Жаңалықтар

АЛТЫ АЙДА АДАМ ДА ӨЗГЕРЕДI

ашық дереккөзі

АЛТЫ АЙДА АДАМ ДА ӨЗГЕРЕДI

Жан мен рух егiз бе?

Қазақтың ойшылдарының бiрi Шәкәрiм «жан» туралы: «Мен жанды былай түсiнемiн: бiз дененiң түп негiзiн тексергендей жанның да түбiн тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негiзiн (сила вещества) қуатты дене дегендегi қуат – осы жан», – дейдi. Яғни, адамның жаны әуелден жеке өзi бар деген сөз. Дененiң өзгеруiне қарай ол да өзгерiп отырмайды. Керiсiнше алпыс триллион жасушалардан құралған денеге әмiрiн жүргiзiп, басқарады. Ол денеге кiргенде оған жан бiтiп, ол шыққанда барлық дене шiри бастайды. Ендеше басқарушы сол.

Ол бар деген сөз. Және бiр айғағым, адам денесiнде алты айда бiр рет барлық жасушалар өзгередi. Қанда бiр сәтте 10 мың эритроцит орнына жаңасы жаралады. Жылына екi рет өзгермек. Шәкәрiмнiң: «Дене әрқашан өзгерiп тұратын болғандықтан, жылдар, уақыттар өту себептi, бiржола өзге дене болып ауысады», – дегенi осы. Бiр ғұламаның «Дене деген – iшкен тамағың» деуi содан. Егер қоғам рухтың барлығын қабыл етпей, адамды тек материядан ғана құралған деп санаса, бүгiнгi құқық жүйесi iске аспай қалар едi. Өйткенi, қылмыс жасаған адам неге сотталуы керек? Қылмысты жасаған кешегi жасушалар ғой. Олар әлдеқашан өлiп, орнына күнәсiз жасушалар келген. Жасушалар алты айда ғана толық өзгередi деп бiрнеше жылға жазаласа, алты айдан кейiнгi жасушалардың қандай кiнәсi бар? Сондай-ақ, қырық жыл еңбек етiп, құрметтi демалысқа шыққан қарияның да бұл кезде зейнетақы алуға құқы жоқ болып шығады. Өйткенi, бұл еңбек бұрынғы денелерiнiң ақысы. Алайда кешегi атеист мемлекет құқығының өзi адамға бұлай қарамаған. Олардың өзi негiзгi адам рухы, ал дене сол рухтың киiмi ретiнде қабылдаған. Сондай-ақ, адам тек материядан тұрғанда ешкiмнiң ата-анасы да, туысы да болмас едi. Өйткенi, алты айдан кейiн ана да, бала да өзгерiп кетпек. Ендеше, бұлардың арасын байланыстырған материя емес, өзгермейтiн рухтар қатынасы. Егер адам материядан ғана тұрғанда мiнезi де бiрге өзгеру қажет едi. Алайда, олай емес. Сондай-ақ, ғылыми атаққа ие болғандардың да алты айдан кейiн оған лайық болмауы тиiс. Өйткенi, ол басқа адам. Бiрақ, қоғам бұлай баға бермейдi.

Адам адам болған соң өзi бар және өзiнiкi бар. Мысалы, бiр адамнан үстiне киген меншiктi киiмi мен дене мүшелерiн жеке-жеке «Кiмдiкi?» деп сұрасаңыз, барлығына «Менiкi» деп жауап қатады. Ал, сонда өзi қайда? Мiне, сол өзi «рухы». Хаким Абайдың да:

«Менi» мен «менiкiнiң» айрылғанын

«Өлдi» деп ат қойыпты өңкей бiлмес»,

деген осы. Осы жердегi «Менi» дегенi рух болса, «менiкi» – адамның денесi.

