Әлихан Қазақбайұлы ЖҮСIПОВ: «ЖҮРЕКТЕ БҮГIН СЫЗДАУ КӨП...»
Әлихан Қазақбайұлы ЖҮСIПОВ: «ЖҮРЕКТЕ БҮГIН СЫЗДАУ КӨП...»
Адам жанының инженерi дәрiгерлерде «Ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iзде» деген ұлағатты сөз бар. Иә, денi-бастың саулығына не жетсiн. Алайда қазiр кейбiр науқас түрлерi тым жасарып кеткен көрiнедi. Солардың бiрi – жүрек талмасы ауруы. Оны медицинада инфаркт деп атайды. Бұрын бұл ауруға алпыстан асып, жетпiске жеткендер ғана шалдығатын. Бүгiнде жиырманың үстiндегiлер де дәрiгерлерден көмек сұрайды екен.
Осы орайда жүрек қан тамыры ауруларының бiлгiрi, Алматыдағы Кардиология және iшкi құрылыс аурулары ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлихан Қазақбайұлы ЖҮСIПОВПЕН арнайы кездесiп, көптен көкейде жүрген сұрақтарымызды қойып, әңгiмемiздi жан-жақты өрбiттiк.
– Әлеке, жүрек қан тамырлары аурулары қалай пайда болады және оның түрлерi қандай?
– Жүрек қан тамырлары өте күрделi. Олардың ауруға шалдыққандары да әралуан. Негiзгiсi ишемиялық аурулар болып табылады. Бұл атеросклероз арқылы болатын науқас. Екiншiсi – қан қысымының көтерiлуiне байланысты. Оны мамандар кейде артериялық гипертония дейдi. Үшiншi түрiне жүрек етiнiң қабынуы, ырғағының бұзылуы, кенеттен бақилық болу жатады. Мiне, осы топтардың бәрi жүрек қан тамыры ауруына алып келедi.
– Дәрiгерлерден жүрек қан тамырлары аурулары жасарып кеттi дегендi жиi еститiн болдық.
– Өткен ғасырдың сексенiншi жылдары бұл ауру орта жастан асқан, жасы келген қарт кiсiлерде болатын. Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап мұны дәрiгерлер де, ғалымдар да жасарды деп жүр. Себебi инфаркт 19-20 жастағы азаматтардан да кездесiп отыр.
Жүрек қан тамырлары аурулары қалай пайда болады? Жүрек қан тамырының өзiнде болатын өзгерiстер немесе кенеттен адамның өзiне психологиялық әрi нервпсихологиялық салмақ түскен кезде адамның қан тамырларынан катехоламин заттары бөлiнедi де, қан тамырларын тарылтып жiбередi. Бұл жүрек инфарктiн жеделдетедi.
– Науқас жүрек инфарктiн қалай сезiнедi?
– Инфаркт кезiнде жүректiң тамырларына қанның аз баруынан етi жансызданғандай болады. Оттегi жетiспей, тыныс алуы қиындайды. Оның үстiне артериялық гипертония, қан қысымының көтерiлуi де тiптен жасарып кеттi. Мұның да жүрек инфарктiнiң болуына тiкелей қатысы бар. Оның бiрқатар себептерiнен мысал келтiрейiн.
Қан қысымының көтерiлуiне, бүйрек аурулары да тiкелей әсер етедi. Оны медицинада пиелонефрит және гломерулонефрит деп атайды. Iш бездерiнiң ауруы, атап айтқанда қалқан және ұйқы бездерiнiң дұрыс жұмыс iстемеулерi де қан қысымының көтерiлiп кетуiне ықпал етедi. Егер жүрек қан тамырлары қалыпты жағдайда болса, онда бұларды таза гипертонияға жатқызамыз. Қазiр жүректiң қабынуы, оның ырғағының бұзылуы жастарда да етек алған. Ал осылардың ең басты себебi неде? Бiзде қатерлi факторлар деген түсiнiк бар. Бұлар әсер ете алатын және әсер ете алмайтын факторларға бөлiнедi. Әсер ете алмайтын факторларға әйел немесе ерлер тұқым қуалаушылық жатады.
