Жаңалықтар

МЕНIҢ ӘКЕМ ҚАЛАЙ БАТЫР БОЛДЫ...

ашық дереккөзі

МЕНIҢ ӘКЕМ ҚАЛАЙ БАТЫР БОЛДЫ...

(қаз-қалпында)

Мен әлде тоғызда, әлде он жастамын. Егемендiк туралы әңгiме ендi-ендi айтыла бастаған кез. Ауылда әлдебiр өзгерiс бар. Не өзгерiс екенiн онша бiлiңкiремеймiн, бiрақ адамдарда бiр желiк бар екенiн сезем.

Көктемде бiздiң ауылда жусанның иiсi аңқып кетедi. Жерден ендi бас көтерген көкке қарап жаным ашиды. Кешкi жайылымнан жамыраған мал да таптап жатыр, алашапқын болған бала да таптап жатыр. Шоқтай қызарып батқан күнге қарап көңiлiм құлазиды. Ертең тезiрек атса екен деймiн.

Ес бiлгелi әкем таңертең жұмысқа кетедi, жұмыстан келедi. Бiзбен арқа-жарқа болуы аз. Үйде сирек болады. Былайғы күндерi жұмыста, сенбi-жексенбi жайлаудағы шопандарды аралап кетедi. «Әкең Сарысуға кеттi» деп отыратын шешемiз. Сонда маған «Сарысу» жердiң түбi болып елестейтiн.

Балалық шақтың суреттерi үзiк-үзiк. Бiрiнiң басы, бiрiнiң аяғы жоқ көрiнiстерге көз жүгiртiп отырып ойлаймын, шамасы менде анау айтқандай мазмұнды балалық болмаған-ау, сiрә, деп. Бәрiбiр тәттi сағыныш бар. Әр жерден жұлып алғандай естелiктерiмдi ақтарып отырып, қиялға берiлiп кетем.. Таңдайымда сол кезде жеген бал кәмпиттiң дәмi әлi тұрғандай тамсанып қойғанымды байқамай қаламын.

… Ауылдан ерте кеттiм. Әдетте, шешемiз: «Әнi, жұрттың баласын қарашы… немесе жұрттың қызы…» деп ұрсады ғой, сол сияқты жұрттың баласы мектептегi онжылдықты асықпай бiтiрiп, әрi қарай бiлiмiн жалғастыруға Алматыға немесе Қызылордаға кәмелетке толған азамат болып аттанса, мен ауылдан әлi оң-солымды ажырата қоймаған он үш жасымда кеттiм.

Алматыда оқып жүргенiме төрт жыл болғанда ғой деймiн, жазғы каникулға шығып, ауылда жүрмiн. Бiр күнi кешкi салқында аулаға шықтым.

Мен Алматыға кеткен жылы әке-шешем үй ауыстырған. Бұрынғы тұрған үйiмiз ескiлеу болатын. Сол үйге не ешкiм кiрмей, не сатылмай үш-төрт жылдан берi қаңырап тұрған. Балалығым өткен үйдi көруге аңсарым ауды.

Үйден шығып, өзiме жақсы таныс көшеге түстiм. Осы көше менi ескi үйге алып барады. Осы көшемен мен әуелi балалар бақшасына, содан кейiн мектепке барғанмын. Осы көшенiң бойымен келе жатып, жарты жолға жеткенде «бұдан әрi жүрмеймiн» деп екi аяғымды созып, тас жолға отырып алады екем. Сонда жұмысына асыққан шешем жүрелей отыра қап, «Мiн, арқама!» дейдi. Менiң күткенiм де сол болса керек. Мен тырмысып арқасына мiне сала, шешем бала бақшаға қарай жүгiре жөнеледi. Қақпадан кiргiзiп, тәрбиешiнiң қолына ұстата сала әрi қарай жұмысына кетедi. Күнде осы әдет. Қазiр шешем менiң осы әдетiмдi күлкiге айналдырып айтып отырады. Ал сол кезде күлуге шамасы келмеген болуы керек. «Андроповтың заманы, жұмыстан бес минутқа кешiгуге болмайды» дейдi.

