Жаңалықтар

БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ БЕРЕКЕСI ҚАШЫП ТҰР НЕМЕСЕ КРИШНАИТТЕР СОТ ШЕШIМIНЕ ИЛАНА МА?

ашық дереккөзі

БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ БЕРЕКЕСI ҚАШЫП ТҰР НЕМЕСЕ КРИШНАИТТЕР СОТ ШЕШIМIНЕ ИЛАНА МА?

5 сәуiр, 2007 жыл. Береке ауылы.

Алматы облысының шұрайлы деген жерiнiң бiрiнде орналасқан Береке ауылы өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейiн қаймағы бұзылмаған нағыз қазақ ауылы болатын. Ар жағында менмұндалап Алатау тұр, бер жағында – шексiз қазақ даласы… Көл, өзен, көкорай алқап – бәрi де бiр жердiң баурайында тоғысыпты. Бiрақ Береке ауылының қазiргi күйi мәз емес. Мұндағы 47,5 гектар жер «кришнаиттер деревнясы» аталып кеткен. «Кришна санасының» қоғамы орналасқан жерге жақындай бергенiмiзде, ұзақтан үндi фильмдерiндегiдей «сари» көйлегiн киген адамдар көрiндi. Барабан даңғыры құлақты жарып барады. Ондағы жұрт «Харе Кришна» деп амандасады. Әу бастан бiздi жылы шыраймен қарсы алған кришнаиттер кейiн келе дiни уағыздарын жүргiзе бастады. Ең қорқыныштысы, дiни тұрғыдан қаншалықты сауатты болсаң да, олардың уағызына шын мәнiнде сене бастайсың… Қорқасың, өмiрден түңiлесiң, өмiрдiң мәнiн түсiнбейсiң, бар дүниенi тәрiк еткiң келедi… Себебi олардың уағызы күштi. Кiм бiледi, бәлкiм бiздi бұл уағыздан бiр ғана Алла Тағала сақтаған болар.

БЕРЕКЕ АУЫЛЫ КРИШНАИТТЕРДIҢ МЕККЕСIНЕ АЙНАЛҒАН

Бұндай салыстыруды пайдаланғаным үшiн кешiрiм сұраймын. Дегенмен, Мекке – бүкiл әлем мұсылмандарының басын қосатын киелi жер. Ислам дiнi араб жерiнен бастау алған соң, бүкiл мұсылмандар киелi санайтын Меккенiң де араб жерiнде орналасқаны тектен-тек емес. Ал, он қайнаса сорпасы қосылмайтын қазақ жерiнiң бiр телiмi – бүкiл кришнаиттердiң орталығына айналып кете баруы көкейге қонбайды. Мұнда шетел азаматтары шаш-етектен. Жергiлiктi тұрғындар «шетелдiктердiң көкесiн жаз шыққанда көресiз» дейдi. Әйтеуiр, Венгрия, Ресей Федерациясы, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б. елдердiң азаматтары бұл жерге не миссионерлiк әрекетпен, не осында тұрақтап қалуға келедi екен. Мәселен, Ресейдiң Саратов қаласынан келген 75 жастағы Ксения Николаевна (кришналық есiмi – Чандрика) қазақ жерiне бiр шабаданмен келiптi. Жолдасы қайтыс болғаннан кейiн жалғыз қалған қарияны кришнаит көсемдерiнiң бiрi шақырғанға ұқсайды. Мұнда келгенiне төрт жыл болған. Бұл жерден басқа барар жерi, басар тауы жоқ. Тiптен, тiркелу құжаттары да жоқ сияқты. Мұны ол сыбырлап айтты. Бiр қызығы, әрбiр кришнаиттiң бiзге берген сұхбатын сырттай бiр кришнаит қыз бақылап жүрдi. Сiрә, ол кришнаиттер басшылары мен хатшылары – Говинда Свами, Волкова, Варфоломеев сияқты азаматтардың «құлағы һәм көзi» шығар. Себебi бiз барған жерде қарапайым кришнаиттер тобырын кездестiрдiк те, басшыларын кездестiре алмадық. Ал, қарапайым азаматтар бұл жерден басқа барар жерiнiң жоқтығына қапалы. Сiрә, оларды мұндай күйге душар еткен Қарасай аудандық сотының шешiмi емес, тiптен, «Мерей» шаруа-қожалығына қатысты Қарасай аудандық әкiмшiлiгiнiң талап-арыздары да орынды, бар мәселе – бұл қарапайым азаматтардың кезiнде алданып, үй-мүлкiн сатып, шетелден арбаланып қазақ жерiне келiп, екi ортада сандалып қалуы емес пе? Бұған кiм кiнәлi? Шетелдiк және жергiлiктi азаматтардың үй-мүлкiн сатқызып, ақшасын жымқырған кiмдер екен, ә?! Көбiсiнiң барар жерi жоқ. Себебi үйлерi жоқ. Тек қана кейбiр қазақ кришнаиттерiнiң қалада үйлерi бар көрiнедi. Онда да ата-аналарының, не өзге туыстарының үйлерi.

