Болатхан ТАЙЖАН: ҚАЗАҚТЫҢ МӘСЕЛЕСIН ШЕШПЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ДАМЫМАЙДЫ

Болатхан ТАЙЖАН: ҚАЗАҚТЫҢ МӘСЕЛЕСIН ШЕШПЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ДАМЫМАЙДЫ

Болатхан ТАЙЖАН: ҚАЗАҚТЫҢ МӘСЕЛЕСIН ШЕШПЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ДАМЫМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Белгiлi қоғам және мемлекет қайраткерi Болатхан Тайжанның дүниеден өткенiне де қырық күннiң жүзi болыпты. «Жас тұлпардан» басталған ұлтшылдық қасиет қайраткердiң дипломат болып жүрген шағында да толастаған жоқ. Әлемнiң жүзден астам мемлекетiн аралап, дүниенiң түкпiр-түкпiрiн кезсе де, жүрегi қазағым деп соқты. Ұлтшыл саясаткер, ұлтшыл демократ. Шын мәнiндегi асыл азамат. Ол кiсi ұзақ жылдар «Түркiстан» газетiмен тығыз қарым-қатынаста болды. Тiптi, редакцияның өтiнiшiмен Малайзияның бұрынғы Премьер-министрi Махатхир Мохамедпен сұхбат жүргiздi. Бүгiн бiз қайраткердiң әр кездерде түрлi басылымдарда Ұлт, Мемлекет, Тiл туралы айтқан ойларын жинақтап, оқырманға ұсынып отырмыз.

…Егер, бiз Қазақстанда, мәселен, орыс халқы, грек халқы, қырғыз халқы немесе грузин халқы тұрады десек, онда бiз бiр емес, бiрнеше халықты қолдан жасаған болып шығамыз. Ресейдегi орыс мемлекетiнiң өкiлi орыс халқынан өзге Қазақстанда тағы бiр орыс халқы, сондай-ақ Грекиядағы гректерден басқа жер бетiнде тағы да басқа грек халқы мен Қырғыстандағы қырғыз халқынан өзге қырғыз және Грузиядан басқа тағы да бiр грузин халқы бар деген ұғым тудырмақпыз. Бұл ешқандай да халықаралық қағида мен шартқа сыймайтын өлшем. Сондықтан, «Қазақстанда тек қана қазақ халқы тұрады. Ал қалғандары, мәселен, орыс ұлтының, грек ұлтының, қырғыз ұлтының және грузин ұлтының Қазақстандағы диаспорасы деп анықтап айтсақ, сол аталған халықтың өкiлдерi және барлық саналы азаматтар еш қарсылықсыз келiседi ғой деп ойлаймын.
16.01.04 ж.
* * *
 

…Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет тетрында қазақ арияларын орындайтын қазақ қалмады. Он бес жылдағы ұлттық мәдениетке деген көзқарасымыздың өлшемiн осыдан аңғаруға болады. Араб елдерiнде жиырма жылдай өмiр сүрдiм. 24 сағат бойы қаланың iшiнде тек араб музыкасы ойнап тұрады. Жапонияда да, Қытайда да осылай.

«Азамат kz», 06.10.05 ж.
* * *
 

…Орыс империясы бiздiң жерде қасақана сынақтар жүргiзедi. Бiз болсақ, мына атом бомбаларына келгенде тек қана Семейдi атаймыз. Ал, Қазақстан Батысынан Шығысына, Оңтүстiгiнен Солтүстiгiне дейiн сынақ алаңы болды. Тiптi мына Қашаған сынақ салдарынан ойылып қалған жер. Арал бар, уланған өзендер бар. Орыс империясы қазақ даласына өзiнен соң, адам болып қалыптасуға қауiптi үлкен апат тастап кеттi. Дүниежүзiндегi атом бомба жарылыстарының 25 пайызы Орыс империясының үлесiнде болса, соның барлығына жуығы Қазақ топырағында өттi. Бiр қызығы, жарылыс болған күндерi жел мiндеттi түрде Қазақстанның iшiне қарай соғуы керек болған. Егер, Қазақстаннан тысқары соқса, сынақ өткiзiлмейтiн. Бұл жарық көрген мағлұматтар. Мен бiр құпия ашып отырғаным жоқ. Нелiктен Орыс империясы ең жыртқыш саясатты қазақтарға қатысты ұстанады? Себебi, 1897 жылғы санақ бойынша славяндардан кейiн ең саны көп қазақтар болды. Олар қазақтарды бiртiндеп құрту мақсатын қойды. 1986 жылы орыс империясынан ең бiрiншi таяқ жеген бiз болдық қой. ХХ ғасырдың аяғында күректiң екi жүзiн қайрап, бас жару не деген сорақылық?

