Жаңалықтар

ТЕАТРДЫҢ 81-ШI КӨКТЕМI

ашық дереккөзі

ТЕАТРДЫҢ 81-ШI КӨКТЕМI

Күн шуағына шомылып, көгiлдiр әлемге бөленетiн көктем мезгiлiнде театр үшiн тағы бiр мереке басталады. Ұлыстың ұлы күнi қарсаңында тойланатын бұл мереке жыл сайынғы айтулы дәстүрге айналған десек те қателеспеймiз. Жыл сайын өтетiн дәстүрлi мерекенiң биылғы жылғы тойлануы жылдағыдан ерекше болып отыр. Бұл қай театр, қай мереке деп ойлап отырған да шығарсыз. Кәдуiлгi баршамызға белгiлi Мұхтар Әуезов атындағы драмалық театрдың айтулы «Театр фестивалi».

Биылғы жыл драма театр үшiн ерекше дейтiн себебiмiз, «екi бiрдей ғасырдың аңызы» саналған әйгiлi актриса Хадиша Бөкееваның 90 жасқа толуына орай ұйымдастырылып отырғандығы. 20-наурызда басталған театр фестивалi көрермендерiне бес бiрдей спектаклдi ұсынды. Оның арасында өткен жылы ғана тұсауын кескен спектакльдермен қатар биылғы жылдың төл премьералары да бар. Атап айтар болсақ, «Қазақтар» тарихи драмасымен басталған фестиваль барысында көпшiлiк «Актриса» мен «Күзгi романсты» да, «Қара кемпiр» музыкалық қасiретнамасын да, «Фархад-Шырын» трагедиясын да тамашалай алды.

Әрбiр спектакль жүздеген адамдардың жемiсi. Режиссер мен актердi былай қойғанның өзiнде, онда тiгiншiнiң де, суретшiнiң де, жарық берушiнiң де, сазгердiң де қиналысы, еңбегi жатыр. Сахнаның бергi жағындағы өмiр бiр бөлек те, сахнаның сыртындағы өмiр бiр бөлек. Көрерменге ұсынылар әрбiр спектакльдiң даяр болуы үшiн де тер төгетiн жандар қаншама. Осынау еңбектiң бәрiн көз алдымызға сарапқа салып, бағасын беретiн де театр фестивалi. Сол фестиваль арқылы өнер майталмандарын марқайтып, көңiлдерiн көтередi. Театр фестивалi осынысымен де ерекше. Биылғы жылы театр қойылымдарын саралайтын қазылар алқасының құрамында Әшiрбек Сығай, Исрайл Сапарбай, Бақыт Нұрпейiс, Қали Сәрсенбай сияқты белгiлi театр сыншылары мен қаламгерлер бар.

«АКТРИСА», «КҮЗГI РОМАНС» ПЕН «ФАРХАД-ШЫРЫН»

Биылғы театр фестивалiне қатысып отырған «Актрисаның» да, «Күзгi романс» пен «Фархад-Шырынның» да сахнаға шығып, көрерменге ұсынылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Алдыңғы екеуiн көрермен былтырғы жылдың соңғы айларында тамашалаған болса, «Фархад-Шырынның» тұсауын кескенi күнi кеше ғана. «Актрисаның» да, «Күзгi романстың» да көтерген жүгi жеңiл емес. Бүгiнгi күн тiршiлiгiне тағы бiр рет көз жiбересiз. Өмiрдегi қым-қиғаш келеңсiздiктер сiздiң көз алдыңызда өтiп жатады. Актердiң қиналысы, режиссердiң мұңы, iшкi арпалысы, бәрi-бәрi осында. Ал, «Фархад-Шырынның» жөнi бiр басқа. Әйгiлi шығыс аңызының желiсiнде қойылған спектакльдi қоюшы да осал жан емес. Баршамызға белгiлi, белгiлi ғана емес, атақты Асанәлiнiң нақ өзi. Иә, кәдiмгi Асанәлi Әшiмов. Заманымыздың алыбының әйелдер мерекесiнiң қарсаңында драма театрдың сахнасынан барша әйел қауымға ұсынған рухани сыйы.

«Фархад-Шырын» қазақ сахнасында алғаш рет қойылғанымен, талай әлемдiк сахналарды аралап өткен қойылым. Тарихтан белгiлi дастанның көз алдымызға қойылым күйiнде келуi, бүгiнгi көрермен үшiн тың жаңалық болғаны да рас. Әңгiменi басынан бастайықшы, қойылым сiңлiсiнiң жанын алып қаламын деп жанталасқан Мехменебану патшайымның қиналысы мен жанталасынан басталады. Ұзына бойы төсекте сұлқ жатқан Шырынның да қимыл қозғалысы да бiлiнбейдi. Оның басында тұрған Сербиназ да, күтушi әже де, жұлдызшы, бас тәуiптiң де сол сәттегi ойларын дауыстап бергiзу арқылы, көрерменге олардың мiнезiн айшықтап берiп отыр. Режиссер бұл қойылымында махаббаттан гөрi әйелдiң парасаттылығын, ақылдылығын, тәкаппарлығын көбiрек көрсетуге тырысыпты.

