Жаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БIР ҒАНА ҰЛТТЫҢ ТIЛI БОЛЫП ҚАЛМАУЫ КЕРЕК!

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БIР ҒАНА ҰЛТТЫҢ ТIЛI БОЛЫП ҚАЛМАУЫ КЕРЕК!

Таяуда Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев бiрқатар телеарна журналистерiнiң сұрақтарына жауап бердi. Қоғамымыздың ең өзектi мәселелерi — Маловодное мен КазАтКом ауылдарында орын алған оқиғалар, iс-қағаздарының мемлекеттiк тiлде жүргiзiлу мәселесi, дамыған 50 елдiң қатарына қосылу жоспары, мүлiктi заңдастыру, сыртқы саясат бағыттарына Елбасы ашық түрде жауап бердi.

Президентке сауалдарды белгiлi тележүргiзушiлер Бигелдi Ғабдуллин, Арманжан Байтасов, Н.Манап пен Ф.Курепиндер қойды. Елiмiздi дүр сiлкiндiрген Маловодное мен КазАтКом ауылдарындағы оқиғаларға байланысты Елбасы: "Қазақстандағы қазақтар — бұл елде тұратындардың бәрiне де жауап беретiн мемлекет құраушы ұлт. Бұл түсiнiктi ме? Бiздiң елiмiз — ортақ, дегенмен қазақтар этникалық тұрғыдан көпшiлiктi құрайтындықтан, олар үлкен жауапкершiлiкке ие. Бiз бiр-бiрiмiзге өте ұстамды болуымыз керек" — дедi. Сол сияқты бұл сауалды өрбiте түскен Елбасы: "Қалған этностар, әсiресе жер аударылғандар кезiнде қазақтардың оларды қонақжайлықпен қарсы алғанын ұмытпауы керек… Бұл орайда бiз Қазақстан мен қазақстандықтарға деген құрметтi күтуге қақылымыз" — деп, ойын түйiндедi. Сол сияқты бұл мәселеге "ұлтаралық рең" берген бұқаралық ақпарат құралдарына да ескерту жасады.

Iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу мәселесi де назардан тыс қалған жоқ. Елбасы қазақ тiлiнiң Конституция бойынша мемлекеттiк тiл екенiн баса айтып, iс-қағаздарының мемлекеттiк тiлде жүргiзiлу iсi 2010 жылға дейiн бiртiндеп жүргiзiлетiнiн мәлiмдедi. Нұрсұлтан Назарбаев: "Бiз мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндердiң ешқайсысын да кiнәламаймыз. Әрбiр азаматты бiздiң Конституция мен заңдарымыз қорғайды. Бiрақ, екiншi жағынан, мемлекеттiк тiл бiр ғана ұлттың тiлi болып қалмауы керек, оны бiлуге барлық қазақстандықтар ұмтылуы тиiс" — дедi.

Соңғы кездерi Абайдың ұлағатты сөздерiн бұрмалап, қазақ тiлiне қарсы пайдаланып жүрген дардай депутаттардың да төбесi көрiнiп жүр. Бұл орайда Елбасы Абайдың басқа сөзiн мысалға келтiрiп, барша қазақстандықтарды қазақ тiлiн бiлуге шақырды: "Ұлы Абай былай деген: егерде сен өзге халықтың тiлiн бiлсең, сен онымен теңдей дәрежеде боласың. Бұдан басқа не қосуға болады?". Шынымен-ақ, мемлекеттiк тiлдiң мәселесi соңғы кездерi жоғары мiнберлерден жақсы көтерiлiп келедi. Ендi сол жоғары мiнберден айтылған сөздер iс жүзiнде толыққанды жүзеге асса игi!

Елiмiзде көптен берi айтылып жүрген тағы бiр мәселе — Қазақстанда тұратын диаспора өкiлдерiн билiкке квота арқылы тарту iсi. Елбасы Қазақстанда тұратын бүкiл этностардың мүдделерiн ескеру қажеттiгiн де баса айтты. "Бiзде сынақтан өткен институт — Қазақстан халықтары ассамблеясы бар, ол Парламентте өз өкiлдерiн белгiлеуге қақылы болуы керек. Сондықтан комиссия Сенат пен Мәжiлiске квотаны ҚХА-ның өкiлдерiн жiберу есебiнен көбейту қажеттiгiн ұсынды. Бұл қалай жүзеге асады, оның механизмдерi де заңмен анықталатын болады" — деген мәлiмдеме жасады. Оның үстiне Елбасы саяси партиялардың да тiзiм жасауда елiмiздiң көпұлттылығын ескерiп отыруын әдiл деп отыр.

Қазiр Қазақстан Давос форумының мәлiметi бойынша, бәсекелестiкке қабiлеттi елдер iшiнде 61-шi орында екен. Журналистiң: "Нелiктен бiзге дамыған 50 елдiң емес, 20 елдiң қатарына енуге тырыспасқа?" — деген сауалына: "Алдымен, елулiкке жетiп алайық, кейiн, қырық, отыздық жайлы ойлаймыз" — деп жауап бердi.

Елбасы бұл сұхбатында да елiмiздiң стратегиялық мақсаттарын ойлайтынын аңғартты. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев: "Мен кезектi сайлау жайлы ойлай алмаймын, мен мемлекет пен халықтың алыс болашағы жайлы ойлауым керек" — дедi. Бiр жарым сағаттан аса уақытқа созылған сұхбат ойдағыдай өттi. Елбасы халқымызды мазалап жүрген барлық сауалдарға жауап берiп, басы ашық мәселелерге нүкте қойды.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА