ҚОЖАКЕЕВ – «ХИКАЯ-АҢЫЗ»
ҚОЖАКЕЕВ – «ХИКАЯ-АҢЫЗ»
1. «Арызыңды жаз»
1974 жылы журфактың (КазГУ) екiншi курсында жазғы сессияға шамалы уақыт қалғанда, сырқаттанып қалдым. Емханаға барып, анализ тапсыруға қағаз алып, лекцияға кешiгiп келе жаттым. Оқитын корпусқа жақындағанда курстасым Төлеубала жолықты. Ол да бiр себептермен лекцияға кешiгiп келе жатыр екен. Екеумiз қатарласып, Бас корпустың ауласына кiре берiп едiк, бiр ақ «Жигули» машинасы тоқтады. Мен iшiнде кiм отырғанын байқамаппын. Төлеубала: «Ойбай, iшiнде Қожакеев отыр. Кетiп қалсын. Қалқа жерде тұра тұрайық», – дедi. Темкең машинадан түсiп, дәу портфелiн салақтатып, алшаңдап басып, iшке кiрiп кеттi. Декан бiздi көрмей кабинетiне барып, әбден жайғассын деген оймен сыртта бiраз тұрып, екеумiз iшке кiрдiк. Деканатқа көтерiлетiн төменгi баспалдақтың коридорында масқара болғанда, бiздi сыртта қалай көрiп қойғанын бiлмеймiз, Темкең тұр. Салғаннан: «Неге лекцияға кешiгiп келесiңдер? Қазiр менiмен бiрге жүрiңдер. Кабинетте сөйлесемiз», – деп отыратын жерiне алып кiрдi. Кураторды шақырып, ашуға басты. «Оқығысы келмейтiн бұларды университеттен шығару керек», – деп түйiле қарады. «Аға, мен сырқаттанып, емханаға бардым. Мынау берген справкасы», – деп дәрiгердiң анықтамасын көрсеттiм. «Онда жақсы. Алдымен адамға денсаулық керек. Сондықтан құлан-таза жазылу үшiн емделу, қаралу керек. Мә, мына қағазды ал да, денсаулығым жарамайды, оқуға құлқым жоқ» деп арызыңды жазып кете бер!», – дедi. «Аға, алып бара жатқан ауыруым жоқ. Аздап суық тиген», – дедiм күмiлжiп. «Жоқ, болмайды!» – деп айғайлап жiбердi. Бiр кезде «Әй, сенде арыз жазатын қаламсап та жоқ қой. Мә, мына көк ручканы ал да отыра қалып, тез арызыңды жаз, айналайын. Сенiмен тәжiкелесiп тұруға уақытым жоқ», – деп Темкең тепсiнiп, қабағын шытты. Мен не iстерiмдi бiлмей бұрылып кураторға қарадым.
– Темке, – дедi куратор, – мына тар жерде мына бала арыз жаза алмайды. Арызын асықпай, «баспасөз кабинетiне» барып жазсын.
Темкең «полковник» дейтiн куратор менiмен бiрге шықты. Куратор запастағы әскери адам едi. Ол кiсiге жағдайымды толық түсiндiрiп, «Аға, арыз емес, түсiнiк жазайын», – дедiм. Куратор келiстi. Маған қарап: «Ендi лекцияға бара бер. Қазiр оның ашуы қайтады. Түсiнiгiңдi өзiм апарып беремiн», – дедi. Қуанып кеттiм. Кейiн бiлдiм. Темкеңнiң факультеттегi «перiлердi» әзiлдеп қорқытатын әдетi екен. Өйткенi, журфак – ерекше факультет. Қызық, қиқар, «қияли» және тәртiп, ережеге бағынбайтын небiр мiнезi ерекше, жүрiс-тұрыстары алабөтен ақын немесе ақынжандылар оқитын орын. Оларға қатып қалған ереже бойынша жөн сiлтеп, тәрбие беру оңай емес. Осы тұрғыдан алғанда, темiрдей Темкең сол кездегi журфак үшiн туылған ұстаз едi. Қазiр баспасөздегi бiлiктi қаламгерлер мен мықты журналистердiң көпшiлiгi – Темкеңнiң тәлiмiн алып, оның темiр сауытынан шыққан, ерекше талабынан таланттары шыңдалған «БАҚ» батырлары.