«Азат», 01.02.07 ж.
* * *
 

…Осында 61 хорват тұрады, оны да ешкiмнiң аузы қисаймай «хорват халқы» деп жүр, 4 чукша бар, ол да «халық» па?! Өзiңiз ойлаңызшы, ондаған әрi кетсе жүздеген этникалық топтарды не бетiмiзбен халық деп атаймыз? Сондықтан Қазақстанда бiр ғана халық тұрады деген ғылыми-саяси ұғымды бiз қадап, қайталап айта беруiмiз керек. Өйткенi, ұлт мәселесiне келгенде, Қазақстанның iшiндегi шағын топтардың «халықпыз» деген жаңсақ көзқарасы түбi қақтығысқа әкелуi мүмкiн. Өйткенi, олар «неге бiз билiкте жоқпыз?» — деп қазақтармен таласа бастайды. Мысалы, ана жолы теледидардан бiр курд: «Қарасаңыз, әкiмдердiң, депутаттардың арасында бiр де-бiр курд жоқ екен!» — дейдi. Сонда бiз әкiм етiп тағайындап, Парламенттiң депутаты етiп сайлайтын курдты қайдан табамыз? Егер қазақ билiкте отырса, бiрiншiден, бұл – қазақтың жерi, екiншiден, елде азды-көптi 9 миллион қазақ бар!

«Азат», №(192)01.02.07
* * *
 

…Мысалы, Францияда француз тiлiнiң жылы дегендi естiсеңiз: «Онсыз да олар француз тiлiнде сөйлемей ме? Бұл неткенi?» — деп жағаңызды ұстайтын шығарсыз. Бiрақ елiмiздегi билiк соңғы он бес жылдың iшiнде Қазақстанды осындай сорақы жағдайға алып келдi. Өз мемлекетiнде, өз жерiнде тұрып жатқан халық ендi бiр жыл ана тiлiн үйренiп, соған ден қоймақ. Осы орайда итальяндық «Ренко» компаниясының президентi Рональдо Гаспарини деген азаматтың бiр сөзi есiме түседi. «Жұмыс бабымен мен 140 елде болдым, — дейдi итальяндық кәсiпкер – Сол елдердi аралағанда өз мемлекетiнде, өз елiнде басқа тiлде сөйлеп жатқан халықты көрдiм. Бұл бейшара халық – қазақ халқы…» Итальян азаматы осылай айтқанда жаным түршiктi. Егер Гаспарини 141 елдi көрдiм десе, өз басым әлемнiң 160-180 мемлекетiнде болдым деп айта аламын.

«Азат», №(192)01.02.07
* * *
 

… Ал Қазақстан – бiр ұлтты, бiр тiлдi, бiр дiндi мемлекет. – Бұл мемлекеттiң территориясында этнография, демография, саясаттану ғылымдарының сипаттамасына сай келетiн тек бiр ғана халық бар: ол – қазақтар. Өйткенi, қазақ халқы осы жерде өзiнiң тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн, барша болмысын, мемлекеттiлiгiн қалыптастырған. Ал басқа ресми түрде айтылып жүрген Қазақстандағы «130 халық» дегендердiң тiлдерi, мәдениеттерi, психологиялары көне заманда басқа жерлерде қалаптасқан. Мысалы, грек халқынiкi – Грекияда, кәрiстердiкi – Кореяда, орыстардыкi – Русь деген жерде. Сонымен бiрге, «халық» деп көне заманнан берi осы жердi қорғап келе жатқан елдi айтады.