Қарапайым азаматтарды сорлатып, бейшара күйге түсiрген, бұл дүниенiң қызығынан тәрк еткiзген кiмдер? Кришнаит белсендiлерi бүгiн «Бiздiң дiни құқымыз тапталып жатыр» деп Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына шағым түсiрiп отыр. Неге? Себебi олардың көсемдерi саясаттан бейхабар емес. Қазақстан 2009 жылы осы ұйымды басқаруды мақсат етiп отыр. Осыдан бiраз уақыт бұрын Елбасының шетелдiк сапарларында Президент делегациясын қуалай жүрiп, кришнаиттер бiрқатар елдерде митингтер өткiзген. Арнайы баспасөз мәслихатында Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлi Гауһар Бейсеева кришнаиттердiң Қазақстанның бiрқатар елдердегi елшiлiктерi алдында ультиматум қойып, талаптар жасағанын мәлiмдеген едi. Ультиматум бiреу-ақ: не кришнаиттерге заңсыз басып алған 47,5 гектар жер мен 66 саяжайды беру керек, не Қазақстан ЕҚЫҰ-ны ешқашан да басқара алмайды. Себебi кришнаиттер «Қазақстанның баянды бiрлiгi мен 46 конфессиялы ел» деген имиджiн тас-талқан етiп, мемлекет абыройын айрандай төгуге дайын отыр. Бiрақ Қазақстанға ЕҚЫҰ-ны жердiң құны, ұлттың болашағы және елдiң тыныштығы есебiнен басқару мiндет емес. Таяуда елiмiздiң белдi журналистерiне сұхбат берген Президент: «Такой цели, чтобы разбиться в лепешку и возглавлять ОБСЕ, нет» – дедi. Яғни, бiзге ұлт болашағы әлгi ұйымның басшылығынан мың есе маңызды.

Шаруашылық iстен басталған мәселенi кришнаиттер дiни және саяси дауға айналдырып барады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдiк сапарларының берекесiн қашырған дiни ағым өкiлдерi құйтұрқы амал-әрекеттерге баруда. Тiптен, олардың билiкке де сес көрсетуi ненi аңғартады? Бiрiншiден, кришнаиттердiң Елбасының қай елдерге баратынынан хабардар болып отырғаны – олардың билiкте де өкiлдерi барын көрсетпей ме?! Мұны жергiлiктi тұрғындар да сезiп жүргендей. Екiншiден, Дiндер туралы босаң заңымыз кришнаиттердiң төбеге шығуына жол бергiзiп отыр. Үшiншiден, Үндiстан елшiлiгi мойындамаған ағымды АҚШ елшiлiгi ағынан жарылқап, тiптi, американдық елшi Джордж Ордвей кришнаиттерге араша түскен едi. Оның да себебi бар. Түрлi протестанттық ағым-секталардың отаны болып саналатын Америка – кришнаиттердiң де «туған мекенi» болып отыр. Үндiстандағы дәстүрлi дiни нанымдарға аса қатысы жоқ ағым Америкада «ойлап табылған» сияқты. Не үшiн? «Бөлiп ал да, билей бер» деген дiни экспансиялық саясатты жүзеге асыру үшiн емес пе? Бүгiн Америка мен Оңтүстiк Корея, Жапония қоян-қолтық араласып, бiр ойдан шығып отыр. Неге? Дiнi бiр. Америка бұл елдердi протестант дiнiне иландырған. Ендiгi мақсат – Қазақстан. «Қазақстанды жауласаң бүкiл Орта Азия евангелиеге тiзе бүгедi» – дейтiн сияқты олар. Әйтеуiр, елiмiз кришнаит бола ма, протестант бола ма, иеговашыл бола ма, бәрiбiр, мұсылман болмаса болғаны. Дiни экспансияның мақсаты да сол.

47,5 ГЕКТАР МА, 30 СОТЫҚ ПА, ӘЛДЕ 200 ГЕКТАР МА?

