Жаңалықтар

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРГЕ ҰСЫНЫС-ХАТ НЕМЕСЕ КЕЗЕК КҮТТIРМЕЙТIН СЕГIЗ МӘСЕЛЕ

ашық дереккөзі

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРГЕ ҰСЫНЫС-ХАТ НЕМЕСЕ КЕЗЕК КҮТТIРМЕЙТIН СЕГIЗ МӘСЕЛЕ

Осы жылдың ақпан айында ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты М.Шаханов мемлекеттiк тiл төңiрегiнде шоғырланған проблемаларды сараптай келе республикамыздың Премьер-министрi К.Мәсiмов мырзаға арнайы хат жолдаған едi. Премьер-министр қарамағындағы министрлiктерге хаттағы көтерiлген мәселелердi зерттеп, ұсыныс енгiзуге тапсырма бергенiмен, атқарушы билiктiң елiмiзде туындап отырған мемлекеттiк тiл мүддесiне тереңдеп баруға онша құлқы жоқтығы аңғарылды. Сондықтан да депутат-ақынның ұлт үшiн аса маңызды көкейтестi ұсыныстарымен оқырмандарымызды таныстырғанды жөн санадық.

Қадiрлi Кәрiм Қажымқанұлы! Осы жылдың 9 ақпанында өзiңiз қатысқан Парламенттiң қос палаталарының бiрлескен отырысында жасаған мәлiмдемемнен бастайын: «Елiмiз тәуелсiздiк туын әлемдiк биiктен желбiреткенiмен, қазақ тiлi әлi тәуелсiздiк алған жоқ». Қанша жерден бүркеуге тырыссақ та бұл ащы шындық. Қазiр қазақ халқының 60 пайыздан астамы, жоғарғы билiк басындағылардың 85-90 пайызы өз жанұясында, көшеде, қызмет орнында, шет елге шыққан ресми сапарларында тек орыс тiлiнде әңгiме өрбiтедi. Егер Кеңес өкiметiнiң соңғы жылдарында өз ана тiлiн бiлмейтiн қазақтар 30-33 пайызды құраса, бүгiнгi таңда ондай қандастарымыз 60 пайызға жетiп жығылады. Бала бақшалардың күрт қысқарып кетуi себептi соңғы егемендiк иеленген 15 жыл iшiнде қазақ халқы бұрын-соңды болмаған деңгейде ұлтсызданып кеттi. Өкiнiшке қарай, кейiнгi жастарымыздың шамамен, 70 пайызға жуығы өз ана тiлiнсiз өсiп, өрбiдi. Сондықтан да тiл мүддесiне жаны ауырып жүрген жастар шоғыры өте сирек бой көрсетедi. Ұзын сөздiң қысқасы, тiл төңiрегiндегi проблемаларды саралай келе Сiздiң назарыңызды басты-басты, кезек күттiрмес сегiз шараға бағыттағым келедi. Бiрiншi мәселе. МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ. 

Әлемде өркениетi дамыған мемлекеттердiң көбiнде мемлекеттiк тiл туралы арнайы заң бар. Дәл осы мәселеге орай бiздiң Конституциямыздың авторлары да 93-шi бапты арнайы қарастырған-ды. Мұндай заң Ресейде де қабылданды.

Мен бұл заңның қажеттiлiгi мен маңыздылығын өзiмнiң жеке депутаттық мәлiмдемемде баяндаған едiм. Үстiмiздегi жылғы 26 қаңтарда Парламентте өткен дөңгелек үстелде депутаттар мұндай заңның қажеттiгiн бiрауыздан қолдады. Сондықтан да бiрқатар жауапты мемлекеттiк органдарға аталған мәселе бойынша өзге мемлекеттердiң тәжiрибесiн зерделеп мемлекеттiк тiл туралы заң әзiрлеу үшiн нақты-нақты ұсыныс жасауға тапсырма бергенiңiз жөн болар едi. Белгiлi заңгер М.Нәрiкбаев әзiрлеген мемлекеттiк тiл туралы заң жобасы да Үкiметте жатыр. «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы да осындай заң жобасын ұсынды. Яғни бұл салада кең түрде iзденiске, толғанысқа мүмкiндiк бар. Егер Үкiмет аталған заңға тағы да мұрын шүйiре қарайтын болса бiздiң тiл саласындағы ұсыныстарымыз бен талап-тiлектерiмiздiң бәрi сөз жүзiнде қалып, құрдымға кетерi айдан анық. Екiншi мәселе. МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕГI ТЕЛЕАРНА ЖӨНIНДЕ. 