Кейiн ауылдың бiр келiншегi «Сол қызың алты жасқа дейiн арқалаған еңбегiңдi ақтады ма?» деп сұрапты.

Шешенiң еңбегi қайтушы ма едi?

Сол көшенiң бойымен жүрiп келем. Неге екенiн, ауылдан ерте жырақ кеткен соң ба, ауыл адамдарын өте тосырқап қалыппын. Қазiр де ұрлық iстеуге бара жатқан адамдай өз-өзiмнен қысылып келем. Мiне, осы көшемен тұйықталатын көшенiң қиылысында тұрған жасыл шатырлы үйдiң тұсынан өтiп барам. Осы үйдiң тұсында ғой менiң екi аяқты созып қойып отырып алатыным. Шамасы, әлгi сөздi айтқан осы үйдегi апа болуы мүмкiн. Күнде таңертең үйiнiң тұсында алты жастағы қызын арқасына мiнгiзiп жатқан шешенi көретiн болған соң, бiрдеңе деп жақ ашпау қиын нәрсе ғой. Осыны ойлап, менi көрiп қоймаса екен деген қысылысым арта түстi.

Мiне, ауыл стадионының тұсынан өтiп барам. Бұл стадион менiң балалық шағымның ең қызықты сәттерi өткен орын. Бiрақ оған арнайы соғу керек. Қой, әуелi ескi үйдi көрейiн де, сосын керi бұрылып, стадионға келейiн.

Сол жақтағы үйге бiздiң көшенiң балалары қызығушылықпен қараушы едi. Өйткенi, бұл үйдiң қауындары елдiкiнен екi ай ерте пiсетiн. Өзiм ауласының қақпасынан енiп көрмеппiн. Бiрақ сабаққа бара жатып, әрi-берi өткен сайын осы үйдiң ауласында бүкшеңдеп жүрген атаны көретiн едiм. Бақшаның түкпiрiнде жылыжай тұратын. Бұл ауылда басқа ешкiмде жоқ. Сондықтан бала бiткенге таңсық. Қауынды сол жылыжайда ерте көктемнен өсiрiп, өркен жая бастағанда бақшаға әкелiп отырғызатын. Жұрттың қауынының құлақшалары ендi қылтиып шығып келе жатқанда, олардың қауыны пәлегiнен үзiлуге дайын тұрады.

… Әр ойға бiр бас шұлғып келе жатып, ескi үйге жақындап қалыппын. Зарықтырған ғашығының жүзiне тура қарай алмайтын бозбала сияқты үйге әлi тiктеп көз тастағаным жоқ. Қарсы алдына келгенде бiр-ақ басымды көтерiп, анықтап қарадым. Сол үй. Құлазып, жетiмсiреп қалғаны болмаса, бәз-баяғы қалпында сияқты. Неге екенiн, үш терезесi де үңiрейiп тұрған үй маған тiрi болып көрiндi. Менi көрiп, одан сайын жетiмсiрегендей ме? «Ескi үй». Аты қалай жаман! Жүгiрiп барып, үйдi құшақтағым, көрiсiп, жылағым келiп кеттi. Олай iстеуге көршiлерден ұялдым. Айналып, есiк алдына келдiм. Есiгiн шегелеп қойыпты, бала-шаға кiрiп, берекесiн қашырмасын деген болуы керек. Кiреберiстiң тесiгiнен сығаладым, түк көрiнбедi. Үйдi айналсоқтап бiраз жүрдiм. Ой таспасы айналып жатыр. Мiне, мына жерде әпкем екеумiз киiз басып тұрғанда, оны кеудесiнен итерiп жiберiп, құлатқаным бар. Мiне, мына жерде тұрып, ауыл шетiнен кiрген қазақы көштi көрiп айран-асыр болғаным бар. Балалық шағымның ең бiр мағыналы суретi сол көш жайында.