Бiз кришнаиттер ауылына барған күннiң ертесiне Адам құқы жөнiндегi халықаралық ұйым өкiлi Болат Байқадамов өте қызық мәлiмдеме жасады. «Дiни диалогтың үндестiгi үшiн Алматы қаласына тек қана кришнаиттiк храм жетпейдi» екен. Болат Байқадамов қаламызда мұсылмандық мешiт, православиелiк шiркеу, протестанттық ғибадатханалардың барын айта келе, храмның қажеттiгiн де тiлге тиек еттi. Ал, «Кришна санасының» үндi елi мойындамайтын қоғам екенi ешкiмге де қызық емес. Жалпы, Қазақстанның дiни сахнасында қалыптасқан жағдайдың өзi өте қызық. Дүниежүзiнде үш әлемдiк дiн бар: ислам, христиан, буддизм. Исламның өзiнде екi тармақ бар: сүнниттiк және шииттiк. Христиан тармақтары католицизм, православие, дәстүрлi протестантизм. Сонымен бес-алты конфессия болды ма? Жақсы, индуизм сияқты ұлттық бағыттағы дiндердi де мойындалық делiк. Бiрақ мұның бәрiнiң басын қосқанда бақандай 46 конфессия шықпайды ғой. Яғни, олардың көбi кезiнде шiркеуден, храмдардан бөлектенiп шыққан ағым-секталар. Мәселен, «Иегова куәгерлерiне» әлемнiң 40-тан астам елiнде тыйым салынған. Ал, Қазақстанда ол дәстүрлi конфессия санатында. «Кришна санасының» қоғамын үндi елi мойындамайды. Ал, Қазақстанда ол 47,5 гектар жердi иеленумен қатар, Береке ауылын – Кришна Құдайының туған жерi деп жариялаған. Бұл сөздi үндi монахтары естiсе, халықаралық дiни даудың көкесi сонда болмақ.

Сiрә, Болат Байқадамов адам құқықтарының соншалықты жанашыры болса, Шаңырақ пен Бақай ауылдары қиратылып жатқанда, қайда қалды? Мұнда екi мысалдың да жағдайы бiрдей. Екi мысалда да – заңсыз басып алынған жерлердiң мәселесi айтылады. Бiрақ, кришнаиттердiң сөзi мен дабылы өтiмдiрек. Олардың билiкте де өкiлдерi жоқ емес пе? Содан болар, Байқадамов кришнаиттерге бұзылған үйлерi үшiн өтемақының төленiп, қала көлемiнде 30 сотық жер берiлетiнiн мәлiмдеп үлгердi. Ал, жергiлiктi тұрғындардың айтуынша, ұйым көсемдерi жерге жарымай отырған жоқ. Кришнаиттердiң көршiсi, оларға қарсы наразылық бiлдiрiп, талай табалдырық тоздырған Гүлнәр Қозиева былай дейдi: «Бұлар Текелiден 200 гектар жердi сатып алыпты. Радик Ерохин деген адам сатып алғанға ұқсайды. Қазiр бұлар сол жерге барып қоныстанып жатыр. Негiзiнен сол Ерохиндi бастық болады дейдi. 200 гектар жердi былтыр күзде сатып алған. Мұндағы № 6 саяжайда Досым Омаров деген профессорымыз бар-тұғын. Ол кiсi Кришнаның кiтаптарын аударып, басылымнан шығарып, сатып жүр. Қазiр ол да Текелiге кетiп қалды» – дейдi. 200 гектар жер туралы сөздi бiр емес, бiрнеше адамнан естiдiк. Әрине, бұл қазiрше қауесет сөз. Дегенмен, тиесiлi орындар мұндай ақпардың барын да ескерсе жөн. «Ел айтса, бiлiп айтады» – демей ме?!

Бiз Береке ауылында жүрiп, әңгiмеге кришнаиттердi де, жергiлiктi тұрғындарды да тартқан едiк. Назарларыңызға сан түрлi пiкiрлердi беремiз. Кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс, мұны өзiңiз шешерсiз.