Бұл туралы да Парламентте мәлiмдеме жасағаным есiңiзде болар. Көршiлес Қытайдағы Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданында тәулiк бойы қазақша хабар тарататын екi, Пекинде – бiр телеарна бар екен. Мәселен, Францияны француз тiлiндегi телеарнасыз, Түркияны – түрiк тiлiндегi телеарнасыз, Ресейдi орыс тiлiндегi телеарнасыз елестету мүмкiн бе? Бiзге де 24 сағат бойы мемлекеттiк тiлде хабар тарататын телеарна ауадай қажет.

Мәселенiң аса саяси, идеологиялық және мәдени маңызы бар екендiгiн ескерсек, мұны қысқа мерзiмде шешу керек. Елiмiздегi кей телеарналар қазақ ұлтын қорлаудың үлгiсiн көрсетiп, мемлекеттiк тiлдегi хабарларды жұрттың бәрi шырт ұйқыда жатқанда, түнгi сағат 2 де, 3 те кейде тiптi 5 те ұсынатын болды. Бүлдiршiндерге мемлекеттiк тiлде арнайы телеарна ашу да бүгiнгi күннiң талабы. Үшiншi мәселе. МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ДАМЫТУДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУ. 

Жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң тапсырысы бойынша әзiрленген үш компьютерлiк бағдарламаның тұсау кесер рәсiмiне қатыстым. Тiл комитетiнiң жанынан құрылатын бiртұтас республикалық ұйым шеңберiнде мемлекеттiк тiлдi дамытуға бағытталған барлық инновациялық-технологиялық жобаларды бiрiктiру мәселесiн шешу қажет деп есептеймiн. Бұл компьютерлiк бағдарламаларды бiрiн-бiрi қайталаудан сақтайды және осы маңызды мәселенi үйлестiрудi жетiлдiрiп, қадағалауға мүмкiндiк бередi.

Мұндай шешiмнiң дұрыстығын Малайзияның тәжiрибесi дәлелдеп отыр. Орталықтың құрылымында мыналар: Қолданбалы лингвистика, «жасанды зерде», машиналық аударма, бейнелердi, жекелей алғанда, тiлдiң символдары мен сөз мәнiн айырып-тану, өзге де озық ғылыми бағыттарды жүйелейтiн ғылыми-зерттеу лабораториясы; Ғаламдық ауқымдағы және барлық елдер үшiн интернет желiсi арқылы тiлдердi дамыту бойынша қызмет көрсетуге қажеттi телекоммуникациялық құрал-жабдықтардан, сақтау жүйесiнен, қуатты серверден тұратын технология бөлiмi; Тiлдердi дамыту бойынша компьютерлiк жүйелердi әзiрлеу, әлемдiк озық стандарттар арқылы бағдарламалық қамтым өндiрiсiнiң технологиясы мен жүйе әзiрлеушiлер топтарын ұйымдастыру бөлiмi; Ресми құжаттардың сертификатталған аудармасын, елiмiздегi жетекшi аудармашылардың жұмыс тәжiрибесiне негiзделген зияткерлiк бiлiм базасын құру мен дамытуды бiрiктiретiн интеграциялық кешенiн ұйымдастыру бөлiмi; Мемлекеттiк тiлдi және өзге тiлдердi (ағылшын және т.б.) оқытатын жаңа инновациялық әдiстемелер әзiрлеу бөлiмi; Мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн тегiн анықтайтын компьютерлiк тестiлеу бөлiмi; Халықтың ауқымды бөлiгiне, әсiресе, балалар мен жастар арасында мемлекеттiк тiлдi кеңiнен насихаттау үшiн фильм, мультфильм, анимациялық және музыкалық роликтер, өзге де креативтi өнiмдер шығаруға арналған компьютерлiк дизайн және анимация студиясы болуға тиiс. Мемлекетке пайдасынан гөрi зияны көбiрек тиiп жатқан, кейбiр сайда саны, құмда iзi жоқ фирмалар зәулiм ғимараттарды иеленiп отыр ғой. Сiзден осы жаңа әрi аса маңызды орталықты құруға және оған жеке ғимарат бөлуге ықпал етуiңiздi сұраймын. Төртiншi мәселе. БАЛАБАҚШАЛАР МЕН БӨБЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН КIТАПТАРДЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ҚАЖЕТТI БАСҚА ДА ӨНIМДЕРДI САЛЫҚТАН БОСАТУ ТУРАЛЫ. 

Бұдан бұрын жасаған мәлiмдемемнен үзiндi келтiрейiн.