«Азат», №(192)01.02.07
* * *
 

… АҚШ екi жүздi саясат жүргiзiп келедi. Сондықтан бұлардың сыртқы саясатында көп қайшылық бар. Мәселен, анау Солтүстiк Корея мен Иран ядролық қару ұстамасын, онысын құртсын деген талап қояды. Ал Израиль сол ядролық қаруды ұстап, Таяу Шығыста өктемдiгiн жүргiзiп отыр – оған үндемейдi. Израильдi ашық қолдап отыр. Жалпы, АҚШ соңғы жылдары араб елдерiне, мұсылман жұртына ашық тiзе көрсету саясатына көштi. Бұлай дейтiнiм, былтыр АҚШ-та Вашингтонда болдым. Өз көзiммен көргенiм, онда мұсылман жұртына қарсы терiс үгiт-насихат жаппай жүрiп жатыр. Жағаңды ұстайсын. Тiптi «арабтарды адам қатарына қосу қиын» деген сөздерге дейiн барады. Бiздiң көпшiлiгiмiз АҚШ-та осындай нәсiлдiк алаулау жүрiп жатқанын, нәсiлшiлдiк дәрiптелiп жатқанын бiле бермеймiз.

«Айқын», №29/235/15 акпан
* * *
 

…Мектептегi қызықтардың бiрiн айтар болсам, алтыншы класста оқып жүргенiмде КСРО тарихы деген пәннен орыс мұғалiм сабақ беретiн. Сол сабақ жүрiп жатқан сәтте мен «Оқымаймын, әр халық өз тарихын бiлуi керек дейсiздер, мынау Россияның тарихы, маған Қазақстан жайлы айтыңыз» деп атып тұрдым. Сол жерде мектеп директоры келiп, менi мектептен шығарып жiбердi. Бұдан соң, барлық кластастарым «Олай болса, бiз де оқымаймыз» деп сабаққа келмей қойды. Сөйтiп директор менi қайтадан мектепке қабылдауға мәжбүр болды.

«Алтын-Орда», №36(346)1-7.09.06.
* * *
 

…Бiрақ басқалар мына орыс империясы құлағаннан кейiн, 1991 жылы, есiн жинап, отарсыздандыру саясатын жүргiздi. Балтық жағалауының елдерi, Украина, Молдова, анау Кавказ, мынау Орта Азия болсын, кейiн қырғыздар да осындай отарсыздандыру саясатын жүргiзе бастады. Осы уақытқа дейiн бұл саясатты жүргiзбей отырған Қазақстан ғана. Осы уақытқа дейiн орыс империясын қайта құруға әрекеттенiп жүрген де осы Қазақстан. Бұл арада неге наразы болмасқа?! өйткенi өзiңiз ойлаңызшы, Ресей мен Белоруссия, Қазақстан неге бiрiге бередi? Олармен бiрiгетiндей қандай қажеттiлiк бар?

«Апта кз», №28. 07.10.05
* * *
 

…Қазақстандағы күллi азамат қазақ тiлi мен орыс тiлiн бiрдей бiлулерi керек. Сонда мынандай сұрақ туады: қазақтар өз жерiнде, өз мемлекетiнде, өз елiнде тұрып, нелiктен орыс тiлiн бiлуге мiндеттi? Нелiктен? Нендей қажеттiлiк? Өз елiнде тұрып, өзге тiлдi үйренетiндей басына нендей күн туды? Ал егер билiктi тыңдасаңыз, бiз тағы ағылшын тiлiн бiлуiмiз керек! Бұл арада басқа тiлдi бiлмесiн деп отырған ешкiм жоқ, мен мәселен төрт тiлде сөйлеймiн… Әңгiме, қазақ тiлiнен басқа тiлдi бiлу мiндеттiлiкте емес. Адам өзiнiң жұмысына, кәсiбiне, мамандығына қатысты қанша тiл үйренсе де еркi. Бiрақ кез-келген адам мiндеттi емес.

«Апта кз», №28. 07.10.05
* * *
 

…Менiң қарсыластарым Қытай мемлекетiндегi ұйғыр қазақ мектептерiнiң жабылуын жиi мысалға келтiредi. Ал мен өз қарсыластарыма Қытайда тұрып өз тiлiн ұмытқан қазақтарды көрдiндер ме деген сауалды көлденең қоямын. Өз тiлiн ұмытқан адамдар бiздiң елде жиi кездеседi. Мәселен, миллиардтан асқан халқы бар мемлекетте тұрып жатқан қазақ та, ұйғыр да ассимиляцияға түсiп, жойылып кеткен жоқ. Олар өз тiлiн ұмытпау арқылы дәстүрi мен мәдениетiн сақтап қалды. Сол жақта тұратын қандастарымызға мемлекет тарапынан қысым жасалар болса, олар бүгiнгi таңдағы еркiндiкте өмiр сүре алмас едi. Сонымен қатар, ол жақта күнiне 22 сағат бойы қазақ тiлiнде трансляция жүргiзетiн екi арна бар. Шыны керек, мұндай арналар Қазақстанда жоқ.

«Дала мен қала», 26 қараша
* * *
 

…Өзгерту болғанда, менiң өзiмнiң ойым – өзге елдерде жүрiп көргенiм Қазақстанда да орнаса деймiн. Ал, менiң көргенiм – әр мемлекет ұлттық мемлекет. Сол мемлекеттi құрған ұлттың мемлекетi. Бiрақ, мен осыған байланысты бұрын да айтып жүрмiн, тағы да айтарым, Қазақстан тек қазақтардың ғана емес, онда тұратын, қазақтың заңын мойындайтын, қазақтың тiлiн мойындайтын, қазақтың әдет-ғұрпын мойындайтын өзге ұлт өкiлдерiнiң де елi болуы керек. Бұл – ешқандай дау, айтыс-тартыс тудыруға жатпайтын, дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиома.

«Евразия кз», 15(18)22.04.05
* * *
 

…Егер Қазақстандағы басқа ұлттың өкiлдерi қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде мойындамайтын болса, онда елде бiрлiк болмайды. «Бiздiң ауызбiршiлiгiмiз күштi. Ұлтаралық татулық бар, ол ажырамайды» деп жүргенiмiздiң бәрi бос әңгiме болып шығады. Мемлекетте бiрлiк болмай тұрып, «ұлтаралық татулық» туралы әңгiме қозғау балды банкiнiң сыртынан жалағанмен бiрдей. Олай болмау үшiн басқа ұлттар мемлекеттi тiлдi сыйлап, құрмет тұтуы керек.

«Жас Алаш», №3.13.01.05
* * *
 

…«Қазақстан – қазақ мемлекетi, қазақ халқының әлеуметiн көтеруi керек. Қазақстан қазақтардың мәселесiн шешпей дамудың даңғыл жолына түспейдi», — дегендi көптен берi айтып жүрмiн. Ең бiрiншi кезекте Қазақстанның саяси жүйесi өзгермей, одан әрi билiктiң үш тармағының өкiлеттiлiгi теңдей бөлiнбей, экономикамыздың жан-жақты дамыған, көп тарапты құрылымы болмай және Қазақстанда тұрып жатқан азаматтар ұлтына, ұлысына қарамастан қазақ тiлiн бiлмей, мәдениетiн бойына сiңiрмей, қазақтың тарихын сыйламай, елiмiзде бiрлiк болмайды.

«Жас Алаш», №73 12.09.06.
* * *
 

…Қазiр еврей халқы «Холокост» деп шулап жатыр ғой, соның қирағанының 60 жылдығына байланысты. Вашингтондағы «Холокост» мұражайында болғанымда, кәдiмгiдей жүрегiмдi бiрдеңе тырналап тұрғандай болды. Дүниеде ондай қайғы-қасiрет көрген халық аз ба? Соның iшiнде қазақ халқының көрген қырғыны, бiр ғана ХХ ғасырдың iшiнде бiрнеше рет қырылғаны еврей халқының Холокосынан мысқалдай да кем емес. Сондай соққы көрген халық, әрине, бұғып қалды. Ендi-ендi ғана оянып келе жатыр. Мыржақыптың «Оян, қазағын!» күллi дарынды зиялыларымыз айтып кеттi. Абайдан да бұрын, Абай заманында да, Абайдың өзi болсын, Алаштың кемеңгерлерi болсын, бәрi осы сөздi айтып кеттi. Сол қазақ ендi ғана оянып келе жатыр.

«Жас қазақ», №1027.01.05
* * *
 

…Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi туралы оппозиция не айтты? Қазақстанның демократиялық таңдауы деген партия бар ғой, соның iшiнде қайсысы қазақша сөйлейдi?! Қайсысы қазақ тiлi үшiн жан алысып, жан берiсiп едi?! Бағдарламасын бiрнеше рет қарап шықтым. Қарасам, олар екiжақты болғысы келедi – бiр. Өткен заманды аңсайды – екi. Үшiншiден, бұлардың Қазақстанның егемендi ел болуына ниетi бар екенiне де күмәнмен қараймын. Мен бұны сiзге айтып отырғам жоқ, мұны мен Гүлжан Ерғалиеваға да, Своикке де, Асылбекке де айтқам. Бiрақ сол сөзiме жауапты не олармен сөйлескенде, не ақпарат құралдары арқылы бергенiн естiгем де, көргем де жоқ.

«Жас қазақ», №10.27.01.05
* * *
 

…Малайзияда менi таңқалдырған тағы бiр жайт болды. Әуежайдан түсе салып байқағаным, көлiктердiң алдыңғы терезесiнде де, артқы терезесiнде де «Мен малай екенiмдi мақтан тұтамын!» деген сөздер жазылып тұр екен. Барар алдында мемлекетпен, оның салт-ғұрпымен танысасың ғой, мен де танысқам. Бiрақ, онда ештеңе есiмде жоқ. Сосын жанымда келе жатқан жас қазақ дипломатынан: «Мынау не, бiр науқан басталып жатыр ма?» – деп сұрадым. Сөйтсем: «Жоқ, аға, бұлар бұрыннан өздерiн малаймын деп мақтанады», — дейдi. Мысалы, Америкада «Мен американдық болғанымды мақтан тұтамын!» дейдi. Оны да өз көзiммен көрдiм. Ал, бiзде ондай сөздердi айтқызып, жазғызып көрiңiзшi. Бiрден бас салсын, «ойбай, ұлтшыл, ұлтшыл патриот» …

«Жас қазақ», №10.27.01.05
* * *
 

…Бiртұтас ұлт жасамаққа ұмтылып, оған ат қоюдың түкке де қажетi жоқ. Бiздiң елде орыстар да, кәрiстер де, немiстер де бар. Өзiм жасымнан саясаттың iшiнде келе жатырмын, соның оқуын оқыдым, бiр бiлетiнiм, «қазақ ұлты» деп атауға болады. Байқап жүрсiздер ме, жоқ па, ресейлiк ақпарат құралдарында «казахстанская» демейдi, «казахская» дейдi. Ол заңды да. Бiрақ, ешқашан «узбекстанский народ, узбекстанская земля» демейдi, «узбекская земля, узбекский народ» дейдi. «Қазақ-өзбек шекарасы» дейдi. Мысалы орыс болсын, кәрiс болсын, бәрi өзiнiң тiлiн бiлуi керек. Салт-дәстүрiн де бiлсiн. Бiрақ, олар сонымен қатар мiндеттi түрде қазақтың тiлiн, мәдениетiн, салт-дәстүрiн бiлуi керек. Құрметтеуi тиiс.