Рас, патшайым сiңлiсi үшiн сұлулығын да аямады. Жалғыз бауырының өмiр сүруi оған сұлулықтан да артық болған. Бiрақ, сұлулықты қиғанымен, жүрек қалауы Фархадты қия алмады. Сарай маңынан қол ұстасып қашқан екеудiң iзiне түскен сарай жасақтары көп ұзамай оларды қолға түсiргендегi патшайымның жан қиналысын көрсеңiз. Тәкаппар, кербез, сұлу, айлакер әйел қос ғашыққа қандай жаза берер екен деп, iштей сен де бiрге қиналасың. Патшайым болған соң, осал болар ма, ақылды әйел оның жолын тапты. Ғашығына қол жеткiзу үшiн Фархад Темiртауды тесiп су жеткiзуi керек. Күн-түн деместен, тау қопарған жiгiт ақырында суды да ағызды, ғашығына да қолы жеттi.

Спектакльдi көрiп отырып, кейбiр тұспалды тұстарына көңiлiмiздiң толмағаны рас. «Трагедия» дегенiмен, ол кiмнiң қайғысын көтерiп отыр?! Әлде сұлулығын қиған Мехменебану ғашығына қол жеткiзе алмаған соң, өмiрiн де қиды ма екен. Өмiрiн қиды дейiн десек, қойылым барысынан ондай ешнәрсенi байқай алмадық. Өлмедi дейiн десек, Мехменебануға арналып қойылған ескерткiш мүсiн тағы бар. Сонда спектакльдiң көтерiп отырған жүгi не? Парасатты, тәкаппар Мехменебанудың ролiн көтеру ме, әлде махаббаттың символы саналған Фархад пен Шырынның сүйiспеншiлiгiн көрсету ме?! Осы тұрғыдан келгенде қойылымда бiраз әттеген-айлар бар.

Тағы бiр кемшiлiгi, актерлердiң ойынында Меруерт-Мехменебануды қайдам, Назгүл-Мехменебануда сұлулық та, тәкаппарлық та, кербездiк те бар. Онысын жасырмаймыз. Бiрақ тым суық, дауысында өктемдiк басым. Сiңлiсiне жан беруге даяр тұрған патшайымның үнiнен ондай сезiмталдықты байқай алмайсың. Өркөкiрек патшайымның бейнесiн көбiрек сомдаған сыңайлы. Iшкi дертiн, Фархадқа ғашықтығын көрсетер тұстағы жан қиналысын да сәттi бере алмады. Жиырма жастағы қыздың жан азабын дауысының дiрiлiмен, қимыл қозғалысымен көрсеткенде ғой, «әттең» дестiк. Дастандағы Шырын бар жоғы он бесте ғана емес пе? Қойылымдағы Шырынның бойында балалықтан гөрi естиярлық басым. Кiп-кiшкентай ғана өрiмтал қыздың алғашқы жүрек лүпiлi, сүйiспеншiлiгi балғындығына жарасып тұрса ғой, шiркiн. Фархад ше, Азамат-Фархадтың ғашықтығы да сенiмсiздеу. Сосын… тағы бiр налитынымыз, актерлердiң айғайлай беретiнi жаман… Сенiмсiздеу айғай. Сөздердiң көбi жаттап алғандықтан ба, сенiмсiздеу шығады. Кейде осыған ренжiп қаласың.

Спектакльдiң декорациясы, киiмдерi, дау жоқ, сәттi шыққан. Тiптi, патшайымның үстiндегi киiмдер көз сүрiндiредi. Әсiресе, массовкадағы адамдардың қимыл қозғалысы, Фархадты көрем деп келе жатқандағы адамдардың бiр бiр ауыз сөйлегендерi, жүрегiңдi шымырлатып жiбередi. Спектакльдегi сәттi рөлдердiң бiрi Бақтияр Қожаның бейтанысы. Қойылымның бүкiл жүгiн көтерген де сол рөл сияқты. Мыстандау, мысқылшылдау, жүрiс-тұрысының өзiнде де бiр ерекшелiк бар, менменсiнген жұмбақ бейне.