– Әсер ете алатын факторларға не жатады?
– Оған темекi шегу, алкаголдi iшiмдiктерге әуестену, дене қимылдарын азайту, салмақтың шамадан тыс көбеюi жатады. Бұларды медицинада гиподинамия және гипокинез деймiз. Сондай-ақ қанның құрамында холестериннiң көбеюiн, қанттың көбеюiн де әсер етуге болатын факторлар қатарына жатқызамыз. Бұл факторлардың алдын алған жөн. Басқасын былай қойып, темекi шегудi алайықшы. Қазiр батыстағы өркениеттi елдер темекi шегудi шегерудi саналы түрде қолға алды. Өткен жылдың басында Франция үкiметi темекiнi арнаулы орындарда шекпеген азаматтарына 69 еуро айып салынатыны туралы жарлық шығарды. Нәтижесi ойдағыдай. Ал бiзде ше? Тап сондай салық салу көрсетiлмесе де осыдан үш-төрт жыл бұрын үкiметтiң қаулысы ақпарат құралдарында жарияланды ғой. Соны саналы түрде орындап жатқан кiм бар? «Жаман айтпай жақсы жоқ». Емдеу орындарының қызметкерлерi де кез келген жерде аузы мен мұрнынан көк түтiндi бұрқыратып жатқанын несiне жасырамыз. Науқастарға, қала бердi былайғы жұртқа, үлгi көрсететiн солар емес пе. Мiне, бiздегi немқұрайдылық. Үкiмет қанша қаулы қабылдап, тәртiптi қанша қатайтса да, әр азамат өзiнiң денсаулығына жауапкершiлiкпен қарамаса, әлгi әсер ете алатын факторларға тежеу салмаса, ешуақытта да денсаулығымызды жақсарта алмаймыз.
– Сонда қан қысымының көтерiлуi жүрекке күш түрсiретiн болды ғой.
– Әуелi қан қысымының көтерiлу себептерiне көңiл қояйық. Ол неге көтерiледi? Оған не әсер етедi? Қан қысымының көтерiлуi жүректiң қатты соғуынан болады. Ал жүректiң қатты соғуы неге байланысты? Мұны физиологиялық жағдайлардан байқаймыз. Егер қатты жүрсеңiз, қатты ашулансаңыз, қатты ренжiсеңiз қан тамырларынан жоғарыда мен айтқан заттар бөлiнедi де жүректiң жұмысын тездетедi. Содан қанның көлемi ұлғаяды. Жүрекке күш түседi. Бұл – бiрiншi себебi. Екiншi себебi, физиканың қарапайым заңына байланысты. Адамның қан тамырлары шойыннан жасалған түтiктер емес. Сондықтан құбылған ауа-райы, көңiл-күй ауандары әсерiнен өзгерiстерге түсiп тұрады. Күн қалыпты жағдайдан күрт ысып кетсе, қан тамырлары тасынып, жүрек соғуын жиiлетедi. Сол кезде айналымын үдете келген қанды жүрек айдап үлгере алмай қалады. Қан тамырлары тарылып, қысымы көтерiледi. Оны бiз гемодинамикалық факторлар деймiз. Бұның жастарда көп болатын себебi олардың эмоциональдық қабiлеттерi әлдеқайда жоғары. Олар көп жағдайда ашуланшақ келедi. Қысқасы, сабырсыздық, қызу қанды қызбалық мiнез-құлықтар жүрек жұмысын қиындатары анық. Адамның жасы ұлғайып, қарттыққа бой алдырған сайын қан тамырларына холестерин секiлдiлер отырып, қалыпты ағынына едәуiр нұқсан келтiредi. Мынандай табиғат көрiнiсiн көз алдымызға келтiрейiкшi. Жаңа қазылған арықтан су жылдам ақпай ма. Уақыт өте келе арықтың табаны мен қапталдарына шөп-шаламдар шығып, су ағысын бәсеңдетiп тастайды ғой. Мiне, қарт кiсiлердiң қан тамырларында да сондай өзгерiстер жиi кездеседi.
– Инфаркт қалай басталады?
– Жүрек мықты еттен тұратын өте күштi орган. Оны атом электр стансасымен салыстыруға болады. Өйткенi, адам бұл пәниге келiп, анау бақилыққа аттанғанша үздiксiз, тынымсыз жұмыс iстейдi. Оның үстiне өте сезiмтал. Солай бола тұра жүрек етiнiң талшықтары өте нәзiк әрi тығыз. Жүректiң тәж (коронарный) деп аталатын қан тамырлары бар. Сол тамырлар қалың еттiң ортасында. Нәзiк әрi сезiмтал. Инфаркт жаңағы атеросклероздың iшiнен өтетiн қанның мөлшерi азаюынан басталады. Сол кезде адам ауыр зат көтерсе, не ашу-ызадан күйiп-жанса, не бiрден қатты жүгiрсе, жүрекке баратын оттегi азайып, тепе-теңдiгi бұзылады. Содан адам инфарктке ұшырайды. Ондай жағдайда жүрек етiнiң белгiлi бiр көлемi өлiге айналады да сол жерде биохимиялық өзгерiстер орын алады. Ол қанға сiңедi. Содан соң жүрек қабынады. Бұл ұзаққа созылады. Қан айналымы бұзылады. Әртүрлi аллергиялық нышандардың болуы мүмкiн.
– Өткен жылы сiз басқарған осы орталықта қанша науқас жандар емделдi? Алдыңғы жылмен салыстырғанда айырмасы қандай?
– Бiздiң Кардиология және iшкi құрылыс аурулары ғылыми-зерттеу институты жүрек қан тамырлары науқасына шалдыққандарға жоғары мамандандырылған көмек көрсетуде. Республиканың барлық облыстарында ауруы дұрыс анықталмаған әрi сондағы дәрiгерлердiң емдерi әсер етпеген сырқаттар келедi. Бiз мұнда жүз түрлi ауруды емдеп, жәрдем көрсетемiз. Тiптен кардиологиядан бөлек эндокринология, иммунология, аллергология тағы басқа да ауру түрлерiн жүйелi түрде емдеудi қолға алғанымыз қашан. Өйткенi адам организмi бiртұтас, бiр-бiрiмен байланысты. Сондықтан жүйелi түрде емдеу қажет.
Республикада бiз секiлдi жоғары мамандандырылған көмек көрсететiн орталық екеу-ақ. Оның екiншiсi Астанада. Бiзден кейiн құрылса да бiлiктi мамандармен қамтамасыз етiлiп, жақсы жетiлдiрiлген медициналық аппараттармен жабдықталған. Сол орталық бiздiң жүгiмiздi едәуiр жеңiлдетiп, емдеу сапасының бұрынғыдан да жақсаруына мүмкiндiктер туғызды. Орталық пайдалануға берiлгенше бiз жыл сайын 5,5 мың науқасты емдейтiнбiз. Елiмiзде экономиканың көтерiлуiне байланысты емдеу тәртiбi де өзгердi.
– Оны қалай түсiнуге болады?
– Қазiр квота деген бар. Бұл үкiметтiң әр науқасқа бюджеттен бөлетiн қаржылай көмегi. Барлық облыс орталықтарында оларға шамамен 10 мыңнан 30 мың теңгеге дейiн арнайы медициналық жәрдем көрсетiледi. Ал бiздiң орталықта емдеу бағасы 60 мың теңгеге жетедi.
– Қомақты қаржы. Дегенмен сiз басқарған орталық жыл сайын квотамен қанша науқасты емдейдi?
– Әзiрге мемлекет жыл сайын 2880 науқасқа квота беруде. Бiз мұны толығымен игерiп жүрмiз.
– Мұнда тек квотамен келгендердi емдейсiздер ме?
– Жоқ. Өз қаражатымен келгендерге де көмек көрсетемiз. Бұл төсектiк орынның босауына байланысты. Сондықтан да олар кезектiк тiзiмге тiркеледi.
– Науқастарға ем қолдану тәсiлдерi барлық елдерде бiрдей шығар.
– Емдеу тәсiлдерi қазiргi халықаралық стандартқа сай болуы керек. Ондай стандартты Еуропа мен Американың кардиологтар ассоциациялары ұсынады. Өйткенi олардағы дәрiгерлiк ғылыми орталықтар өте жоғары дамыған. Алайда бiз олардың емдеу тәсiлдерiн өзiмiздiң науқастарға сол қалпында пайдаланбаймыз. Жоғары мамандандырылған емдеу стандартын бiз солармен салыстыра отырып өзiмiз құрастырамыз. Кейде ауруы асқынып кеткен жандарды емдеудiң тиiмдi жолдарын қарастыруда, ең жоғары сатыдағы күрделi тексеру-анықтаудан өткiзуге тура келедi. Соған орай аса бағалы дәрi-дәрмектер қолданылады. Ондайда әлгi квота бойынша бөлiнген қаражаттың өзi жетiңкiремей жатады.
– Өз қаражатына емделетiндерге төсектiк орын мәселесi жылдың қай мезгiлi оңтайлы?
– Жазға дейiн бұл мәселенi шешу едәуiр қиындықтар туғызады.
– Жүрек ауруының жасарып кеткенi қауiптi, әрине. Демек бұл науқастың бұрынғыдан да көбейгенi ғой. Оның үстiне сiздерге берiлген квота да шектеулi. Сондықтан елдегi барлық науқастарды емдеуге мүмкiндiктерiңiз жоқ. Жалпы республикада осы мәселе қалай шешiлуде?
– Қазiр кардиологиялық орталық пен кардиологиялық диспансер республикада үш-ақ жерде бар. Оралда – Батыс Қазақстан, Шымкентте – Оңтүстiк Қазақстан және Талдықорғанда Алматы облысының аймақтық кардиология орталықтары жұмыс iстейдi. Осындай орталықтар барлық облыстардан ашылса қанеки. Қаражаттың тапшылығы әзiрге оған қол жеткiзбей тұр. Келешекте, экономикамыздың қарыштап дамуына орай бұл мақсат та жүзеге асады деген ойдамын. Дегенмен үкiмет шама жететiн мүмкiндiктердi жасап, шаралар қолдануда. Барлық облыс орталықтарында кардиологиялық бөлiмдер бар. Емханаларда кардиологияның бiлiктi мамандары науқастарды қабылдауда. Кардиологиялық жедел жәрдем көрсету бригадалары да ұйымдастырылған. Бүгiнде ондай бригадаларды тек облыс орталықтарынан ғана емес, республиканың бiрқатар iрi-iрi қалаларынан да кездестiруге болады. Кейбiр қалаларда кардиологиялық жедел емдеу бригадалары да науқастарға қызмет көрсетуде.
– Әлгiнде жоғары мамандандырылған емдеу стандартын өзiмiз жасаймыз деген едiңiз. Ендi осыған нақты тоқталып, ашып айтсаңыз. Яғни сiздер ғылыми-зерттеу орталығы ретiнде емдеудiң қандай өзiндiк жаңа тәсiлдерiн қолданып жатырсыздар?
– Республикадағы әр кардиологиялық орталықтың ғылыми бағдарламасы, мемлекеттен алған ғылыми тапсырысы бар. Ондай тапсырысты олар тендер арқылы ұтып алады. Ал бiзге берiлген тапсырыс жүрек инфарктiн диагностикалық тұрғыдан жедел анықтау. Мұндай анықтау әлемдiк кардиология ғылымында жаңалық емес. Мысалға Германияның тестiлеу тәсiлiн алайықшы. Ондағы ғалымдар адамның бiр-ақ тамшы қанынан инфаркт ауруын анықтауды осы тестiлеу арқылы ойлап тапқан. Оның диагностикалық дәлдiгi, яғни нәтижесi 99-100 пайыз екен. Бұл тестiлеу тәсiлiн қазiр тек бiздiң орталық қана тәжiрибеден өткiзiп жатыр.
– Сол тестiлеудiң өз аппарат қондырғысы бар шығар.