* * *
Журфактағы студенттердiң Кеңестiк дәуiрдiң тоқырау дейтiн жылдарында еркiн кеткенi соншалық, – Дмитровский деген деканның тұсында мынандай анекдот шығыпты.
Екi студент моншада кездесiп қалады. Бiр кезде жөн сұрасады.
– Қайда оқисың? – дейдi бiрiншiсi екiншiсiне.
– Журфакта оқимын, – дейдi.
– Қай курста?
– Үшiншi курста.
– Мен де журфакта үшiншi курста оқимын.
– Онда неге бiр-бiрiмiздi бiлмеймiз?
– Сен лекцияға қай күндерi келушi едiң?
– Сәрсенбi күндерi.
– Ал мен бейсенбi күндерi ғана барамын.
– Дұрыс, бiр-бiрiмiздi танымайтынымыз осыдан екен ғой, – деп екеуi моншада жолығып кездескендерiн «жуып», сабаққа емес, сыраханаға барған екен.
Сол Дмитровский кетiп, күндiзгi оқу бөлiмiне Темкең келген соң, журфакта «жұлқынған» шаруа басталды.
Ә дегеннен Темкең жатақхананы нысанаға алды. Тәртiптi, үлгерiмi дұрыс студенттерге орын берiлдi. Ал тәртiп бұзғандар жатақханадан шықты. Жанына Студсоветтiң, ОКД-ның, Профкомның белсендiлерiн ертiп, комендантты iлестiрiп, Темкең топ нөкерiмен жатақхана тексергенде, кейбiр студенттер қорқып қашып кететiн. Жатақханадағы бөлмелердiң нөмiрi көретiлген үлкен, өзiнiң бойымен бiрдей дәу плакатты бiреуге көтертiп, өзi ондағы нөмiрлер бойынша әр есiктi қағып, студенттердi түгендейтiн. Жарықтық, тексерiп жүрiп, талай күлкiлi тосын оқиғаларды көрiп, жағасын ұстап, бiраз «серi» мен «перiнi» жазалады ғой. Профессор, журфактың мазасыз деканы Қожакеевтың жатақхана аралауы аңызға айналды. «Жатақханада журфактың деканы жүр», – деп басқа факультеттiң студенттерiне дейiн Қожакеевты жақсы бiлетiн.
* * *
Алматыда «Студент көктемi» дейтiн өнер фестивалi өтушi едi. Осы шарада жүлделi орын алу үшiн Темкеңнiң өнерпаз студенттердi тауып, оларға белгiлi әншi, сазгерлердi жетекшiлiкке әкелiп, бiреулермен жағаласып, бiреулермен жанжалдасып, тiптi мықтылармен күш сынасуға дейiн барып, жұмыс жасағаны ұмытылуға тиiс емес. Бiрде 1 Мамыр мерекесiне байланысты Үкiмет үйiнiң алдында парадқа даярлық жүрiп жатты. Қаланың бiр бастығының бұйыра айтқан сөзiне шыдай алмай, Темкең қатты кетiп, соңында жағаласуға аз қалғаны есiмде.
Журфактың өнер сайысында жеңiмпаз болуы үшiн Темкең барын салып, баянды iс жасады. Студенттiк жастан асып кеткен, сырттай оқитын өнерлi «үлкен кiсiлердi» де Темкең жеңiмпаз атану үшiн хор мен ансамбльге мүше қылып «жегiп» қойды. Қазiр жасы жетпiске жақындаған қажы, ол кезде қырықтардағы термешi бiрiншi курстың арасында ән салды.
Бiзбен бiрге оқыған, бiзден бiраз жас үлкен, белгiлi әншi Жәнiбек Кәрменов факультеттiң атағын шығарды. Өнер жағынан дарынды Жәкең ҚазГУ-дiң (қазiргi ҚазМУ) мақтанышы, жарқыраған жұлдызы болды. Жәкең Темкеңмен студент-оқытушы сияқты емес, дос-құрдас сияқты қатынаста болды. Жалпы, Жәкең кiммен жақын жүрудi жақсы бiлетiн. Студент Кәрменов жатақханаға келiп карта ойнайтындарды қасына жинап, түннiң бiр уағына дейiн сызатын едi. Кейде лекцияға көңiлдi келгенде, Қожакеевпен қонақта, құдалықта бiрге болғанын айтып, «Менiң кiм екенiмдi бiлiп қойыңдар» дегендей сыңай сездiретiн. Бiрде Жәкең: «Өткен сенбiде Қожакеевпен бiр құдалықта болып, екеумiз таң атқанша iшiп, тоғыз коньякты тауыстық» – деп, мұны «жуу» үшiн екi жiгiттi асханаға апарды.