«1991 жылдың аяғындағы есеп бойынша Қазақстанда 8881 балабақша бар едi. Соның 2237-i таза қазақ тiлiнде болатын. Және мұнан өзге орыс және қазақ тiлдерiнде тәрбиелейтiн 2507 аралас балалар бақшасы жұмыс iстейтiн. 1997 жылы Қажыгелдин Үкiметi тұсында осы бала бақшалар жедел түрде мың, екi мың теңгеге жекешелендiрiлiп, онсыз да қалтасы қалың адамдардың саяжайларына, офистерiне немесе моншаға (қазiр ондай моншалардың қандай қызмет атқаратынын жұрттың бәрi бiледi), казиноға, арақ-шарап дүкендерiне айналып кеттi. Сөйтiп бүгiнгi таңда елiмiзде 1391 балабақша жұмыс iстейдi. Соның 387-i ғана қазақ тiлiнде. Бұл масқара емес пе? Осы санаулы бала бақшамен мемлекеттiк тiлдi «жолға қоямыз», «дамытамыз» деуiмiз бос әурешiлiк. Өйткенi, мемлекеттiк тiлдiң бала бақшасыз, яғни болашақсыз өркен жаюы мүмкiн емес. Өз ана тiлiндегi бала бақшаға бара алмағандықтан жарты миллионға жуық қазақ баласы орыс мектептерiнде оқып, бiлiм алуда. Қазаққа тек түрi ғана ұқсайтын, өсе келе қазiргi кейбiр космополит бауырларындай өз ана тiлi мен рухани мәдениетiне мұрын шүйiре қарайтын дүбәрә ұрпақ бiзге аса қажет пе? Қазақ халқының өткен ғасырдағы дара тұлғасы Жүсiпбек Аймауытов «Бала өз ана тiлiнде тәрбиеленбесе өз ұлтына қызмет ете алмайды» деген сөздi бекерден бекер айтпаған болар. Мұны билiк басындағы кейбiр адамдардың iс-әрекетi толық дәлелдеп отыр. Яғни, ондай адамдардың өз ана тiлiнде алтыншы, жетiншi түйсiгi оянбайды. Өз анасын мойындамаудың үлкен қасiретi болатынын ақсақал тарих сан рет дәлелдеген. Мемлекеттiк тiлдi қалай қадiрлеудiң үлгiсiн Ресейден үйренуiмiз қажет-ақ. Биылғы жылдың бюджетiнде республика бойынша осы салаға бөлiнген қаржыға екi-үш балабақша ғана салуға болады. Бұл қарқынмен бiзге 1992 жылдың деңгейiне жету үшiн әлi бiрнеше жүз жыл уақыт керек… Егер мүмкiндiк болса республикамыздағы барлық бөбектер үйiн, оған қаржы жетiспейдi десеңiздер мемлекеттiк тiлдегi балалар бақшасын салықтан босату керек. Бұл өте игiлiктi шара болар едi. Бизнесмендерiмiздiң көбi бала бақша салуға бет бұрары хақ. Сонда аз жылда 1992 жылдың деңгейiнен де асып кетемiз. Қазiр қалталы адамдардың едәуiр бөлегi туып-өскен ауылдарында ата-бабаларына арнап, көз жауын аларлықтай зәулiм мешiт тұрғызуда. Кейбiр елдi мекендерге бiр мешiттiң өзi жетiп артылғанымен, қазiр онда үш-төрт мешiт жарыса сап түзеп тұр. Мешiт иелерiнiң «бисмилла» деген сөзге икемi келмесе де Айтматовша айтсақ, «Құдайдың өзiн жекешелендiруге» құлшыныстары мол. Сол байлар өз ата-баба қоныстарына, аудан орталықтарына, қалаларға мешiттен гөрi балабақша салуды қолға алса өз ұлтының жойылуға бет алған тiлiн сақтауға, өркендетуге елеулi үлес қосар едi… Рас, мемлекеттiк тiлдi меңгеруге құлшыныс оянып келедi. Бiрақ сөздiктер, тiлашарлар, өзге де әдiстемелiк әдебиеттер екi, үш мың данамен ғана басылуда. Әрi ол кiтаптар тым қымбат. Сондықтан мемлекеттiк тiлдi үйретуге, насихаттауға арналған кiтап түрлерiн, мультфильм өндiрiсiн салықтан босату қажет. Осындай қадамға барсақ баспагерлердiң мемлекеттiк тiлге бетбұрысы артып, қажеттi кiтаптарды олар арзан әрi көп таралыммен шығарады және жұртшылық та арзан бағамен сатып алар едi. Мектепке дейiнгi мекемелер құрылысын салумен бiрге, оны дамытып, қызметiн қолдайтын кәсiпкерлердi де салықтан босатқан жөн. Мүмкiндiгi болса, оларды ынталандырып, тiптi қаржылай, жеңiлдетiлген несиелiк жәрдем беруiмiз керек. Тек осындай батыл шаралар ғана асқынған дерттiң бетiн берi қайтара алады. Бесiншi мәселе. IС-ҚАҒАЗДАРЫН МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ КӨШIРУ ТУРАЛЫ. 