СПЕКТАКЛЬДI КОНЦЕРТКЕ АЙНАЛДЫРЫП ЖIБЕРДIК ҒОЙ ДЕЙМIН

Өзгелердi қайдам, өзiм театрға жиi барам. Аптасына демесем де, айына екi-үш мәрте соғып тұрам. Қаладағы түрлi «сити» орталықтардан жалыққан кезде, жаныма рухани нәр беретiн театрды iздеймiн. Кейде құрбыммен, кейде жалғыз. Театр шаршағаныңды басады, қиналған сәтiңде көңiлiңдi демейдi. Сондықтан болар, кейде бiреуге ренжiсем де, қапалансам да, театрға келем. Тек, соңғы кезде театрдағы спектакльдерден шаршап шығатын болдым. Өмiрдегi жан-жағымды қаумалаған түйткiл тiршiлiктi театрдан да көрем. Күнделiктi көз алдымызда өтiп жатқан күйбiң өмiр сахнада да жүрiп жатыр. Онда да сол баяғы ақшаның жетiспеушiлiгi, отбасының бұзылуы, берекетсiз тiрлiк, жалғандық, алдау-арбау, тағдырдың тым қаталдығын көресiз. Ойпыр-ай, дейсiз, мұның бәрi онсызда көз алдымызда өтiп жатыр ғой. Өнер деген көркемдiк, сұлулық, әсемдiк емес пе? Неге соны көрсетпейдi деп қиналасың?!

…Бiрде… дәл қашан екенiн белгiсiз, телеарнадан Шекспирдi көргем… Шекспирдiң өзiн емес, оның «Асауға тұсауын». Онда тым жас болдым ба, әлгi фильмдi түсiргендердiң кiм екенiне де назар салмаппын. Актер мен актрисам да белгiсiз. Ең белгiлiсi, Петручио мен асау Кэттiң бейнесi. Петручионың Кэттi қалай бұғаулағаны да әлi күнге есiмде. Шекспирдi маған танытқан сол Петручио мен «асау» Кэт болатын. Кейiн Шекспирдi оқығам. Бiрақ, дәл сол фильмдегiдей әсер алмаған шығармын.. Мiне, менiң театрдың әрбiр қойылымынан күтетiнiм де осы. Рас, өзге театрды қайдам, академиялық драма театрға Асанәлi Әшiмовтың Клаузесiн, Фарида Шәрiпованың «Ғашықсыз ғасырын», Данагүлдiң Ләйләсiн, Шынардың Изольдасын көру үшiн баруға болады. Оларды жоққа шығара алмаймыз.

Сосын… театрға келетiндер спектакльге келгенiн ұмытып кете ме қайдам, әйтеуiр қол шапалақтауға бейiм тұрады. Әр сәт сайын соғылған шапалақ, сенiң спектакльден алған әсерiңнiң күл-талқанын шығарады. Есiң кетiп, есеңгiреп отырғанда, одан сайын мәңгiрiп қаласың. Тiптi, олар спектакльге келгендерiн де ұмытып кететiн сияқты. Сонда олар театрға концерт көру үшiн келдiм деп ойлай ма екен, осы жағы түсiнiксiз.

«ЕКI БIРДЕЙ ҒАСЫРДЫҢ АҢЫЗЫ»

Хадиша Бөкеева — аңызға бергiсiз тұлға. Биылғы театр фестивалiнiң аңыз-апаның құрметiне арналуының да сыры осында болса керек. Әйгiлi актриса туралы әңгiме бiр бөлек. Ал, әдеттегiдей Халықаралық театр күнi, яғни 27-наурызда мәреге жеткен фестиваль жылдағыдай өз үздiктерiн анықтады. Сонымен, КСРО Халық артисi, Мемлекеттiк сыйлықтың 90 жасқа толуына арналған «Театр көктемi» фестивалiне қатысып, шығармашылық жетiстiкке жеткенi үшiн «Актерлiк шеберлiк» жүлдесiн «Күзгi романс» қойылымында Назым бейнесiн сомдаған Гүлшат Тұтова, «Күзгi романс» қойылымында Сайлау бейнесiн сомдаған Азат Сейтiметов, «Актриса» қойылымында Айгүл бейнесiн сомдаған Қымбат Тiлеуова, «Актриса» қойылымында Коммерсант бейнесiн сомдаған Бекжан Тұрыс, «Қара кемпiр» қойылымында Қали (кемпiр шағы) бейнесiн сомдаған Рашида Хаджиева, «Қара кемпiр» қойылымында Қали (келiншек шағы) бейнесiн сомдаған Майра Омар, «Қазақтар» қойылымында Жәнiбек ханның бейнесiн сомдаған Тұңғышбай Жаманқұлов, «Фархад-Шырын» қойылымында Фархад бейнесiн сомдаған Азамат Сұраппаев, «Фархад-Шырын» қойылымында Бейтаныс бейнесiн сомдаған Бақтияр Қожа, «Фархад-Шырын» қойылымында Уәзiр бейнесiн сомдаған Бауыржан Қаптағай жеңiп алды. Ал фестивальдiң басты жүлделерi,яғни 100 000 теңгенгi иемденген шығармашылық топ «Ұлттық рух тақырыбын сахналаудағы көркемдiк iзденiстерi үшiн» «Қазақтар» қойылымы мен «Классикалық шығарманы сахналаудағы көркемдiк iзденiстерi үшiн» «Фархад-Шырын» қойылымы марапатталды. Сонымен қатар, бiр топ журналистерге «Театр көктемi» фестивалiн насихаттағаны үшiн «Театр және ақпарат» арнайы жүлдесi табыс етiлдi.

Гүлзина Бектасова