БҰЛ ТҰРМЫСТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГI ТӨБЕЛЕС ПЕ, ӘЛДЕ...

БҰЛ ТҰРМЫСТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГI ТӨБЕЛЕС ПЕ, ӘЛДЕ...

БҰЛ ТҰРМЫСТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГI ТӨБЕЛЕС ПЕ, ӘЛДЕ...
ашық дереккөзі
Маловодное мен КазАтКом ауылдарында шын мәнiнде не болды?
 

Биыл тұңғыш рет Алматы облысына қарасты Маловодное мен КазАтКом ауылдары Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мерекесiн тойлаған жоқ. Есесiне екi бiрдей ауыл құзырлы орындардың ерекше бақылауында болды. Себебi тура Наурыз қарсаңында мұнда жергiлiктi тұрғындар арасында дау-жанжалдың орын алғанын барша жұрт бiледi. Бiрқатар ақпарат құралдары төбелестiң қазақтар мен кавказдықтар арасында орын алғанын жариялап та үлгергенiн бiлемiз. Осы оқиғаға орай қазiр Интернетте, отандық басылымдар мен телехабарларда әрқилы баға берiлiп жатыр. Ресми «баға» – тұрмыстық деңгейдегi жанжал ғана, бiрақ отандық саясаттанушылар мұның себебiнiң тереңде жатқанын айтады.

Отандық ақпарат құралдары хабарлап үлгергендей, бар жанжал бильярд клубынан басталған. Бильярд ойынында жеңiске жеткен қазақ жiгiтiнiң аяғына «жеңiлген» чешен жiгiтi тапаншамен атқан. Чешен жiгiтi – 14 ағайынды Махмахановтар әулетiнен шыққан азамат екен. Бұл оқиғаны көп ұзамай бүкiл ауыл естiп-бiлген. Ертесiне жанжал ушығып, атыс-шабысты төбелес орын алған. Оқиға салдарынан Сәбит Сыдықов пен Бақытжан Тұрғұтов және Амир Махмаханов қаза тапқан. Көп ұзамай ауруханада ауыр халде жатқан ағайынды Махмахановтардың тағы екеуi қайтыс болды. Осылайша бильярд залынан басталған жанжал бес адамның жанын қыршыннан қиып отыр. Бiр қызығы, бар жанжалды бильярд залынан бастап берген Таһир Махмаханов қашып кетiптi, қазiр ол iздестiрiлу үстiнде. «Известия-Казахстан» газетiнiң хабарлауынша, Қылмыстық Кодекстiң бiрқатар баптары бойынша қылмыстық iс қозғалған, атап айтсақ, қасақана адам өлтiру, қасақана денсаулыққа нұқсан келтiру, бұзақылық және бөтен мүлiктi бүлдiру баптары бойынша iстер қаралуда. 20 наурыз күнi 50-ден астам азамат тұтқындалған. Оның үстiне ауылдың басқа шетiнде Аслат Аласхановтың кафесi өртенген. Қазiр бұл оқиғаның Маловодное мен КазАтКомдағы жанжалға қатысының бар-жоғы қарастырылып жатыр. «Состояние.кз» бағдарламасының хабарлауынша, бүгiнде Махмахановтар әулетiне 600 гектар жермен қоса, ауылдағы жалғыз су қоймасы қарайды екен. Ал, өртенген Махмахановтардың үйiнен заңдастырылмаған 5 бiрдей тапанша тәркiленген көрiнедi. Бұл орайда кейбiреулер бұл жанжалдан әлеуметтiк теңсiздiк себебiн де көрiп отырған сияқты. Бiрақ шын мәнiнде бұған не себеп: ұлтаралық мәселе ме, әлде әлеуметтiк теңсiздiк пе? Әлде бұл оқиға да Шелектегiдей «маскүнемдердiң төбелесi» ғана ма? Бұл жайында белгiлi саясаттанушы Досым Сәтбаев пен оқиға орнында болып қайтқан «Вайнах» мәдени орталығының төрағасы Ахмед Мурадов әңгiме қозғайды. Досым СӘТБАЕВ, саясаттанушы:
БҰДАН БЫЛАЙ МЕМЛЕКЕТ ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРА БАСТАУЫ КЕРЕК
 

– Өкiнiшке қарай, қазiр бұл мәселеге Интернетте немесе өзге де қоғамдық басылымдарда баға берiп жүргендер, тiптi, посткеңестiк елдердiң соңғы 15 жылдағы тарихымен де таныс емес сияқты. Егерде сiз посткеңестiк елдердi шарпыған ұлтаралық жанжалдарды сараптасаңыз, онда жанжалдардың 90 пайызы тұрмыстық деңгейдегi дау-дамайлардан басталғанын байқайсыз. Мысалға, 90-шы жылдардың басындағы Ош оқиғасын алайық. Онда жанжал тұрмыстық деңгейдегi ұрыстан, яғни суға таластан басталған төбелес болды. Иә, бұл жанжал басында тұрмыстық деңгейде едi, бiрақ кейiн ол ұлтаралық мәселеге дейiн жеткен жоқ па?! Яғни, егерде мемлекетте ұлтаралық деңгейде жасырын жанжал болса, онда мұның жарылуына сәл ғана ұшқын қажет. Сондықтан Маловодноедағы оқиғалар, одан бұрын Шелектегi жағдай билiктiң басындағыларды ойландыруы керек. Яғни, кез келген тұрмыстық төбелес ұлтаралық мәселеге әкеп соғып, мәселен, чешендердi жер аударту жөнiндегi шарт сияқты талаптардың алға қойылуына дейiн жеткiзедi екен. Ал, бұл дегенiңiз – Қазақстандағы ұлтаралық төзiмдiлiк жөнiндегi әңгiмелер қазiрше иллюзия деңгейiнде ғана дегенмен бiрдей.

– Кеңес Одағы заманынан берi елiмiздiң көпұлттылығы жайлы әңгiме саябырсыған емес. Дегенмен, бүгiнде Қазақстандағы қазақ саны 61 пайыздан асты. Бәлкiм, қазақтар бұл елден өзiнiң заңды орнын алғысы келетiн шығар… – Мәселен, Қазақстанда тек қана қазақтар тұратын болады деп көзге елестетсек те, бұл мұнда қандай да бiр төзiмдiлiктiң орнауына септеседi деп ойламаймын. – Жоқ, менiң айтпағым, қазiр Қазақстанда қазақ халқының ұлттық мәселелерi түп-түгел шешiлдi деуге болмайды. Тiл мәселесi басы ашық күйiнде. Оның үстiне әлеуметтiк тұрғыдан өзгелерге қарағанда қазақтар өте кедей тұрады емес пе? – Онда мынандай мәселенi ойланайықшы: Бұған басты себеп не? Бұл орайда Қазақстандағы саяси элитаның көбiнде қазақтар екенiн ұмытпайық. Сондықтан кiнәнi өзге ұлт өкiлдерiне емес, көбiне қазақтардан құралған саяси элитаға тағу керек қой. Яғни, бұл элитаға халықтың жағдайы бәрiбiр сияқты. Кедейлiк, қазақтар арасындағы, оның iшiнде ауылдағы халықтың көп нәрседен хабарсыздығы, бiлiмнiң төмендiлiгi мемлекеттiң жауапсыз саясатымен ғана байланысты. Айтпақшы, бұл саясатты қазақтың өздерi де жүргiзген. Яғни, мұнда ойға қонымсыз жағдай қалыптасып жатыр: көптеген адамдар қазақтардың қиын жағдайы, оның iшiнде оралмандар мәселелерiнiң неден туындағанын түсiнбейдi, ал бұл кезiнде қазақ-шенеунiктерiнiң осы мәселелердi шешкiсi келмегенiнен туындаған жоқ па? Патриотизм жайлы сөз қозғаудың өзi қызық, егерде саяси элитаның көбi патриот болмаса?! Олар бiрiншi орынға өздерiнiң жеке мүдделерiн ғана қояды. Сондықтан мәселенiң себебiн бiлу үшiн оның астарына үңiлу керек. «Мiне, екi ұлт өкiлi төбелесiп қалды, бiрi жақсы тұрады, ендi бiрi кедей екен» деп айтуға болмайды. Мемлекет барлық азаматтарына бiрдей жағдай туғызуы керек. Егер шенеунiк-қазақ басқалардың ұлтына қарамай, бiрақ олардың парасының көлемiне қарай жұмыс iстесе, онда кiм кiнәлi? Пара берген адам ба, пара алған адам ба? Әрине, пара алғаны кiнәлi. Сондықтан бар проблема – көбiне қазақтардан құралған саяси және экономикалық элитаның халықтың проблемаларына көңiл бөлмеуiнде. – Ал, мұндай жанжалдарды жасыру неге әкеп соғуы мүмкiн? – Белгiлi бiр саяси дағдарыс кезiнде, әсiресе «таққа отырғызу» жобасын, яғни, билiктi беру мәселесiн жүзеге асыруда Қазақстандағы кейбiр саяси топтар «ұлттық идеологияны» қолданады деп ойлаймын. Бiзде қазiрде ұлттық-патриоттық ұйымдар мен ұлттық деңгейде пiсiп-жетiлген адамдардың топтарын қолға алып, ұлттық-патриоттық бағытқа қарай жеткiзетiн адамдар да бар. Сондықтан бұл потенциалдық тұрғыдан алсақ, үлкен әрi қуатты күш болмақ. – Бiрақ ұлттық мәселенi көтеретiн кез бұрыннан пiсiп-жетiлген жоқ па? 90-шы жылдардың басынан-ақ көптеген посткеңестiк елдер ұлттық мемлекеттердi құруды бастады. Ал, бiз бұған тым кеш келiп жатқан жоқпыз ба? – Тарихи тұрғыдан Қазақстанды өзге де посткеңестiк елдермен салыстырсақ, мұнда этникалық топтар тым көп тұрды. Тiптi, көршiлес Өзбекстан да бiзден өзгеше болды. Орталық Азияда бiздiң жағдай Қырғызстандағы жағдайға ғана ұқсас едi. Онда да этникалық топтар көп болатын. Балтық жағалауы елдерiн алсақ та, онда 90 пайыз халық жергiлiктi ұлттан тұрды. Грузияда да жағдай сондай. Яғни, оларға жергiлiктi ұлттың негiзiнде мемлекет құруға жеңiлiрек болды. Ал, Қазақстанда Кеңес Одағы құлаған тұста 40 пайыз орыс диаспорасы тұрды, немiс, украиндар тағы бар. Яғни, әу бастан этникалық тұрғыдан Қазақстандағы жағдай өзгеше болды. Егерде елiмiзде өзге этникалық топтарды агрессиялық түрде шеттету орын алғанда, бұл үлкен жанжалға әкеп соғуы мүмкiн едi. Ал, бұл жанжал бiзде қазiр қолда бар игiлiктердiң болуына кедергi болар едi. – Дегенмен, қазiр ұлттық мәселенi көтеретiн кез келген шығар? – Менiңше, қазiр мемлекетте ұлттық мәселелердi жүргiзуге толықтай мүмкiндiк бар, оның үстiне қаржы да бар, «мемлекетiмiз аяққа тұрып кеттi» деген сенiм де бар. Сондықтан мемлекет қазiр ұлттық саясатты жүзеге асыра бастауы керек. Және бұл саясатты асыра сiлтемей өте сауатты жүргiзу керек. Егерде жағдай шектен шықса, билiк бұл мәселенi орнықтыра ала ма, алмай ма, бұған күмәнiм бар.

Ахмед МУРАДОВ, «Вайнах» чешен-ингуш мәдениетiн дамыту қауымдастығының төрағасы:

 
КЕЙБIРЕУЛЕР ҚАЗАҚСТАНДА «ҰЛТАРАЛЫҚ МӘСЕЛЕНIҢ» БОЛУЫН ҚАЛАЙДЫ
 

– Қазiр жағдай бiраз орнығып қалғандай. Қаза тапқандардың туған-туыстары жерлеу мәселесiмен жүр. Құзырлы органдары тергеу амалдарымен айналысып жатыр, халық бiртiндеп қалыпты өмiрге қайта оралып жатқандай. Ауылдықтар өз жұмыстарымен, қалалықтар өз жұмыстарымен айналысып жатыр. Жерлеуге келген қонақтар өз үйлерiне қайтып жатыр. Иншалла, бәрi жақсы болатын шығар.

– Бұл дау-жанжалда Махмахановтар әулетiнен шыққан ағайынды үш жiгiт қайтыс болды емес пе? – Иә, ағайынды Махмахановтардың үшеуiн жер қойнауына тапсырды. Өте жақсы жiгiттер едi, өте жақсы… Екi қазақ баласы қайтыс болды. Олардың атын бiлмеймiн, бiрақ бұл бiз үшiн үлкен қасiрет. – Кейбiр ақпарат құралдарына сенсек, Махмахановтар отбасының қарамағында 600 гектар жер бар екен. Сондықтан бұл дауда әлеуметтiк мәселе де болу мүмкiндiгi айтылады… – 600 немесе 600 мың гектар деген не? Мұның бәрi бiр адамның аман-саулығымен салыстыруға келе ме? Қазiр қаза тапқандар жайлы ғана сөз сөйлейiк, бұған мұсылман ретiнде қарайық… – Жарайды, мұнда әлеуметтiк теңсiздiк мәселесi бар деп ойламайсыз ба? – Мұны мен айттым дейсiз бе? – Жоқ, бiрақ солай айтылып жүр ғой… – Не айтса, соны айтсын. Мұны кiм көрiнген айтып жүр. Мұны қазақтар мен чешендер арасында iрiткi салғысы келетiндер айтып жүр. Чешендер Қазақстанда тұрғалы ешқашан да қазақтарға ешқандай да мiн таға алмады. Мiн таға алмайды да. Сондықтан кез келген мәселенi бiз жақсы диалог арқылы ғана шеше аламыз. – Ал, мұнда қандай ағаттықтар кеттi деп ойлайсыз? – Жанжалдың астарында жауапты адамдардың қателiктерi ғана бар. Ауыл, аудан әкiмшiлiгi, құқық қорғау органдары, қауiпсiздiк қызметтерiнiң… «КазАтКом» ауылында бұрын-соңды бiр жерде тоғыса бермейтiн көп дүниелер жиналған, жер де, өзге де дүниелер бар. Отағасы Махмаханов қария бұл ауылда 45 жыл тұрады. Сондықтан өзiнiң еңбегiнiң арқасында ғана сондай жетiстiктерге қол жеткiздi. Ол осы жерде қажымай жұмыс iстедi. Оның қолдары да балғадай, адал еңбекпен табысқа жеткен. Ал, 600 гектар жер деген не?! Бiздiң қазақтарда 100 мыңдаған гектар жер бар, ешкiм ештеңе айтып жатқан жоқ. Сiз де мұны бiлесiз ғой. Сiз солай айтыңыз, «анау қазақта, мәселен, Абай дейсiз бе, соншама жерi бар» деп… Мәселен, «пәленшенiң 100 мың гектар жерi Солтүстiк Қазақстанның Қостанай облысында бар» дегендей мысалдап айтыңыз… Сондықтан 600 гектар түкте емес. Барлық Қазақстан – қазақтардың қолында. Бұл – қазақтың жерi. – Сiздiң әңгiмеңiзде бiр астар бар сияқты… – Мен қазiр жер мен халыққа деген үлкен құрметi бар азамат ретiнде сөйлеп отырмын. Бiрақ осы тектес жағдайлардың себептерiн iздей бастағанда, бұл: «Анау ұзын, ал мынау – қысқа» – деп айтумен бiрдей. Бiрақ бұл басқа себеп қой. Бұлай болмайды ғой. – Жалпы, соңғы кездерi осы тектес дау-жанжалдар көбейiп кеттi. Кеше – Шелек, бүгiн – Маловодное дегендей… Ел iшiнде не болып жатыр? – Ел iшiнде не болып жатыр?! Елде мұндай даулар орын алса, жамандық болады. Бұл бақытсыздық, бұл Алланың қаһары мен жазасы. – Ал, сiз мұндай даулардың астарында қазақтың ұлттық құндылықтары – мемлекеттiк тiлге, елге деген тоғышарлықтың салдары жатыр деп ойламайсыз ба? – Жоқ, бұлай деп есептемеймiн. Себебi тiл жайлы әңгiме жүрiп жатқан жоқ. Шелекте тұратын ұйғырлар тiлдi қазақтан да жақсы бiледi. КазАтКомда тұратын чешендер де тiлдi жақсы бiледi. Сондықтан мұнда тiл мәселесi жоқ. Бұл ұлттық мәселе емес. Бұл – саяси ойындар мәселесi. Президентке, қазақтарға және өзге халықтарға кедергi болу үшiн кейбiр адамдар осындай әрекетке барады. Бұған өздерiнше «ұлтаралық мәселе» дегендей ат бередi. Себебi олар Қазақстанда ұлтаралық мәселенiң болуын қалайды. Оларға Қазақстандағы тыныштық пен береке-бiрлiк ұнамайды. – Қазiр аз ұлт өкiлдерiн квота арқылы билiкке тарту мәселесi айтылуда… – Сiздiң не айтып отырғаныңызды бiлмеймiн. Сондықтан жауап бере алмаймын. – Дегенмен, сiз билiкте чешендердiң болуын қалар ма едiңiз? – Мен чешендер мен қазақтар, еврейлер мен немiстердiң, сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзге де ұлт өкiлдерiнiң құқықтарының бiрдей болуын қалаймын. Билiкте де, билiктен тыс жерлерде де… – Сiздiң ойыңызша, Халықтар ассамблеясы аталған жағдайды бiрқалыпқа түсiру үшiн өз септiгiн тигiзе алды ма? – Бұл ұлтаралық мәселе болмаған соң, Қазақстан халықтары ассамблеясының оған қатысы да жоқ. – Дегенмен, сiз Маловодноеға чешен диаспорасының өкiлi ретiнде бармадыңыз ба? – Мен онда қауесет сөз болатынын бiлген соң, өз көзiммен бәрiн көру үшiн бардым. – Бұл сiздiң жеке шешiмiңiз бе сонда? – Бұл менiң жеке бастамам. Ешкiм де менi онда шақырған да жоқ, онда жiберген де жоқ. Мен онда не болып жатқанын естiп бардым. Сiз де бiлетiн шығарсыз, «Норд-Ост» оқиғасына да барғанмын. Мәскеудегi «Норд-Ост» оқиғасына бiздiң қазақтарды құтқару үшiн барғанмын.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА