ШЕНЕУНIКТЕР ҺӘМ ҚАРА ШЕҢГЕЛ
ШЕНЕУНIКТЕР ҺӘМ ҚАРА ШЕҢГЕЛ
Қазақстан қызмет басындағылардың тойымсыздығы асқынып барады
Ауылда туып-өскендер жақсы бiлуге тиiс, кей жерлерде есiктiң алдында сұрықсыз қара шеңгел өсетiн. Өткен жылдан қалған өлi шөп жабағыдай тұтасып тұратын түбiнде қағаз қиындылары, оңған шүберектер, жүн-жұрқа шашылып, бос қалбырлар ыбырсып жататын. Өларада – қыс пен көктемнiң түйiскен тұсында, әлгi жартылай қураған қара шеңгелдердiң бойына сөл жүгiрiп, нәр алған тiкендерi бұрынғыдан бетер өткiрлене сойдиып, ащы бола түсер-дi. Түлеген малдың жүндерiн жұлып-жұлып алып қалушы едi әлгi тiкендерi.
Қазақстан шенеунiктерiнiң көбi де сол қара шеңгелдiң тiкендерi сияқты әркiмнен жұлып-жұлмалап алып қалуға әбден машықтанған әрi құныққан.
Адамзат қоғамы өз дамуының кезектi бiр сатысына қадам баса салысымен, тарих сахнасына өмiр сүру салты, атқарар мiндеттерi де былайғы көпшiлiктен өзгеше бiр әлеуметтiк топ – шенеунiктер шыға келген. Темекi сауытынан ыршып шыққан сайтанның сапалақтары сияқты. Шенеунiктер аса маңызды мемлекеттiк қызметтердi қай елде бiрiншi боп атқара бастағаны әлi де анықталмаған даулы мәселе, бәлкiм олар аңыздағы ежелгi Атлантидада пайда болған шығар, мүмкiн, шығыста жайнап, қара түнек ғасырларда бiлiм нұрын шашқан Шумер жерiнде дүниеге келген болар.
Бiр анығы: ежелгi Мысыр елiнде, Грекия, Рим империяларында шенеунiктер маңызды мемлекеттiк мiндеттердi атқарумен қоса, қатарлары күн санап өсiп, өз уыстарына шексiз билiк пен орасан зор байлық, дәулеттi шоғырландырып үлгерген-дi.
Шенеунiктiк билiк иниституты, мемлекеттiк бюрократияның мыңдаған жылдық дәстүрi қалыптасқан Қытай тарихы да осы шенеунiктермен үздiксiз күрестерден ғана тұратын секiлденедi. Қазiргi заманға дейiнгi сандаған императорлардың жарлығымен түрлi қылмыстары, парақорлығы, ақымақтығы, мемлекет қазынасын талан-таражға салғандығы үшiн басы шабылған, дарға асып өлтiрiлген шенеунiктердiң саны барлық соғыстарда қаза тапқандардың санынан көп шығар. Бұндай қатал жазалаулар Қытайда әлi күнге ара-тұра жалпы халықтың алдында жүзеге асырылып тұрады. Басқаларға сабақ болуы, миллиондаған тойымсыз шенеунiктер ел байлығын талан- таражға салып, жапырақтап жеп тауыспауы үшiн. Жалпы, Шығыс елдерiнде қылмысты шенеунiктердi жиналған көпшiлiктiң көз алдында жазалау дәстүрi ежелден сақталып қалған ғой. Ұққан жанға осы бiр қатал дәстүрдiң астарында әдiлдiк те жатқан сияқты. Өйткенi, құныққан шенеунiктер ертелi-кеш қалыптастыратын түрлi деңгейдегi коррупция мемлекеттегi тұрақтылыққа, оның әлеуетiне ықпал етумен бiрге, ең әуелi адамдардың бойындағы әдiлет пен шындыққа, адамдық пен адалдыққа, iзгiлiкке деген үмiтi мен сенiмiнен айырады.
Әдетте «Ай» дер ажа, «қой» дер қожа жоқтығын» қапысыз аңғарған, жазасыздықтарына күмәнданбайтын әрi тойымсыздықтары шектен асқан шенеунiктер мемлекеттiң өзегiн жегi құрттай үңгiп жеп, жаңару, дамуға ең басты кедергiге айналатын көрiнедi. Сингапурдың экономикалық әлеуетiн әлемдiк деңгейдегi жетекшi елдердiң қатарына жеткiзген кемеңгер премьер-министр Ли Куан Ю осылай дейдi. 1959 жылдан жаңа тұрпатты мемлекет құра бастаған Сингапурде экономикалық-әлеуметтiк, саяси реформалар алма-кезек жеңiстер мен iркiлулерге ұласып, 1990 жылға дейiн жалғасты. Ең басты қасiрет – коррупция болған едi. Елдегi ауыздықтаусыз кеткен сыбайлас жемқорлық Сингапурдегi реформалардың ұзақ мерзiмге созылуына әкелiп соққан.
Мiне, осындай жүгенсiз жең ұшынан жалғасу бүгiнгi Қазақстандағы қоғамдық топтардың барлығын дерлiк бастан-аяқ жайлаған тұрақты факторға айналып үлгердi. Әсiресе, оның деңгейi мемлекеттiк қызметкерлер арасында өте жоғары болып отыр. Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару агенттiгiнiң жүргiзген зерттеулерiне қарағанда, сұралғандардың 42,1 пайызы табиғи ресурстарды қадағалайтын ұйым мен мекемелердiң басшылары тұрақты түрде пара алатындарына күмәнданбайтын боп шыққан. Көрсеткен қызметтерiнiң iрiлi-ұсақтығына қарай салық қызметiндегiлердiң 47,6 пайызы, кеден қызметкерлерiнiң 46,2 пайызы өздерiне сыйақы, яки пара ұсынылғанын мойындаған.
Аса алаңдатары сол, «Коррупция елiмiзде ырық бермей кете ме?» деген сауалға кеден қызметкерлерiнiң 42,2 пайызы құптап жауап берсе керек. Яғни, елiмiздегi сыбайлас жемқорлықтың деңгейi үрей шақыратын, жаппай қоғам болып дабыл қағатын межеге жетiп отыр.
Ұлы Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» эпопеясындағы: «Жаңа заманның зоры болар десем, соры болар сырларың бар ма едi, қазақтың қалтаңдаған чиновниктерi, қаратаяқтары! Байқадым да, түңiлiп отырмын мен сендерден! Мынау түрлерiңе қарағанда алдарсың, талай алдарсың әлi! Кiмдердi алдап, кiмдердi сатпас екенсiңдер»,–(Төртiншi кiтап, 264-бет) деген нала мен күңiренiске толы сөздерi тура бүгiнгi шенеунiктерге қарата айтылған сияқты.
Осыдан бiраз жыл бұрын халықаралық беделдi ұйымдар әлемдегi 146 мемлекеттегi коррупцияның деңгейiн анықтау үшiн зерттеулер жүгiзгенi және Қазақстан Гватемала, Зимбабве, Боливия, Венесуэла сияқты елдермен бiрге 122-128 орындарды бөлiскенi мәлiм. Сонда әлемде коррупциясы бiзден көбiрек жиырма шақты ғана ел бар болғаны ғой. «Баяғы жартас – бiр жартас», одан кейiнгi жылдарда жағдай одан әрi төзгiсiз бола түспесе, оңала қоймағаны хақ. Коррупция қоғамдағы баршаны алаңдатқан тұрақты факторға айналып қана қойған жоқ, күн санап өсе түсуде. Ол аса күрделi, бiр ауыз сөзбен анықтама берiле қою қиын құбылыс.
2006 жылы Қазақстандағы құқық қорғау органдары аса ауыр 2005 коррупциялық қылмысты анықтаған, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 33,2 пайызға артық. Сөйтiп 477 сыбайлас жемқорлар құрықталды. Ал 2005 жылы 1505 коррупциялық қылмыс анықталған едi. Бiр жылдың өзiнде айтарлықтай өскенi көзге анық ұрып тұр. Дегенмен, жұртшылық мұндайда заң қармағына майда шабақтар ғана iлiнiп, iрi шортандар жалғанды жалпағынан баса беретiнiне еш күмән келтiрмейдi. Сыбайлас жемқорлықтың ауыздықтаусыз кеткенi сонша, елiмiздегi әрбiр естияр азамат қандай бiр мәселенiң жүзеге асуы үшiн тамыр-таныстық, ағайындық қатынастар, пара, лауазымды шенеунiктердiң көңiлiн таба бiлу қажет екендiгiне көздерi анық жеткен. Тiптi, Ұлттық банктiң төрағасы Владимир Марченко мырза әнебiр жылы теледидардан сөйлеген сөзiнде: «Дастархан басында отырғанда, оны бiлгiң келе қоймағанмен, кiмнiң қандай қызметтi қаншаға сатып алғанынан хабардар боласың»,– деп қалғаны бар едi. Интернеттегi материалдар осылай дейдi. Шыны керек, В.Марченко айтқан жайт соншалықты мемлекеттiк құпия да емес. Билiктiң жоғарғы сатысындағы мемлекеттiк қызметкерлердi былай қойғанда, қарапайым мұғалiм немесе МАИ инспекторы болып орналасу үшiн де қанша ақша беру керектiгi жұрттың көбiне айдан анық.
Өкiнiштi бiр жайт, қоғамымызда сыбайлас жемқорлықты тек пара алу деп бiр жақты қабылдау басым. Жеме-жемге келгенде, жырынды коррупцияның ең жексұрын, сорақы көрiнiсi – қылмыстық, ұйымдасқан топтар мен әулеттердiң (клан), яки мемлекеттiк билiк иниституттары өкiлдерiнiң ауызжаласуы. Ымыраласып кетуi.
Қазақстан қабылдаған заңдардың басым бөлiгi халықаралық биiк талаптар мен стандарттарға сай екендiгi дәлелденген жайт. Ол ол ма, елiмiз коррупцияға қарсы күрес туралы заңдар қабылдаудан әлемдегi алдыңғы орындарда болуы да ықтимал. «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңның қабылданғанына бiраз жылдың жүзi болды. Сонымен қатар 2005 жылдың желтоқсанында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама да жүзiң күйгiр сыбайлас жемқорлықтың тамырына бiржола балта шауып, қоғам тәнiндегi арамза шөптей отап тастауға бағытталған болатын. Елбасының өзi таяуда: «Елiмiздегi шенеунiктердiң 99 пайызы адал, турашыл жандар, ал алаяқ 1 пайызын бәрiмiз жабылып жеңе алмаймыз ба?» деген мәнзелде сөз сөйлеп, мемлекеттiк қызметкерлермен үмiттене ой бөлiскенi бар-ды. Мемлекеттiк қызметкерлер сол үмiтке, сенiмге сай ма?!
Әдiлiн айтқан жөн, мемлекеттiк қызметкерлердi, елiмiздi дамытудың аса ауыр мiндеттерiн мойындарына артып отырған шенеунiктердiң бәрiн жаппай қаралауға болмас, дегенмен, қоғамда оларға сенiм, үмiт арту өте төменгi шегiне жеткенiн де жоққа шығаруға болмайды.