Рысгүл ШӘКЕНҚЫЗЫ, Қарасай ауданы iшкi саясат бөлiмiнiң дiн iстерiмен шұғылданатын бас маманы:

«КЕЙБIР МИССИОНЕРЛЕР ТУРИСТЕР РЕТIНДЕ КЕЛIП ТҰРАДЫ»

– Жалпы, Алматы облысы Қарасай ауданының Әдiлет басқармасында тiркелген 55 дiни бiрлестiк қызмет етедi. Оның iшiнде 23 мешiт, 8 православиелiк христиан шiркеуi, 23 протестанттық ағымдағы дiни бiрлестiктер және «Кришна санасының қоғамы» бар. Бұлардың кейбiрiнiң тiркелуiнде өзiндiк кемшiлiк те жоқ емес. Қазақстан Республикасының Дiни бiрлестiктер туралы заңында жазылғандай, «ҚР-ның заңдық актiлерiне сүйене отырып, мемлекет дiни сараптама өткiзуге құқылы» – делiнген. Қажет болған жағдайда, шетелдерден осындай дiни бiрлестiктер туралы толық мәлiмет алып, толық сараптама жасауға да қақымыз бар. Бiрақ конфессия атын жамылып жүрген дiни бiрлестiктердiң бiрде-бiрiнде де осындай анализдiк, эксперттiк қорытындылар жоқ. Миссионерлерге қатысты айтсақ та, олардың қолдарында да мұндай эксперттiк, сараптамалық қорытындылары жоқ. Оның үстiне Үкiметтiң 2004 жылғы 7 желтоқсандағы №1281 қаулысы миссионерлерге лицензия беру мәселесiн қамтыған. Онда миссионерлердiң қандай құжаттарын тексеру қажеттiгi айтылған. Бiрақ бiрде-бiр миссионердiң қолдарында Үкiметтiң эксперттiк анализ берген құжаттары жоқ.

– Ал, кришнаиттер мәселесi не болып жатыр?

– Бұл iс бiздiң ауданымызда да, жоғарғы сотта да бiрнеше рет қаралды. Талап қорытындысы бойынша, Қарасай аудандық әкiмiнiң талап-арыздары заңды деп табылды. Ал, кришнаиттер сот орындарына түскен сот шешiмдерiн орындатқызбай жоғары жаққа қайта-қайта шағым түсiрiп, Әдiлет министрлiгi жанындағы дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi комитетке шағымданып, жалған ақпарат арқылы шамалары келгенше сол жерде қалуды көздеп отыр. Бiрақ мұндағы жағдай дiнге қатысты емес, шаруашылық деңгейдегi дау боп тұр. Жер заңының, Сәулет-құрылыс заңдарының бұзылғанына орай оларға бiрнеше рет ескертулер берiлдi. Бәрiн де заңды түрде орындау туралы бiрнеше рет талаптар да қойылды. Бiрақ олар талаптарды орындамай отыр. Талаптар орындалмай, заң бұзылған фактiлер анықталғаннан кейiн аудандық сотқа тиiсiлi талап-арыздар берiлдi.

– Ал, сот шешiмi бойынша, бұл қоғамдастық басып алған жерлердi босатуы керек емес пе?

– Иә, 47,5 гектар жердi босатуы керек. Ал, бұл жерлер Қарасай аудандық жер қорына қайтарылуы тиiс. Ол жерде сиыр қора тұр, сосын салынып бiтпей қалған шоқыну үйi бар. Сол құрылысты сылтауратып, 47 гектар жерде қалып қалу әрекетiне қамданып жатыр. Қайта-қайта шетелдiк ұйымдарға Интернет арқылы жалған ақпараттар таратып, әкiмшiлiктi кiнәлап, қала берсе, бәрiн саясатқа бұрмалап, құйтырқы әрекеттерге барып жатыр. Қазақстанда Дiни бiрлестiктер туралы заңнан басқа да 500-ден астам заңдар мен заңнамалық актiлер, Конституциямыз бар. Сондықтан бiз бүгiнгi күнде Қазақстандағы ұлттық және қоғамдық институттар арасындағы тыныштықты сақтау мәселесiне қатысты заңдарды орындау үшiн мұндай заңсыз әрекеттерге жол бермеуiмiз керек. Ал, бұлардың «Қазақстан заңдары дұрыс емес» деген байбаламдарының бәрi жала. Бұлардың осындай жалған ақпарат беруi арқылы бiздiң iшкi саясатқа араласуға да, нұқсан келтiруге де қақылары жоқ. Олар ЕҚЫҰ-ның адамдарын қайта-қайта шақырып шағымданады. Ал, бұл ұйымның нелiктен кришнаиттердiң сөзiн сөйлейтiнiне таң қалып отырмыз. Себебi «Птицевод» бау-бақша бiрлестiгiнiң мүшелерi де қаншама наразылық хаттарын жазып, шағым түсiрiп жатыр, бiрақ аталған ұйым жергiлiктi қарапайым азаматтардың шағымдарына назар аудармай отыр.

– Кришнаиттер өздерiн үндi мәдениетiмен байланыстырады, бiрақ үндi жағы бұл ағымды мойындамай отырғанға ұқсайды, яғни бұл бiрлестiк секта ретiнде танылды деген сөз емес пе?

– Секта екенiн дәлелдеу үшiн Әдiлiт министрлiгi жанындағы дiни iстер жөнiндегi комитет осы жағынан жан-жақты жұмыс iстеуi керек. Өйткенi бұны олар үлкен мәселеге айналдырып отыр. Сондықтан бiз олардың қолдарында осындай ақпарат болса да, кришнаиттердi неге қолпаштап, қолдау көрсетiп отырғанын түсiне алмай келемiз.

Қазiр Қазақстанға келiп жатқан миссионерлердiң көбiсi «ТОО» сияқты серiктестiктер атынан немесе туристiк сапарлармен келiп, Қазақстан территориясы аумағында «дiн атын жамылған» уағыздарын жүргiзедi. Әрине, мұның өзi заңға қайшы келедi. Мәселен, Қарасай ауданындағы «Мерей» шаруашылық қожалық жерiне заңсыз тiркелген «Кришна санасы» қоғамына гуру-махарадж болып келiп жүрген С Варами Свами, Каради Савами Джозеф деген екi азамат вайшнаизм ағымын уағыздаушы ретiнде танылған, бiрақ Қазақстанда бұл кiсiлер жаз кездерi дiни фестивальдар өткiзедi. Әсiресе жазда Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен, сондай-ақ Польша, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстаннан азаматтарды жинайды. Ал, негiзiнде бұл екi кiсi Алматы қаласындағы бiр фирманың шақыруымен келедi. Ал, екiншiден, Венгрия төлқұжатымен жүрген С Варами Свами туристiк жолдамалармен Қазақстанға келген. Олар тамыз айының ортасынан қыркүйек айының ортасына дейiн «Мерей» шаруа қожалығында фестивальдар өткiзедi.

– Ал, бұл миссионерлер Қарасай ауданында тiркелген бе?

– Жоқ, олар бiздiң ауданға келiп тiркелмейдi. Олардың бәрi Алматы қаласында тiркелген. Бұлардың басшыларының бәрi – Алматы қаласында. Сол Алматы қаласында тiркелiп, облыстарға өздерiнiң миссионерлерiн алып келiп, таратады. Кезiнде Қазақстан азаматтары сатып алған Мәдениет үйлерi, бала-бақшалар әртүрлi жолдармен заңдастырып, сол Қазақстан азаматтарының атынан дiни әрекеттер жасауға тырмысуда.

– Сонда олар елiмiзге туристер ретiнде келiп жатыр ма, әлде миссионерлер ретiнде ме?

– Кришна қоғамына келiп жатқан екi азамат турист ретiнде келiп жүр. Ал, Говиндас Свами деген азамат Алматы қаласындағы фирманың атынан шақырту қағазымен келiп тұрады.

P.S. Заң бойынша, Қазақстанға келiп-кетiп жүрген миссионерлер тiзiмдiк тiркеуден өтуi керек. Тiркеусiз миссионерлiк әрекет жасауға тыйым салынған. Ал, миссионерлердiң турист ретiнде келiп, миссионер ретiнде тiркелмей, дiни уағыз жүргiзуi – «Дiндер туралы заңға» бүгiнгi күннiң өлшемiмен толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу қажеттiгiн көрсетедi. Миссионерлердiң қулығына бiздiң заңымыз да жауап бере алуы керек.

Бауыржан, кришналық аты – Балабадра:

«ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫМ ҮШIН ҒАНА МҰСЫЛМАНМЫН БА?»

– Мұнда келгенiме 5 жылдай болды. Өзiм Алматыданмын. Басында ата-анам қиналған. Бiрақ мен оларға мұның таза өмiр екенiн түсiндiрдiм. Өйткенi ешкiмдi өлтiргiмiз келмейдi, ет жемеймiз, ешкiмге жамандық жасамаймыз. Кейiн ата-анам менi түсiндi. Бұл жерде 100 адамдай тұрамыз. Ал, қалада жұмыс iстеп, осында келiп тұратын адамдар саны – 500-дей. Ағым мүшелерiнiң көбiсi – қазақ.

– Ал, Говинда Свами деген көсемдерiң мұнда жиi келiп тұра ма?

– Бұрындары көп келетiн. Қазiр бiр қиыншылықтар болып, ол Үндiстанға барып, бiзге көмек беретiн адамдарды тапқысы келiп жүрген ғой. Сондықтан бiз жаққа аз келетiн болды.

– Бұл сенiмге қалай келдiңiз?

– Олар маған бұны былай түсiндiрдi. «Мұсылман болғаның дұрыс» – дедi де, кейiн сөзiмнен ұстады. «Сен мұсылмансың, Ал Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар қанша рет намазды оқығанын бiлесiз бе?» – деп сұрады. Мен: «Бес рет» – дедiм. Олар маған: «Алдында Алла 55 рет оқыңдар» – деген. Бiрақ Мұхаммед: «Қазiргi адамдарға бұл қиын болады, Алла, бес рет келiсейiкшi» – деген. Алла: «Жарайды» – деген. Сонда әлгi көсем маған: «Сен бес рет намаз оқисың ба?» – дедi. Мен «жоқ» дедiм. «Әй, сен өзiңдi мұсылманмын дейсiң ғой, ал намаз оқымайтын адам – мұсылман болып саналмайды» – дедi. Сонда мен тек қана қазақ болғаным үшiн өзiмдi мұсылманмын деп жүрмiн бе? «Бiз де жақсылық жолында жүрсек, мұсылмандардан айырмашылығымыз не?» – дейдi бұлар…

– Сiз осы жайында имамдармен сөйлесiп көрдiңiз бе?

– Өй, мен мешiтке көп баратын едiм. Екi мұсылман имамы мешiтте отырған. Олар менен «Қандай дiнге сенесiң?» – деп сұрады. Ал, мен ол уақытта Иса пайғамбарға сенетiн едiм. Олар маған: «Лә-илахха-илаллах-Мұхаммед-расуллаллах» – деп айтқызды. Мен айттым, осылайша мұсылман болып кете бердiм. Сол себептен мен қазiр де мұсылман болып жүрмiн. Ал, екi мұсылманның алдында бұл сөздердi айтқан соң, мен мұсылманмын.

– Сонымен, сiз мұсылмансыз ба, әлде кришнаитсiз бе? Түсiнсем бұйырмасын…

– Қараңыз, Алла деген – Құдай ғой. Бұл – Құдайдың қазақшасы, Иегова деген – Құдайдың орысшасы. Ал, Кришна деген – Құдайдың үндiше баламасы шығар. Айырмашылығы қандай?

– Сонда бар мәселе – атауда ғана ма?

– Солай болмағанда ше? Бұл маңызды.

– Сот шешiмi бойынша кришнаиттер бұл жерлердi босатып кетуi керек екен. Үйлердi босатып, бiртiндеп кетiп жатқандар бар ма?

– Жоқ, көбiсi кете алмайды. Себебi олардың бұл жерден басқа кететiн жерi жоқ. ОБСЕ-нiң адамдары таң қалды ғой. Заң бар екен ғой, қаланың сыртындағы үйлердi қиратуға болмайды деген?! (Естiмеген елде көп. Мұндай заң Еуропада болса болар, Қазақстанда мұндай заңның барын естiмеппiз. К.Т.)

– Әрбiр дiннiң атақты өкiлдерi болады емес пе? Ал, кришнаиттердiң атақты өкiлдерi бар ма?

– Бiзге көп келетiн, әлгi АБК-дағы әншi болушы едi ғой…

– Ол кiсi бұл дiндi ұстана ма, әлде тек клипiн түсiрiп кеттi ме?

– Жоқ, ол өнемейiн осында келiп тұрады ғой. Қойбағаров деген компьютермен айналысатын бизнесмен бар. «Азия-трэвел» деген компанияның бастығы да осы жерде ғой деймiн. Олар өздерiн осы жаққа қатыстымыз деп санай ма, жоқ па, ол жағын бiлмеймiн, бiрақ ылғи осында келiп тұратын адамдарды «бiздiкi» деп санай бередi.

Бiздiң естуiмiзше, қазiр мектептерге «Самопознание» деген бағдарламаны енгiзiп жатыр. Ол Сайын бабаның iлiмiнен. Ол кiсi – Үндiстандағы гуру. Бiз осыны естiп, қуанып қалдық.

Михаил, лақап аты – Матхупати, Украинадан келген кришнаит:

«БIЗГЕ МҰСЫЛМАН КЕЛСЕ, ЖАҚСЫ МҰСЫЛМАН БОЛУДЫ ҮЙРЕТЕМIЗ»

– Матхупати – Құдайдың бiр аты. Жалпы, Құдайдың аттары көп қой: Алла, Будда, Иегова, Кришна, Рама… Ал, Алла – Құдайдың Құдайы…

– Украинадан қашан келдiңiз?

