Жаңалықтар

«АЯГӨЗ ЕЛI – АРУЛАР ЕЛI»...

ашық дереккөзі

«АЯГӨЗ ЕЛI – АРУЛАР ЕЛI»...

1996 жылы Аягөз өңiрiнде Қарлығаш Нұрмұхамедова «Аягөз Аруы» байқауын алғашқылардың бiрi болып ұйымдастырыпты. Ол кезде 16 жастағы бойжеткен аудан әкiмiне кiрiп, байқау ұйымдастыру жөнiндегi ойларын ортаға салған. Бойжеткеннiң бастамасы әкiмнiң ойынан шығып, «Аягөз Аруы» байқауы аудан көлемiнде бiрнеше жыл қатарынан үздiксiз өткiзiлiп келген. Қарлығаштың айтуынша, оның республикалық арулар байқауында бiрқатар жүлделерге ие болған шәкiрттерi де бар.

Ауыл-аймақтарда осы тектес байқауларды өткiзу – маңызды iс. Жастайынан әрқилы байқаулар ұйымдастырып, халыққа мәз-мейрам көңiл-күй сыйлауды көздеген Қарлығаш Нұрмұхамедова «Аягөз Аруы» байқауын бiрнеше жыл қатарынан ұйымдастырып отыр. Бұл орайда ол Қыз сыны байқауына барынша қол ұшын созған Аягөз ауылы әкiмiнiң орынбасары Нұрғали Әзiмбаевқа, жергiлiктi әскери горнизонның подполковнигi Данияр Қонақбаевқа шексiз ризашылығын бiлдiредi. Қаржылық жағынан демеп, Аягөз аруларының өзге де байқауларға қатысып, жүлде алуына септескендерге Қарлығаш дән риза. Кезiнде «Аягөз Аруы» атанған Айгүл Балтабаева 1997 жылы «Семей аруы» атаныпты. Бұл орайда Қарлығаш: «Әрбiр ауданның өз саясаты бар «Семей Аруы» тек қана Семейдiң қызы болуы керек дегендей… Сондықтан мен ару қыздарды республикалық байқауларға қатыстырып, Аягөз аруларының республикалық, ары кетсе халықаралық деңгейде танылуына атсалысқым келедi. Мұқағали Мақатаев: «Аягөз елi – арулар елi» – деп, тектен-текке айтпаса керек. Мен үшiн осы ұранды дәлелдеу – парыз» – дейдi.

Қарлығаштың айтуынша, Д.Олейниктiң студиясымен қоян-қолтық жұмыс iстеуде. 2004 жылы өзi дайындаған Аяна Жексенбаева «Көктем Аруы» байқауында Бас жүлдеге қол жеткiзген. Бiр әттеген-айы, күнi бүгiнге дейiн «Мисс Қазақстан» байқауы орыс тiлiнде ғана өткiзiлiп келедi. Мұны Қарлығаш байқау ұйымдастырушыларының орысша талаптарымен байланыстырады. Бiрақ алдағы уақытта байқаудың қазақ тiлiне де бетбұрарына сенiмi зор.

Қарлығаш көбiне қазақы қыздарды, яғни қолаң шашты, қыр мұрынды, тұнық көздi аруларды таңдап, байқауларға қатыстырады. Оған қазақ қызының келбетiн әлемге паш ету өте маңызды. Бүгiнде оның үкiлеп дайындаған шәкiрттерi екi бiрдей байқауға жолдама алып отыр. Атап айтсақ, Арай Орақбаева «Ана тiлi» республикалық байқауына қатысқалы жатса, Ақерке Әлiмбекова «Мисс Қазақстан» байқауына жолдама алды.

Әрине, «Мисс Қазақстан» сияқты байқауларда Қарлығаштай қазақы мамандар жүрсе, байқаудың көп ұзамай мемлекеттiк тiлге де көңiл бөлерiне үмiтiмiз бар.

К. ТАСБОЛАТОВА