ҮЛКЕН МӘНДI «КIШКЕНТАЙ» ТАРИХ
ҮЛКЕН МӘНДI «КIШКЕНТАЙ» ТАРИХ
Егемендiктiң бiрден-бiр қасиеттi де күрделi жеңiсi – өткенiмiздiң, яғни, тарихымыздың ақтаңдақтарын ашуға мүмкiндiк алғаны. Мiне, осы мүмкiндiктi қалай пайдаланып жатырмыз дегенде, алдымен ойға оралып, тәубе етерiмiз – «Мәдени мұра» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында әртүрлi деңгейде қыруар жұмыстар, iс-шаралар атқарылып жатыр. Тарихты жүйелеп, саралаудың шындығы көп болғанымен, ақиқатына жетудi сұңғыла тарихшылардың еншiсiне қалдырайық.
Мен тарихшы емеспiн. Бiрақ кәсiбiме байланысты осы тарихты қолмен жасап жүрген жандардың бiрiмiн. Олай дейтiн себебiм: бәрiмiзге аян, «Музей» дегенде үш нәрсе ойға оралады. Музей – тарих, музей – ғылым, музей – мәдениет ошағы, бұған толық сенiммен қосарым музей – үлкен өнер. Яғни музейдi жасақтау үшiн экспозиция құрылымы кезiнде үлкен бiлiктiлiктi талап етедi. Бiрiншiден, тақырыпты ашу, оны терең зерттеп, әр музейдiң өзiндiк образын шығару. Бейнелеу өнерiнiң барлық салаларын жоғары деңгейде меңгерiп, дұрыс қолдана бiлу т.б. Жалпы музей өнерi жеке тақырыпты қажет ететiн қомақты дүние. Сондықтан айтар ойымнан ауытқымай, негiзгi арнаға көшейiн.
Осы салада қызмет жасағалы 30 жылдан асыпты да, 50-ден аса музейдiң дүниеге келуiне себепкер болыппын. Бұл дегенiңiз, тарихқа ерiксiз жүгiндiретiн жағдай. Яғни тарихпен «ауыра бастау»… Өз кәсiбiн сүйетiн азамат бұл жағдайды жақсы түсiнедi. Мен кейiнгi жылдары, әсiресе, егемендiк алған жылдардан кейiн ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен қасиет тұтар кешендерiне көбiрек ден қоя бастадым. Атап айтсам, Қорқыт ата кешендiк музейi (Қызылорда облысы), Арыстан баб «Отырар кiтапханасы», Саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейi (Оңтүстiк Қазақстан облысы музейi), Махамбет музейi (Атырау облысы), «Мыңкiсi» рухани кешенi (Маңғыстау облысы) және т.б.
Осындай тұлғалардың тарихына үңiлiп, қолға қалам ұстап, өзгелермен сұхбаттасып отырғанда ғана тарихты саралауға мүмкiндiк туатын сияқты.Мiне, осы iзденiстер тарих қойнауында жатқан Қазақ хандығының, мемлекеттiгiнiң негiзiн қалаушылар Керей мен Жәнiбекке ескерткiш-белгi орнатуыма әкелiп тiредi.
Өткен 2006 жылы мерзiмдi баспасөз беттерiнде қазақ хандығының 550 жылдығы, Керей мен Жәнiбектiң қазақ хандығының негiзiн салушылары деген тақырып көп талқыланып, әр түрлi пiкiрлер айтылып жатты. Оны зерделi оқырман жадында сақтаған болар. Осы тұста, сонау Шудың төменгi ағысы, Қаратаудың терiскейi мен Бетбақдаланы мекендеген, қойнауы тарихқа толы қасиеттi Созақ өңiрi де сырт қалмай, тарихи ұлы тұлғаларға белгi соғуды шұғыл қолға алды.
Бұл бастамаға мұрындық болған – Созақ елiнен шыққан азаматтары.
Әрине тарихи тұлғаны ашу үшiн оған күмәнсiз айғақтар керек. Оның үстiне, жоғарыда айтылғандай, ғалымдар бiр тоқтамға келе алмай, әр түрлi алыпқашпа пiкiрлер де күмән тудырғаны рас. Әлкей Марғұланның «Созақ – қазақ хандығының тiрегi болған» деген тұжырымына сәйкес тәуекелге барғанымыз дұрыс. Сонымен, ойымыз бiр жерден шыққандай, күмән сейiлiп, тәуекелге бел буып, белгiнiң жасалу жұмыстары басталып та кеттi.
Белгiге конкурс жарияланды, бес-алты авторлық жоба қатысып, жеңiмпазы болып белгiленген болатынмын.
Ендiгi жауапкершiлiк, шығармашылық iс өз мойныма ауды. Осы тұста тәжiрибе көмектесетiнi аян, дегенмен, тақырып күрделi болғандықтан, қолы жүйрiк мүсiншiмен жұмыс iстемесең ойың далада қалатыны анық. Мүсiншiлердi таңдау,олардың шығармашылық деңгейi осы тақырыпқа бейiмдiлiгiн анықтау оңай шаруа емес. Дегенмен, ұлттық тақырыпқа «штихель» тартып жүрген мүсiншiлер саусақпен санардай ғана болған соң, осы салада елге танымал бола бастаған Тiлеу Бинашевпен шығармашылық бiрлестiкте жұмыс iстеудi жөн көрдiм. Бұл шешiмiмдi Тiлеу қуанышпен қабыл алып, бiрден iске кiрiсiп кеттi.
Бiрнеше нұсқасын жасадық. Әр нұсқаның жобасын аудан әкiмшiлiгiмен келiсiп отырдық. Осы тұста айта кетер мәселе:
Кез-келген өнер адамы өзге туындыға сынмен қарайтыны, мен жасасам былай етер едiм деген тенденция бар екенiн жасырмаймыз. Ондай сын-пiкiрдiң өз туындыларына да айтылып жататыны анық. Мiне, осындай жауыр болған, көпке аян үлкен олқылықтың бiрi – елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде салынып жатқан, батырларымызға арналған ескерткiштердегi басты кемшiлiк – жаппай қайталау. Батырды (образын) атқа мiнгiзiп, қолына қылыш немесе қалқан ұстатсаң болды деген тұжырыммен шектелiп жатады. Әрине, ат — ердiң қанаты, батырдың серiгi. Егер ат, ат болса жақсы, атты мәстектiң масштабындай етiп қойса қайтесiз, болмаса анатомиясы Батыстың «конный статуясының» көшiрмесi сияқты. Жаппай барлығын сынаудан аулақпын, бiрақ, осы айтқандарым, өмiрде жиi кездесетiнi қатты қиналтатынын жасыра алмаймын.
Мiне, осындай тұжырымнан кейiн хандардың образын беруде жалған портреттерден аулақ болуды шештiк. Солай болып шықты да. Жалпы көркемдiк деңгейiн, мазмұнын өнер зерттеушiлерi мен тарихшылар айта жатар.
«Ә» деп бастағанда аудан әкiмiмен (осы iстердiң мұрындығы болып жүрген) хандардың белгiсiн егемендiгiмiздiң 15 жылдығы мен Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығы қарсаңына бiтiрiп, Елбасы және елiмiздегi күллi зиялы қауымы мен ғалымдарының қатысуымен ел алдында салтанатты түрде ашамыз. Ғылыми конференция ұйымдастырылып, барлық ақпарат құралдарын құлағдар етемiз. Егемендiгiмiздiң 15 жылдығы құрметiне тарту болады деген iзгi ниеттер болған едi.
Өкiнiшке қарай, олай болмай шықты. Бiрiншiден, осы iстiң басы-қасында болып, басшылық жасап жүрген Созақ ауданының әкiмi сайлау науқанының құрбаны болып кете барды да, басталған игiлiктi iстердiң өз дәрежесiнде аяқталуына мүмкiндiк шектелдi. Соның нәтижесiнде қазақтың «Той той болмады, бала шаға жеп кеттi»-нiң керi келдi.
Екiншiден, «Дайын асқа тiк қасық» демекшi, қайдан пайда болғаны бiр Аллаға аян, «ОҚО Қазақ хандары» атты Қордың Шымкенттен шығатын «Айғақ» газетiнде осы монумент-белгiнiң фотосуретiмен бiрге берiлген: «2006 жылы 14 желтоқсанда салтанатты ашылуына шақырамыз», – деген хабарламасы жылт ете қалды.
Бұл хабарламаны, Түркiстан қаласында iссапармен жүргенде Құлбек досымның үйiнде қонақта отырып, газет бетiнен көзiм шалып қалды. Бұл желтоқсан айының 11-жұлдызы болатын. Әрине, бұл хабарландырудың мән-жайын бiлу үшiн, аталмыш қордың телефонына қоңырау шалдым. Сөйлескенде бiлгенiм, бұл белгiге еш қатынасы болмаса да, осы жағдайды – монументтiң бiткенiн пайдаланып, арзан бедел жинау. Ең бастысы, көлеңкелi қаржыларын жабу ниетiнде болғаны байқалды.