Қазақстан Республикасы Президентiнiң өткен жылғы 30 мамырдағы Жарлығына сәйкес биылғы жылы iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрудi 10 облыс, Астана мен Алматы қаласы, 20 министрлiк пен ведомстволар жүзеге асыруы керек.

Алайда, талдау нәтижесi көрсеткендей, тiптi сонау 2001 жылы мемлекеттiк тiлге iс қағаздарын бiрiншi болып көшiрген аймақтардың өзiнде шынайы ахуал мәз емес. Президент жарлығында көрсетiлгендегiдей 2007 жылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Конституциялық Кеңесi, Әдiлет министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi, Индустрия және сауда министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi, Туризм және спорт министрлiгi, Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгi, т.б. министрлiктер мен агенттiктер, облыстар мемлекеттiк тiлге көшуi керек. Олардың басшылары негiзiнен, бұл аса маңызды шараға немқұрайды жүрдiм-бардым қарап, көзбояушылықпен шұғылдануда. Мемлекеттiк тiлге көштi деп есептелетiн облыстар мен министрлiктерде қазақ тiлiнде келiп түскен хаттарға қазақша жауап қайыратын, өз басшысының жиындарда сөйлейтiн сөзiн әзiрлейтiн, яғни мемлекеттiк тiлде жаза бiлетiн екi-үш адамнан ғана ұстайды. Қалғанының бәрi баяғы таз қалпында. Осы мәселенi қатаң бақылауға алғаныңыз жөн болар едi. Алтыншы мәселе. ТЕРМИНОЛОГИЯ МЕН ОНОМАСТИКА. 

Мемлекеттiк тiлде ұлттық терминологиялық база құрылмайынша, қазақ тiлiнiң дамуы туралы сөз қозғаудың өзi артық. Осы жерде ескеретiн жәйт, республикадағы барлық ғалымдар мен тәжiрибелi мамандардың күшiн бiрiктiру қажет.

Келесi шара – қалалар мен ауылдарымыздың ономастикалық келбетi. Бұрынғы КСРО-ның тоталитарлық жүйесiнде әрбiр елдi-мекеннiң саяси-мәдени тұтастығы ескерiлсе, қазiргi уақытта халық тығыз шоғырланған жерлердегi көшелер мен объектiлерге ат беру ережелерi мен қалыптасқан қағидалары жоқ. Бұл жүйесiздiктен құтылу үшiн «Қазақстан Республикасындағы ономастика туралы» арнайы заң әзiрлеудi қолға алу қажет. Жетiншi мәселе. ТIЛ АГЕНТТIГI ТУРАЛЫ. 

Түсiнген адамға Тiл саясаты мемлекеттiк ұлттық саясаттың алтын арқауы. Бұл жөнiнде Президент «мемлекеттiк тiл қоғамды бiрiктiрудiң басты факторы болуға тиiс» деген-дi.

Мемлекеттiк рәмiздерiмiздiң бiрi, қарым-қатынас пен қызметтiң ортақ отауы — мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi барынша қамтамасыз етiлуге тиiс. Осыған орай, Тiл комитетiне жеке Агенттiк мәртебесiн беру қажеттiгi туралы өз ұстанымымды тағы да қайталаймын. Тек осы мәртебе ғана қордаланған қиындықтар мен қайшылықтардың күрмеуiн ажырата алады. Бұл ұсынысымды кезiнде Президентке де айтқанмын. Тiптi бұрынғы Премьер-министр агенттiк құруға уәде де етiп едi… Тiл комитетiн жеке агенттiк ретiнде құру туралы ұсынысты бiрнеше қоғамдық ұйымдар, Парламент депутаттарының үлкен тобы қолдап отыр. Сегiзiншi мәселе. ТIЛ ИНСПЕКЦИЯСЫН ҚҰРУ. 

Алысқа бармай-ақ, Астана немесе Алматы қалаларының көшелерiне көз салыңызшы. Ағылшын немесе латын әрiптерiмен жазылған жарнамаларға, мекеме, қонақ үй, ойын-сауық және демалыс орын аттарына көз сүрiнедi. Кей жерлерде мемлекеттiк тiл түгiлi орыс тiлiнде жазылатын жарнамаларға жылап көрiсетiндей жағдайға жеттiк. «Әй дейтiн әженi, қой дейтiн қожаны» көрмей, еркiнсiп кеткен әлгiндей бейпiл қимыл бәлдiр-батпақтарға, телеарнадағы және тiл саласындағы басқа да асыра сiлтеушiлiкке заңдық негiзде айыппұл салып, тәртiпке шақырып отыратын тiл инспекциясы өте қажет-ақ.

Күнi бүгiнге дейiн кiлтi табылмай келе жатқан осы сегiз мәселенi шешiп берер болсаңыз бұл саладағы тосқауыл бөгетi бұзылып, тiл мүддесiнiң жаңа айдынға бет бұрары хақ.