Басқа басқа, Қазақстан Республикасы Мәжiлiсiнiң депутаты Дариға Назарбаеваның өзi оларға сенбейдi екен. Өткен аптада орыстiлдi газетке берген сұхбатында: «Коррупция же в свою очередь душит конкуренцию, углубляет бедность, сеет беззаконие, подтачивает основы государства»,– деп елiмiздегi коррупцияға «қатты» алаңдаушылығын бiлдiре отырып, одан әрi: «Постепенно единичные случаи превращаются в системный беспредел. В действиях бюрократов есть своя логика – терпят, значит, можно еще поболнее прижать… Бюрократия не чувствует, когда нужно остановиться, где предел, за которым люди – какими терпеливыми и безмолвный они ни были – перестають терпеть», («Караван» газетi, №12. 23 марта, 2007г.)– деп бойын үрейге жеңдiредi және жемқорлардың да ақылға келуi мүмкiн екендiгiнен үмiттенедi.
Жан тебiрентiп айтады-ау депутат ханым, адамның көзiне жас үйiрiлiп, ашу-ызадан қан қайнап, жүрек шымырлайды. Сезiмге бой алдырғандар сол сәтте-ақ коррупционер бiткеннiң бәрiн күл-талқан етер ме едi, бiрақ бiздiң елде сөздер мен iстiң арасында экватор ұзындығынан да қашық алшақтық бар ғой. Сыбайлас жемқорлыққа бойы үйренгендердiң кәнiгi шахматшылардай айла-шарғысы көп-ақ.
Ақпан айының соңына таман Қауiпсiздiк кеңесiнде шенеунiктердiң заңсыз пәтерлерге ие болуы және оны бөлудегi заңсыздықтар мәселесi қаралған болатын. Миллиондаған қарапайым адамдардың күнделiктi өмiрiне, тағдырына тiкелей әсерiн тигiзетiн осынау маңызды мәселеде елiмiзде орын алып отырған заңсыздықтар мен қылмыстарға бұдан әрi көз жұмып қарау, елемей қою мүмкiн емес. Бұл өмiрлiк мәселе Президенттiң Қазақстан халқына жолдауында тағы да көрiнiс табуы жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын аңғартатыны сөзсiз сияқты. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында бес биiк лауазымды шенеунiктiң әрқайсысына екi қызметтiк пәтерден берiлген. Орал қаласы әкiмдiгiнiң тұрғын үй бөлiмiнiң бастығы Б.Шамшатовтың, сондай-ақ қаланың бұрынғы әкiмi В.Мұқатаевтың үстiнен қылмыстық iс қозғалуда. Мұнда 72 пәтер жоғары лауазымды шенеунiктерге заңсыз үлестiрiлгенi анықталыпты. Атырау облысында салынып жатқан пәтерлердi заңсыз бөлуге жол берiлгенi де көп адамдардың ашу-ызасын туғызған.
Ол ол ма, Павлодарда қатардағы нотариус ипотекалық бағдарлама бойынша 4 пәтерге қол жеткiзсе, «Жедел жәрдем» дәрiгерi, армян азаматы осы бағдарлама бойынша 11 пәтердi иеленiп, бәрiн дерлiк үйсiз-күйсiз бейшараларға жалға берген. Мұндай өрескел жағдайлар әрбiр облыс, аудан орталықтарында орын алып отырғандарына жұртшылық еш күмән келтiрмейдi. Таяуда Астанада жер телiмдерiн екi-үш «Мерседес» автомашинасына заңсыз сатқан мемлекеттiк қызметкер де қолға түстi. Несiн айтасың, тiзе берсе мұндайлар қалың түмен ғой. Тiптi, Қауiпсiздiк кеңесiнде ҚР Президентi Н.Назарбаев: «Осындай адамдарды қара жер қалай көтерiп жүр?»– деп күйзеле сауал тастаған едi.
