«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҢАРҒАН НАУРЫЗ»
«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҢАРҒАН НАУРЫЗ»
«Азамат» жастар клубының осындай тақырыпта Қазақ мемлекеттiк Қыздар педагогикалық институтында өткiзген дөңгелек үстелiне саясаттанушы Әзiмбай Ғали, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiм, жазушы Смағұл Елубай, Алматы қалалық әкiмдiгi Iшкi саясат департаментi директорының орынбасары Мамай Ахет, ҚызПИ ректоры Шәмша Беркiмбаева, жастар ұйымдары жетекшiлерi қатысты.
Дөңгелек үстел тақырыбының аясында ХХI ғасырдағы жаңа модерндiк қоғамда Наурыздың да өз айшықтарын сақтай отырып, заманауи атап өтудiң жолдары қарастырылды. Жарыссөзге шығушылар «Наурыз» мерекесiнiң ұлттық идеологияның ажырамас бөлiгi болуы тиiс екендiгiне, және бұл ретте жастың да, кәрiнiң де, мемлекет пен қоғамның да өз жауапкершiлiгiнiң болуы қажеттiгiне тоқталды.
Журналист, экономика ғылымының кандидаты Жетпiсбай Бекболатұлы Наурызға тың насихаттың қажеттiгiн айтады. «Мәселен, көптеген iрi компаниялар Жаңа жыл алдында түрлi жеңiлдiктер жасап, өз тұтынушыларын осы мерекемен құттықтап, сыйлық үлестiрiп жатады. Наурызда да дәл осындай дәстүр қалыптасуы керек», — дедi ол. Ал «Наурыз – Қазақстандағы ұлттық бiрiгудiң негiзi» деген тақырыпта сөз алған жас саясаттанушы Саят Жөкен адамзатқа ортақ әмбебап теңдiк пен гуманизм сияқты құндылықтар негiзiнде қалыптасқан әз-Наурыздың елiмiздi бiрiктiрушi фактор ретiнде жоғары мүмкiндiкке ие екендiгiн атап өттi. Ал «Болашақ» қозғалысының өкiлi Дәурен Бабамұраттың пiкiрiнше, Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етудiң бiр жолы ретiнде жаңа «Идеологиялық доктрина» қабылдауымыз керек дегендi айтты. Ұлттық идеологияның бiр құралы ретiнде «Наурыздың жас ұрпақты тәрбиелелеуде мәнi зор», — дейдi Дәурен Бабамұрат.
Мәжiлiске бас қосқандар Наурыздың мәртебесiн арттыру бағытында өзiндiк ой-пiкiрлерiн ортаға салды. Басқосу соңында бұл ұсыныстарды Алматы қалалық әкiмдiгiне ұсыныс-хат ретiнде жiберудi шешкен меймандар Қыздар институты әзiрлеген «Наурыз көжеден» дәм татты.
Рақат ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