Жаңалықтар

Дала демократиясын түзген Әз Тәуке мұрасы өміршеңдігін жойған жоқ

ашық дереккөзі

Дала демократиясын түзген Әз Тәуке мұрасы өміршеңдігін жойған жоқ

Елбасымыздың соңғы кездері туған тарих тақырыбына орала беруі жайдан-жай емес екені бәрімізге белгілі. Біз тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық  уақытын артқа салдық. Жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргесі берік қаланды. Отандық экономика нақты шындыққа айналды. Әлеуметтік әлеуетіміз айқындалды. Енді дамудың рухани саласына көбірек көңіл бөлудің қажеттігі туып отыр. Бұл бағытта тарихи сананы қалыптастыру аса маңызды дегіміз келеді. Біз кім едік, кімбіз, кім боламыз деген мәселелер қоғам алдында тұрғаны аян.  Бұл арада ғасырларға жалғасқан төл тарихымызды білу ерекше мәнді болуымен қатар  жасампаздығы мен қиыншылығы жеткілікті өткенімізден тиісті тағылым ала білу әлдеқайда маңызды болып отыр.

Патшалық Ресей де, кешегі кеңестік насихат та қазақ халқының тарихын білгісі де, білдіргісі де келмеді. Отандық зерттеушілер бел шешіп төл тарихымызға бара алмады, аяқты бастырмады. Атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың ауыр тағдырының өзі бізге жетіп артылады. Бүгінгі күні де біздің тарихымызды, тіпті бес жүз жылдан асқан мемлекеттігімізді мойындамаушы көршілер жоқ емес.

Тарихшылардың жазғанына қарағанда, б.з.д. III мыңжылдықтан ХIV ғасырдың аяғындағы Алаша хан, Алып Ер Тоңға (Афрасияб), Оғыз хан, Жошы хан, Әз-Жәнібек хан және Орыс (Ормамбет) хан сияқты қазақ тарихында аты аңызға айналғандарды қоспағанда ХV-ХVIII ғ.ғ.39 қазақ билеушілері және ұлттық тәуелсіздікті сақтап қалу үшін күрес дәуірінде 10 хан қазақ даласын басқарған.

Елуге жуық билеушісі болған қазақ халқының тағдыры жазба тарихымыздың кенжелігінен және түрлі себептермен ғасырлар қойнауында қалғанымен ауызша тарихтың байлығы көп нәрсені ел жадында мәңгілік қалдырды. Алайда ауызша тарихтың өзіндік ерекшелігі де болады, ол өткенді саралап, таңдап қана жеткізеді. Сондықтан біздерге санаулы ғана хандардың аты, тыныс-тірлігінің жетуінің жөні бар.

Осындай жағдайда ұлттық тарихтың тағдыр шешті кезеңінің бастауы болған Қазақ хандығының – 550 жылдығын атап өту туралы Елбасы ұсынысының жер-жерде қолдау тауып жатқаны жайдан-жай емес. Бұл ұлтымыздың шынайы мақтаныш етер, тиісті тағылым алар ұлы оқиғасы екені даусыз.

 Қазақ хандығының құрылуы ХIV-ХV ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы әлеуметтік-экономикалық және этносаяси дамудың нақты нәтижесі деген пікірге толық қосыламыз. Бұл хандық, бір жағынан, Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың заңды мұрагері болса, екінші жағынан, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт болып ұйыса алғанының толық дәлелі бола алды.

Осыдан бес жарым ғасыр бұрын қазақ осы аймақта алғаш хандық құрса да, ресми сөздер мен құжаттарда қазіргі Қазақстанды «көп ұлтты мемлекет» деген кешегі кеңестік кездегі терминнен арыла алмай келеміз. Бұл белгілі жағдайда мемлекет құраушы бірден-бір қазақ ұлтының тиісті мәртебесін төмендетеді. Ғылыми тұрғыдан алғанда, Қазақстанда жалғыз ғана ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Мұны тарих дәлелдеген болатын, ал қалған халықтар этнос өкілдері.

