Жаңалықтар

14 МЕДАЛЬ... ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҒЫ БIР ҚЫРЫНАН КӨРСЕТТI

ашық дереккөзі

14 МЕДАЛЬ... ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҒЫ БIР ҚЫРЫНАН КӨРСЕТТI

Спорт – салауатты өмiрге жетелейтiн жол. Спорт – саясат. Спорт – өнер. Сондай-ақ, спорт ел мен жердi, мемлекеттi танытудың бiрден-бiр оңтайлы жолы. Әрине, қазақ елiн дүйiм жұрт ұлттық өнерi арқылы, мәдениетi, салт-дәстүрi арқылы жақсы бiледi. Десек те, елiмiзде кенжелеп қалған спорт түрлерiн қайта түлетiп, оны жаңғыртып, Қазақстан деген мемлекет, қазақ деген халық, ұлт барын дүниежүзiне паш етсек, бұл елдiгiмiздi таныту емес пе?! Бiрақ мәдениетпен қоян-қолтық – спорт саласына әу бастан-ақ немқұрайлы қарайтын бiздiң ел күнi бүгiнге дейiн ауыз толтырып айтарлықтай көңiл бөлген емес. Бұл шындық.

Негiзi қазiргi жастардың арасынан небiр дарынды талант та, бiлiмдi, бiлiктi маман да топ жарып шығады. Әсiресе, салауатты өмiр жолын серiк етiп ұстанған жастардың өзi ел үшiн бек қуаныш. Мiне, осы спорт атты сан салалы өнерге бала кезiнен бейiм келген жасөспiрiмдер Қазақстанды, қазақ халқын тағы бiр қырынан көрсетiп қайтты. Көктемнiң алғашқы күндерiнде, яғни, наурыздың 2-4 аралығында сонау шалғайда жатқан АҚШ-тың Огайа штаты, Коламбус қаласына бiр топ жасөспiрiмдер жол тартып, Арнольд Шварценегер кубогы бойынша каратэден халықаралық байқауға қатысып, олжалы оралды. Жаттықтырушы, каратэ шеберi Марат Арипов бастаған топтың құрамында әр түрлi жастағы, яғни, 10-15 жас шамасындағы жасөспiрiмдер бағын сынады. Қазақстаннан барған 23 спорт қарлығаштарының 6-уы Алматы облысынан аттанған. Үкiлi үмiт пен елдiң мақтанышын арқаланған каратэ күрескерлерi 14 алтын медальды қанжығасына байлапты. Бұл аз ба, көп пе?! Әрине, Тәуелсiздiгiн алғанына 15 жыл толған жас мемлекет, Қазақстан үшiн бұл үлкен жетiстiк. Бiр өкiнiштiсi, Алматы облысы Қапшағай қаласынан аттанған оларды не қала әкiмi, не Спорт комитетi сәт-сапар, ақ жол тiлеп, шығарып салмапты. «Қайдан ұтсын» деген болу керек, кейiннен қуанып, жеңiспен келген жасөспiрiмдердi құттықтап, баспасөз мәслихатын өткiздi. Осы турнирге баруына қаржылай қолұшын берген «Трансстроймост» құрылыс компаниясының басшылығы, оның iшiнде бас экономист-маманы Лариса Викторовнаға шексiз алғыс бiлдiрген Марат Арипов: «Бiз үмiттерiн ақтадық!» дейдi. Өйткенi, мынадай алма-ғайып заманда спортшылардың еңбегiнiң жануына үлес қосқан демеушiнiң мәрттiгi өзiнше бiр бөлек екенiн мойындайды.

Спорттың каратэ түрiн өнер деп бағалайтын Марат Ариповтiң өзi 45 жасында бiрiншi орынды жеңiп алып, алтын медальға ие болды. Жаттықтырушы әрi қатысушы ретiнде бабында болған ол: «Ең жоғары көрсеткiштi – осы Америкада көрсеттiк. Өзiм каратэмен 1986 жылдан бастап айналыстым. Әу баста спорттың бұл түрiмен шұғылдануға рұқсат бермесе де, қолымды еш үзбедiм. Бастапқыда каратэ менiмен хобби ретiнде ерiп келсе, қазiр мамандығым боп кеттi» дегендi айтады. Марат Әмiрәлiұлы бұған дейiн, 1994 жылы Мәскеуде, 2000 жылы Америкада, 2004 жылы Жапонияда өткен жарысқа қатысып, небiр жүйрiктен озық шыққан. Екiншi дан дәрежесiне көтерiлiп, қара белбеу тақты. Ал 1990 жылдан бастап Қапшағай қаласында Спорт мектебiнде жас спортшыларды тәрбиелеп келедi. «Басты жетiстiгiмiз осы» деген. Себебi, аталмыш демеушiнiң көмектескенiне де небәрi 2-3 жыл болыпты. «Соның арқасында ғана Қазақстанның барлық қаласын аралап, каратэге бейiм, жаны құштар балалардың техникасын көтердiк. Нәтижесi жаман емес. Қарасаңыз, бiздiң балалар тағы да биiк дәрежеге көтерiлiп, спорттың шыңына өрмелеп келедi. Бiр баланың өзi ек-үш бағдарламада сайысқа түсiп, ойдағыдай алып шықты» дейдi ол тағы бiрде қуанышымен бөлiсiп.

