Жаңалықтар

СОНДА ЕРАСЫЛ ӘБIЛҚАСЫМОВ КIМ?

ашық дереккөзі

СОНДА ЕРАСЫЛ ӘБIЛҚАСЫМОВ КIМ?

Құрметтi «Түркiстан» газетiнiң редакция алқасы! Мен Е.Әбiлқасымов сияқты ғалым да, саясаткер де емеспiн, жәй қатардағы қазақтың бiрiмiн. «Түркiстан» газетiнiң 7 наурыз 2007 жылғы №10 санында жарияланған Нәзия Жоямергенқызының «Жер астынан жiк шықты» атты мақаласын оқып, Е.Әбiлхасымов мырзаның қазақ тiлiне, жалпы қазақ халқына қатысты айтқан сөздерiне намысым келiп, мынадай ойларымды ортаға салғым келдi.

1) Е.Әбiлқасымов мырзаның «Қазақ елi» атты партия құрып, президенттiк таққа таласқандығы ой-мақсаты не болған? Егер мақсаты орындала қалып, Президент болып кеткенде, қазақтарды тiлiнен, дiнiнен айырып, орыстарға қайтадан құл қылар ма едi? Ал қазiргi ойы қазақтарды басқа ұлттарға қарсы қойып, бөлiп алып билемек пе?

2) Е.Әбiлқасымов мырзаның «бiз ұмытпауымыз керек, бiздiң бiр жағымызда Ресей бар, екiншi жағымызда Қытай бар. Үшiншi жағымызда исламистер бар, төртiншi жағымызда Евроодақ бар, бесiншi жағымызда Америка бар» дегенi не? Бұнымен не айтпақ? Сонда жерiнiң, халқының көптiгiнен қорқып, бәрiне жалбақтап, жалынышты болып отыруымыз керек пе?!

Әлде өз тiлiмiздi, дiнiмiздi ұмытып, олардың тiл, дiнiне көшпекпiз бе? Бұға берсек, сұға бередiнiң керi келмей ме? Бiз егемендi ел емеспiз бе? Эстон, литван, латыш елдерiнiң жерi де, халқы да көп емес, өз дегендерiн iстеп отыр ғой. Кiм сонда «қазақты қорғайды» дегенi не? Өзi орысша сөйлеп «жаулардан» қорғап отырмын деп мақтанбақ па?

3) Е.Әбiлқасымов мырзаның М.Шахановты саясаттан хабары аз, ұлтшыл дегендей сыңайда сөйлеуiне қарағанда, өзi «мәдениеттi саясаткер» болып көрiнгiсi келетiндей.

4) Қазақ тiлiн қолдану жөнiндегi жiберiлген қателiктердi түзету үшiн талпынған үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов мырзаны депутаттар алдында аяқтан шалып, кекетiп, өзiнше «сынауын» қалай түсiнемiз? Бұл жөнiнде ҚР Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан өте түсiнiктi етiп дәлелдеп бердi.

5) Менiң өз пiкiрiм: Е.Әбiлқасымов мырзаның депутаттыққа түскен жерiндегi округтердiң бәрiнде өзiн қатыстыра отырып, сайлаушылардың ашық жиналыстарында газет бетiндегi материалдарды талқылап, халық арасына жiк салғаны үшiн, Елбасының шешiмiмен бекiтiлген мемлекеттiк тiл жөнiндегi заңды орындауға қарсы әрекет еткенi үшiн сайлаушылардың сенiмiн ақтамаған депутат ретiнде депутаттықтан керi шақырып алу жөнiнде шешiм (қаулы) алса деймiн.

Зейнолла Деменұлы, зейнеткер