… Бiр күнi мектептен келсем, үйдiң iшi абыр-сабыр. Әкемнiң қызметiне байланысты бiздiң үйден кiсi арылмайтын, оған етiмiз үйренген. Әдетiмше киiм ауыстыруға түпкi бөлмеге кеттiм. Өтiп бара жатып, үлкен бөлмеде тау-тау болып үйiлiп жатқан әлдене заттарға көзiм түстi. Асығыс-үсiгiс киiмiмдi ауыстыра салып, әлгi заттарды көрмекке жетiп бардым. Айран-асырмын, кәдiмгi қалқан. Соғыста батырлар ұстайтын қалқанның өзi. Көп. Найза, алдаспан, дулыға, толып жатыр. Тап бiр бiздiң үйге бiр топ батыр қонаға келiп, сауыт-саймандарын шешiп қойған сияқты. Мен дулығаны қолыма ұстай бергенде, қасыма ағам жетiп келдi:

— Өй, бұл немене?

— Дулыға. Бұлар қайдан кеп қалған?

— Бiлмеймiн.

— Мәссаған, мынау нағыз баяғының батырларының найзасы ғой!

— Қалқаны кардоннан жасалыпты.

Бiресе ұшы қаңылтырдан жасалған темiр найзаны, бiресе қаңылтыр алдаспанды ұстап мәре-сәре болып жатқанда қасымызға үлкен әпкемiз жақындады.

— Мұның бәрiн облыстық театрдан әкелген, — дедi ол маңғазданып. Шамасы, бiзден көбiрек бiлетiнiн мiндетсiп тұр.

— Папам ба?

— Не үшiн?

Ағам екеумiз қосарлана сұрақ қойдық.

— Папам…

Сәуле бiр сұрағымызға жауап берiп, екiншiсiне не дерiн бiлмегенiне қиналғандай қой көздерi жәудiреп, үндемей қалды. Бекен бiр дулығаны киiп, ағаш қылышты ұстап алған:

— Қанi, қайсың шығасың жекпе-жекке!

Өзiне басындағы дулығасы жараса қалыпты. Оның арсалаңдаған түрi күлкiмiздi келтiрдi.

— Өй, кетшi әрi!

Мен батырлар бұйымдарына қарап қызығып, ойланып кеттiм. Әлдебiр таныс сезiм түрткiлейдi. Жүрегiме жып-жылы леп келдi. Бiздiң үйге он тоғызыншы ғасыр көшiп келгендей.

Бiрақ сауыт-саймандардың не үшiн бiздiң үйге әкелiнгенi жұмбақ күйiнде қалды. Менiң долбарым: облыс театрының әртiстерi гастрольге келген шығар деймiн. Жоқ, үйде бейсауат кiсi жоқ.

Ал мұның жайын әкемiзден не шешемiзден бiлу туралы ой басымызға кiрiп те шықпайды. Әкемiздiң әр түрлi қоғамдық жұмыстар атқарып, үнемi жұмысбасты жүретiндiгiне үйренгенбiз, қазбалап сұрай беру әдетi қалыптаспаған.

… Ал мектепте Наурызды қарсы алуға барынша дайындық жүрiп жатыр. Наурыз деген сөздiң не екенiн Мағжан Жұмабевтың мақаласынан оқып-бiлiп жүрмiз. Наурыз туралы мақал-мәтел жаттаймыз. Бiрақ Наурыздың не екенiн, оның қалай келетiнiн жөндi түсiнiңкiремеймiз.

Жаңа жылдың жөнi бөлек. Ол күнi маскарадтық киiм киiп, барша бала мектептiң спорт залындағы үлкен шыршаның түбiне жиналады. Қол ұстасып, шыршаны айналып, өлең айтады. Ұлардай шулап, Аяз ата мен Ақшақарды шақырады. Аяз ата өлең айтқан балаға сыйлық бередi.

Ал Наурызда не iстеймiз? Кiмдi шақырамыз?

Ойлап-ойлап, өз сұрағыма жауап таба алмай-ақ қойдым.

… Сол күнi бәрiмiз таң азанымен ерте тұрдық. Әркiм өз жоспарындағы iстi үлгерудiң қамында. Әкем ертерек кетiп қалған болу керек, көрiнбейдi. Сағат тоғызда стадионда Наурыз басталады. Мен де бiрдеңеден құр қалатындай жанығып жүрмiн.

