ЖАРТАСТАҒЫ БАТЫР БЕЙНЕСI
ЖАРТАСТАҒЫ БАТЫР БЕЙНЕСI
Баянауыл ауданындағы қазiргi Күркелi округi, Жұмат Шанин ауылы бұрын «Южный» кеңшары аталатын. Мен осы кеңшарда бас экономист қызметiн атқарып жүргенiмде, жаңылыспасам, 1974 жылдың қыркүйек айының орта кезiнде, астық орағына дайындық барысын тексеруге жоғары жақтан келген уәкiлдердi ауыл басшылары табиғат аясында дастархан жайып, күтпек болды.
Қонақтар үшiн «Қарақуыс» фермасының жанындағы, көзден тасалау, «Батыр тоғайы» деп аталатын табиғаты әсем жерден орын таңдап алынды.
Риза Нығметов деген азамат екеумiз машинамен «Батыр тоғайын» жағалап, бұлақ басына апаратын дөңге (қыратқа) шыға келгенiмiзде, алдымыздан бұрын көрмеген, таңқаларлық бiр көрiнiс пайда болды. Машинаны дереу тоқтатып, сыртқа шығып жартаста алаулап тұрған көрiнiстi (панораманы) қызықтап, тамашалап қарай бастадық. Бiз тұрған қыраттың төменгi жағында, шамамен 400-500 метрдей қашықтықтағы жерде бiзден бұрын келгендер ысқырып, айқайлап, қол бұлғап бiздi шақыра бастады. Көрiнiске таңдана қарап тұра берудiң ыңғайы келмеген соң, кейiн арнайы келiп көрермiз деген оймен, қонақтарға қарай жүрiп кеттiк.
Сондағы бiзге ашылған көрiнiс мынадай едi: алдымызда, күнге қарсы тұрған, биiктiгi 10 метрдей үлкен жартастан дене-тұрқы түгел дерлiк салынған батырдың алып суретi күнi кеше ғана салынғандай күн сәулесiмен шағылысып жарқырап тұрды. Дөңгелек беттi, томаға қабақты, жалпақтау келген қысқа мұртты, шаралы көздi батыр бейнесi жартастың биiктiгiне жетеқабыл тәрiздендi. Басында – жығасы бар дулыға, үстiнде – шолақ жең берен, белдiгiнде –қанжар, бiр қолы белдiкте, бiр қолы бос, аяғында – қысқа қонышты етiк. Сурет сызықтары ақсары бояумен жүргiзiлген. Басқадай да ерекшелiктерi бар шығар, бiрақ менiң есiмде қалғаны осы белгiлерi едi.
«Қайта келiп көрермiз» дегеннен берi, мiне отыз жылдай уақыт өттi. Ендi, сурет сырын сұрап бiлейiк десек, арамызда үлкен ақсақалдар қалған жоқ. Жасы кiшiлерден сұрасам, көрмегендiктерiн айтады. Тек екi адам «Сiз айтқан көрiнiс жайында, ертеректе үлкен адамдардан естiп едiк» дедi. Бiреуi Нұралы баласы Шаймерден, ол кiсi өмiр бойы сол бөлiмшеде машина жүргiзушiсi болып жұмыс iстеген. Екiншiсi, Сапабеков Мақсұт. Ол кiсi сол «Қарақуыс» фермасында туып, сол жерде өсiп өнген адам. Ол «Суреттi өзiм көрген жоқпын, бiрақ, әкем Садықтың дәл сiз айтқандай қылып айтып отырғанын сан мәрте естiдiм», – дедi.
Тап осы тұста айтатын бiр жайт, ертеде, 1963-1965 жылдары, Жосалы кеңшарында қызметте жүргенiмде, Қызылтаудағы «Рақыш» фермасына бара жатқан жолда, ескi зират қорымында қыз бейнесi бар құлпытасты көргенмiн. Сәукеле киген, келбеттi, қыр мұрынды, бота көз, өте әдемi қыз бейнесi кеудесiне дейiн салынған болатын. Шiлде айының орта кезiнде, 2-3 күн, тал түсте күн сәулесiмен шағылысып жанып тұратын. Сурет сызықтары жаңа жыл мейрамындағы шырша гирляндасындай жарқырай көрiнетiн. Ел аузында, ол жер «жанып тұратын қыз бейнелi жер» аталатын. Қорымды 1964 жылы Әлкей Марғұлан басқарған экспедиция көрiп, тексерiп кеткен едi. Бiреулер сол құлыптасты орнынан қозғаған болуы керек (алып кетуге әрекет жасады деген де сөз бар), кейiн жанып тұруын қойды дейдi сол жердiң тұрғындары.
«Батыр тоғайындағы» жартастағы сурет пен Қызылтау қорымындағы құлпытасқа салынған сурет бiр дәуiрдiң өнер туындылары екенi сезiледi. Олай дейтiнiм, екi көрiнiстiң екеуi де жыл 12 айдың кез келген уақытында көрiне бермейдi, тек жылдың белгiлi бiр мезгiлiнде айшықталып сәуле шашады.
Қорыта айтқанда, сонау көне дәуiрдегi скифтердiң «жануарлар стилi» деп аталатын өнер туындыларынан бастап, кейiнгi Есiк қорғанынан табылған «алтын адам» өрнегi, Енисейден әкелiнген Күлтегiн жазбалары, жоғарыда айтылған тасқа өрнектелген бейнелер, тағысын тағылар, осының барлығы бiздiң арғы тегiмiз көшпендiлердiң өнерi мен мәдениетi қатар дамыған өркениеттi ел болғандығының айдай дәлелi.
* * *
Ғұн тайпасының патшасы Қабус өзiнiң баласы Анушариванға арнап қалдырған өсиетнамасында «Қабуснама» жазылған мәңгiлiк құнды сөздерiнiң бiрi: «Балам, ешкiм сенбес шындықты айтпа» едi. Осы сөздiң мәнiн бiле тұра, таңғажайып көрiнiстер жайлы сөз аузымнан шығып кеттi. Ел азаматтары «Жартастағы бейненi көрсет, я болмаса жартастың өзiн көрсет» – деп, өзiме қолқа салды. Арада отыз жылдай уақыт өткендiктен бе, суреттiң қай жартасқа салынғанын ұмытыппын. Сосын амалсыз, «Мiне, мына жерде мен тұрдым, ал бейне осы қарсы беттен көрiндi», – деуден әрi бара алмадым. Осылайша, мен, «өтiрiкшi ақсақал» болып шыға келдiм. Кейiннен жатпай-тұрмай iшiнен түрлi деректер жинақтап, ақталуыма тура келдi. Бiреулер жартастағы бейне жыл 12 айда 2-3 күн ғана (күннiң ашығында) бiр уақытта көрiнедi, ендi бiреулер мүшел жылда (13 жыл) ғана көрiнiс бередi дейдi
Құрметтi оқырмандар, осы жазғанымды оқи отырып, байқамай айтылып қалған бiр ауыз сөздiң қаншалықты ауыртпалығы бар екенiн еске сақтағайсыздар. «Өнердiң ең алды – сөйлей бiлу қабiлеттiгi» деген. «Жүйелi сөз адамды ажалдан алып қалады» – дептi Қабус.
Нығмет ЖӘМIНОВ, еңбек ардагерi