Жұрт көзiнiң тiрiсiнде-ақ ол кiсi жайында неше түрлi әңгiме айтатын. Олардың бәрiн жинап, зерттеп жазса, Темкең үлкен шығарманың атақты кейiпкерi болар едi. Ол кiсi бiреулерге жақсылық та жасаған, бiлмей қиянат та көрсеткен болу керек. Астамшылдық сөзi де болған. Профессор Қожакеев қызып кетiп, шәкiрттерiмен кейде түс шайысатын.
Темкең «Сатира – күштiлердiң құралы» деп лекция оқығанда, қыбыр ете алмаймыз. Күлдiруден бастап, iшегiңдi түйiлдiрiп, хас шешен көсiлiп кететiн. Лекцияда кейде табан астында қызық әзiл айтып күлдiргенде, күллi аудитория жаңғырып, күлкiден төбе түсiп кете жаздайтын. Бiрде лекцияда армиядан келiп оқуға түсiп, соңғы курстарда жүрiп, үйленгенiне он шақты күн толмаған жiгiт қалғып отырды. Бұл сарбаз Темкеңнiң дос-студенттерiнiң бiрi, партия ұйымының белсендiсi болатын. Қырағы көз Қожакеев: «Неге қалғып отырсың? Ұйқың қанбады ма?» – дедi. «Жаңа үйленген адамның ұйқысы қанбайды екен, аға», – дедi. «Е, сабаз, төсекке үйелеп қалған екенсiң ғой. Бұл шаруаға оңды-солды ұрынуға болмайды. Бар нәрсенiң шегi, мөлшерi бар. Артық кетуге болмайды. Дәрiң таусылып қалмасын», – деп Темкең бәрiмiздi қыран-топан күлдiрiп, өзi де қарқ-қарқ күлiп, аудиторияны бiр серпiлтiп тастады.
* * *
Желтоқсан оқиғасынан кейiн Темкең ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатты кiрiстi. Баспасөзде: «Қазақ журналистикасының» тарихына, бiзге беймәлiм шежiре-сырына қатысты тың дүниелер жариялады. Көсемсөздiң ұлы көшбастаушысы Мiржақып Дулатовтың өмiрi мен еңбектерiне байланысты тоқсаныншы жылдары өте құнды деректердi жарыққа шығарды. Тарихи эсселер жазды. Ал, Темкеңнiң о бастан қазақ сатирасын зерттеушi, оның қалыптасуымен дамуын саралаушы, фельетон жанрын түсiндiрушi, бiлiктi ғалым екенi белгiлi. Айқасып жүрiп, алысып жүрiп, қыруар еңбек жазып, том-том кiтап шығарған Темкең шынында жiгер-қайраты мұқалмайтын жан едi.
Алла Тағала жаратқан өмiр-әлем «тылсым дүние» ғой. Темкең өмiрден өтерiнiң алдында бiр жыл бұрын Жазушылар одағында өткен бiр мерейтойға келiп қатысты. Жазушы Рахметолла Раймықұловтың шығармашылығы жайында терең бойлап, пiкiр айтты. Мiнбеге шығардың алдында бұрынғы ұстазыма сәлем берiп, ол кiсiнiң жанында отырдым. «Сен пәленше емессiң бе?», – деп Темкең менi таныды. «Жұлдызда» iстейсiң ғой? Сендердiң оқуды бiтiргендерiңе де бiраз болып қалыпты-ау», – дедi. «Иә, отыз жылға жуықтады», – дедiм. «Түгелсiңдер ме? Араларыңда кетiп қалғандар бар ма?» – дедi. «Аға, Жәнiбектi қосқанда екi-үш шәкiртiңiз қазiр арамызда жоқ», – дедiм. Темкең бiр сәт үнсiз қалды. Темкеңнiң неге алдымен о дүниелiк болғандарды сұрады деп кейде ойланып қалатынмын. «Қожакеев қайтыс болыпты» деген сөздi естiгенде, жоғарыда айтқан Темкеңнiң сұрағы ерiксiз тағы ойыма оралды. Жарықтық жақында дәм-тұзының таусылатынын сезсе керек. Өйткенi «Түгелсiңдер ме?» деп неге сұрады?..
Ораз ҚАУҒАБАЙ