Жаңалықтар

АСТАНА МӘСКЕУ ЫҚПАЛЫНАН ШЫҒА БАСТАДЫ МА?..

ашық дереккөзі

АСТАНА МӘСКЕУ ЫҚПАЛЫНАН ШЫҒА БАСТАДЫ МА?..

«Шықсақ – төбемiз бiр болсын, Жатсақ – көрiмiз бiр болсын» демегенмен, Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тығыз экономикалық қарым-қатынастың, саяси түсiнiстiктiң сырт көрiнiсi көзге үйреншiктi болғаны соншалықты, мұндай мәңгiлiк татулық, қоян-қолтық стратегиялық әрiптестiкке ешқашан көлеңке түспейтiндей көрiнетiн. Екi ел басшылары кездесулерiнiң жиiлiгi мен жалпы санына ғана назар аударып әдеттенген сұңғыла саясаткерлер мен сарапшылар екi мемлекет арасындағы байланыстардың қызуы бәсеңдей түскенiне соңғы жылдары назар аударуды ойға алмайтын. Әрине, оны аңғара қоюдың өзi оңай шаруа емес. Мәселен,өткен жылы Қазақстан мен Ресей Президенттерi он рет кездестi. Қазақстанда өндiрiлген 50 миллион тонна қара алтынның 43 миллион тоннасы Ресей территориясы арқылы тасымалданса, 24 млрд. текше метр газ сыртқа шығарылды. Статистика агенттiгiнiң мәлiметтерiне қарағанда, Қазақстанда ресейлiктермен бiрлескен 3,5 мың шағын кәсiпорындар өз жұмысын жемiстi жүргiзуде. Мұндай жағдай бұдан былай да жалғаса беретiн сияқты көрiнедi.

Қазақстан Президентi Н.Назарбаев наурыз айының соңғы күндерiндегi Ресейге ресми сапарында Кремльге таяу маңдағы соңғы заманғы қонақ үй, қазақстандық қаржыға тұрғызылған The Rits-Carlton Moscow-ға бас сұғуының өзi көршi елдер арасындағы жағдайдың түбегейлi өзгере бастағанын байқатты. Сонымен қатар таяуда Қазақстан кәсiпкерлерi Ресей астанасының ортасында сауда-сауық құру орталығының құрылысына қатысатындарын мәлiмдеуi және бiрқатар отандық банктер солтүстiк көршi ел жерiнде өз филиалдарын аша бастауы екi ел арасындағы қатынастардағы жаңа сипат деп бағалануда.

Мұның бәрi мұзтаудың көзге көрiнетiн жағы ғана. Сарапшылардың сөзiне сенсек, соңғы кездерi Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси, экономикалық байланыстардың арқауы әлсiрей бастағаны байқалған. Мәскеу осыған дейiн өзiнiң ең сенiмдi саяси әрiптесi ретiнде санап келген Қазақстанның көп векторлы саясат ұстануына, әсiресе, экономикалық тұрғыдан жан-жақтылықты қамтамасыз етуге талпынысына алаңдаушылық бiлдiре бастаған iспеттi. Ресейдiң «Коммерсантъ» газетi: «Ресейдiң Қазақстанға қысым жасау тетiктерiнiң азая түсуi Кремльдiң алаңдаушылығын туғызуда», – деп жазуы да сондықтан.

Сондай-ақ журналистер Кремльдегi кездесу биылғы жылғы алғашқы жоғары мәртебелi ресми сапар екенiн және Ресей президентi В.Путиннiң әдеттегiден гөрi алаңдаушылығы, беймазалығы басым болғанын байқаған.

Мұның астарында қандай құпия жатыр?

Кремльдi аса алаңдатып отырған жағдай, соңғы уақытта Астана сыртқы саясатында Батысқа көбiрек сенiм бiлдiрiп, әсiресе, энерготасымалдаушы шикiзаттарды тасымалдаудың жаңа перспективалы бағытына иек арта бастағандығы. Ресей билiгiнiң ойынша, Қазақстан бұл мәселеде өздерiне тиiмсiз бiрнеше күтпеген қадамдар жасаған. Өткен жылдың маусым айында Қазақстан көп жылдардан берi ұзын-сонар әңгiме болып келе жатқан Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына қосылды. Ал АҚШ аса ынталылығын бiлдiрген бұл бағытты Кремль Ресейге қарсы жоба ретiнде бағалайтыны мәлiм. Дегенмен, гәп салынуына аса қомақты қаржы жұмсалған осы бағыттағы құбыр жүйесiне Қазақстанның қосылуында емес, түптiң-түбiнде осылай боларына ешбiр салиқалы саясаткер күмән келтiрмейтiн. Әңгiме Н.Назарбаевтың Әзiрбайжанмен арадағы келiсiм шартқа Путинмен кездесуiне екi сағат қалғанда қол қоюында едi. Сөйтiп, Астанада РФ президентi В.Путин өзi ұзақ уақыт қарсы күресiп келген жобаның өмiрге келуiне ерiксiз куә болып, бармағын шайнап қала бердi. Ол аз болғандай, өткен жылдың қазан айында Еуроодақтың сыртқы байланыстар жөнiндегi комиссары Бенито Ферреро-Вальднер Астанаға ат басын тiреп, Қазақстан және Еуроодақтың арасындағы энергетикалық келiсiм шартқа қол қою жөнiнде уағдаластыққа қол жеткiздi.

Сондай-ақ 2007 жылы 8-10 наурыз аралығында Еуроодақ басшыларының саммитi кезiнде «Набукко» газ құбырының болашағы жөнiнде келелi әңгiме болғаны мәлiм. Бұл құбыр Орта Азиядан Еуропаға тiке бағытталмақ және бұл пайдалы жобадан Ресей тыс қалғалы отыр. Ал мамыр айында Варшава қаласында тағы да еуропалық энергетикалық саммит өткiзу жоспарлануда. Мұнда көмiрсутектi шикiзат өндiрушi мемлекет басшылары, сондай-ақ энерготасымалдаушы шикiзатты көп пайдаланатын елдердiң лидерлерi, аса iрi энергетикалық компаниялардың жетекшiлерi бас қосып, бұл салада соңғы жылдары қалыптасқан жағдайды және Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының еуропалық бағыты туралы мәселенi алқалы жиын талқысына салмақшы. Украина, Әзiрбайжан, Грузия президенттерiмен бiрге Н.Назарбаев та осы форумға келедi деп күтiлуде.

Өткен жылдың мамыр айында елiмiзге АҚШ вице-президентi Дик Чейни мырзаның ат басын бұрғаны және ең бастысы, ол Ресейдi Еуропаға энергетикалық қысым жасауда деп айыптаған Вильнюстегi әйгiлi мәлiмдемесiнен кейiн iле-шала келгенi де Кремльдiң жанына жаға қоймаған. Каспий мәселесiн өздерiнiң басты көзiрi санайтын Ресей басшылары аталмыш ресми сапар кезiнде Қазақстан және АҚШ-тың Каспий теңiзiнiң түбiмен газ және мұнай құбырларын салу мәселелерiн талқылауларына тiксiне қарады. Ең бастысы, ресейлiктердi Қазақстан Каспий теңiзiне байланысты тәуелсiз саясат ұстап отырғандығы мазалайтыны сөзсiз. Бiздiң елiмiз Каспий теңiзi шикiзаттарын игеруде 1921 және 1940 жылдары қол қойылған совет-иран келiсiмшартын бiрден-бiр ғана заңды келiсiм ретiнде мойындаудан бас тартып отыр. Қалыптасқан жаңа тарихи жағдайда Каспий статусын белгiлейтiн жаңа келiсiмдер мен заңдар қажеттiгiн өмiр шындығы дәлелдеуде. Ал бұл тұрғыдан алсақ, Иран мен Ресей өздерiне аса пайдалы ескi келiсiмшарттар негiзiнде одан әрi теңiз байлығын игеруден кет әрi емес.

Осы тұста соңғы жылдары бой көрсеткен тағы бiр аса маңызды жайтты айналып өтуге болмайды. Екi ел арасындағы әскери-техникалық қарым-қатынас мәселесiнде де Мәскеудi алаңдатар жағдайлар қалыптаса бастады. Ресейлiк аса беделдi басылымдардың бiрi «Коммерсантъ» газетi: «Кремль опасается усиления сотрудничества между Казахстаном и НАТО, которое Нурсултану Назарбаеву настойчиво предлагает Вашингтон. В частности, эта тема поднималась во время прошлогодних визитов в Астану Дина Чейни и госсекретаря США Кондолизы Райс, а также во время первой за последние пять лет поездки президента Назарбаева в США в сентябре», – деп жазады.

Аталмыш газеттiң Ресей саяси және бизнес элитасының бейресми «көзi, құлағы әрi үнi» екенiн ойға түйсек, Қазақстанның айтқанға жүрiп, айдағанға көне беретiнiне әбден етi үйренiп алған Кремль басшыларының абдырап қалуларын түсiнуге болады. Тiптi, өткен жылы бiздiң елiмiз өзiнiң әуеге қарсы қорғаныс (ПВО) күштерiн жаңғыртуды дiттеген бiрқатар қадамдар жасаған едi. Күтпеген жерден Астана былтыр халықаралық тендер жариялап, осыған дейiн Ресей әскери-өндiрiстiк кешенiнiң қол сұғылмас «қожалығы» ретiнде саналып келген салаға да шет елдiк iрi компанияларды қатыстыра бастады. Бұл тендерге «Рособоронэкспорттан» басқа, Ұлыбританияның «DFT-Systems», Францияның «Thomson», батысеуропалық EADS концерндерi, ең бастысы, АҚШ-тың атақты Loockheed Martin компаниялары қатыстырылды.

Осы орайда ұмытпайтын бiр жайт бар. 1 ақпанда Қазақстан Президентi Н.Назарбаев Киевке ресми сапармен барды. Бұл Виктор Ющенко Украина президентi болып сайланғалы бергi осы елге алғашқы ресми сапары болатын. Аталмыш жүздесу кезiнде екi ел басшылары энергетика проблемаларын кең талқылап, биылғы жыл Украинадағы «Қазақстан жылы» деп жарияланды және Киевте «ТұранӘлемБанктiң» филиалы ашылды. Қазақстан Украинаға газ сатып алуды емес, оны бiрiгiп өндiрудi ұсынды. Мұнай мәселесiнде де кепiлдiктер берiлгенге ұқсайды. Осының бәрiне шын риза болған Виктор Ющенко: «Украинаға қазақтардың инвестициясын тартуға бүкiл қолайлы жағдай жасалады», – деп уағда бердi. Ал 26 ақпанда Беларусь президентi Александр Лукашенко Киевке ресми сапар жасап, екi ел арасындағы энергетикалық әрiптестiк жөнiндегi меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Минск, Киев және Вильнюс арасындағы энергетикалық әрiптестiк жөнiндегi мәселелер де кең талқылана бастады. Литваның президентi Валдис Адамкустың АҚШ-қа ресми сапары кезiнде де Каспий мұнайын Клайпеда порты арқылы Белоруссия мен Украинаға жеткiзу жолдары сөз етiлдi.

Ал алдыңғы күнi Виктор Ющенко Украинадағы Ресейдiң сойылын соғады делiнетiн премьер-министр В.Януковичтiң партияластары мен жақтастары басым дауысқа ие болып отырған Жоғарғы Раданы қиналмастан таратып жiбердi. Әрине, бұған Қазақстанның тiкелей ықпалы болды деуге дәлел аз, дегенмен Н.Назарбаевпен болған кездесу кезiнде қол жеткiзiлген уағдаластықтар Виктор Ющенко мырзаның байлаулы қолы шешiлiп, батыл қадамдар жасауына мүмкiндiк әперуi ықтимал.

Мынау күрделi дүниеде саясат үстiрт, атүстi жасалмайды. Мұндайда әрбiр қадам, әр сөз мың толғанып, сандаған сарапқа салынуы қажеттiгi сөзсiз. Кәнiгi саясаткерлер өздерiнiң ишарасы қай тұстан, қашан және қалай жаңғыратынын жақсы бiледi. Соңғы күндерi елiмiзге Ресей премьер-министрi Михаил Фрадковтың шұғыл келуi, сондай-ақ батыс елдерiнiң эмиссарлары Астанаға сапарларын жиiлетуi Қазақстанның сыртқы саясатта Ресей ықпалынан шығып, өз көзқарастарын танытуында және оны жүзеге асыруында жатса керек. Иә, «Шөлмек мың күн сынбайды, бiр күн сынады» десек, экономикалық әлеуетi өскен Қазақстан халықаралық саясатта өз бағытын шешiмдi түрде жүргiзе бастауы тиiс. Осыдан бiршама уақыт бұрын «Түркiстан» газетi Сыртқы iстер министрлiгiне жаңа, мемлекетшiл команданың келгенiне назар аударған болатын. Бәлкiм, елiмiздiң сыртқы саясатында қалыптаса бастаған жаңа белгiлер аталмыш команданың көптен берi жүзеге асыруға тырысқан iс-әрекеттерiнен туындап жатуы да ықтимал.

Жаңабек ШАҒАТАЙ