Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ФУТБОЛШЫЛАРЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҒЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ФУТБОЛШЫЛАРЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҒЫ

Қазақстан – Сербия. 2:1

Пафосқа толы «қаһарман» сөзi 24 наурыз күнi Алматыдағы Орталық стадионда өткен Еуропа чемпионатының iрiктеу ойынында Қазақстан ұлттық құрамасының жеңiсiн қамтамасыз еткен жандардың барлығына тiкелей қатысты. Елiмiзде жиi айтылып, жауыр болған ұлт пен ұлысына қарамай ұлттық құраманың туы астына жиналған спортшыларға да, футболшыларымызды осы аса маңызды кездесуге тастүйiн дайындаған жаттықтырушыларға да. Ең әуелi, жiгiттердiң жеңiске деген құлшынысын оята бiлген Арно Пайперс мырзаға айтар алғыс шексiз.

Соңғы күндерi Қазақстан БАҚ-тарындағы ақпарлардың бәрi дерлiк осындай ортақ ойды өзек етiп, жасыл алаңда жанталасып, қайсарлықпен өнер көрсеткен ойыншыларымыздың әрбiр қимылын көтерiңкi көңiл-күймен қайта-қайта тамсана жазып, айтуда.

Әсiресе осыған дейiн қазақ футболшыларының әрбiр сәттi ойынына қуанып, сәтсiздiктерiне қынжылып, жанкүйерлердiң теңбiл доп шеберлерiне деген сенiмi мен үмiтi азаймауы үшiн жар құлағы жастық көрмейтiн ерекше басылым, кәсiби түрде жанашырлықпен тұрақты жазып жүрген «PROCПорттың» қуанышында шек жоқ. Олары түсiнiктi де, Арно Пайперстiң атына жиi орынды сын айтып, ұлттық футболшыларымыздың намысын жыртатын, кәсiпқой футболымыздың қыр-сырын терең сөз ететiн газет бұндай жеңiстердiң аса қымбат екенiн де мейлiнше пайымдайды.

Өз Отаныңның қуанышына қуана бiлмеу, спортшылардың жеңiсiне шын шаттанбау кембағалдық сияқты. Рухани кембағалдық. Осынау түйенiң қарны жарылған ақжарылқап күннен соң да, қазақ футболшыларының ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тарайтын тарихи жеңiсiнен кейiн де саңлақ ойыншыларымыздың сәттi ойынына қуанудан гөрi мысқылдап, әжуалап қалуға тырысқандардың тiрлiгi әйгiлi мысалдағы пiлге үрген қанденнiң жеңiлтектiгi. «Ол пiлге де үрген батыр ғой», – деген атын шығарудың әшейiн амалы шығар.

Кейбiр БАҚ-тардың, әсiресе, iшiнара телеарналардың бiздiң футболшылар «удивительно, не влипли, а вошли в историю» («31-канал»), деген мәнзелде мошқап-мұқатып шолу жасамақ болуы адамдардың бойында жиренiш туғызғандай.

Ал нағыз жанкүйерлер, отандық футболдың шын жанашырлары жүректерi жарыла қуанды ұмытылмас сенбiде.

Бұл жеңiс қуанышының сыры, осыншалық шаттықтың мәнiсi неде?

Әңгiменi сәл әрiректен сабақтауға тура келедi. 2002 жылы УЕФА туының астына көшкен Қазақстан футболы, миллиондаған жанкүйерлер содан бергi уақытта жеңiске зарыққан болатын. Осындай айтулы жеңiс күнiн бақандай бес жыл бойы талмай, шексiз үмiтпен тосты. Өзiмiзбен деңгейлес командалармен жолдастық ойындардағы жәй ғана ұтыс емес, азулы командалармен айқастағы ардақты жеңiс күнiн аңсай күттi! Тiптi қазақ футболына көңiлi қалып, өкпелеп күдерiн бiржола үзгендер де болмай қалған жоқ.

Ұлыстың ұлысы – әз Наурызда адамдар бiр-бiрiмен көрiсiп татуласып, өзара өкпе-наздарын кешiредi ғой. Биылғы Наурыз мерекесi күндерiнде ортақ шаңырағымыз – Қазақстанға келген бұл жеңiстiң тарихи маңыздылығы сол – спортшыларымыз бен миллиондаған жанкүйерлер татуласты. Болашақ жеңiстерге деген сенiмге жаппай жұмылды.

Бұл ұмытылмас ойында Қазақстан құрамасы қарсыластар қақпасына екi гол соқты. Небары 2-ақ гол! Спорт коментаторы Ралянның шабыты келгенде қуанышпен, көтерiңкi леппен әдемiлеп: «Остановись, прекрасное время!» – деп айтатынындай жанкүйерлер жүрегiнiң таспасында мәңгi жазылып қалған екi таңғажайып сәт. Сенбi күнi футболды тамашалауға барып, стадион табалдырығын аттаған, сондай-ақ сол күнгi кеште елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде көгiлдiр экранға көз алмай үңiлген сандаған спорт сүйер қауымның баршасына ортақ қуанышы шарасынан асып төгiлдi.

Иә, өз мүмкiндiктерiнiң шегiнен асып түстi бiздiң ойыншылар бұл кеште және мұны ешкiм күте қойған жоқ болатын. Әйгiлi Сербия құрамасы да осы кездесуге бәйгенi шаппай бер деп келген. Еуропа чемпионатының iрiктеу ойындарындағы «А» тобының көшбасшыларының бiрi, Балкан түбiндегi аты талайға мәлiм елдiң ұлттық құрамасы Алматыға тек қана жеңiс үшiн ат басын тiреген. Сөзсiз жеңiске жететiндерiне сенiмдi едi. Онсыз да атағы әлемге мәшһүр Сербия құрамасындағы әрбiр ойыншы сайдың тасындай iрiктелген саңлақтар: барлығы түгелдей дерлiк Еуропаның футболдан жетекшi елдерiнiң «Манчестер Юнайтед», «Герта», «Сошо», ЦСКА сияқты азулы командаларында өнер көрсететiн теңбiл доп шеберлерi.

Сондықтан да скептиктер Қазақстан құрамасын 2:0, 3:0… тiптi одан iрi есеппен жеңiледi-ау деп iштей күңiренетiн едi. Басқа басқа, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Арно Пайперстiң өзi ойын қарсаңында: «Бiз Бельгия құрамасымен кездесуден кем емес ойын көрсетемiз», – деп сыпайы ғана күмiлжiген едi журналистермен әңгiмесiнде.

Құдай қолдап, жеңiс бiз жақта болды. Бұл күн ендi ешқашан ұмытылмайды! Бiзге Жеңiстiң қанатты құдайы – Никаның шарапаты ойын үстiнде емес, Орталық стадионға футболшыларымызға деген сенiмiн жоғалтпаған жиырма мың жанкүйер жиналған сәтте тиген шығар. Кездесу қарсаңында сол жиырма мың адам және жасыл алаңға Қазақстан құрамасының алтын түстес жейдесiмен шыққан он бiр футболшы бiр ауыздан Әнұранды – «Менiң Қазақстанымды» салтанатпен қосылып шырқаған сәтте жан тебiренбей қалу мүмкiн емес-тi. Жиырма мың адам! Қазақстанның Әнұранын бұған дейiн осыншама адамдар бiр жерде, бiр уақытта шырқап көрген жоқ.

Осынау қайталанбас қасиеттi сәттi көзбен көрiп, құлақпен есту керек-дүр. Бiр сәтте ондаған мың адамның бойы ток соққандай дiр етiп, жұлын-жүйкесiн ыстық сезiм аралап, көңiлi босаң жанкүйерлердiң жанарына жас үйiрiлген. «Қазақстан! Қазақстан!» деп ұрандаған жұрттың даусы Алатаудың ақ бас шыңдарын жаңғыртты.

Қайрат Әшiрбеков пен ұлттық құраманың капитаны Нұрбол Жұмасқалиев Сербия құрамасының қақпасына соққан әдемi голдар кез-келген Еуропа елiнiң құрамасының ойынына әр беретiн тамаша голдар. Сербия құрамасының майталман ойыншысы Жигичтiң 67-минутта соққан қарымта голы қонақтардың ұтылысының өкiнiшiн сәл басқанмен, бiздiң көшемiздегi қуанышты кемiте алмады. Қазақстан құрамасы өз қоржынындағы бес ұпайдың төртеуiн аса мықты Бельгия және Сербиядан еншiледi.

Мiне, осы жай, командадағы барлық ойыншы ортақ бiр мақсатқа – жеңiске ұмтылысы аңызға айналар. Футболшыларымыз жас ұрпақ үшiн қаһарман көрiнер.

Солай болуы да тиiс.

Жаңабек ШАҒАТАЙ