Бiр кезде:

— Басталды!

— Әнi қара! Кеттi!, — деп айғайлаған дауыстар естiлдi. Жүгiрiп аулаға шықтым. О, тоба! Көрген бетте көзiме сенбей тұрып қалыппын: бiздiң үйдi жанай ауылға бес қаруы сайма-сай батырлар енiп келедi екен! Алдыңғы батырдың астындағы аты ойнақтап, ауыздығымен арпалысып келедi. Басындағы дулығасы көкжиектен арқан бойы көтерiлген күннiң сәулесiмен шағылысып, жалт-жұлт етедi. Баяғы заманды бiздiң ауылға көшiрiп келе жатқандай, кеудесiн асқақ ұстайды. Мен ғана емес, бiздiң көшеге жинала қалған ауыл адамдарының бәрiнiң де екi көзi батырлар шеруiнде, аңтарылып қалыпты.

Осы кезде көршi әйел айғай салды:

— Өй, тәйiрi, баяғының батыры екен десем, өзiмiздiң Жәкең екен ғой!

Осы кезде алдыңғы салтаттының жүзi көзiме оттай басылды. Иә, бұл менiң әкем! Ол мүнда неғып жүр? Аңыруым таңданысқа ұласты. Әкемiздi папкi ұстаған, костюм киген күйiнде ғана көрген басым оның мұндай театрландырылған көрiнiске қатысуын басыма сыйғыза алмай әлекпiн. Ал ол қап-қара көздерi оттай жанып, аппақ тiстерiн жарқырата күлген бойы өте барды.

Батырлар шеруiнiң соңында түйелер көшi келедi екен. Кәдiмгi түйенi күнде көрiп жүрмiз ғой. Бiрақ оның үстiне қарқара жасап, адам мiнгендi бiрiншi көруiм. Үстiнде ақ кимешектi бәйбiше отыр. Одан әрi қазақша көйлек киген қыз-бозбала. Мен оларға асығыс бiр көз тастадым да, «батырлар» кеткен стадионға бет түзедiм. Батырларша киiнiп алған әкемдi тағы бiр рет көргiм келдi.

… Стадионда ығы-жығы адам. Бiздiң ауылда мұншама көп адам тұрады деп ойласамшы. Бәйге басталып кетiптi.

— Жорға бәйге басталды!

— Қанi, жүр көрейiк!

Бiр топ бала менiң жанымнан жүгiрiп өте шықты.

Бәйге аттары шауып өтетiн жолдан өтiп, стадионның ортасына шықтым. Қаумаласқан адамдар балуан күрестi тамашалап тұр. Бiреулер қаны қызып айғайлап қояды. «Құр айғайлағанша өзi шықпай ма?» екен күреске деймiн iштей. Маған мән берiп жатқан кiм бар, әкемдi iздеп әрi қарай кеттiм.

Бiр жерде беташар болып жатыр екен. Кiшкентайымнан беташарды жақсы көрем. Өйткенi онда талай нақыл сөздер, мақал-мәтел айтылады. Тұра қалып, тыңдадым.

— … Ау, ақ келiн, ақ келiн!

Сауысқаннан сақ келiн!…

Бiр кезде бетi ашылғалы тұрған қалыңдыққа қарап едiм, тани кеттiм, бiздiң мектептiң мұғалiмi! Ә, белгiлi болды, арнайы сценариймен дайындалған дүние болды ғой. Бiрақ мұндай көрiнiске мұғалiмдi қойғанша, басқа бiреудi таппады ма екен?

Мен стадионның о шетi мен бұ шетiн аралап шыққанша, тал түс болыпты. Бәйге аяқталды, тiптi тай қазандардағы күрiш те пiсiптi. Анау түрған киiз үйлерде тамақ таратты ғой деймiн.

Өзегiм талғанын ендi сездiм. Сол-ақ екен, ендi ешнәрсеге алаңдамастан, үйге қарай тартып отырдым. Үйге келсем, бауырларым әлдененi қолдарына ұстап алып, қаужаңдап жеп отыр.

