Жаңалықтар

Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден ҚАЖЫБЕК: МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫЗ

ашық дереккөзі

Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден ҚАЖЫБЕК: МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫЗ

Қазақ тiлiнiң Мемлекеттiк тiл деген аты болса да, ресми тiлдiң көлеңкесiнде қалып қойғанын Конституциялық Кеңес анықтап бердi. Мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн қалай көтеруге болады? Мемлекеттiк органдарда қазақ тiлiне неге немқұрайлы қарайды? Бұл сауалдарымызға Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек жауап бередi.

— Сiздiң Тiл комитетiнiң басшысы болып тағайындалғаныңызға аса көп бола қойған жоқ. Келген бойда қандай мәселелерге тап болдыңыз?

— Келген бетте ең алдымен қаражат мәселесiнде бiршама қиындықтар болды. 2006 жылға дейiн бiрнеше жыл қатарынан Тiл комитетiне бөлiнген қаржының сомасы жылына небәрi 100 млн. теңгенi ғана құрайтын едi. Бөлiнетiн ақша аз болғандықтан, соның көлемiн көбейтуге күш салып, мәселемен нақты шұғылдандық. Өзiңiз бiлесiз, қаржысыз қандай да бiр жұмыстың нәтижесiне қол жеткiзу мүмкiн емес. Тiл мәселесiн биiк мiнберлерден көтерiп, мәселенi айқындауда Мұхтар Шаханов ағамыз едәуiр көмектестi. Тiл үшiн бөлiнген ақшаның сомасы былтыр 500-600 млн.теңгенi құраса, биылғы бюджеттен бөлiнгенi бүкiл республика бойынша 3 миллиардтан асты. Тiл комитетiне бөлiнген ақшаның көлемi 2 млрд.теңгенi құрады. Негiзi, бұл аса көп емес. Мәселе ақшаның санында, көлемiнде емес, игерiлуi мен сапасына байланысты ғой. Кезiнде Елбасы атап өткендей, ұлттық алпауыт компанияларымыздың бiрiншi жетекшiсi мен орынбасарларының алатын ақшасы жылына 35 миллион долларды, яғни 4 миллиард теңге шамасында болғанын ескерсек, онда бұның қасында тiлге бөлiнген қаржының ауқымын өзiңiз-ақ шамалай берiңiз.

Екiншi үлкен қиындық – кадр тапшылығы. Ол мәселенiң де күрмеуiн шешудiң жолдарын қарастырудамыз.

— Осы тiлге бөлiнген ақшаны Ертiсбаев мырза өз атымен байланыстыратын секiлдi…

— Жалпы құрылымдық тұрғыдан бiз Мәдениет және ақпарат министрлiгiне қарайтын болғандықтан, Үкiметте, не Парламентте болмасын, тiл мәселесiн көтерiп, оған бөлiнетiн қаржының көлемiн өсiру қажеттiгiн айтып дәлелдеуде Ертiсбаев мырзаның да еңбегi зор. Елбасының Қазақстан халықтары ассамблеясының 12-сессиясында берген тапсырмаларын жүйелi жүзеге асыру барысында Мәдениет және ақпарат министрлiгi тарапынан 2007 жыл – «Мемлекеттiк тiл жылы» деп жарияланды. Бастаманы көтеруде Ермұхамет Қабиденұлының азаматтық мiнез танытқанын мойындағанымыз жөн. Тағы бiр назар аударарлығы, Мәдениет және ақпарат министрлiгi — бүкiл министрлiктердiң арасында өзiнiң алқа мәжiлiсiн мемлекеттiк тiлде өткiзген санаулы министрлiктердiң бiрi. Негiзi, тiл мәселесiн тек министрлiкке немесе комитетке таңып қоюға болмайды. Бұл – ауқымды мемлекеттiк маңыздағы мәселе.

— Тiл комитетiн министрлiктiң құрамынан шығарып, үлкен құрылымға айналдыру жөнiндегi ұсыныстар айтылуда. Сiздiң өз көзқарасыңыз қандай?