Сонымен, 14 медальдiң иесi кiмдер? Марат Ариповтың еншiсiндегi медальдан басқа, жас спортшылардан Әйгерiм Арипова – бiрiншi орын мен 2 алтын медальға, Андрей Мирзон – бiрiншi орын және 3 алтын медальға, Тимур Накусов – бiрiншi орын мен алтын медальға ие болып, Владимир Рязанов – бiрiншi орын, алтын медальды, Андрей Захаров – бiрiншi орын мен 3 алтын медаль және Виталий Неженец бiрiншi орын, 3 алтын медальды қанжығасына байлады. Каратэға әуес жанкүйерлердi тәнтi еттi. Қазақ елiнiң туын көкке желбiретiп, Әнұранын асқақтатты. Қараңызшы, Қазақстанды небәрi 10-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер дәрiптедi. Ел болашағы – мәдениетте, өнерде, спортта жатқандығы осыдан аңғарылмай ма?!

«Бiзге таңқалды. Тiптi, кейбiреулерi «Қазақстан» деген мемлекет, халық барын бiлмейтiн де боп шықты. Ендiгi бiрi: «А, Қазақстаннан келдiңiздер ме?» деп бәйек болып қалды. Жақсы қарсы алды. Әсiресе, ұйымдастыру жағы күштi екен. Каратэ бәсекесiн «ашық» деп жариялаған Арнольд Шварценегрдiң өзi балалардың қолын алып, құттықтады. Олардың қуанышында шек болмады», – дейдi жаттықтырушы. Бұған дейiн жас спортшылар Қазақстан чемпионаттарында, Халықаралық байқауларда үлкен жетiстiкке қол жеткiзiп келдi. Әрине, жарыс болған соң, әуелгi кезде талай жеңiлiске де ұшырады. Барлығы тәжiрибемен келетiнi сияқты, бүгiн олар шетелдiк аренаға алғаш шығып, бабында екендiгiн көрсеттi. Әлi де талай асудан мұқалмай өтiп, биiк шыңдарға қанаты талмай жететiндiгiн дәлелдедi. Бiр қызығы, каратэнiң Отаны – Жапония мен Корея спортшылары: «Сендер мұны қайдан үйренiп жүрсiңдер?!» деп таңдайын қағыпты. Мiне, олар да каратэ алаңында жаңадан пайда болған әрiптес-бәсекелестерiне қызғана да, қызыға қараған. Марат Ариповтың айтуынша, бiздiң балаларды басқа елдiң каратэмен шұғылданатын жасөспiрiмдерiмен салыстырғанда, күш жағынан өте мықты. Олар қанша жерден шаршап, құлап жатса да, қайта тұрып, алға қарай ұмтыла бередi. Тек намысқа тырысып, бiр нәтиже шығаруды көздейдi», – дейдi ол.

Каратэ былай қарағанда, гимнастика сияқты. Айырмашылығы – қалай демалу, тынысалу керектiгiн терең үйретедi. Ол үшiн балаларды кiшкентайынан баулу керек. Каратэ – өнер. Кейбiр спорт түрi денсаулыққа зақым әкелсе, каратэ керiсiнше, пайдалы. Әсiресе, қызбаланың дене бiтiмiнiң сымбатты, жан дүниесiнiң сұлу болуына, ағзадағы iшкi құрылыс мүшелерiнiң дұрыс жұмыс iстеуiне септiгi тиедi.

Каратэ жүйрiктерiнiң алдында талай жоспар бар. «Жақында Алматыда каратэден өтетiн чемпионатқа Жапониядан спортшылар келедi. Үлкен семинар болады. Ал мамыр айында осы күншығыс елiнде дүниежүзiлiк чемпионат өтедi деп күтiлуде. Құдай қаласа, осыған балаларды апарсам деген арманым бар. Шүкiр, мынандай жетiстiкке жеттiк. Әлi де жете беремiз. Ендi сол Жапонияға баруға қолұшын беретiн шығар деген ойдамыз»,– дейдi Марат Әмiрәлiұлы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