Бұл жағдай туралы аудан әкiмiнiң орынбасары Еденбаева Сәулемен хабарласқанда, аталмыш қордың монументтiң ашылу күнiн аудан басшыларымен де келiспей хабарландыру бергенiн айтты. Мен осы белгiнiң авторы ретiнде хабарсыз қалуым, бiзден айналып өтiп, жасырын жасаған қылықтары моральдық заңға да, ата-салтқа да қайшы екенiн айтып, заңға жүгiнетiнiмiздi бiлдiргенде, әкiм қарындасымыз: «Ел құлақтанып қойды, барлығы ашылуын күтiп отыр, осы елдiң азаматысыз, аға буын ағаларыңызды сыйлаңыз. Олар не болып жатқанынан бейхабар. Хан бабалардың рухына ескерткiш ашылады дегесiн тайлы-таяғы қалмай күтiп отыр», – дегендi алдыма тарта бердi. Үлкендi сыйлап өскен халықтың перзентiмiз. Буынсыз жерге пышақ салса да, амалсыздан ашылуына баруды жөн көрдiм. 2006 жыл 14 желтоқсанда аудан орталығы Шолаққорғанда «Жастар саябағында» белгiнiң ашылу рәсiмiн көруге ел жиналып жатты. Мен осы ауданда заң қызметкерi, досым Темiр Балкеновке сәлем берiп, орын алған жәйттiң мән-жайын бiлгiм келдi. Ол да хабардар болып, таң қалып отыр екен. «Дегенмен, ашылуына қатыс, әрине саған авторы ретiнде сөз бередi, сөйлегенiң жөн, тек қызбалықпен артық әңгiме айтылмағаны дұрыс», дегендi басып айтты. Бұл достың тiлегi едi. Ол барлық мән-жайды бiлiп, әдiлетсiздiктерге күйiнiп отыр екен. Сөзiмде төмендегi мәселелерге баса назар аудардым:
1. Авторлық құқықтың бұзылуы;
2. Лайықты iс-шаралардың жасалынбай, жоғарыда аталған қордың тарихи ұлы тұлғаларды құрметтеуге жеңiл-желпi қарауы, жауапсыздығы және аталмыш шараға бiрде-бiр облыс басшылығы, ауданның әкiмiнiң қатыспауы;
3. Монумент-белгiнiң қаржы есебi толық төленбей тұрып ашылуы. Бұл мәселелердiң орын алуы ұлтын сүйген, ұлты үшiн еңбек етiп жүрген кез келген азаматты бей-жай қалдырмаса керек.
Мiне, осының барлығы, бабаларымыз Керей мен Жәнiбекке арналып жасалынған ескерткiш белгiнiң ашыларында болған жағдайлар. Аталған мәселелер әлi күнге дейiн шешiмiн таппай, сол күйiнде қалып отыр. Яғни, тарих қойнауынан бабалардың рухын алып шыққан азаматтардың адал еңбегi мен ұлтқа, елге деген ықыласы кейбiр келте ойлылардың қолымен тарих қойнауына көмiп тастауға жол берiлгенi ме? – деген күмән қылаң бередi.
Сөз соңында айтар басты мәселенiң бiрi, сөзiмiздiң басында Керей мен Жәнiбектiң хандық құрған жерi және уақыты жайлы мерзiмдi баспасөз бетiнде бiраз пiкiрталас тудырып жатқаны мәлiм. Осы орайда, бiрiншiден, ұлтымыздың ұлағатты тұлғаларының дәрiптелуi қай формада, қай жерде болса да көптiк етпейтiнiн, екiншiден, бiр өлкеге ғана телiп қоятын жекешелендiруден арылудың уақыты жеткенiн айтқым келедi. Осы ескерткiш-белгi Астана, Алматы, Түркiстан немесе Қызылорда, яғни бiр сөзбен айтқанда елiмiздiң барлық облыс орталықтарында ашылса да артық болмас едi. Қазақ халқын бiрлiкке шақырып, дербес шаңырақ көтерген ұлы бабаларды қай қазақ мақтан тұтса да жарасып тұрар едi-ау…
Аманжол НАЙМАНБАЙ,этнодизайнер, ҚР мәдениет қайраткерi, профессор.