— Бiздiң комитетке бөлiнетiн қаржы 2005 жылмен салыстырғанда, жиырма есе көбейдi. Бұған сәйкес комитеттiң жұмысы да 10-15 есе артқанымен, жұмыс iстеп жатқан адамдардың саны бар-жоғы 20 шақты. Әрине, бұл өте аз. Қызметкерлердiң санын көбейту бойынша ұсынысымызды министрлiк қолдады. Үкiметке де, Президент Әкiмшiлiгiне де қызметкерлердiң штат санын екi-үш есе көбейту керек деп ұсынды да. Алайда, әкiмшiлiк реформаға түбегейлi нүкте қойылмағандықтан, ұсынысымыз әлi күнге дейiн өзiнiң оң шешiмiн таппай келедi. Бiрақ, бiз бұл мәселенi жаңа Үкiмет алдында да көтердiк. Жаңа бөлiмдер ашып, комитет қызметкерлерi санын екi-үш есе көбейтпесек, жиырма шақты адаммен тiл саясатын шыңына шығарамыз деу – жалаң намысшылдық болар едi. Бүгiнде бiз тiл саласындағы құқықтық базаны жетiлдiру жұмыстарына зор мән берудемiз. Өйткенi, негiзгi заңдар мен нормалар шынайы өмiр талабымен қабыспайынша, тiл саласы жетiстiкке жетпейдi.

Бүгiнгi таңда мемлекеттiк тiлдiң өз дәрежесiнде қолданылмай келе жатқандығы, оның кеңсе, сот, басқару тiлiне айналмай отырғандығын баршамыз да бiлемiз. Ал, бұл мақсатқа жету үшiн комитеттiң пәрмендiлiгiнiң әлсiздiгiн бүгiнде көптеген ғалымдар мен депутаттардың мойындайтыны да белгiлi.

— Тiл комитетiне ақша бөлiнгенiмен, шаралардың бәрi бiр күндiк концерттермен, конференциялармен аяқталып жатады. «Тiл фестивалi» деп ақша бөлгiзгенiмен, оның соңы сұйып кететiн секiлдi. Сiздiңше қалай?

— Семинарлар мен фестивальдер тiлiмiздiң көсегесiн ә дегеннен көгертiп жiбермеуi мүмкiн. Алайда, қоғамдық санаға ой салып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәлiм-тәрбие беруде көпшiлiкке арналған iс-шаралардың маңызы зор. Бүгiнде бiздiң алдымызда: ұлттық терминологияны дамыту, ономастика саласын жетiлдiру бағытында арнайы заң қабылдау, аударманың сапасын жақсарту секiлдi мiндеттер тұр. Бүгiнге дейiн тiлдi үйрететiн ортақ баламалық-әдiстемелердiң жоқтығы да — өзектi мәселе. Бiзге ең бастысы, осы мәселелердi тиiмдi шешудiң тетiктерiн тауып, өскелең ұрпақтың мемлекеттiк тiлде бiлiм алуына жағдай жасау.

— Жалпы, тiл саясаты бойынша әр облыс, қалаларға бөлiнген қаржының игерiлуi қалай?

— Республикалық бюджет пен жергiлiктi бюджеттiң үйлесiмдiлiгiне байланысты қазiр Үкiмет тарапынан жергiлiктi бюджеттiң тiл саясатына бөлiнетiн қаржысы жылдан-жылға арттып келедi. Мысалы, былтыр тек Павлодар облысында тiл үйрететiн оқу орталықтарын құруға 20 миллионнан астам қаражат бөлiнген болса, биыл 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлiндi. Биылғы жылдың өзiнде Үкiмет тапсырмасы бойынша республикамызда әкiмдiктер мен облыстық Тiл басқармалары жанынан мемлекеттiк тiлдi үйрететiн тоғыз орталық ашылды. Биыл сондай тағы жетi орталық ашылатын болады. Жергiлiктi бюджетте бұған сай ақша бар. Қазiргi күнi жүргiзiлiп отырған әкiмшiлiк реформаның негiзгi мақсаты — әр аймақ өз қаржысын өзi игергеруi болғанымен, саясат пен ұлттық идеологиялық жоспарды республика бойынша бiрегейлендiру де үнемi қаперде болуға тиiс.

— Бөлiнген ақшаның игерiлуiн қадағалай аласыздар ма?