– … Негiзi бiз мұнда тек қана отбасылық жағдаймен келiп отырмыз. Әйелiм – осы жерден, ал мен Украинаданмын. Сондықтан мен әйелiмнiң Отанындамын.

Негiзi бiзге христиандар келсе, бiз оларды жақсы христиан болуға үйретемiз. Мұсылман келсе, жақсы мұсылман болуға үйретемiз. Яғни, бiздiң мақсатымыз – оларды кришнаит болуға тарту емес. Бiздiң позициямыз – барлық дiндердiң негiзiмен ұштасады, яғни, адамдарды Құдайды сүюге үйрету. Сондықтан адам мұсылман ретiнде Құдайды сүюге тырысса, бұл жақсы ғой. Сол сияқты христиан болса да, жақсы. Бұл орайда мойнына «христиан» деген атауды iлмей ғана, iс жүзiнде солай болып жүрсе жақсы. Себебi көптеген адамдар дiни атаудың артына тығылады.

– Мұндағы үйлер қиратылғанда, Украинадағы кришнаиттер шеруге шықты. Сонда араларыңда байланыстарың бар ма?

– Иә, бұл халықаралық ұйым ғой. Мәселен, мұндағы ислам жағдайына өзге мұсылман елдерi немқұрайлы қарамайды ғой. Бiз, тiптi, өзге конфессияларға қарсы емеспiз.

– Ал, Ресейде Кришна храмын салуға рұқсат бермедi. Бұның себебi неде деп ойлайсыз?

– Иә, рұқсат бермедi. Онда саяси және коммерциялық себептер бар. Оның үстiне дiни төзiмсiздiк бар. Олардың ойынша, ведалық Құдай – ол сектаның мүшесi сияқты. Бiзде Украинада бұл ағым жақсы дамып жатыр. Мен өзiм Донецкiденмiн. Онда үлкен храмымыз бар. Негiзiнен бiздiң мәдениетiмiз «вайшнавизм» деп аталады.

Гүлнәр ҚАМБАРҚЫЗЫ, жергiлiктi тұрғын:

«КРИШНАИТТЕР ТЕКЕЛIДЕН 200 ГЕКТАР ЖЕР АЛҒАНҒА ҰҚСАЙДЫ»

– Тұрмыстық деңгейде олар сiздерге қандай да бiр қиындықтар туғызып жатыр ма?

– Әрине. Таң ертеңнен кешке дейiн олар әлгi храмдарына барып сыйынады. Бiрақ кешкi сағат 8-9-дан кейiн қолдары босап, № 113, 106, 105 саяжайларға барып, топтасып шулап отырады.

Әр жексенбi күнi олар «прасат» дегендi – «Құдайы тамақты» тегiн таратады. Ал, сол тамақтың құрамына әйтеуiр бiр зат қосылады. Соны адам күнделiктi жесе, есiнен де ауысатын сияқты. Тiптi, 3 жыл немесе 5 жыл бұрын осы ағымға кiрiп, қазiр ауру болып, зорға шыққандар да бар. Солар айтады ғой, егер бiз бар шындықты айтатын болсақ, бұл жерден көшiп кетуiмiз керек деп. Негiзiнен бұлардiкi дiн де емес, қоғам да емес, нағыз секта. Нашаның арқасында жастардың бәрiн осы дүниеден бездiру – олардың мақсаты.

– Жергiлiктi тұрғындарға бұлар қоқан-лоққы көрсетiп жатқан жоқ па?

– Дiни саммиттен кейiн олар Астанаға жиi-жиi барып тұрды да, бiзге келiп: «Саяжайларды босатыңдар, билiк бiзге рұқсат бердi, мұнда тек қана кришнаиттер тұрады» – деп шықты. Мұнда арбаушылық бар. Сонда бiз осы жерде туып-өскен азаматтар өз жерiмiздi тастап, безiп кетуiмiз керек пе?!

Қазiр сот шешiмi бойынша, 47 гектар жерге арест қойылған. Шымкенттен келген қазақтарға олар жалға жер берiп отыр. Сол арқылы картобын, жемiс-жидегiн өсiрiп жатыр.

Бұларға үш жылдан берi шағымданып келемiз. Талай табалдырықты тоздырдық. Бiрақ бiзге ешқандай да көмек жоқ. Ал, Елтай ауылының әкiмi Бағдат Ахметбаев болса, өмiрi бiздi қабылдамайды. Кришнашылар барса, оларға анықтама қағаздарына дейiн жазып бередi. Мысалы, маған қазiр бiр ғана анықтама қағазы керек. Соны маған бермей отыр.

Су үшiн де кезiнде төбелес шыққан. Маған ортақ көлден бiр шелек су алғызбай қойған. Сонда кришнаиттер өкiлi Варфоломеев: «Сенi мұнда тұрғызбаймыз, айдап жiберемiз» – дедi. Ал, № 36 саяжайдың иесi қазақтарға 12 мың долларға саяжайын сатты. Негiзi ол – Ресейдiң тұрғыны, еш жерде тiркелмеген. Басқа үйдiң кепiлдемесi бойынша үй сатып жатыр. Ал, бұзылған үйлердiң барлығы хабарландыру арқылы сатылып жатыр.

– Бұл ауылда мешiт бар ма?

– Үлкен ауылымызда жалғыз мешiтiмiз бар. Оның өзi төрт бөлмелi үй. Береке ауылында 3000 адам болса, әлгi мешiттiң бiзге тым кiшкентай екенi рас.

– Негiзi ел iшiнде бiр сыбыс естiледi. Кришнаиттер Қарасай ауданынан кетсе де, Алматы облысынан кетпейтiн сияқты… Текелiге қоныстанбақ дей ме?

– Бұлар Текелiден 200 гектар жердi сатып алыпты. Радик Ерохин деген адам сатып алғанға ұқсайды. Қазiр бұлар сол жерге барып қоныстанып жатыр. Негiзiнен сол Ерохин бастық болады дейдi. 200 гектар жердi былтыр күзде сатып алыпты. № 6 саяжайда Досым Омаров деген профессорымыз бар-тұғын. Ол кiсi Кришнаның барлық кiтаптарын аударып, басылымнан шығарып, сатып жатыр. Қазiр Текелiге кетiп қалды. Биыл келер-келмесiн бiлмеймiн. Бiрақ сол жақта қаламын деп отыр ол кiсi… Негiзi кiтапты қазақшаға аударатындар – Досым Омаров пен Қарағандының Ақтоғай деген жерiнен келген Ержан деген жiгiт. Iнiсi екеуi осында келген. Өзi кiтап аударады, ал iнiсi қора тазалайды.

– Ал, мұндай ақпаратты сiз қайдан бiлесiз?

– Мұны сол жердегi адамдар айтып жүр. Себебi олар бұл жерден кете алмайды ғой. Тiптен, Ресейден бiр шабаданмен көшiп келген адамдар да бар. Олар далада қалмақ. Солардан естiгенiмiздi айтып жатырмыз.

Мен оларға былтыр қарсы келген себебiм, сиырдың өлiгiн тура менiң үйiмнiң жанына ашық-шашық тастап кетiптi. Бiр ай бойы сасыды. Кейiн мен айтып қоймаған соң, трактормен көмдi. Саммиттiң қарсаңында осылар көтерiлiп кетпесiн деп, трактормен әлгi сиырды алып кетiп, тастапты. Бұлар көлге барып, сиырларын шомылдырады. Бiздiң балаларымыз да сол суда шомылады. Сонда онда балалар шомылу керек пе, әлде сиыр шомылуы керек пе?

Түйiн. 90-шы жылдардың орта шенiнде Береке ауылына бекiнiп алған «Кришна санасы» қоғамы айналдырған он шақты жыл iшiнде үлкен дiни-саяси күшке айналып үлгергенге ұқсайды. Себебi кришнаиттерден басқа бiрде-бiр ағымның билiкке қысым жасап, еуропалық ұйымдар мен шетелдiк елшiлiктердi шулатып, ультиматумдық талаптар қоюына қауқары түгiлi, дәтi бармайды. Посткеңестiк елдер iшiнде «нағыз демократиялық заң» ретiнде танылған Қазақстанның «Дiндер туралы» заңы бүгiнгi күннiң талаптарына жауап бермей отыр. Тiптен, миссионер атаулының елiмiзде қаптап, заңсыз әрекеттерге баруына тосқауыл бола алмай отырғаны да – заңымыздың осалдығы. Таяуда Алматыдағы қалалық Iшкi саясат департаментiнде дiни мәселеге қатысты дөңгелек үстөл өттi. Онда теолог-ғалымдар мен мамандар дiн саласына қатаң бақылау қажеттiгiн айтты. Сондай-ақ, елiмiздегi дiн саласын «ислам және православие» сияқты одақтастық негiзiнде дамыту мәселесi де айтылды. Кiм бiледi, бұл елiмiздi дiни экспансиядан аман сақтап қалудың соңғы амалы шығар…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА, Дәулет ӘШIМХАН