— Не жеп отырсыңдар?

— Тәттi нан. Өйбүй, Айгүлге қалдырмаппыз ғой, — ағам қашанғы әдетiнше маған қиқарлана жауап бердi.

Мен оның қолындағы нанға қарап, жылармандай болып тұрмын.

— Қайдан алдыңдар?

— Бағана стадионда таратты ғой. Сен қайда жүрдiң?

«Әкемдi iздедiм» десем, бұлар менi күлкiге айналдыратындары анық, сондықтан үндемедiм.

— Кел, мә, жей ғой.

Үлкен әпкем қамқорлық танытты.

Сырты қоңырқай түске енiп күйдiрiлген қытырлақ нанның тәттiсiн-ай! Дәмiн алмай тұрып, сiлекейiм ағып кете жаздады. Тiптi, батыр болып киiнген әкемдi тағы бiр рет көре алмай, үйге бос қайтқанымды да ұмыттым.

Шешем сырттан кiрiп келдi.

— Ә, келдiңдер ме? Наурыз көже дайындап қойдым, iшiп алыңдар.

Жерге дастархан жайып, бәрiмiз алқа-қотан отыра қалдық. Шешем қазаннан көже құйып жатып:

— Наурыздан Наурызға аман-есен жетейiк деп iшiңдер, — дедi жай ғана.

Қандай жақсы сөз! Күнi бойы микрофоннан жаңғырған түрлi тiлектерге құлақ сала жүрсем де, олардың бiрi тап осы сөздей жаныма жылы тиген жоқ. Наурыздан Наурызға… Сонда осы сөздi жылда айта берсең, көп жасауға болады екен ғой. Бiр тамсандым да, көжеге бас қойдым.

— Наурыз күнi жетi үйге кiрiп, наурыз көже iшу керек екен, — дедi шешем тағы да.

Мен iштей үйiне баруға болатын құрбыларымды санамалай бастадым.

Қалжырап қалыппын. Бүгiнгi көргендерiм көп болса да, көңiлiм «тағы не болады екен?» дегендей тықыршуы басылар емес. Тағы да далаға шығып, ауылды кезгiм кеп кеттi. Кiтаптан оқыған «Ұлыс оң болсын!» деген сөздi көшеде кездескен бiрiншi адамға айтсам деймiн. Сонда ол кiсi қайтер екен, «Ақ мол болсын!» деп жауап берер ме екен, ә? Әлде ұят бола ма? Әрнәрсенi ойлап жатып, қалғып кетiппiн.

Ертесiне бiр-ақ тұрдым. Шамасы, менi ұйықтап қалған жерiмнен көтерiп әкеп төсегiме жатқызған. Қап, кеше батырларша киiнiп, үйге қайтқан әкемдi көре алмай қалдым-ау! Ол ендiгi жұмысқа кетiп қалған шығар. Айтпақшы, сауыт-саймандары үйде қалды емес пе? Атып тұрып, үлкен бөлменiң есiгiн жұлқи тартып аштым да, тұра қалдым. Тап-таза. Сауыт-сайман түгiлi, дәнеме жоқ. Батырлардың киiмi болмаған соң ба, бөлме жұтаңдап қалғандай көрiндi.

Көңiлсiзбiн. Бiр-ақ күн… Менiң әкем батырларша киiндi. Менiң әкем батыр… ендi мен бұл естелiктi өмiр бойы көңiлiмде әлдилеп өтемiн.

… Айналама көз тастадым. Стадионның ортасындағы футбол алаңына келiп қалыппын. Күн батуға таяу. Алакеуiм. Тыныштық. Күлiмсiреп тұрып, балалық шақтың елесiнен есiмдi әзер жидым. Жан-жағыма бiр қарадым да, үйге қайттым. Содан кейiн ол стадионға қайта бас сұққан емеспiн.

Өткендi еске алуым — өтiп бара жатқан балалығыммен қоштасуым екен.

Ендi ол да естелiк.

… Кейiн бiздiң ескi үйдi бiреулер сатып алып, тұрып жатыр екен, оған да қайта бармадым.

Гүлбиғаш Омарова