Шындыққа тура қарайтын болсақ, жекешелендiру кезеңiнде орын алған сансыз заңсыздықтар мен қылмыстардан кейiнгi жылдарда жер-ана ондайларды көтере алмай күңiренуде, ел күйзелуде. Қазiргi қалыптасып отырған аса өрескел жағдай тұсында да көптеген әкiмдердiң бiрлi-жарым орынбасарларына сөгiс беру, әрi кеткенде кей қызметкерлерге қатаң сөгiс беру немесе қызметтен босатумен шектелу әдетке айналады. Сонда пәтерлер бөлуге әкiмдердiң құзыры жүрмей ма расымен? Олар осындай аса маңызды мәселеден шынымен тысқары ма? Олай деуге қарапайым өмiрдiң шындығы жол бермейдi, адам көңiлi сенбейдi.
Бұл ретте Батыс Қазақстан облысының прокуроры Зарлық Лақпаев мырза баспасөз мәслихатында: «Содан берi облыс басшылығында үнсiз қорғаныс ұстанымы пайда болған секiлдi… Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына сай пәтер иелену құқығын белден басқан лауазым иелерi де бұл кiнәларын мойындайтын түрлерi байқалмайды»,–деп қынжылғаны ойға оралады.
Лауазымды шенеунiктер әлгi үнсiз қорғаныс ұстанымы өздерi үшiн ең оңтайлы әрi тиiмдi тәсiл екенiне бұдан бұрын да сан рет көз жеткiзiп, тәжiрибеден өткiзген. Әккi, жырынды шенеунiктер осындайда сылбыр қимылдау, сөзбұйдаға салу, ақыры мәселенi сиырқұйымшақтандырып, естен шығарып жiберудiң кәнiгi шеберлерiне айналған. Өздерiн тұйық, ымыраласқан топтың бөлiнбес бөлшегi санайтын өркөкiрек шенеунiктер мемлекеттiк қызметтi бизнестiң айрықша түрi деп ұғуды қалыптастырып отыр. Олар өзiне тән өмiр сүру ережесi, айрықша этикасы қалыптасқан өзгеше бiр топ, айрықша кастаға айналып үлгердi. Сол топтағы бiрқатарының тұғырнамасы мемлекет, ұлттық мүдделерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны байқалады. Көбiсi өз қалтасын қампайтуды ғана күйттеуден аса алмай жүр. Мәселен, кедендi тексеруге, ондағыларға жәрдемдесiп, заңдардың бұзылмауын қадағалауға Астанадан келген Кеден комитетiнiң құзырлы қызметкерi 5 мың доллар пара алып, қолға түскен. Қазақтың «Ет бұзылса тұз себерсiң, тұз бұзылса не себерсiң?» дегенi осы. Бiр таңданарлығы, елiмiздегi шенеунiктердiң жалпы санын шектеуге, мүмкiн болғанынша азайтуға бағытталған шешiмдi шаралар жиi-жиi қолға алынғанымен, көп уақыт өтпестен-ақ әлгi мемлекеттiк қызметкерлердiң саны бұрынғыдан да еселеп өсiп шыға келедi. Биыл да Үкiмет мемлекеттiк қызметкерлердiң санын шектеуге бағытталған кезектi реформа жүргiзудi жоспарлап отыр. Мұның бәрi мемлекеттiк бюджеттiң шығыс бөлiгiн ұлғайтуға әкелiп соғып, онсыз да бой бермей келе жатқан инфляцияға тiкелей әсерiн тигiзуде. Мәселен, 1991 жылы мемлекеттiк билiк, басқару және құқық қорғау қызметкерлерiне мемлекеттiк бюджеттiң 3,1 пайызы жұмсалса, арада он жылдан кейiн, 2001 жылы бұл көрсеткiш 19,5 пайызға көбейген көрiнедi, яки жыл сайын 50 пайыздан артық тұрақты өскенi байқалады.