Түйіндей айтқанда, осыдан бес жарым ғасырдай уақыт бұрын ежелгі қазақ жерінде орнаған қазақ хандығы заманына сай тұңғыш ұлттық мемлекеттіліктің үлгісі болуымен, сөйтіп алғаш рет қазақ елі әлемдік адамзат қауымдастығының бір бөлігіне айналумен құнды. Мұндай бақыт кез келген елдің еншісіне бүгінгі заманда да тиіп жатқан жоқ. Тағдырға шүкіршілік, тәубе!

Тарихымыз қазақ халқын ұйыстыра отырып, мемлекетіміздің атақ-абыройына өлшеусіз үлес қосқан хандардан кенде емес. Олар туралы, әсіресе соңғы кезде көп айтылып жүр. Дегенмен, бүгінгі күндері қазақ хандығы десек, ауызға алдымен ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басы – қазақ халқының гүлденген әрі әлеуметтік мерейі арта түскен айрықша бетбұрыс болған Әз Тәуке хан кезеңі түседі. Бұл жайдан-жай болған жоқ еді. Бұл дәуір бас-аяғы 35 жылдай ел басқарған, қабілет-қарымы жеткілікті, көреген саясаткер, дана дипломат, осы қасиеттері үшін халқы шынайы сезіммен атына «Әз» деген атау қосқан Тәуке ханмен тікелей байланысты болатын. Оның жемісті билік жүргізуі хандық өктемдікпен не әскери күшпен емес, ақылдылықпен, тапқырлықпен, халықтық дәстүрді жақсы білумен ұштасып жатты. Сондықтан да оның аты үш жүзге мәлім болды, ғасырлар қойнауынан бізге еркін жетті.

 Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың «Қазақ хандығы: тарихы, тағдыры және тағылымы» атты (Астана, 2015. – 181б.) кітабында берілген Әз Тәуке заманындағы мемлекеттік биліктің құрылымына сүйене отырып, сол кездегі қазақ мемлекеттігінің қандай болғаны және біздер одан қандай тағылым алуымыз керек деген мәселелерді ой сарабынан өткізуге тиіспіз.

Әз Тәукенің саяси көрегендігі хандық жүйені шебер ұйымдастыруынан айқын байқалады. Мемлекеттік билік маңайына ең алдымен қара халықты жарып шыққан, өздерінің парасаттылығы және әділеттілігімен айқындалған, қалың жұртшылықтың сеніміне ие болған үш жүз көсемдері мен шешендерін, билері мен батырларын топтастыра отырып, Әз Тәуке бүкіл халықты ұйыстыру, қоғамда ұжымдық сананы қалыптастыру үшін дала демократиясының мүмкіндігін тиімді пайдалана білді. Бұл хандықтың бірлік-берекесін арттырып, бір орталыққа топтаса түсуіне игі әсер етті.

Сол кездегі қазақтың ең жоғары билік жүйесіндегі лауазым Хан болды. Ол саяси-ұлыстық билік деңгейінде мұрагерлік және сайланбалы дәстүрмен жүзеге асты. Хан Ордасының қызметін арнайы ақылшы аталықтар жүргізген. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл әкімшілік аппаратты сардарлар, елшілер, дін басы – қожалар, жасауылдар мен күзет қызметіндегілер, қала шаруасын басқаратын әкімдер және кеңсе қызметкерлер құраған.

Әз Тәукенің заманы «Жеті жарғы кеңесі» аталатын заң шығарушы органмен де ерекшеленеді. Оның құрамы үш жүзге аттары әйгілі, солардың атынан сөйлейтін, беделі халық алдында ханнан артық болмаса, кем болмаған Төле, Қазыбек, Әйтекелер бар Ордалық билерді, қарақалпақ, қырғыз, қатаған, жайма т.б. қоңсы елдердің өкілдерін, ұлыс сұлтандары мен кіші (келте) хандарды және шариғат заңдарының білгірі – хазіреттер мен қазиларды біріктірген. Ескерте кететін бір мәселе – билер белгілі жағдайда демократиялық жолмен сынақтан өтіп, өздерінің шынайы болмысымен кеңестен орын алып отырған. Міне, осындай шынайы дала демократиясының көрінісі болған «Жеті жарғы кеңесі» кейінгі талай ұрпаққа «Жеті жарғы» атауымен құқықтық мұра қалдырды. Ал кешегі кеңес көсемдері әлемдегі ең мықты демократия – кеңестік демократия деп кеуде қаққан 70 жылдық тарихта Қазақстанда қабылданған 450-дей заңдардан нені ұстап, нені пайдаланғанымызды айта алмаймыз.

«Хандықтың іргетасы» атты құрылымда мемлекет туралы ақпараттың негізгі көзі – шежіреші қариялар, ата баласына басшылық жасайтын белгілі адамдар, елдің талап-тілегін хан алдында жасқанбай айтатын жыраулар және халық мүддесін қорғайтын ауыл ақсақалдары болған.

 Хан Ордасы мен «Жеті жарғы кеңесінің» бір ерекшелігі оларда хандық-мемлекеттік саясатты тарқатып, халық арасына жеткізіп отыратын құрылымдар болған. Олар – дін басы және шариғат заңдарын білетін дін қызметкерлері. Бұл ол заманда ел ішінде кеңінен тарап, жұртшылықты рухани жағынан біріктіре түсетін, ру-руға бөлінуге тосқауыл қоятын әлеуметтік институттардың біріне айналған Ислам дінінің рөлімен байланысты болды. Дінді ұтымды пайдалану мақсатымен Тәуке хан мемлекеттік билікке арнайы Пір (рухани көсем) лауазымын енгізді. Өзі сайланғаннан кейін Тәуке хан қазақ тарихында алғаш таңдау жолымен аты мәшһүр, сөзі уәлі, аузы дуалы Мүсірәлі Жәдікұлының Тұран елінің хан ордасындағы Бас пірі болғандығы туралы жарлық береді. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясының» 1-томының 644-бетінде: «Азан шақырып қойған аты Мүсірәлі, руы керейт болғанымен дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары керейтқожа аталып кеткен. 1680 ж. Күлтөбеде Тәукені хан сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды» деп жазылған.

Мүсірәлі Жәдікұлының Қазақ мемлекетінің алғашқы Бас пірі болуы сол кездегі қазақ қоғамының даму бағыттарына әсте жат құбылыс емес-тұғын. Ықпалды дін өкілдерін жанына жақындатып, қазақ елінде діни мектептердің, медреселер мен мешіттердің ашылуына терең мән беріп, мұсылман дінін мемлекеттік идеологияның өзекті тармағы ретінде шебер пайдалану Әз Тәукенің ел билеу саясатындағы өзіндік қолтаңбасы еді. Алайда Әз Тәуке туралы жазған тарихшылар осы шындық жайларды қаға беріс қалдыра береді. Бәлкім, кешегі кеңестік кезеңнің салқыны болар.

Біз Ислам дініне де сүйенген ол дәуірді идеалдап отырғанымыз жоқ. Болған, осы кезге дейін жазылып келген мәліметтерді ғана айтып отырмыз. Шындығына келгенде дінсіз мемлекет те, мемлекетсіз дін де бола қоймайды. Оған кәрі тарих куә. Әңгіме дінді қалай пайдалана білуде жатыр. Сонымен қатар қандай мемлекет болмасын ол идеалсыз, соған лайықты идеологиялық құрылымсыз өмір сүре алмайды. Ол – халықты билік маңына ұйыстыра түсетін мемлекеттіліктің маңызды компоненттерінің бірі демекпіз.

Тәуке хан дәуірі мен «Жеті жарғы кеңесінің» ұлы мұрасы – «Жеті жарғы». Кейін «Дала конституциясы» деп те аталған бұл әдеттік-құқықтық нормалар жиынтығы сол кездегі қазақ заманы талаптарына сәйкес, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатынан, халық мүддесін қорғау және қоғамды басқарудың қажеттігінен туындаған аса маңызды қарым-қатынастарды реттеген болатын. Бұл сонымен қатар ежелден келе жатқан дәстүрлі әдеп-ғұрып тәртіптері мен «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдірген жаңа заңдар жүйесі еді. Осыған сүйене отырып, қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Бұдан кейінгі хандар тұсында арнайы заң жүйесі жасалмағандықтан «Жеті жарғы» қазақ қоғамында 1867-1868 жылдары Ресейдің Уақытша Ережелері енгізілгенге дейін негізгі заңдық құжат міндетін атқарды. Ал оның бірсыпыра қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді.

