Ендiгi мiндет – Қазақстанның көк туы көкте желбiреген ұлттық тәуелсiздiгiн мәңгiге бекемдей беруге үлес қосу. Ол үшiн соны түсiнетiн ұлттық сана-сезiмдi күшейтудi мықтап қолға алған жөн. Оның басы АНА ТIЛГЕ мән беруден басталады. Ана тiлсiз халық болмай, халықсыз мемлекет болмайтыны белгiлi. Қазақстан Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуi тиiс» деген сөзiн естiп, шетелде отырып бiз қуандық. Құрметтi Президенттiң сол сөзiне өзi ие және жұртшылыққа өзi үлгi болып, Қазақстан Парламент-мәжiлiсiнде отырған көпшiлiгi қазақтардан тұратын депутаттар ана тiлiнде сөйлесе игi болар едi.

Көп жылдар «азат елдер» деп сипатталатын елдердiң радиосынан еркiн сөйлеп, цензурасы жоқ азат баспасөзiнде өз ойын тартынбай жазып дағдыланған бiр қарт қазақты ескерiп, кешегi күнi отаршылдық, коммунистiк идеяның итермелеуiмен менi сынаған Сағымбай Қозыбаев мырзаның ендi маған арнайы сыйлық бергенiне мың да бiр рахмет. Бұл тәуелсiздiк арқылы қолға келген бiздiң идеологиямыздың жеңiсi.

– Сiз шетелдегi қазақтың iрi өкiлдерiнiң бiрi және бiрегейiсiз. Қазақтың атамекенге оралу жағдайы немесе Қазақстанның оларға жасаған мәмiлесi алыстағы ағайындарды қанағаттандырып отыр ма, жоқ па? Көшi-қон мәселесiне аз аялдай кетiңiзшi?

– Шеттегi қазақ дегенде мен өзiм жақсы бiлетiн Түркия қазақтары қотарыла көшiп келедi дегенге сенбеймiн. Көшiп келгендерiнiң өзi мұнда байыздап тұрмайды. Сауда-саттық секiлдi әр түрлi тiршiлiк жолын қуып, келiп-кетiп жүруi мүмкiн.

Қазақстан шеттегi қазақты аламын дейдi екен, ең алдымен Қытай қазақтарын көшiрiп алу керек. Олар тiлiнен, дiлiнен, дiнiнен айрылудың алдында. Оларға қауiп төнiп тұр. Қытайдағы қазақтарға арнайы адамдар жiберiп оларды құтқарудың жолын қарастыру керек. Олардың ұрпақтарының қытайласып кетпеуi үшiн ерте бастан қам-қаракет жасағанымыз жөн.

Ал, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қазақтарға әзiрше ондай қауiп жоқ.

Жалпы , шет елдегi қазақтарды Отанына оралтуға Қазақстан Түркияны үлгi етсе болады.Бұл туралы кезiнде «Қала мен Дала» газетiнде Саясат Бейiсбайға берген сұхбатымда да айтқанмын. Бiз Түркия елiне алғаш ат басын тiрегенде олар бiздi құшақ жая қарсы алды. Көзiмiз сығырайып тұрса да таза түрiк нәсiлi деп жылы қабылдады. Бiзге үй бердi, жер бердi, ақша бердi. 5-6 жылға дейiн салық алмады, әр-түрлi қоғамдық көлiктерде тегiн жүру мүмкiндiгiн бердi. Ыңғайлы қоныстарға орналастырып, мамандығымызға қарай жұмыс iстеуге жағдай жасады.Ал, Қазақстан өзiнiң қазағына сондай жағдай жасап отыр ма, жоқ па, оны бiрдеме дей алмаймын.

Шеттен Қазақстанға оралған аға-бауырларымыз екiнiң бiрiнде Алматыдан басқа жерге бармайды екен. Қытай, Моңғолия және Еуропа елдерiндегi қазақтардың көбi бүгiнгi солтүстiк облыстардан кеткендер. Ендеше неге олар өзiнiң атамекенiне бармайды. Мұның бәрi көшi-қон жағдайында әлi де көп жетiмсiздiктердiң барлығын аңдатса керек.

– Сiз өз басыңыз шетел қазағы үшiн қандай жұмыстар атқарып бердiм деп ойлайсыз?

– Егер мен шетел қазағы үшiн бiрдеме iстеп бердiм десем, «Азаттық» радиосында iстеген 28 жылым соған азын-аулақ жауап болады деп ойлаймын. Қазақтардың тәуелсiздiгi үшiн қызыл тiлдi аяған жерiм жоқ. Сол көп сөзiмнiң қазақ халқына қандай дәрежеде ықпалы болды оны толық айта алмаймын.

– Сiз Қытайда туып есейдiңiз. Түркия, Германияда өмiр сүрдiңiз, Америка тәуелдiлiгiнде жұмыс атқардыңыз. Жалпы өзiңiздi кiм үшiн жұмыс iстедiм деп ойлайсыз?

– Менiң алғашқы жұмыс iстеген кездерiмде бiрден қазақ ақпараты үшiн iстеп кетуiмнiң еш қисыны да жоқ едi. Өмiр iздерiм тағдырдың бұралаң жолдарын басумен өтсе, жалақы алып жұмыс iстеуiм әрине кеңiрдектiң қамы. Бiрақ, ешқашан ұлтымды, отанымды сатқан емеспiн. Бiр кездерi Шерхан Мұртазаның: « Бiз Азаттық радиосын жастығымыздың астына жасырып жатып тыңдап, Мағжан, Ахмет, Мiржақыптарды және олардың ұлтшылдық еңбектерiн Қасекеңнен үйрендiк» дегенi де тектен тек айтылмаса керек. Керең құлаққа сөз өтпейтiнi секiлдi қарсы пiкiрлердiң де көп болғанын жасыра алмаймын. Бiрақ, бүгiнгi күннiң ақиқаты жеңiстiң бiз жағымызда екенiн айғақтап отыр. Сол үшiн де қайда жүрсем де жұдырықтай жүрегiмнен Қазақ, Түрiк, мұсылмандық деген ұғымдар ешқашан жоғалып көрген жоқ, және де солар үшiн iстедiм деп кесiп айта аламын.

– Осы сапарыңыз қазақ елiне 14-рет келуiңiз екен. Бүгiнгi күн аясынан өзiңiзге әсер еткен жағдайлар болды ма?

– Шынымды айтсам 15 жыл аз уақыт емес. Бiрақ қазақ тiлiнiң әлi де мемлекеттiк деңгейге көтерiле алмауы өкiнiштi. Қалалардың сәндене бой түзегенiн жақсы десекте, ол көп қабатты үйлерде қанша қазақ тұрып жатыр және де сол тұрып жатқандар қазақ мүддесi үшiн нелер тындырып жатыр деген ой кiсiнi мазалайды.

Мұсылмандықта – сабыр, шүкiр, зiкiр – деген үш ауыз сөз бар.

Рас, Қазақстан егемендiгiнен бұрын Алматы – Түркия әуе жолы компаниясы жұмыс iстей бастағанда Алматымен тiкелей рухани байланысқа шығатын болдық деп бәрiне шүкiр қылғанбыз. Алғаш 1991жылы Қазақстанға келгенде ұшақтардың құйрығынан қызыл байрақ көрсек, кейiннен оның орнынан көк байрағымызды көрiп шүкiр дегенбiз. Әлi де барлығына сабырмен қарап ел ертеңiнен күтерiмiз көп.

– Қазақстанда көп қоңыраулаған нәрсенiң бiрi — жер мәселесi едi. «Сырт көз сыншы» демекшi Шетелдегi ағайынның көзiмен қарағанда жердiң сатылғанын қалай бағаладыңыздар?

– Кезiнде жердi сатпау турасындағы өз пiкiрiмiздi бiлдiргенбiз. Израйл елiнiң қалыптасу тарихынан қарағанда ол қалталы еврейлердiң арабтарды алдап сатып алған жерiнен қалыптасқаны шындық. Шын мәнiнде ақшаға сатылмайтын нәрселер болады. Жер сатылмайды, ел сатылмайды, Отан сатылмайды. Жердi сатпау керек едi, сатылып кеттi. Жердiң иесi кiм, оны қалай қудалайсың, ертең күнi жер туралы талас-тартыс туар болса ұлттарды бөлiп жатыр, дiндiк тұрғыдан халықтарды қудалап жатыр деген жалалы пiкiрлердiң тумасына кiм кепiл!?

Барлығын заң шешедi. Ендеше жер туралы заңды қайталап қарап, отандық ұлттың болашағын ойлағанымыз дұрыс болар!

– Тұтас ғұмырыңыздан қарағанда көргенiңiз көп, түйгенiңiз мол кеудесi алтын сандық қадiрмендi қарттарымыздың бiрiсiз. Өмiрдегi мақтанышыңыз не?

– Мен мейлi қандай жағдайда, қандай елде жүрейiн қазақпын, мұсылманмын деуден таймадым. Ораза кезiнде мәртебелi адамдардың арсында болған үлкен бiр бас қосуда жанымдағылар «ораза деген не, тамақ жей салсаң не етедi» деп қысап та көрдi.Мен барлық сынақтардан сүрiнбей өттiм деп ойлаймын. Отаныма, ұлтыма, дiнiме адал болдым. Мiне, бұл менiң мақтанышым.

– Өкiнiшiңiз болды ма?

– Қазақ халқының орыс пен қытай сынды екi аждаһаның арасында өмiр сүргенi тағдыр таңған өкiнiш болды. Олар ешқашан қазаққа шын ниетiмен қарап көрген жоқ. Бар ниетi қазақты құрту ғана болды. Қайтсем улаймын деп араққұмарлық, құмарпаздық, дiнсiздiктi үгiттеп келдi. Қазақтың бар байлығын тонауды ғана ойлады. Мүбада қазақ өркениеттi, дамыған елдермен қанаттас, көршiлес өмiр сүргенде мұнан анағұрлым жақсы болар ма едi. Менiң ең үлкен өкiнiшiм мiне, осылар.

– Қазiргi жастардан не күтесiз? Ата ретiнде қандай ақыл айтар едiңiз?

– Мен өзiм көрiп жүрген Түркиядағы жастардың 99 пайызы қазақша бiлмейдi. Түрiкше, французша, немiсше, ағылшынша сөйлейдi және кейде әрине солай ойлайды. Олардың «қазақпыз» деп қазақ болып жүргенiне тәубә қылғаннан басқа амалымыз жоқ.

Мұсылмандықпен ойлап, Аллаға ғибадат ету, сосын ұлтшылдық- қазақ ұлтын ойлау, елi үшiн, жерi үшiн қарлығаштың аузымен су тасығандай еңбек ету – бүгiнгi қазақ жастарына қаратқан ең үлкен үмiтiмiз.

Мағжан: «Мен сенемiн қазақ жастарына» деген екен. Түркияда түрiк жастарына ең әуелi Ата Түрiктiң жастарға айтқанын жатқа айтқызады. Демек, қазақ жастары өзiн мұсылман үмбетi ретiнде қарап, өзiн қашанда қазақ ұлы ретiнде сезiнуi керек. Сонда ғана оның бойында елi мен жерiне деген шексiз махаббат оянады. Ертең қазақ халқының басына ауыр күн туа қалса елдiң шетiне, жаудың өтiне шығып ел қорғайтын азаматтар шығуы керек қой.

– Әңгiме соңында қандай тiлек айтасыз?

– Тәуелсiз Қазақстанның көк туы жығылмасын, мәңгi бақи желбiрей берсiн. Жер бетiндегi барлық қазақ сол үшiн аянбай еңбек етейiк.

Әңгiмелескен Жәди ШӘКЕН