Бұл жағдай кейiнгi жылдары да тұрақты түрде жалғаса түсуде. Осының нәтижесiнде адамдар арасындағы табыс айырмашылығы шектен тыс мөлшерге жетiп отыр. Байлар одан әрмен байып, кедейлер кедейлене түсуде. Елiмiзде ауылшаруашылығында орташа табыс ай сайын 15-20 мың теңгенi құраса, ал мемлекеттiк компаниялардың басшылары айына 100 мың доллар және одан да көп еңбекақы алуға қол жеткiзген. Бұндай теңiздiк шексiз жалғаса беруi мүмкiн емес. Тiптi, демократия жоқтаушысы деп саналатын АҚШ-та осыдан 40-50 жыл бұрын елдегi төменгi табыс пен жоғары табыстың арасындағы айырмашылық 30-40 есе болып келсе, қазiр 400 есеге жетiптi. Жыл басында мұнда қоғамдық дабыл қағылып, АҚШ президентi осынау айырмашылыққа баса назар аударды және қалыптасқан жағдайдың әлеуметтiк шиеленiстерге әкелiп соқпау жолдарын жан-жақты қарастыруда.
Сонымен қатар Қазақстан шенеунiктерiнiң жемқорлығы, парасыз ештеңе шешiлмейтiндiгi инвесторларды зәрезап етiп, халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын өршiтсе керек. Елiмiздегi осы жағдайдың емсiз кеселге айналғанына бiржола көзi жеткен Еуропа Одағы соңғы жылдары бiздiң мемлекеттiк шенеунiктердi оқып-үйретуге, заң аясында тәрбиелеуге бел буғандай. Олар 4 мыңнан астам қазақстандық шенеунiктердi оқытып-үйреткен және осы мақсатқа 1 млн. 400 мың еуродан астам шығын жұмсаған. Аса қомақты қаржы! Қайран қазақ шенеунiктерi-ай, құрылықтың қиян шетiндегi Еуропа үшiн де қымбатқа түсудесiңдер ғой сендер. Дегенмен, бiздiң шенеунiктердiң бетi берi қарайды, тәрбиелеген соң адал жолға түседi деп иланатын еуропалықтардың аңғал әрекетiне таң қалуға тура келедi.
Қураған ағаш қайта гүлдер, тоқтаған су қайта ағар, ал мемлекет алдындағы, ұлт алдындағы биiк парызы, жауапкершiлiгi барын бiр сәт жадынан шығарған шенеунiктер тәлiм-тәрбиемен оң жолға түседi деу балалық қиял ғой.
2003 жылы құрылған «KS – Консалт» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi бюджеттен қосымша құн салығын келiсiмшарт негiзiнде қайтаруға консалтингтiк қызмет көрсетудi жолға қойса керек. 2006 жылы аталмыш серiктестiк елiмiздегi 4 iрi салық төлеушiден 3,5 млрд. теңге алғаны анықталыпты. Сорақысы сол, аталмыш «KS – Консалт» ЖШС-iн құрушылардың бiрi Салық комитетi төрағасының қазiргi орынбасарларының бiрi К. деген азамат екен. Мұны Қауiпсiздiк кеңесiнде Сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыспен күрес агенттiгiнiң төрағасы Сарыбай Қалмырзаев мырзаның өзi мәлiмдедi. Дегенмен, төрағаның тыңшылар туралы кинодағыдай К. деп құпиялап отырғаны кiм? Әлгi К.-ның «KS – Консалтқа» шынымен қаншалықты қатысы бар? Мұның бәрi жұмбақ күйiнде қалып отыр.
Беделдi Transparensy International халықаралық ұйымының мәлiметiне қарағанда, мемлекеттiк келiсiмшарттар және тапсырыс қорытындылары бойынша әлемде жылына 400 млрд. доллар көлемiндегi қаржы талан-таражға салынып, жымқырылады екен.
Бұл жөнiнде де Қазақстан шенеунiктерi бүкiл әлемдегi маңдай алды орындарда оқ бойы озық тұрған iспеттi. Мәселен, 2006 жылдың тоғыз айында елiмiздегi шенеунiктер 24 млрд. теңгенi тiкелей талан-таражға салса, дәл осы жылдың 9 айында өткiзiлген тендерлер кезiнде 86 млрд. теңге көлемiнде заң бұзушылық байқалған. Әлбетте, құрғақ, жансыз цифрлар адамға соншалық әсер ете қоймауы мүмкiн.Ал осыдан бiрер жыл бұрын аяқталған «Ауылды қолдау жылы» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша, елiмiздегi тұрғындардың 40 пайызы тұратын ауылдарды өркендетуге және ауыл шаруашылығын дамытуға үш жылда 150 млрд. теңге ғана жұмсалғанын ойға алсақ, шенеунiктер елiмiзге қаншалықты нұқсан келтiргенiне көз жеткiзуге болатыны сөзсiз. Миллиондаған адамдардың нәпақа-несiбесiн аз ғана топтар жемтiк қылуда.
Жоғары лауазымды шенеунiктер өз ымыраластарын далаға қалдырмаудың жетiк механизмiн, қандай жағдайға да бейiм әмбебап жүйесiн қалыптастырғаны соншалық, көбiсi суға салсаң батпайтын, отқа салса жанбайтын сияқты боп көрiнедi. Белгiлi ғалым Н.Әмiреқұловтың жазуынша, Қазақстан тәуелсiздiгiнiң алғашқы 13 жылында жоғары және орта бiлiм беру министрлiгiнiң 10 басшысы ауысқан екен. Сөйте тұра, түрлi себептермен қызметтерден босатылған шенеунiктердiң ешбiрi далада қалған жоқ. Басқа жылы орындар табылады оларға.
Мәдениет және ақпарат министрi Е.Ертiсбаев мырза да: «Және шенеунiктер ортасында да, журналистер бауырластығының арасында да сұмпайылар жетерлiк»,– деген пiкiрде. Министрдiң бұл сөздерiн орыстiлдi газеттердiң бiрi жалаулатып тұрып бердi. Несi бар, бұл ақиқатқа ешкiм дау келтiре қоймайды, тек әлгiндей «сұмпайылар» мемлекеттiк қызметкерлер арасында анағұрлым көп екенiн мойындау керек. «Түркiстан» газетiнiң өткен санында Нәбижан Нұрлының «Елдi ойлаған ер кәне!» атты ой-толғамы жарияланды. Автор қазiргi таңда мемлекеттiк қызметкерлердiң бiрсыпырасын ел, ұлт мүддесi толғандырмайтынын айта келiп: «Мұның бiр жағында өз заңсыз табыстарын жасырып қалу айла шарғылары жатса, екiншi жағынан әлгiндейлерге ешқандай жауапкершiлiк жүктелмеуiнен. Нақты назар аударар болсақ, елiмiздегi саяси, әлеуметтiк-экономикалық реформалар мен демократиялық жаңарулар шенеунiктердiң орта буындарының қатысуынсыз өткiзiлуде»,– деп аса күрделi жайтқа назар аударған болатын.
Иә, ұлтжанды, ел, мемлекет мүддесiн қара басының пайдасынан жоғары қоятын шенеунiктердi тәрбиелемейiнше iлгерi басқан аяғымыз керi кете беруiн доғармайды. Ал әзiрге…
* * *
Қыс кетiп, көктем келгенде қара шеңгелдерге ары өткен, берi өткен малдардың жүн-жұрқасы iлiнiп желбiрейтiн. Қазақстан шенеунiктерi де сол қара шеңгелдер сияқты: ыңғайы келгендi жұлып-жұлмалап қалғанды жақсы көредi.
P.S. Отандық шенеунiктерiмiздiң «даңқы» дүниежүзiне кең таралғандығы соншалықты, Еуропа қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Алматыда осы дүйсенбiден берi арнайы жиын өткiздi. Үш күн бойы алыстан арнайы ат арылтып келген тәжiрибелi, бiлiктi мамандардың басты мақсаттары бiреу-ақ: Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою. Олар да армандай бередi екен-ау…
Жаңабек ШАҒАТАЙ