АЙТАЛЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?

АЙТАЛЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?

АЙТАЛЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?
ашық дереккөзі

Қазақстан 15 жылдық тәуелсiздiгiнде екi нәрсенi мақтан тұтады. Бiрiншiсi, шарықтап дамып бара жатқан экономикасы. Екiншiсi, ұлтаралық татулығы.

Бiрақ, сол жылдар бойы мақтан еткен татулығымызға да сызат түсе бастады. Бұл жолы өзгелер емес, өзiмiз, қазағымыз шарт сынды. Айналасы жарты жылдың iшiнде үш оқиға – түрiк пен қазақ, ұйғыр мен қазақ, шешен мен қазақ арасында кикiлжiң болған. Билiк бұл оқиғалардың қай-қайсысына да «әшейiн қызыл қол төбелес» деп баға берiп, кiнәлiлердi соттауды қолға алды.

Алайда, ресми билiк бiр мәселенi аңғармай отыр немесе әдейi аңғарғысы келмейдi. Былтырғы күзден бергi оқиғаларды сараптап отырсаңыз, қақтығыс өзге ұлт өкiлдерi мен тек қазақ арасында ғана орын алып отырған. Егер бұл жай жанжал болатын болса, ол неге тек қазақ пен ұйғырдың, қазақ пен шешеннiң арасында ғана болуы керек. Неге жанжалды өзге ұлт өкiлдерi өзара шығармайды, яғни шешен мен ұйғыр, орыс пен түрiк ұрыспайды? Бұның астарында үлкен гәп жатыр.

КЕРI КЕТКЕН ҰЛТТЫҚ САЯСАТ

Астамсынған өзгелер

Алматы облысының Еңбекшiқазақ ауданы Маловодное селосындағы қанды оқиғаға да бiр апта уақыт болды. Содан бергi басылым беттерiндегi мақалаларды шолып отырсаңыз, бұқаралық ақпарат құралдарының көбi – бұған дейiн бүкiл ұлтты бауырына басып, туғанындай жақын тартқан қазақтың төзiмiнiң соңғы кездерi неге шарт сына бастағандығына таңданыс бiлдiрген екен. Әрине, әркiм мәселенiң мәнiн әртүрлi ашуға талаптанған. Дегенмен, бiр ақиқат әлi де ашылмай жатқан-сынды.

Ең алдымен, Қазақстандағы саяси жағдайды тұрақтандыру үшiн өзгелердiң көңiлiне қараймыз деп, қазақтың есесiн жiберiп алдық. Елдегi татулықты жергiлiктi ұлт есебiнен жасауға ұмтылдық. Елдегi ұлттардың санын 100-ден 130-ға дейiн жеткiздiк. Шын мәнiсiнде, санамалап отырсақ, ұлт өкiлдерi деп жүргендерiмiздiң арасында – 1-3 адамнан ғана тұратын ұлт өкiлдерiнiң өзiн осы санға қосып қойған екенбiз. 1989 жылғы бүкiлодақтық санақ бойынша, Қазақстанда 127 этнос өкiлдерi өмiр сүрген. Оның 72-сi мың адамнан аспаған, 44-i 100 адамға да жетпеген. Айталық, 5 эскимос, 8 орочей т.б. басқалар өмiр сүрген. Бiз осылардың барлығын халықтар есебiне қосып алдық та, Қазақстан халықтары ассамблеясын құрдық. Шын мәнiсiнде осы ассамблеяның өзi жасанды. Қазақстанда қазақтан өзге халық өкiлi жоқ, қалғандары диаспора. Өйткенi – бiздiң ел унитарлы мемлекет. Егер, Халықтар ассамблеясы керек болса, Ресейге керек едi. Сол Ресейдiң өзi 15 республикадан тұратын субъектiлерiнiң көңiлiне қарап, жағдайын жасауға ешуақытта тырысқан емес. Керiсiнше, «орыс мәселесiн» көзiр етiп алды. Және тек Ресей аумағымен ғана шектелiп отырған жоқ, сондай-ақ, посткеңестiк елдерге де «орыс мәселесiн» тықпалап әуре.

Ал, Қазақстан тым жалпақшешей саясат ұстанғанының салдарынан өзге емес, мемлекет жасаушы халықтың ашу-ызасын қоздыруда. 1945 жылы сталиндiк зұлматтан бас сауғалап Қазақстанды паналағанда, соғыстан кейiн тұралап отырса да, кең пейiлдiлiкпен босқындарды бауырына басып, адам еттi. Содан берi жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Махмаханов секiлдiлердiң 14 баласы да Қазақстанда өмiрге келсе де, Маловодноедағы шешендердiң бәрi Қазақстанды «екiншi отанымыз» деп есептейдi екен. Жалпы, дүниежүзiлiк тәжiрибеге қарап отырсаңыз, адамзат баласында «бiрiншi», «екiншi» деген отан болмауы керек. Отан қашан да жалғыз. Ол – басыңа пана болған, бауырыңа қазан салған, сен оның азаматтығын қабылдаған елiң. Өркениеттi елдердiң жүргiзiп отырған ұлттық саясаты осыған саяды. Францияны дүрлiктiрiп, ереуiлдетiп жатқан арабтар да, Германиядағы 3 миллионнан астам түрiктер де ешуақытта ол ел үшiн өзге ұлттың өкiлi болып саналмаған. Бұның барлығы сол елдiң азаматы, яғни, сол халықтың өкiлi. Ол елдерде ұлтқа бөлу, ұлт өкiлдерiн квотамен билiкке әкелу саясаты мүлдем жоқ. Қай елде де бәсекелестiкке қабiлеттiлiк басты қасиет болып есептелiнедi. Ұлттар өкiлдерiнен «квота» арқылы Сенат жасақтау дегендi бiз тек тәуелсiз Қазақстан тәжiрибесiнен естiп-бiлiп отырмыз. Егер, Қазақстанда тұратын ұлттар қазақ тiлiн бiлгiсi келмесе, оның құндылықтары мен мәдениетiн ескермесе, тарихын қажет етпесе, неге жоғары билiктен дәметуi керек. Билiк эшелонынан орын алу үшiн кез-келген қазақстандық тұрғын бәсекеге қабiлеттi бола бiлуi керек. Мiне, бiзде осы жағы ақсап жатыр. Бiз мәселенi сонау кеңестiк жүйе тұрғысынан қозғаймыз. Кеңестiк стереотиптер әлi де сақталып қалған. Өкiнiшке қарай, бiздiң қоғамда либералдық құндылықтар әлi белең алған жоқ. Керiсiнше, авторитарлық жүйеден қол үзiп кете алмай отырмыз.

Нарықтық қоғамда барлығы да жекешелендi. Жекешелендiру шындығын айтқанда, бiздiң елде әрi сауатсыз, әрi жүйесiз жүргiзiлдi. Соның нәтижесiнде, халықтың, мемлекеттiң байлығы талан-таражға түстi, тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеттi. Жекеменшiктiң не екенiн қазақ байқұс әлi сезiне қоймаған кезде, пысықай өзге ұлт өкiлдерi байлықты иеленiп қалуға ұмтылды. Сөйтiп, жекешелендiру Қазақстанда өзге ұлттардың мұртын майлап, қазақтардың қалтасын қақты. Жекешелендiру жылдарында есеңгiреп қалған халық нарық қатынастарына ендi үйренiп, еңсесiн тiктей бергенiнде елдiң басты байлығы жер – мемлекеттiң меншiгiнен алынды. Сөйтiп, ол да қолында билiгi мен байлығы барлардың меншiгiне айналды.

Осыдан жарты ғасыр бұрын бауырына басып, өзi еншiсiн бөлiп шығарған өзге ұлт өкiлi бүгiнде шылқыған бай, ал қазақ тақыр кедей. Осы әлеуметтiк теңсiздiк жергiлiктi ұлттың ашу-ызасын тудырмай қайтсiн. Тiптi, кеше пана сұрап келгендер бүгiн бильярдтан жеңiлiп қалғанын намыс көрiп, мылтық ала жүгiрсе, бұл намысты қайрамай қайтсiн? Жеңiлгенiн ар санағаны қай асқандығы? Мiне, кеудесi iскен өзге ұлт өкiлi қазақтан жеңiлгендiгiн мойындағысы келмейдi, демек оны кiсiмсiнiп тұрған жоқ.

Яғни, бiз жекешелендiрудi де, жердi жеке меншiкке берудi де қазақ ұлтының пайдасына шешуiмiз керек едi? Онда бүгiнгiдей асқынған әлеуметтiк теңсiздiкке қол жеткiзбес едiк. Сөйтiп, ұлтаралық проблема да өршiмес едi.

ҚАЙРАН АБАЙ, ҚОР БОЛДЫҢ БҰЛ ҚАЗАҚТЫҢ ЕЗIНЕ

Кезiнде ұлы Абай сөзiн өткiзе алмағанда, «Қайран сөзiм, қор болдың тобықтының езiне» деген екен. Ал, бүгiн сол Абайды әркiм өзiнiң ыңғайына қарай пайдаланып жүр. Қолайына қалай келедi солай. Мәжiлiс дептутаты Ерасыл Әбiлқасымов кiмнiң сойылын соғып, шоқпарын белiне байлағанын кiм бiлсiн, мемлекеттiк тiлдiң жақтаушыларына соққы бердi. Абайдың 25-шi Қара сөзiн өзiне ыңғайлап, былайғы жұртты адастырмақ ниетте Абай «орыс тiлiн бiл, дүниенiң кiлтi – орыстың тiлiнде» деген деп сайрады. Ал, шын мәнiсiнде, аталған Қара сөздегi Абайдың өзiнiң айтқандарына жүгiнiп көрелiкшi: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрi орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тiлiн, оқуын, ғылымын бiлмек керек. Оның себебi олар дүниенiң тiлiн бiлдi, мұндай болды. Сен оның тiлiн бiлсең, көкiрек көзiң ашылады. Әрбiреудiң тiлiн, өнерiн бiлген кiсi оныменен бiрдейлiк дағуасына (талас-тартыс) кiредi, аса арсыздана жалынбайды.

Орыстың ғылымы, өнерi – дүниенiң кiлтi, оны бiлгенге дүние арзанырақ түседi. Бiрақ, осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар тағы қазақты аңдысам екен дейдi» (Абай Құнанбаев Шығармалар, Жазушы баспасы, Алматы – 1968 ж, 174 бет). Яғни, Абай «орыстың тiлiн бiл» дегенде, «орысқа құл бол, өз мәдениетiңдi мансұқта, тiлiңдi тәрк ет» деп тұрған жоқ. Керiсiнше, «өзгенiң тiлiн бiлсең, сен онымен тең дәргейде сөйлесе аласың» дейдi. «Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тiлiн, оқуын, ғылымын бiлмек керек». Ұға бiлген кiсiге бұл жолдарда «отаршы елден сақтану үшiн де, оның залалын бойына дарытпауың үшiн де оның тiлiн үйренген жөн» деген астар жатқан жоқ па? Өкiнiшке қарай, бiздiң әпербақандар дәл осы жолдарға емес «Орыстың ғылымы, өнерi – дүниенiң кiлтi, оны бiлгенге дүние арзанырақ түседi» деген жолдарға үңiледi. Соны ұран ғып әкеткен де, Қара сөздiң бүкiл-бүтiн мәйегi тұрған жоғарыдағы жолдарды ысырып тастайды. Әрине, Абайдың заманында, яғни осыдан 1,5 ғасыр бұрынырақта қазақ үшiн орыстың бiлiмi шалқар теңiз, телегей мұхит болғаны ақиқат. Абайдың көзi Семейдегi кiтапханада ашылды. Орыс тiлi арқылы әлемдi таныды. Демек, ол ұрпағына бұндай өсиет қалдырмай қайтсiн. Егер, бiздi отарлаушы ел Ресей емес, Англия болса, ол ағылшын тiлiне бас ұрар едi. «Оның тiлiн үйрену – жауыңа қарсы қарудың бiрi» дегендi Абай жақсы түсiнген. Ал, бiз осы бiр сөздiң бодауына тiлiмiздi құрбан қылуға дайынбыз.

Осыдан бiрер апта бұрынғы Ерасыл Әбiлқасымовтың мәлiмдемесiнен кейiн Мәжiлiс депутаты Амангелдi Айталының депутаттық мәлiмдемесi жарық көрдi. Ол Абайды бұрмалаушыларға ашына соққы берiп, Абайдың «тек орыс мәдениетiнiң жалына жабысып қал» деген өсиет айтпағандығын дәлелдейдi. Абайды басқаша қырынан түсiндiруге тырысады. өкiнiшке қарай, Амангелдi Айталының бұл мәлiмдемесi Ерасыл Әбiлқасымовтың мәлiмдемесiндей тегеуiрiндi болмады. Былайғы жұрт ондай мәлiмдеменiң болғанын естiмей де қалды. Өйткенi, ол бүгiнгi қазақ қоғамына аса қажет емес мәлiмдеме едi. Ерасыл Әбiлқасымов орыстiлдi қоғамға қажетiн айтып едi, бүкiл баспасөз құралдары өре түрегелiп соны насихаттап кеттi. Ал, Абайдың шын бет-бейнесiн ашып, оны түсiндiруге тырысқан, қазақ қоғамына өзге тiлдердiң қажет екенiн, бiрақ, Абай солай дедi екен деп өз мәдениетiңнен бас тартудың дұрыс емес екендiгiн насихаттаған Амангелдi Айталының жан айқайы көлеңкеде қалды.

ҚАЗАҚ АУЫЛ МЕН ҚАЛА АРАСЫНДА БОСҚЫНҒА АЙНАЛДЫ

Қазақстан саясаткерлерiнiң көбi – ұлттық мәселенiң шешiлу жолдарының бiрi қазақтың қалаға қоныс тебуi екендiгiн айтады. Бiрақ, қазақ байғұс соңғы он бес жылда қала мен ауыл арасында босып жүр. Қалаға келедi, екi қолға бiр жұмыс табылады-ау, баспана мәселесi күн өткен сайын күрделенiп, әлеуметтiк сипат алып бара жатыр. Ал, Қазақстан үкiметi қазақты қалаға шорғырландыруға қатысты қандай да бiр шара қолданып отырған жоқ. Қазiргi проблемалардың көбi – қазақтың ауылға келуiнен туындап отыр. 90-шы жылдардың басында ереуiлдеткен баспанасыздарға Алматы қаласына Алматы облысы территориясынан берiлген жерлерден тұрғын үй салуға жер босатып берiлген едi. Бiрақ, сол жерлерде үй-құжаттары рәсiмделмеген отбасылардың да молдап саналатындығы анықталды. Мүлiктi жария етуге байланысты заң шыққаннан берi қала маңындағы «Шаңырақ», «Қалқаман», «Әйгерiм», «Ұлжан», т.б. басқа шағын аудандардың тұрғындарынан қара күркесiн заңдастырып берудi өтiнген өтiнiштер молдап түсуде. Бiр қызығы, байлардың шетелде жасырылған капиталына амнистия жарияланады да, табан ет маңдай терiмен тапқан, соңғы қаржысына үй тұрғызып алған қара қазақтың өтiнiшi жерде қалады. Шын мәнiсiнде, бұл проблеманы шешудiң жолдарын қалай да табуға болар едi ғой. Мәселен, үйiн заңдастырсын да, бұл жерде үй тұрғызуға болмайтындығын ескерiп, басқа жерден жер берсiн немесе өтемақы төлесiн. Тiптi, «Қазақстан Республикасының әрбiр тұрғыны тұрғын үй тұрғызуға 10 сотық жердi тегiн алсын» деген де Қаулы қабылданған жоқ па? Егер, ол Қаулы орындалмайтын болса, сол нормативтiк құжат не үшiн қабылданды?

Жалпы, қазақ мәселесiн түбегейлi шешiп алмай тұрып, жердi жекеменшiк нысанына айналдырғанымыздың өзi қателiк болды. Бүгiн де әлеуметтiк бас көтерулердiң көбi осы жерге байланысты болып отырған жоқ па? Нәтижесiнде, қазақ өз елiнде босқынға айналды.

ТҮЙIН: Сонымен, Қазақстанда ұлтаралық проблема бар. Оны өршiтпей алдын-алмаса, соңы өртке айналмасына кiм-кепiл. Ол үшiн, осы уақытқа дейiн қолданып келгенiндей, қазақты өгей баладай шетке ысырып, өзге ұлттардың қабағына қарағанда ұтқанымыз не? Өте нәзiк ұлт мәселелерiнiң түйiнiн шешу үшiн бүгiнгiдей науқанға айналдырмай, жасанды модель ойлап таппай, бүкiл өркениеттi елдердегiдей негiзгi ұлттың проблемаларын шешудi басты мәселе етiп қойған жөн шығар.

Есенгүл Кәпқызы