– Жоқ. Ол былайғы көзге жәй ғана қағаз секiлдi. Дәрiгер сол қағаздағы кептiрiлген реактивке бiр тамшы қанды тамызады да өзгерiске түскен биохимиялық процестердi қадағалайды. Инфаркт ауруына шалдыққандардың қан құрамындағы өзгерiстер бiзге бұрыннан-ақ белгiлi ғой. Соны биохимиялық тестiлеудiң көрсеткiштерiмен салыстырса жетiп жатыр. Бұл тәсiл әрi тездiгiмен, әрi бiзге уақытты тиiмдi пайдалануға мүмкiндiктер тұғызуымен құнды.
Ұлттық Ғылым академиясының академигi Мұрат Ғылманов жиырма бес жыл iзденiп жүрiп, мицелярлық клетка тәсiлiн ойлап тапқан. Сол клеткаға сұйық нитерлит дәрiсiн не ауру түрiне қарай басқа дәрiлер отырғызылады. Сонда дәрiлердiң қуаты да артады. Науқасқа соны қолданған кезде ол адам органдарын аралап жүрiп, ауруға шалдыққан жердi дәл табады да оған өзiнiң оң әсерiн жасайды. Содан емдеу процестерi жүре бастайды. Басқалар Ғылмановтың осы ғылыми жаңа тәсiлiн енгiзуге тосырқап, тартынып жүргенде бiз тәуекел жасап отырмыз. Бiз тәжiрибенi ең алдымен жануарларға жасадық. Содан соң фармкомитетiнiң рұхсатымен ерiктi денi сау өз дәрiгерлерiмiзге қолдандық. Жаңа тәсiлдiң адам организмiне пайдасынан басқа зияны жоқтығына әбден көзiмiз жеткен соң, науқастарға қолданып, тәжiрибе-сынақтан өткiзiп жатырмыз. Алдағы уақытта оны бiз дәрi ретiнде шығаруды ойымызда көздеп отырмыз. Осы емдеу тәсiлiн тағы да жетiлдiре түсуде Маншарипова жетекшiлiк еткен ғылыми топ едәуiр табыстарға қол жеткiзiп келедi. Олар Америкадағы әр түрлi конгрестерге шақырылып, ғылыми баяндамалар жасап жүр. Сондай-ақ бiздiң бiр аспирантымыздың осы сала бойынша iзденiс нәтижесiне Американың Сан-Франциско қаласында өткен конгресте бiрнеше фармацевтiк фирмалар қызығушылықтарын бiлдiрiп, өзара тиiмдi келiсiм-шартқа отыруға ұсыныс жасаған.
Тағы бiр айта кететiн жай ауруды түтiктiк клетка арқылы емдеу тәсiлi. Мұны қазiр жануарларға ғана қолданып жатқан жайымыз бар. Келешекте түтiктiк клетка емдеу тәсiлiмен барлық ауруларды жазуға болады деген пiкiрлер де айтылып жүр. Оның қаншалықты шындыққа жақындығын, қаншалықты жүзеге асатындығын уақыт көрсете жатар. Ал бiз Сызғанов атындағы хирургиялық орталықпен, Айтхожин атындағы медико-биологиялық институтпен және Қордайдағы биологиялық-экспериментальдық институтпен бiрiгiп, түтiктiк клеткамен нақты жүрек ауруын емдеудi жөн көрiп отырмыз.
– Соңғы жылдары институт қандай диагностикалық анықтау, емдеу аппараттарымен жабдықталды?
– Қаржы мәселесiнiң шешiлуiне байланысты бiздiң институтқа соңғы төрт жылда жан-жақты жетiлдiрiлген шетелдiк медициналық аппараттар әкелiндi. Бәрiнiң де бағасы жоғары. Дегенмен адам денсаулығы одан да қымбат қой. Солардың бiрi Американың ультрадыбыстық аппараты. Экранынан жүректi алақаныңызға салғандай анық көрсетедi. Сондай-ақ жүректегi жүйкенiң тозу әсерiнен пайда болатын жолдарды лазермен емдеп, тiптен кесiп тастайтын аппаратты да мамандарымыз ойдағыдай пайдалануда. Биыл ғана коронография жасайтын ангиографиялық аппарат алдырдық. Аппарат жүрек қан тамырларындағы өзгерiстердi экранынан анық көрсетiп, ауру түрiн анықтауда көп көмегiн тигiзуде. Бұрын жүрек қанының ұйып қалған жерлерiн немесе тарылып кеткен тұстарын анықтау едәуiр қиындықтар туғызатын.
– Сiз шетелдердегi ғылыми конференцияларға, симпозиумдарға қатысып тұрасыз. Жыл сайын сондай алқалы жиындарда жүрек қан тамыры ауруларын емдеудiң жаңа тәсiлдерi айтылып жатады ма?
– Мен Еуропаның барлық елдерiнде болған сондай жиындарға қатысып жүрмiн. Қазақстанның кардиологтар қоғамы ТМД елдерiнiң және түркi тiлдес елдер кардиологтары қоғамдарының мүшесi. Осы елдер кезектесiп өздерiнiң құрылтайларын өткiзiп тұрады. Ал Еуропаның қоғамы жыл сайын, көбiне қыркүйек айында үлкен бiр қалаларында конгресс өткiзедi. Онда сол кезеңде жүрек қан тамырлары ауруының қайсысы күрделi болса, сол мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қояды. Сондай күрделi аурудан ең кемiнде он мың адамды емдеген елдердiң өкiлдерi өз тәжiрибелерiн ортаға салады. Нәтижелерiне қарап оны бiз дәлелдемелi медицина деймiз. Олардың ауруға дәрi-дәрмек қолдануы, емдеу тәсiлi бiздiкiмен бiрдей. Айырмашылық жоқтың қасы. Емдеу хаттамасы оларда қандай болса, бiзде де сондай. Тек дәрi-дәрмек атаулары бөлек. Себебi әр дәрi әр елде әрқалай фирмаларда шығарылады ғой. Бiрақ бәрiнiң негiзi бiр. Ал медициналық аппараттармен жабдықтау мәселесiне келетiн болсақ, айырмашылықтар бар. Бiзде және көптеген дамушы елдерде жүрек қан тамырлары ауруына операция жасау үшiн әуелi көкiрек тұсты ажыратады. Мұндай операцияны Америка мен Жапонияда көкiректi ашпай лазермен емдеу тәсiлiмен атқарады. Ондай аппаратқа әзiрге бiздiң қолымыз жете қойған жоқ.
– Институтқа мамандарды қалай iрiктеп, қалай дайындайсыздар?
– Кардиологиялық ғылыми орталық болғандықтан өзiмiздiң кафедрамыз бар. Кафедраның жұмысы жақсы жолға қойылған. Онда дәрiс беретiн де институттың ғылым докторлары мен профессорлары. Мамандарды таңдап, талғап алатынымыз рас. Көп жағдайда iс-тәжiрибесi мол жандарды, сондай-ақ шын талантты жастарды қызметке тартамыз. Өйткенi талап күштi. Олар дәрiгерлiк бiлiм-бiлiктiлiгiнен басқа компьютермен жұмыс iстей бiлулерi керек. Шет тiлiн игерген, интернет материалдарына жүйрiк дәрiгерлерге әрқашанда есiгiмiз ашық.
– Шетел мамандарын шақырып, тәжiрибе алмасып тұрасыздар ма? Жалпы институт мамандары басқа озық елдерде бiлiм-бiлiктiлiгiн жетiлдiре ме?
– Осы уақытқа дейiн бiзге шетел мамандарын шақырудың аса қажеттiлiгi бола қойған жоқ. Өйткенi дәрiмен емдеу тәсiлдерiмiз барлығымызда бiрдей. Ал ендi қазiр кардиохирургиялық тәсiлдердi енгiзе бастағаннан берi, бiзге шетел мамандарын шақыру қажетi туып отыр. Осы орайда Қытайдың Шыңжан автономиялық ауданындағы және Түркияның атақты кардиологтарымен келiсiм жасастық. Оның үстiне Денсаулық сақтау министрлiгiнiң арнайы бағдарламасы бар. Сол бағдарламамен екi жүзге жуық дәрiгерлер кардиохирургия маманы ретiнде алыс-жақын шетелдерде дайындалуда. Бiздiң үш дәрiгерiмiз «Болашақ» бағдарламасымен де Ресейде оқып жатыр. Ал бiр дәрiгерiмiз Германияда бiлiмiн жетiлдiруде.
– Орталықтағы мамандардың ғылыми дәрежесi қандай?
– Институтта 8 ғылым докторы, 30-ға жуық ғылым кандидаттары бар. Жалпы олар қызметкерлердiң 80 пайызын құрайды. Оның үстiне өзiмiздiң Ғылыми кеңесiмiз жұмыс iстейдi.Кеңесте кардиология және эндокринология бойынша докторлық диссертация қорғалады. Ай сайын екi кандидат немесе бiр докторлық ғылыми жұмыстар талқыға түсiп, лайықтылары сол атақтарға ұсынылуда.
– Халықтық емдеу тәсiлдерiн пайдаланасыздар ма? Түрлi шөптермен емдейтiн емшiлерге көзқарастарыңыз қалай?
– Бiз кардиологияда негiзгi ғылыми орталық болғандықтан дүниежүзiне тән еуропалық бiлiмге лайықталған нақты медицинамен айналысамыз. Халықтық емдi оны қолданып жүргендердi де жоққа шығарудан аулақпыз. Оларға бiз бiрiгiп жұмыс iстеудi ұсынып та көрдiк. Жасаған емдерiн ғылыми тұрғыдан талдап берейiк десек көнбейдi. Бiр келiсiмге келе алмасақ амал нешiк.
– Қытай мен Түркияда жүрек ауруларын емдеу тәсiлi айтарлықтай жоғары дамығаны белгiлi. Ал бiз емдеудiң қай түрiн игере алмай, олардан кейiндеп қалдық?
– Аталмыш екi елде кардиология мен кардиохирургия әу бастан-ақ бiрдей қолға алынған. Бiзде кардиологиялық орталық ашылды да кардиохирургияға аса көңiл бөлiнбедi. Ендi кардиохирургия мамандарын көптеп дайындау соңғы екi жылдан берi сөз болып, қозғау салынуда. Кардиология саласы бойынша дәрiмен емдеуде iс-тәжiрибемiз мол. Өзге дамыған елдермен қатар келемiз. Ал кардиохирургиядан едәуiр қалып қойдық. Бұл бiзде кардиохирургия мүлдем жоқ деген сөз емес. Бар. Алматыдағы Сызғанов атындағы кардиохирургиялық орталық ашылғалы берi қаншама науқастарға күрделi операциялар жасалынды. Түгел болмаса да сәттi шыққандары аз емес. Бiрақ бұл кардиохирургиялық орталық республиканың 15 миллион халықына жеткiлiксiз. Түркияда ше, 250 мың адам тұратын қалаларының бәрiнде кардиохирургиялық орталық бар. «Көш жүре түзеледi» демей ме халқымыз. Бiз де сондай жағдайға жетермiз әлi.
– Америка, Англия секiлдi дамыған елдерде науқастардың жүректерi ауыстырылып жатыр. Жуырда Ресей кардиохирургия орталығының профессоры Валерий Шумаков жетекшiлiк еткен топтың да кезектi жүрек ауыстыру операциясын сәттi өткiзгенi туралы «ОРТ» телеарнасы хабар таратты. Сол әлемдiк тәжiрибеде жүректерi ауыстырылған жандар қанша жыл өмiр сүруде?
– Соңғы мәлiметтерге қарағанда дүние жүзiнде үш мыңнан астам науқас адам жүрек ауыстырған. Олардың iшiнде 15 жылдай өмiр сүргендер аз емес. Ресейде де соншалық жасағандар бар. Бұл жүректi медициналық жолмен ауыстыруға болатынына көздi анық жеткiзiп отыр. Ғылым мүмкiндiгi шексiз.Жалпы қазiр ауыстырылмайтын адам органы жоқ. Жыл өткен сайын ғалымдардың iзденiстерi дамып, iс-тәжiрибелерi де артып келедi. Әлi-ақ жүрегi ауыстырылған науқастардың одан да көбiрек өмiр сүруi үшiн тиiмдi емдеу жолдары табылар.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