Жаңалықтар

УКРАИНДАР ТАҒЫ ДА МАЙДАНҒА ШЫҚТЫ

ашық дереккөзі

УКРАИНДАР ТАҒЫ ДА МАЙДАНҒА ШЫҚТЫ

Қазақтың көнеден уәзипа болып жеткен аңыз-әфсаналары, ертегiлер мен батырлар жырларында көбiрек сақталған «майдан» сөзiнiң қазiргi адамдарға неғұрлым таныс екi мағынасы бар: 1) Палуандар күресетiн алаңқай, ұрыс, соғыс даласы; 2) Халық жиналып, алқақотан жайғасатын, әңгiме-дүкен құратын орын.

Бұл сөз, бәлкiм, желдей жүйрiк тұлпарларының сом тұяқтары Алтайдан Адриатикаға дейiн созылған жазираларды дүбiрлеткен ғұндардың алтын дәуiрiнен жеткен шығар бiзге, бәлкiм, ел басына күн туып, ер етiгiмен су кешкен тар заман, тайғақ кешуден, «Күлтөбенiң басында күнде жиын» кезеңнен қалған шығар. Әйтеуiр құлаққа сондай жақын, ұмытылмай қалған көне сөз. Бұл «майдан» iштей бiр жақындығымыз бар украиндарда бiзден де гөрi көбiрек сақталған. Оларға да мейлiнше етене жақын ұғым.

Сондықтан ба бостандық сүйгiш украиндар аса маңызды саяси мәселелердi талшын ағаштарымен даңқы жайылған Киевтiң майдандарында – алаңдар мен көшелерiнде жалпы халықтың қатысуымен шешуге үйiр. Мұның өзi ежелгi Киев Русiндегi Отанның тағдыры, княздарьмен қарым-қатынас, халық еркiндiгiне қатер төндiретiн жайттардың алдын-алуда халықтың көзқарасы қатты ескерiлетiн ескi замандарды ерiксiз қайта еске түсiредi.

Биыл да сәуiр айы бастала салысымен, қытымыр қыстың ызғары қайтып, асау да ерке Днепрдi құрсаған мұз кеткенi сол-ақ екен, Киевте украиндар тағы да майданға шықты.

Осыдан бiр жарым жыл бұрынғыдай, 2005 жылдың қоңыр күзiндегiдей көркем қаланың кең алаңдарын бiр-бiрiне қарама-қарсы пiкiрдегi екi топ жайлап алып отыр. Күн сайын бүкiл әлемнiң жетекшi ақпарат құралдары әзiрге бейбiт Киевтiң әлгi майдандарынан соңғы жаңалықтарды жер шарының түкпiр-түкпiрiне тоқтаусыз таратуда. Олардың хабарларына қарағанда, Украина кезектi рет қиын сынақтардың, ауыр таңдаулардың алдында тұр. Елдегi миллиондаған адамдар ақ ниеттi, асқақ, азаттық сүйгiш елдiң болашақ тағдырына қауiп төнуде, елдегi демократиялық жаңаруларға нұқсан келуде деп шынайы алаңдайтын сияқты. Әлгi алаңдарға шыққандардың екi жағы да өз iстерiнiң әдiл екенiне шүбәсiз сенедi.

Үстiрт қарағанда, Украинадағы кезектi саяси дағдарыс, осынау текетiреске ел президентi Виктор Ющенконың Жоғарғы Раданы таратып, кезектен тыс парламент сайлауын өткiзу және оны 27 мамырға белгiлеу туралы жарлығы себеп болғандай көрiнедi. Шын мәнiнде мәселе мүлдем олай емес, орын алып отырған саяси дағдарыстың астары мүлдем тереңде. Осындай жағдай кездейсоқ қалыптасқан жоқ.

Украина премьер-министрi Виктор Янукович президенттiң Жоғарғы Раданы мезгiлiнен бұрын тарату туралы Жарлығы Конституцияға қарсы деп мәлiмдедi және: «Елде Конституциялық құрылысқа қарсы қол көтерiлдi. Авторитарлық президент билiгiне қайтып оралу мақсатындағы ашық авантюралық сценарий жүзеге асырылуда», – деп қалыптасқан жағдайға өз бағасын бердi.

Бiр таңданарлығы, елдегi билiктi бiртiндеп уысына жинақтай бастаған Жоғарғы Раданың көктемде таратылатынын табанды саяси күрескер, оппозицияның беделдi серкесi Юлия Тимошенко осыдан екi-екi жарым ай бұрын болжаған болатын.

2005 жылдың қоңыр күзiндегi «қызғылт сары революция» күндерiн қайтадан еске түсiретiн болсақ, Виктор Януковичтiң премьер-министр болып тағайындалуына келiсiмiн берген президенттiң екi ұстанымын ұмытпаған жөн. Виктор Ющенко мырза Украинаның тұтастығы мен Тәуелсiздiгi және орыс тiлiнiң мемлекеттiк статус алу-алмау мәселесi ешқашан саяси, әсiресе сыртқы саясатта саудаға салынбайтынын қадап айтқан болатын.

Белгiлi бiр кезеңге дейiн бұл мәселелер талқылаудан тыс қалып келдi. Дегенмен, Ресей энерготасымалдаушы шикiзаттарының қымбаттауы мен Украинаның НАТО құрамына енуi күн тәртiбiне келгенде жағдай күрт өзгерiп шыға келдi. В.Янукович үкiметi әу баста өздерi берген уәделерiнен бiртiндеп бас тартып, жоғарыда айтылған өмiрлiк маңызды мәселелерге қол сұға бастады.

Украинада саяси толқулар болып тұруына мүдделi сыртқы саяси күштердi былай қойғанда, бұрын екi рет сотталған, тонаушылығы және денеге жарақат салғаны үшiн заңды жазасын өтеген Виктор Янукович Батыс елдерiнiң алдында соншалықты беделдi еместiгi бесенеден белгiлi. Оның үстiне ол Ресейдi iш тартады. Тiптi, ол елде осындай жағдай қалыптасып отырған алғашқы сәттерде-ақ, яғни 3 сәуiр күнi Ресей президентi Владимир Путинмен телефон арқылы тiкелей сөйлесiп, елдегi жағдай туралы хабардар еткен, сосын… Өзiне дем берушi, желеп-жебеушi Ресейдiң президентiнен қандай ақыл-кеңес алғаны құпия күйде қалып отыр. Ал Киев майданындағы жағдайларға Ресейдi алаңдататын себептер шаш-етектен. Қырым, әсiресе Севастополь, оған қоса Азов теңiзiне иелiк мәселесi күн өткен сайын үлкен мәнге ие бола түсуде. Севастопольға иелiк еткен ел бүкiл Қара теңiзге иелiк жасамақ, ал кейбiр деректерге қарағанда, Ресейдiң сыртқы саудаға шығарылар жүктерiнiң 70 пайызы Азов теңiзi арқылы тасымалданатын көрiнедi. Мұндай жағдайда ұлыдержавашыл пиғылдағы Ресейдiң iргелес Украинаның әрбiр қадамына мұқият назар аударып отыратыны және бұл елде өз ықпалын одан әрi өрiстетуге мүдделiлiгi айтпаса да түсiнiктi. Осының дәлелi ретiнде «митингтер соғысы» күннен күнге өрiстеп келе жатқанын анық аңғаруға болады. Осы дағдарыстың алғашқы күндерiнде Незалежности алаңына Ющенко-Тимошенконың 50 мың жақтастары шықса, ал Мариинск паркiнде Парламенттiң 40 мың қолдаушылары өз шатырларын тiктi. Ал Ресей ақпарат құралдарының ақпараттарына қарағанда, соңғы күндерi Киев алаңдарына шыққан адамдардың саны жүздеген мыңға жетiп отырса керек.

Осындай күштердiң текетiресi тұсында өздерiн Украинаның шынайы патриоттары санайтын «Пора» партиясының беделi мен ықпалы күннен күнге ұлғайып, халықты бiрiктiретiн ұйытқы күшке айналып келедi. Ресейлiктер радикалды санайтын «Пора» партиясы бұрқ-сарқ қайнап жатқан Украинаның саяси кеңiстiгiнде өздерiнiң сабырлылығы, ұстамдылығы, сонымен қоса, ұлтжандылықтарымен ерекшеленедi. Және олар қандай жағдайда да демократиялық өзгерiстер жағында қала бермекшi. «Пора» партиясының басшысы Владислав Каськив «Известия» газетiне берген түсiнiктемесiнде: «Мы расконсервировали нашу гвардию, которую отбирали еще в 2004 году. Это три тысячи проверенных активистов. Мы их выведем в центр Киева – в случае эскалации. Сейчас в городе действует тысяча наших представителей. Наша задача – обеспечение демократических выборов. До расстрела парламента не дойдет. Армия и внутренние войска в конфликт вовлечены не будут», – деп шешiмдi түрде кесiп айтты («Известия» газетi, 4 сәуiр, 2004 ж.).

Украина президентiнiң атышулы Жарлығының Конституцияға я сай, я сай еместiгi туралы Конституциялық Сот 11 сәуiрде өз шешiмiн шығаруға тиiс болатын. Дегенмен, бұл талқылау кейiнге, 17 сәуiрге қалдырылды. Мұның өзi украиндар майдандардағы талқылаулары мен пiкiрталастарын одан әрмен жалғастыра бередi деген сөз. Ал соңғы күндерi бұл елге Ресей Мемлекеттiк Думасының 20 депутаты шұғыл аттанғанын еске алсақ, Ресей бұл елде тыныштық орнай қоюына онша мүдделi емес-ау деген ой түюге болатын сияқты.

Жаңабек ШАҒАТАЙ