АҚПАРАТТЫҚ ДИВЕРСИЯНЫ ҚАЛАЙ ТОҚТАТАМЫЗ?
АҚПАРАТТЫҚ ДИВЕРСИЯНЫ ҚАЛАЙ ТОҚТАТАМЫЗ?
Мұхтар ШАХАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты
Мекен-жайымыз республикамыздың бас қаласы Астанадағы Ақордаға өте жақын орналасса да сенбi, жексенбi күндерi Парламенттегi газет-журнал сататын дүкен iстемегендiктен және оның өзiнен де iздеген басылымдарыңды табу мүмкiн болмағандықтан сағатқа жақын жол жүрiп, сонау орталық базардағы "Алты алаш" дүңгiршегiне қарай ағыламыз. Кейде өзiм құралыптас депутаттармен де, тiптi Президент аппаратында қызмет атқаратын жiгiттермен де сол маңда бас түйiстiрiп қаламыз. Жарты миллионнан астам халқы бар, кейбiр мекемелерде орналасқан, мемлекеттiк тiлде бiр-екi басылым ғана ұшырасатын дүңгiршектердi қоспағанда Астана қаласында қазақ тiлiндегi басылымдар 4-5-ақ жерде сатылады десек бiреу сенiп, бiреу сенбес.
Қазақ тiлiндегi баспасөздi шектеу мен қорлаудың бұған теңдес түрiн ойлап табу қиын да шығар. Iздеген басылымдарыңды қазiр негiзiнен тек осы "Алты алаш" дүңгiршегiнен ғана табасың. Оның өзiн де дүңгiршек иесiнiң өтiнiшiне сай сол кезгi қала басшысына арнайы хат жолдап мен аштырып едiм. Елiмiздiң жүрек қаласы боп есептелетiн және халқының 60 пайызға жуығы қазақ ұлтының өкiлдерi болғанымен мемлекеттiк тiлдегi басылымдардың осындай бейшара халге түсуiне не себеп? Кеше ұзақ күн бойына көмекшiм Пазылбек Абсаттарұлы екеуiмiз Астана қаласындағы 15-ке жуық дүкендер мен дүңгiршектердi араладық. Атап айтқанда "Жастар" мөлтек ауданындағы "Жастар", атышулы "Әлем", "Сұңқар" сауда үйлерiнде, т.б. дүңгiршектердi шолып шықтық. Барлығында да Ресейден келген сан түрлi басылымдар сiресiп тұр. Өзiмiз ерiнбей аралаған 15 сауда үйi мен дүңгiршектерде бiр де бiр қазақ басылымын кездестiре алмай жағамызды ұстадық. "Япырмай, бiз Қазақстанда ма, әлде Ресей Федерациясында жүрмiз бе?" деген сұрақ алдымызды кес-кестедi. Сорлы қазақ тiлiнiң өз республикасының бас қаласы Астанада осындай мүшкiл хал кешуiнiң түпкi себептерiне көз жiберiп көрелiк.
Қазақстанда мемлекеттiк тiлдегi баспасөз құралдарының жалпы саны 453 басылым ғана. Оның 392-сi газет, 61-i журнал. Ендi мына қызыққа қараңыздар. "Казпочта" акционерлiк қоғамы, "Казпресс" ЖШС (АиФ Казахстан), "Алма-медиа" баспа үйi ЖШС (Караван), "Евразия-пресс" ЖШС, "Эврика-пресс" ЖШС, "Бико" ЖШС, "Бурда-Алатау-пресс" ЖШС арқылы Қазақстанға Ресей Федерациясының 5248 газет-журналы тарайды екен. Бұған өз республикамызда орыс тiлiнде және орыс тiлi араласқан басқа тiлдерде шығатын 2303 басылымды қосыңыз. Ресейден келiп жатқан баспа өнiмдерiнiң Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде 2728-i ғана тiркелген. Өңгесiнiң елiмiзге қандай жолмен өтiп келiп жатқанын ешкiм дөп басып айта алмайды. Әрине бүгiнгi таңда жең ұшынан жалғасатын пәре атты пәленiң алмайтын қамалы жоқ екенi даусыз. Мәселен, кейбiр Ресей басылымдары Қазақстан заңдары мен кеден салығын және де өзге де салықтарды айналып өтудiң оңай жолын тауып алған. Олар өз материалдарын интернет арқылы тiкелей Қазақстан баспаханаларына жiберiп, сол арадан газет немесе журнал етiп бастыра бередi екен. Бiр ғана мысал келтiрейiн. Ресей Федерациясының баспасөз министрлiгiнде ғана тiркелген "Аргументы недели" газетi осындай қарақшылық жолмен ұзақ уақыт бойына Астанадағы "БМ", Алматыдағы "Дәуiр" баспаханаларында басылып келген.
