МЕКТЕПТЕГI НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ
МЕКТЕПТЕГI НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ
Халқымыз Ұлыстың ұлы күнi Наурыз мерекесiмен қайта қауышқанына да жиырма жылға таяп қалыпты. Ал Алматы қаласының Әуезов ауданына қарасты Таугүл-3 ықшамауданының ортасына орналасқан №175 "Жаңа ғасыр" мектеп-гимназиясы үшiн биылғы Наурыз тойы өз тарихындағы алғашқы ұлттық мереке болуымен де есте қаларлықтай болды.
Мұның өзiндiк себебi де бар. Өйткенi аталмыш оқу орны өткен жылдың 1 қыркүйегiнде салынып бiтiп, пайдалануға берiлген болатын. Қаланың бас жоспарына сәйкес әрi қала әкiмi И.Н.Тасмағамбетовтiң тiкелей қолдауымен салынған жаңа мектеп ғимаратының ашылу рәсiмiне Иманғали Нұрғалиұлының өзi қатысып, лентасын қиған едi.
Сонда да қуаныштарында шек болмаған ықшамаудан тұрғындары биылғы Наурыз тойын өткiзуде ерекше құлшыныс танытты. Мерекелiк қалыпқа енген мектептiң кең ауласы адамға лық толды. Ықшамаудан тұрғындары, ата-аналар мен оқушылар, ұстаздардың көңiл күйлерi ерекше көтерiңкi.
Наурыз мейрамының салтанатты жиынын мектеп директорының ғылым жөнiндегi орынбасары Салтанат Тельманқызы Исабаева ашты. Мектеп директоры Гауhар Бозжiгiтқызы құттықтау сөз сөйледi. Ол ықшам аудан жұртшылығын Ұлыстың ұлы күнiмен құттықтап, игi тiлектерiн бiлдiрумен қатар жұмысының жағдайы туралы баяндап бердi.
— Мектебiмiздiң "Жаңа ғасыр" деп аталуы жайдан-жай емес, — дедi ол өз сөзiнде. — Президентiмiз Н.Ә.Назарбаевтың: "Жаңа ғасыр адамы — денi сау, рухани бай адам" деген сөзi бiздiң тұғырнамалық бағдарламамыздың негiзiнде алынған. Ата-баба дәстүрiн ұлықтау, ұлттық тәрбие осы бағдарламаның басты буындарының бiрi. Бүгiнгi Наурыз мерекесi — соның бiр айғағы.
Айтса айтқандай, мектепте өткен Наурыз мейрамы театрландырылған ұлттық ойын-сауық кешенiмен басталып та кеттi. Одан кейiн ұлттық киiм киген мектеп оқушылары халық әндерiн тамылжыта шырқады. Ортаңғы алаңның оң қанатында бесiк тойы, тұсау кесер тойы, қыз ұзату, құда түсу рәсiмдерi бiрiнен кейiн бiрi жалғаса өтiп жатты. Осыдан соң асық ату, арқан тарту, палуандар күресi, қыз қуу, теңге iлу тәрiздi ұлттық спорт ойындары өз мәресiне жеттi.
Мереке арасындағы бiр үзiлiсте мектеп директорының орынбасары С.Т.Исабаеваны сөзге тарттық.
— Мектебiмiздiң атына заты сай болуы үшiн тер төгемiз, — дейдi ол кiсi.
Мектеп осы заман талабына сай үлгiмен салынған. Мыңнан аса шәкiрт бiлiм алуда. Оларға жүзге тарта ұстаз бiлiм мен тәрбие беруде. Мектебiмiзде мультимедиа кабинетi, интернет, локальдi жүйе, компьютер кабинеттерi бар. Мультимедиа кабиетiнде алгебра, физика, химия оқулықтары электронды оқулықтармен өткiзiледi.
"Бiлiм негiзi — бастауышта" дегендей, 1-сыныптардың ұзтаздары Айнұр Кәрiмқызы, Асылгүл Сламбекқызы, Рыскүл Пионерқызы секiлдi бастауыш сынып ұстаздары оқу-тәрбие жұмысының сапалық көрсеткiшi бойынша қала мектептерiнiң алдыңғы қатарында екенiн мақтанышпен айтады.
— Оқушылардың бiлiм алуға деген ынтасы мен ықыласы ерекше, — дейдi 1 "г" сыныбының жетекшiсi Асылгүл Сламбекқызы. — Талантты оқушыларымыз да көп. Жаңа ғасыр ұрпағын тәрбиелеп жатқаныма өзiмдi бақытты санаймын.
Наурыз мейрамының көңiлдi өтуiне ата-аналар да шын ықыласымен белсене қатысты. Сәния Жалмұқанқызы, Қаhар Сұлтанбаев, Серiкбол ақсақал, т.б. ата-аналар қуанышты лебiздерiн бiлдiрiп жатты.
— Осындай сәулеттi мектеп берген оқуға мүмкiндiк жасаған қала басшылығына, балаларымызға бiлiм мен тәрбие берiп жатқан ұзтаздарға алғысымыз мол, — дейдi ата-аналар атынан Әдiл Әбдiлдәұлы. — "Жаңа ғасыр" мектебi — Президент Жолдауында айтылған жақсылықтардың жарқын бiр көрiнiсi деп бiлемiз. Мектептiң iшi-сырты бiрiне-бiрi сай, тап-тұйнақтай, тап-таза. Оқушыларға ыстық тамақ күнделiктi берiледi. Асханамыз қала бойынша бас жүлденi жеңiп алды.
Мектептегi Наурыз мейрамы осылайша көңiлдi мерекеге ұласып, көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Мереке соңына қарай оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар қауымы мектеп айналасына ескерткiш ретiнде ағаш отырғызды.
Осының бәрi жаңа тұрпатты елiмiздiң ертеңгi сәулеттi болашағын елестетiп тұрғандай едi.
Дүйсебаева САМАЛАлматы қаласы,
Таугүл-3 ықшамауданы