Әз Тәукенің тұсында хандық құрылымда тағы бір мемлекеттік орган болған. Ондай жалпы халықтық жиын, мәслихат «Қаз» деп аталған. Оның құрамына Орда билері, Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің ноқта ағалары жалайыр, тарақты және табын, ата баласының атынан сөйлейтін билер, жауынгер жасақтың таңдаулы өкілдері, ірі ұлыстардың және ру-тайпалардың, олардың әскери жасақтарының басшылары кірген. Хандықтың өзекті мәселелерін талқыға салатын мұндай жиындарды жыл сайын күз айларында қазақ даласы орталығының бір жерінде өткізу дәстүрге айналған.

Өкінішке қарай, осындай дала демократиясының озық үлгілерінің ғұмыры ұзақ болмады, кейін жалғасын таппады. Оның бірнеше себептері болды. Ең бірінші, Әз Тәуке марқұм болғаннан кейін көп ұзамай мемлекеттік билік маңайындағы талас-тартыс қайта басталады. Елдің мүддесінен өз мүдделерін биік қойған мансап құмар сұлтандар ұйып отырған Тұран елінің берекесін кетіреді. Бүкіл халықтық кеңестерді таратып, жеке билікке көшеді. Ал жеке билік бар уақытта тиімді де тиісті нәтиже бере бермейді. Екіншіден, ел ішіндегі алауыздық өзгеге жем етті. Жаугершілік заман ес жинатпаған кездер аз болмады. Әсіресе, солтүстігіміз бен шығысымыздағы ұлы көршілеріміз кейде бақытымыз болса да, кейде сорымыз да болғаны белгілі. Ал қазақ даласының бірте-бірте патшалық Ресейдің отарына айналуы мемлекеттілікті жойды. Еркін дамуымыз тежелді. Сөйтіп әлемдік өркениеттен кенже қалдық. Тіпті мемлекет, ұлт ретінде жойылып кету қаупі де болмай қалмады. Әлеуметтік әділеттілікті ту етіп ұстауды мұрат еткісі келген кеңестік кезең де қазақ халқының мемлекеттілігіне тиісті үлес қоса алмады.

Тарихымызда төрт ғасырдай өмір сүрген қазақ хандығы мен тәуелсіз мемлекетімізді салыстыра отырып, кейбір қағидатты мәселелердің ортақ екеніне көз жеткізуге болады. Кешегі хандық заманда да халық бірлігі, ұлт тұтастығы аса маңызды болса, шынайы бетбұрыс, шын тағдыр шешті кезеңнің ең алғашқы құжатында – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларацияда»: «Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет» деп тайға таңба басқандай жазылды. Бұл қазіргі мемлекетіміздің, Елбасымыздың да сара саясаты болып отыр.

Ал биыл қабылданғанына 20 жыл толатын Конституциямыз жаңа заман талабына сәйкес жоғары билік жүйелеріне жаңа тұрпатты жаңалықтар алып келді. Ата заңымызға бұрын-сонды қазақ тарихында болмаған мемлекеттік биліктің ең жоғары лауазымы – Президенттік институт енгізіліп, «Президент» атты III бөлімнің 40-бабында «Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға» деп жазылды. Тәуелсіздік жылдар президенттік институттың өміршеңдігін толық дәлелдеді. Мен 9 жылдай Мәжіліс депутаты кезімде 10 шақты шет елде болдым. Сонда байқағаным, біз Қазақстаннан келдік десек, ондағылар Назарбаев деп қосып жатады. Бүгінгі шындығымыз Елбасымыздың атымен тығыз байланысты болып отыр.

Әу бастағы ойымызға қайта оралайық. Хандық жүйедегі «Жеті жарғы кеңесін» қазіргі заң шығарушы органның алғашқы нұсқасы деуге болады. Саяси сахнаға келгеніне 20 жылдай уақыт болып қалған Қазақстан Республикасының Парламенті 2 мыңдай заң қабылдап, қоғамдық қатынастың барлық салаларын құқықтық жағынан айқындады. Кешегі кеңестік жүйе мойындамаған, елімізде жаңа қалыптасқан Парламент әлемдік парламентаризмнің негізгі қағидаттарын жүзеге асырып келеді. Алайда бүгінгі заң шығарушы органға қатысты екі мәселе туралы өз пікірімді білдіре кетсем деп едім. Біріншіден, қазіргі қоғамымызды онан ары демократияландыру, оның саяси жүйесін жетілдіре түсу Парламенттің өкілеттігін, әсіресе оның бақылау функциясын арттыруды қажет етеді. Екіншіден, парламенттік сайлау жүйесін тек партиялық негізде құру жетімсіз. Мұны, бір жағынан, қоғамымыздың бағыт-бағдарын айқындап, оның келешегіне үлес қоса алатын, саяси сайыстарға дайын, өзіндік тұрпаты айқындалған партиялар жүйесінің әлі қалыптаса қоймағандығымен түсіндіруге болады. Екінші жағынан, бұл жүйе табиғатында халықтың тікелей өкілетті органы болып саналатын Парламентті өзінің әлеуметтік негізінен алшақтатып отыр.

Қазіргі мемлекеттілікті күшейте түсудің маңызды жолдарының бірі мемлекет құраушы ұлттың мәртебесін арттыра түсу болып табылады. Онсыз қазақ халқы елдегі басқа этностардың басын біріктірушілік, топтастырушылық сияқты қоғамымыз үшін аса маңызды миссияны толыққанды атқара алмайды. Бүгінгі күні бүкіл халықтың 65 пайызынан астамын құрап отырған қазақ ұлтын басқа этностармен теңестіріп, «Көп ұлтты Қазақстан» деу де белгілі жағдайда тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық сипатын төмендетеді. Бұл ұлттық мүдделердің шешілуінде кейбір қиыншылықтарға әкеліп отыр. Бір ғана мысалмен шектелейік. Басқаны былай қойғанда, бүгінгі білім жүйесінде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тіліне басқа орыс және ағылшын тілдерін теңестіру толыққанды ұлтымыздың қалыптасуына кедергі келтірмей тұрмайды. Бұл сонымен қатар оқушылардың психологиялық тағдырын күрделі жағдайларға ұшыратуы мүмкін. Канадада ағылшын және француз тілдерін қатар оқытқаннан балалардың арасында түрлі жағдайлардың болғанынан ептеп хабардармын. Ал бірінші сыныптан бастап үш тілді қатар оқытқан әлемдік тәжірибені әзір ешкім ести қойған жоқ. Солтүстік көршіміз Ресей мектептерінде ағылшын тілін тек екінші сыныптан бастап оқытады. Министрліктің бұл өктем әрекеті қоғамымызды күрделі жайларға әкелуі мүмкін.

Бес жүз елу жылдық тарихы бар қазақ хандығынан алар тағылым аз емес. Біріншіден, қандай мемлекет болмасын оның тұтастығы ең басты мәселе екені сөзсіз. Бұл бағытта, әсіресе мемлекет құраушы ұлттың ұйыса түсуі, оның бірлігі аса маңызды. Екіншіден, кейінгі кезде қоғамдық өмірдің кез келген саласында Батысқа жалаң еліктеу кең етек алып барады. Әрине, бұл алыс-жақынды біле бермейтін жаһанданудың әсері екені белгілі. Сол себепті шетелдік нұсқаларды қоғамдық өмірге ендіргенде міндетті түрде халқымыздың тарихи, ұлттық ерекшеліктерін қатаң ескеру, ұлттық иммунитетті күшейте түсу өте мәнді. Үшіншіден, қазақ хандығы кезіндегі дала демократиясының озық үлгілерін жаңа заманның талаптарына сәйкес қоғамдық өмірге батыл ендіру демократиялық қоғам құруды мұрат етіп отырған мемлекет үшін жат емес.

Әбдіжәлел Бәкір, Қазақ гуманитарлық

заң университетінің профессоры,

саяси ғылымдарының докторы