Рух «Әмiр әлемiнен» келген саналы болмыс. Ол материя әлемiне жатпайды. Әмiр әлемi материялық әлемнен тыс заңдардың үстемдiк еткен әлемi. Бұл әлемде материя емес мән-мағына рөл ойнайды. Бiз осы әлемдегi құбылыстарға қарап, сол әлемдi тануға тырысамыз. Мысалы, бiр дән осы әлеммен бiрге заңдар әлемiмен де тығыз қатынаста. Ол осы әлемде өседi. Оның өсуiне жетiлу заңы арқау болады. Бiрақ, осы заң көзге көрiнiп қолға ұсталмайды. Оның сырт көрiнiсiн бақылап, заңдар әлемiмен де тығыз қатынаста. Ол осы әлемде өседi. Оның өсуiне жетiлу заңы арқау болады. Бiрақ, осы заң көзге көрiнiп қолға ұсталмайды. Оның сырт көрiнiсiн бақылап, заңдар әлемiне қарай өскенiн аңғарамыз. Яғни «заңдар әлемiн» көрмесек те қабыл етемiз.

Өйткенi, материялық себептердiң мұндай нәтиже беруi мүмкiн емес. Сондай-ақ, тартылыс заңы бар. Бiз оны қабыл еткенмен, жалаң көзбен көрген емеспiз. Бiздiң көргенiмiз тек қана осы заңдардың материялық әлемге әсерi. Ендеше, ғаламзатта үстемдiк еткен руханиялық пен рух материяға жатпайды. Және де алғаш жаратылған материя емес, керiсiнше антиматерия. Алдымен нұр, рух және материяға пiшiн боларлық түрде жаратылған. Шәкәрiмнiң «Үш анығында» атомдар хақында әлем ғалымдарының пiкiрлерiн айта келiп: «Осы кезде бiлiмдiлер жоғарыда айтқан сексен шамалы негiздiң бәрiнiң негiзi бiр Нұр екен деп жүр дейдi. Олай болса, барлық әлемнiң түп негiзi нұр болғаны дейдi», – деп тұжырымдауы да осыған дөп келедi. Осы жерде аталмыш ғалымдардың хазiретi Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбардың «Аллаһ Тағала әуелi менiң нұрымды жаратты» деген ақиқатына жақындағанын еске сала кеткiм келедi.

Ендеше, адам рухы да бiр заң. Бiрақ басқа заңдардан ерекшелiгi өзге заңдарда сана жоқ болса, ал адам рухы сана, ақыл және түйсiк иесi. Хақ Тағала рухты «Күн» (Бол) әмiрiне тиесiлi әлемнен жiберген. Құранда: «Рух – Раббымның әмiрiнен» деп айтылады (Исра, 17/85).

Адамның рухының қандай екенiн ешкiм бiле алмайды. Бiрақ, жоққа да шығара алмайды. Дей тұрсақ та оның өзiне тән бiр пiшiнi бар. Осыны бiреулер «энергиялық дене» десе, бiреулер «дубле» деп те атайды. Бiз оны қазақшалап «жан» немесе «елес» деп атасақ болады. Қазiргi кезде «Кирлиан» яғни жоғары жиiлiкпен түсiрген суреттер арқылы энергия денесiнiң болатындығын анықтаған. Алайда, ол тiкелей рухтың суретi емес, рухқа кидiрiлген әлгi кiсiге тән сұйық дененiң көрiнiсi. Бұл дене тым нәзiк болумен қатар, эфирлi әрi ағатын сұйықтықтан тұрады. Яғни, бұл пiшiн дененiң егiзi болумен қатар, рухтың да пiшiнi мен көйлегi мiндетiн атқарады. Адам өлгенде рух дененi тастағанмен, осы пiшiндi тастамайды. Кейбiр адамдардың мүшелерi кесiлсе де осы пiшiнi мен елесi сақталып қалады. Жоғары жиiлiкпен түсiретiн фотоқұралдар арқылы қолы жоқ адамның рухани қол елесiн, жанын көрген. Осы елес барлық жан-жануарлар мен өсiмдiктерде де болады. Адамдағы осы «дубле» яки «елесi» кейде қажеттiлiк туғанда денеден шығып, алыс жақтарға кетiп, қайта денемен бiрiге алады. Бұл рух биiк адамдарда жиi болады. Бiрде Гете жауынды кеште досымен бiрге Веймарда қыдырып жүредi. Бiр уақытта кенеттен: «Айқын бiлмегенiмде мына адамды сол деп ант етер едiм», – деп айқай салады. Артынша қарқылдап күлiп жiберiп, – «Бiрақ мынау соның дәл өзi ғой. Досым Фредрих. Сен осында, Веймардасың ба? Бiрақ менiң жатар киiмiм және кебiсiмдi киiп алып мына көшеде нағып жүрсiң?», – дейдi. Гетенiң көрiп тұрғанын көре алмаған жанындағы досы жынданып кеттi ме деп ойлап, шошып кетедi. Гете қолын созып: «Әлгi Фредрих қайда кеттi? Құдай-ау! Досым, әлгi адам қайда, көрмедiң бе?» – деп айқайлайды. Досы одан сайын таңырқап үнсiз қалады. Ақын жан-жағына алаңдап: «Түсiнем. Бұл жәй елес қана. Бiрақ мұның мәнiсi не? Әлде досым кенеттен қайтыс болып, рухы келiп тұр ма?», – дейдi. Гете үйiне кiрiп, алдынан Фредрих шыға келгенде не iстерiн бiлмей аңтарылып тұрып қалды. Аздан соң: «Әлгi елес қайта көрiндi», – деп айқай салады. Досы жауап қатып: «Досым-ау! Адам өз жан досын осылай қарсы ала ма?» – дейдi. Гете есiн жиып: «Бұл жолы рухы емес, ет пен сүйектен жаралған болмыс»,– деп айқайлап бiр жылап, бiр күлiп досын құшақтайды. Мәселе былай болған. Фредрих Гетенiң үйiне үстi-басы су-су болып келiп, киiмiн шешiп, Гетенiң жатар киiмi мен кебiсiн киiп алып, креслоға жантайып, ұйықтап кетедi. Ол түсiнде Гетенi көредi. Гете оған: «Досым Фредрих. Сен осында, Веймардасың ба? Бiрақ менiң жатар киiмiм және кебiсiмдi киiп алып мына көшеде нағып жүрсiң?» – дейдi.

Ойшыл Шәкәрiм бұған қатысты мынадай мысал айтады: «Италияда дүние аралап жүрген бiр қатын айнаға қарап киiмiн түзеп тұрғанда, Парижде қалған 13 жасар жиенi айнада елестеп, «көрдiң бе, шеше, мен өлдiм» деген. Ол баланың шешесi әлгi әйелдiң сiңлiсi едi. Жақында жазған хатында ондай жаманат жоқ едi. Келесi хатта жазбаса да әйел шыдай алмай Парижге келсе, дәл айнадан көрген күнi жиенi өлген екен. Сiңлiсi қайғырар деп хат салмайды». Бұл жерде көрiнген оның «дублесi». Сондай-ақ, Ислам әлемiнде әулие, тақуа жандар да осы екiншi елесiмен көптеген жерде бола бiлген. Қаржысын бiр мұқтаж кедейге берiп, қажылыққа бара алмай қалған бiр мұсылманның да сол жылы қажылықта болғанын достары өзiне айтып келген уақиғалар да қазiргi заманда жиi кездесiп жатады. Яғни, қажылыққа өзi бармаса да елесi, жаны барған. Сондай-ақ, атам қазақтың «шыбын жаным шырқырап көзiме көрiнедi» деген сөздерiнде де үлкен мән жатыр…

Осының бәрi рухтың өзi емес, денеден шыққан елесi мен жаны ғана. Ал рухтың өзi қандай екендiгiн ешкiм бiлмейдi. Тiптi, оның денеде тұрақтайтын бiр орны да жоқ. Бiрақ, сол денеде үстемдiгiн әрқашан сездiредi. Күн сәулесi сынған айнаның бөлшектерiне түсiп шағылысып көрiнедi. Яғни, айна сынықтары күннен неғұрлым ұзақ болса, ол соғұрлым оларға олардан да жақын. Сол сияқты рух та барлық жасушалардың бәрiне бiрдей жақын. Сондай-ақ, рух дененiң барлық iс-әрекетiнен хабары бар. Денеде ешнәрсе одан жасырын қала алмайды. Адам оның өзiн көрмейдi. Бiрақ, әсерi арқылы бар екендiгiн растайды. Ендеше, рух та хақ Тағаланың барлығы мен бiрлiгiн паш еткен құпия тылсымдардың негiзi.

Мұхит ИСА, теология ғылымының докторы