«Жас қазақ», №10.27.01.05
* * *
 

…Эфиопияның солтүстiгiнде Эритрия деген жер бар. Сол жердiң халқы кезiнде императорға қарсы күрес бастады. Сол кезде бiз Эритриядан африкандықтарды арнайы алдырып, Мәскеуде астыртын партизан iсiне, әскери жұмысқа дайындап, әскери академияларда оқыта бастадық. Дүниежүзiнен жасырып оқыттық және. Оқытып-оқытып, ақырында Эфиопияда төңкерiс болды да, ел социалистiк жолмен кететiн болды. Бiрақ, сол төңкерiстi жасағандар, Мәскеуде «бiлiм алғандар» бәрiбiр Эритрияның жеке мемлекет болғанын аңсауын тоқтатпады.Сонда о баста «империяға қарсы күресейiн деп жатыр» деп өзiмiз қолдау көрсеткен эритрияларды азаттық үшiн күрескен уақытта «сепаратистер» деп атадық. «Эфиопияны артқа тартушылар» деп кiнәналадық.

«Жас Алаш» газетi
* * *
 

…Мемлекеттегi бар халықтың 60 пайызға жуығын құрайтын қазақтың арасында жұмыссыздық жоғары көрсеткiштi көрсетедi. Оның үстiне олар рухани жұтқа ұшыраудық алдында тұрғаны тағы даусыз. Қазақтың музыкалық ортақ тiлi жойылып барады. Музыкалық тiл тек радио мен телеарнаға тән екенiн ескерсек, бас ауырып, балтыр сыздайтын жағдай қалыптасқанын аңғаруға болады. Мысалы, бүкiл елде «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» ғана таза қазақ тiлiнде хабар таратады. Ал қалған 90 пайыздай радиостансалар орыс тiлiнде сайрап тұр. Мiне, бiздiң халық музыкалық тiлiнен айырылып барады. Тiптi балабақшада қазақ тiлi 100 пайыз қолданылмайды. Өзге ұлттар қазақ тiлiн үйренуге жанталасып құлшынып жатпағаны өтiрiк емес.

«Жас қазақ», №14 8.04.05 ж
* * *
 

…Сол секiлдi Германияда статистика бойынша 3 млн-нан астам түрiктер тұрады. Ал сiз Түркиядан басқа жерде түркi халқы тұрып жатыр дегендi естiдiңiз бе, жоқ. Мұндай ұғым дүниежүзiнде жоқ, тек Қазақстанда қалыптасып отыр, кезiнде Қазақстанға келгендердiң барлығын халық деп атап, Мәскеу шегелеп тастады. Осында 4 млн. орыс әкелiнсе, «орыс халқын әкелдiм» деп шегеледi.

«Жас қазақ», №37.16.09.05
* * *
 

…Ал шетелдiк тәжiрибедегi партия деген – ертең олар он мың адамды шығарамыз десе, өз партия мүшесiнен соншама адамды шығара алады. Өйткенi, шындығында да олар сол партияның иесiне, сол партияның бағытына берiлген азаматтар. Ең күштi оппозиция – екiншi үкiмет.

«Жас қазақ», №37.16.09.05
* * *
 

…«Араб тiлiне көшiп қайтемiз? Барлық ғылым, медицина, техника, тұрмыс тiлi ағылшынша. Көшу үшiн қанша қаражат, қанша күш керек. Ағылшын тiлiнен не жамандық көрдiк? Ол – әлемдегi нөмiрi бiрiншi танымал тiл. Осы тiлде жүре берсек, болмай ма», – деп көшудi қиынсынып, өз елiн, өз халқын қарсы үгiттеген арабтың жақсы-жайсаңдарын көрiп, айтқанын құлағымызбен естiдiк. Бiрақ мемлекет басындағылар: «Жоқ, болмайды. Араб болса да, болмаса да, ол араб тiлiн бiлуге, құрметтеуге мiндеттi», — деп шарт қойып едi, бүкiл араб әлемi өз тiлiнде сайрап шыға келдi.

«Асар заманы»
* * *
 

…Қазiргi тарихи кезеңде қазақ халқының жауапқа тартатын күшi болмай отыр. Бiрақ, бiз ұмытпайтын бiр нәрсе – халықтың әл-күшi келмегенге, тарихтың әлi келедi. Тарих оларды бәрiбiр жауапқа тартады. Қазiр үндей алмай жүрсек те, тарих бәрiбiр орнына қояды.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА