Жаңалықтар

ПӘТЕР БАҒАСЫ ТАҒЫ ӨСТI АЛ, ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУ ӨРШIП ТҰР

ашық дереккөзі

ПӘТЕР БАҒАСЫ ТАҒЫ ӨСТI АЛ, ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУ ӨРШIП ТҰР

Алматыдағы жылжымайтын мүлiктi зерттейтiн агенттiктердiң сараптауы бойынша, наурыз айында Алматы қаласындағы тұрғын үй бағасының бiр шаршы метрi – 3405 долларға жеттi.

Демек, пәтер құны 2%-ға өсiп отыр. Алайда, бұл сұраныстың өскенiне байланысты емес, керiсiнше, ұсыныс 4%-ға артқан. Ұсыныста алдыңғы орында Бостандық ауданы тұрса, екiншi кезекте — Әуезов ауданы орын тепкен. Ал, ең соңғы орында Медеу ауданы. Тұрғын үй құрылысын дамыту туралы жаңа мемлекеттiк бағдарлама бойынша 2008-2010 жылдары 27 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылу жоспарланған. Бағдарламаны жасаушылардың айтуынша ипотекалық несиелердiң арқасында 230 мың пәтерге 430 мың адам орналасады деген болжам бар.

Соңғы кездерi тұрғын үй бағасының шарықтап өсуi және құрылыс материалдарының қымбаттауы қатардағы тұрғындардың баспаналы болуын тiптi қиындатып жiбердi. Сондай-ақ, «Тұрғын үйдегi үлестiк телiм туралы» Заңның күшiне енуi мен Алматы мен Астанадағы жүздеген құрылыс компанияларының лицензиясынан айрылуы да жағдайды бiршама күрделендiрiп жiбердi дейдi құрылысшылар. Дегенмен Риэлторлардың ұлттық қауымдастығы тұрғын үй бағасының құнын қолдан өсiрiп отырған маклерлердiң барлығын да жоққа шығармайды. Алматы мен Астанада пәтер құнының өсiп бара жатқаны өз алдына, қазiр жерге байланысты тұрғындар мен құрылысшылар арасындағы дау асқынып барады.

Мәселен, Немирович-Данченко-Братская-Фадеев-Райымбек көшелерiнiң 1,5 мыңға жуық тұрғыны Алматы қалалық сот шешiмiмен келiспейтiндiктерiн бiлдiрiп шағымдануда. Осы көшелердiң тұрғындарының бiрi Наталья Титованың айтуына қарағанда, 2005 жылдың тамыз айының соңына қарай «Алматыжер» аталған көшелердiң тұрғындарына тұрғын үй құрылысын салу мақсатында бұлар мекен ететiн жерлердi босатуын өтiнген хабарлама таратады. Алайда, Архитектура және градоқұрылыс департаментi бұл жерлердiң -қиратылмайтындығын мәлiмдеген екен. Бұған қарамастан, «Алматыжер» салынуы тиiс көп қабатты тұрғын үйдiң жобасын көрсеткен. Дегенмен бұл көшелердiң тұрғындары үйлерiнiң қиратылмауы үшiн соңына дейiн күресетiндiктерiн айтуда.

Ал, Алматы қаласының Бостандық ауданының тұрғындары аштық жариялады. Аштық 16 наурызда басталып, 26 наурызда аяқталған. Бұл тұрғындар «Алматыжер» кәсiпорнының ұсынған төлемақысын азсынған. Сол себептен де өздерi өмiр сүрiп жатқан үйден кеткiсi жоқ. Олар Жандосов-Гагарин көшелерiнiң қиылысында, яғни орталыққа тым жақын жерде өмiр сүредi. Тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл жерге «Мега-инвест сервис» құрылыс компаниясы көп пәтерлi үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Ал тұрғындарға бiр соттығына 35 мыңнан 43 мың долларға дейiн ұсынған. Олар мекен еткен жерлерiнен кетуге қарсы емес, дегенмен төлемақының құнын сотығына 100 мың долларға дейiн өсiрудi талап етiптi. Компанияның ұсынған төлемақысымен келiспейтiндерi – 8 отбасы ғана екен. Осы отбасылардың өкiлi, аштық жариялаушылардың бiрi Г. Нұрмамбекованың айтуына қарағанда, қалған үй иелерiне компания сотығына 100 мың доллар төлейтiн болып келiскен сыңайлы. Тұрғындарды «ала қойды бөле қырыққан» компанияның дәл осы iсi ызаландырған көрiнедi. Ал, 26 наурызда «Мега-инвест-сервис» компаниясы басшылары мен аштық жариялаушылар өзара келiсiп тарасты. Компанияның қанша төлейтiндiгiн айтудан бас тартқан, аштық жариялаушылардың бiрi және 10 күнге шыдағаны Г. Нұрмамбекова оны коммерциялық құпия деп қояды. Қалай дегенмен де, ол аштық жариялап дегенiне жеткенiне риза.