Әрине, сонау Ресей қалаларында жарыққа шыққан баспасөз өнiмдерiнiң бәрi бiрдей iске алғысыз деп ешкiм айта алмас. Олардың iшiнде ғылыми таным-түйсiгi, ой-сана өрiсi жоғары республика халқына пайдалы газет-журналдар да аз емес. Бiрақ заңдылық тұрғысынан келетiн болсақ толып жатқан сұрақтар мойнын қылтитады. Қазақстан қалаларына орасан зор тиражбен тарап жатқан, жоғарыда айтқан 5248 ресейлiк басылымның тең жарымынан астамы бетiңнен отыңды шығаратын, ар-ұяттан, жұрдай, төсек қызықшылығын, қанiшерлiктi, адамды қорлаудың, зорлаудың түр-түрiн насихаттайтын баспасөз өнiмдерi бiзге соншама қажет пе? Мiне, қараңыздар, сiздерге көрсету үшiн бiрнешеуiн ала келдiм. Сұмдық емес пе? Бiзде жезөкшелiктi, зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салатын заң бар. Ендi бәрiңiз бiлесiздер, елiмiзде арақ-шарап өнiмдерiн жарнамалауға қарсы арнайы заң қабылданғанына да бiрнеше жыл болды. Ал мына Петербургта, орыс тiлiнде басылған "Плэйбой" журналының осы жылғы сәуiр айындағы санында "Русские победы. Байконур" деген үлкен тақырып қойып "Русский лед" арағын арнайы түрде Қазақстан халқына жарнамалап тұр. Бұдан өзге "Катюша", "Парламент", "Грантс", "Балантинес", "Водка Самураев", "Абсолют", "Арарат", "Царь водка", т.б. арақ-шарап өнiмдерi журналдың 13 бетiн түгел алып жатыр. Басылымда тiкелей Қазақстанға арналған беттер де бар. Қазақстан заңдарын көпе-көрiнеу күлкi-мазақ ететiн мұндай басылымдармен республикамыздың прокуратурасы арнайы шұғылдануы керек деп бiлемiн.
Елiмiзде ойда-жоқта бой көтерген осы үлкен проблеманы қорыта келе мынадай ойларға табан тiредiк. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдiң бейшара күйге түсуiнiң бiр себебi шетелдiк баспасөз диверсиясына жол берiп алғанымыз. Қазақстанның барлық қалаларындағы жағдай осындай. Мұны ақпараттық диверсия демеске хақымыз жоқ. Қазақ тiлiнде жарық көретiн "Айқын", "Түркiстан", "Ана тiлi", "Жас Қазақ", "Жас Алаш", "Қазақ әдебиетi", "Жұлдыз", "Жалын", "Жас қазақ үнi", "Алтын орда", т.б. басылымдарды айтпағанның өзiнде тiкелей Президент пен Үкiметтiң саясатын жүргiзетiн "Егемен Қазақстан" газетiн жоғарыда аттары аталған Астана қаласындағы сауда орындары мен дүңгiршектерiнен таба алмайтынымыздың түпкi себебiн түсiнген боларсыздар. Бұл әлде осы саладағы мемлекеттiк тiлге қарсы кейбiр космополит басшылардың арнайы ойластырған шаруасы ма?
Менiң ұсынысым: Алдағы Үкiмет сағатының бiрiне Астана қаласының әкiмi Асқар Мамин мырзаны және баспасөз тарату саласының басшыларын қатыстыра отырып Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаев мырзаның есебiн тыңдауға шақырамын. Мәселенiң өте күрделi екенiн аңғарған боларсыздар.
11 сәуiр 2007 ж.Астана, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң үйi