Құрылыс компаниялары тек үйлерiн бұзуға бергiсi келмеген немесе төлемақының құнымен келiспеген тұрғындармен ғана емес, сондай-ақ, өздерiнiң жұмысшыларымен өзара келiспеушiлiкке барып отыр. Мәселен, «Тау Самал» шағын ауданында «Тауық» объектiсiн салып жатқан Қуат корпорациясының 700-дей жұмысшысы аталған корпорацияның төлеп отырған жалақысымен келiспейтiндiктерiн бiлдiрiп ереуiлге шыққан. Сөйтiп, ашынған жұмысшылар екi сағат бойы Жандосов даңғылын жауып тастап, көлiк қозғалысына бөгет келтiрген. Жұмысшылардың айтуына қарағанда, олармен арадағы еңбек келiсiм-шарты бойынша әрбiр жұмысшыға 60-80 мың теңге төлеуге келiсiлген екен. Ал, қолдарына үш айдың жалақысын алған олар шалқаларынан түскен. Өйткенi, әрбiр жұмысшыға 15-20 мың теңгенiң көлемiнде ғана жалақы төленген. Жұмысшылар жалақыларының аздығын айтып шағымданғанда, участок басшысы: «Ұнамай ма, жұмыстан кетiңдер!» деп ашық айтыпты. Дәл осы жауап жұмысшылардың шамына тигенге ұқсайды, 14 наурыз күнi таңертеңгi сағат 10 кезiнде 500-ге жуық адам Жандосов көшесiне қарай ағылған. Мақсаттары — құқық қорғау органдарының назарын аудару болыпты. Жол полициясы көлiк қозғалысын реттеп, наразы топ орналасқан жерге машиналарды жiбермеудi қадағаласа, iшкi iстер департаментi мен прокуратураның қызметкерлерi ереуiлшiлермен сөйлесуге барған. Нәтижесiнде 12-лерге қарай қала прокурорының орынбасары Бағбан Тайымбетов оларды жолдан алып шығып, мәселенi анықтайтындықтарын мәлiмдеген. «Сегодня» газетiне сұхбат берген бригадир Айнұр:

– Бiзге тым төменгi жалақыны төлейдi. Мұнда жұмысқа орналасқан кезде 60-80 мың теңге төлеуге уәде берген. Еңбек келiсiм-шартында 7 сағаттық кесте көрсетiлгенiмен, 10-12 сағат жұмыс iстеймiз. Айына бар-жоғы 10-15 мың теңге аламыз. Басында бiзге жақсы жалақының нормасын орындамай жатырсыңдар дедi, оны дер кезiнде жөндедiк. Қазiр тiптi екi есе норма орындаймыз. Бiрақ алатынымыз жаңағы, – дейдi.

Ал, жұмысшы Әсел: «Бiздiң қараша, қаңтар, ақпан айларының жалақысын қиып тастапты. Сөйтiп бригададағы әрқайсымызға 20 мың теңгеден берген. Қараша айында ештеңе алмадық десе де болады» дейдi. Құрылысышылардың бiрi Мақсат: «Бұл бiрiншi ереуiл емес. Бұндай жағдай әрбiр жалақыны берген күнi орын алып тұрған. Тек ол кезде корпорация басшылары бiздi үгiттеп, жағдайдың әлi де түзелетiндiгiн айтатын» дегендi айтты. Құрылысшылардың айтуына қарағанда, 60 адамнан 12 адам ғана қалған. 48-i жалақыға келiспей, жұмыстан кетiп қалған.

Жұмысшылардың көбiнiң әлеуметтiк жағдайы сын көтермейдi. Тiптi, 100%-ы десе де болғандай, ауылдан нәпақа iздеп келгендер. Мұнда пәтер жалдап тұруға мүдделi. Ал, пәтер бағасының шарықтап тұрғаны өз алдына, 15-20 мың теңге айлық тамағыңа да жетпейдi ғой.

Ал, «Қуат» корпорациясының басшылары: «Егер құрылысшы өнiмдi жұмыс iстесе, жақсы жалақыға қол жеткiзе алады, егер iстей алмаса, көретiн күнiң осы» дегендi айтады.

Прокурордың орынбасары Бағбан Тайымбетов бұл мәселеге байланысты прокуратуралық тексерулер жүргiзiлiп,iстiң ақ-қарасын айқындауға уәде бердi. Мәселенiң немен аяқталатыны әзiрге белгiсiз, жұмысшылар арасынан тағайындалған бастамашыл топтың өкiлдерi өздерiнiң тәуелсiз кәсiподағын құрып, iстiң ақырына дейiн күресетiндiгiн айтуда.

Дәл осындай жағдай Алматыдағы басқа да құрылыс компанияларында орын алып отырғанын айта кеткен жөн. Дәл сол күнi Әл-Фараби және Шашкин көшелерiнiң қиылысындағы көлiк қозғалысын жабуға әрекеттенген басқа бiр құрылыс компаниясының ереуiлi әзер тоқтатылыпты.

Мiне, жер мен құрылысқа байланысты және жұмысшылардың жалақысына орай туындап жатқан әлеуметтiк мәселелер күн өткен сайын көбейiп келе жатыр. Бұл кiм-кiмдi де алаңдатады. Бұндай толқулардың соңы жаңа – экономикалық төңкерiске алып келмесiне кiм кепiл.

Есенгүл Кәпқызы