— Қадағалау функциямыз бар. Заңға сәйкес, тендер бойынша жеңiмпаз деп танылған фирмамен шарт жасалынады. Шартта тапсырыс берушiнiң жауапкершiлiгi, қадағалау-тексеру мәселелерi нақты көрсетiледi. Сапасыз өнiм берген фирма жауапкершiлiктi өз мойнына алады. Жобаның көлемi, қаржысы алдын-ала анықталады. Мысалы, жоба жасалғанда оған Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi, Ақпараттандыру және байланыс агенттiгi секiлдi бiрнеше тиiстi мекемелер қатысады. Жобаның қанша ақшаны қажет ететiндiгi анықталады. Ал тендерден жеңiп шыққан фирмалар өз өнiмдерiнiң бiрнеше мың нұсқасын мемлекеттiк мекемелерге тегiн таратуы керек. Бiрақ, тарату мәселесi ендi ғана жолға қойылуда. Бiз биыл 100 мың таралыммен «Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгiн» шығара бастадық. Бiрақ, сол сөздiктi тарату шығыны шығару шығынынан да асып кетедi. Өйткенi, қазiр тасымалға жауап берушi «Қазпоштаның» қызметi айтарлықтай қымбат.

«Cудың да сұрауы бар» деген нақыл сөз бар. Бiз мемлекеттiк мекеме болғаннан кейiн тiл саясатына байланысты республика бойынша жұмсалатын қаржыны қатаң қадағалап, тиiмдi жұмсаудың механизмдерiн ойластырып, оны iске асыруды қолға алып отырмыз. Бұл жоспарлар қалай жасалады? Әуелi бүкiл iс-шаралардың нақты әрi толық жоспары бекiтiлiп, оның дәлелдемелерi бекiтiледi. Бұл жұмысты бiз ашық, жариялы түрде жүргiзiп отырмыз. Мәселен, тiл саласына бөлiнген қаржының қанша бөлiнгенiн, оның неге жұмсалатындығын бүгiнде бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi де, тiл жанашырлары мен халық қалаулылары да бiледi. Жуық арада бiз егжей-тегжейлi пысықталған iс-жоспарымызды баспасөз бетiне жариялаймыз. Жалпы, бiз халыққа тiл саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен оған бөлiнген қаржының қаншалықты игерiлiп жатқандығын БАҚ арқылы хабарлап келемiз және солай бола бередi де.

— Облыстар мен министрлiктер арасындағы тiлдi жандандырып отырғандар мен немқұрайлы қарайтындар қайсы?

— Бұған дейiн сегiз облыс (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, соның iшiнде Қарағанды облысы 2006 жылғы желтоқсан айынан бастап көшкенiн ескеру керек) пен Алматы қаласы мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге ресми түрде көштi деп айта аламыз. Қазiр iс оңға басып келе жатыр.

Өткен жылдармен салыстырғанда, iс-қағаздарды мемлекеттiк тiлде жүргiзу деңгейi Батыс Қазақстан облысы бойынша кiрiс құжаттарының 59,6%, шығыс құжаттарының 81,4%, Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша кiрiс құжаттарының 74,1%, шығыс құжаттарының 72,1%, Ақтөбе облысы бойынша кiрiс құжаттарының 53%, шығыс құжаттарының 81%, Алматы облысы бойынша кiрiс құжаттарының 32,5%, шығыс құжаттарының 64,4% және Павлодар облысы бойынша кiрiс құжаттарының 26,2%, шығыс құжаттарының 58,8%-ға өскенi байқалған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда елеулi көрсеткiш.

Бұл арада жетiстiктермен қатар кемшiлiктердiң де орын алып отырғаны байқалады. Мемлекеттiк тiлге көшкен облыстардың бiрқатарында iс жүргiзудiң басым пайызы орыс тiлiнiң үлесiнде болып тұр. Мәселен (2006 жылдың соңғы мәлiметтерi бойынша), Жамбыл облысында – мемлекеттiк тiлдегi кiрiс құжаттары – 16,8 пайыз, шығыс құжаттары 16,8 пайыз, Қызылорда облысында – кiрiс – 40,7 пайыз, шығыс – 36,6 пайызды құрап отыр. Мұның өзi көп жағдайда мемлекеттiк тiлге көштiк деген атты жамылып, бәз-баяғы қалпынша жұмыс iстеп жатырмыз деген жағдайды бiлдiрсе керек.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 6 наурыздағы №24-35/750 тапсырмасына сәйкес үстiмiздегi жылдың екiншi жартыжылдығында Қостанай, Солтүстiк Қазақстан және Алматы облыстарында «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚР Заңының орындалуы жөнiнде тексерiс жүргiзiлдi. Тексеру барысына акт жасалып, кемшiлiктердi жою жөнiндегi анықтамалар ҚР Үкiметiне, Бас Прокуратураға және тексерiлген органдарға жiберiлдi.

Сол сияқты өткен жылдармен салыстырғанда, бiрқатар орталық органдардағы мемлекеттiк тiлдегi кiрiс-шығыс құжаттарының айналым көрсеткiшiнiң елеулi артқаны байқалады. Мәселен, Сыртқы iстер министрлiгiндегi кiрiс құжаттары — 17%, шығыс құжаттар — 59,4%, Көлiк және коммуникация министрлiгiндегi кiрiс құжаттары — 16,5%, шығыс құжаттары — 54,1%, Индустрия және сауда министрлiгiндегi кiрiс құжаттары — 17,4%, шығыс құжаттары — 60%, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiндегi кiрiс құжаттары — 50,1%, шығыс құжаттары — 41,2%-ға артып отыр.

Ал ендi мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуде сын көтермейтiн орталық атқарушы органдар қатарында мәселен, Қаржы министрлiгiнде кiрiс құжаты — 11 пайыз, шығыс құжаты 5,4 пайыз, Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiндегi кiрiс құжаты – 4,8 пайыз, шығыс құжаты – 2,7 пайыз, Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiндегi кiрiсi – 2,6 пайыз, шығысы – 8,1 пайыз, Денсаулық сақтау министрлiгiнде кiрiсi – 5,9 пайыз, шығысы – 8,9 пайыз, Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнде кiрiсi – 0,3 пайыз, шығысы 14,1 пайыз, Статистика агенттiгiнде кiрiсi – 14,6 пайыз, шығысы – 0,1 пайыз, Жер ресурстарын басқару агенттiгiнде кiрiсi – 7,6 пайыз, шығысы – 11,6 пайызды құрауы осы маңызды iске әлi де немқұрайдылық танытып отырғаны деп қарауымыз керек.

Барлық орталық атқарушы органдардағы қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi меңгеру деңгейiнiң де өсiп келе жатқанымен iс жүргiзе бiлетiндерi әлi де төмен дәрежеде. Жалпы айтқанда, 22 орталық органдағы штат бойынша 4857 қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлде iс жүргiзе алатыны – 1885 (38,8 пайызы), оқып түсiне алатыны – 2388 (49,1 пайыз), мүлдем бiлмейтiнi – 349 (7,1 пайыз) адамды құрап отыр.

Президенттiң «Болашақта барлық қатынас қағаздары мемлекеттiк тiлiмiзде жүргiзiледi. Сол кезде тек аудармашылардың қызметiне иек сүйеп отырған кейбiр жауапты қызметкерлер «қолымды мезгiлiнен кеш сермедiм» деп өкiнiп жүрмесiн. Бұлғақ заманы өтедi де, нақты да қатал сұраныс кезеңi келедi. Осы бастан дайын болайық» – дегенi бар едi. Ойлану үшiн осы сөз де жеткiлiктi болар.

— Тiл жанашырлары Мемлекеттiк тiлдi балабақшадан бастап үйретуге көңiл қою керек дейдi…

— Балабақшалардағы мемлекеттiк тiлдi қолға алу керек. Қазiр балабақшаның жағдайын айтып, тек Шаханов ағамыз шырылдап жүр ғой. Мына қазақы Торғай өңiрiнде күнi кешеге дейiн қазақ тiлiнде бiрде-бiр балабақша болмаған. Абай туып-өскен топырақ — Семей жерiнде де қазақша балабақша мүлдем жоқ. Бұдан екi-үш ай бұрын ғана қазақша бақша аштық деген ақпарат келiп түстi, бiрақ оның өзiнде де бiр орыс тобы бар болып шықты. Жақында Алматыдағы балабақшаларды тексерiп көрсек, қазақ зиялыларының мекенiне айналған бас қаламызда 156 балабақшаның 34-iнiң ғана қазақ тiлiнде екенiн бiлдiк. Алматы облысының орталығы Талдықорғанда тоғыз бала-бақша болса, соның бiреуi ғана — қазақ тiлiнде.

Негiзi, Қазақстанда бұрын 9000 шамасында балабақша болса, соның 2500-i қазақша едi, тағы 2-3 мыңы аралас бала-бақша едi. Қазiр соның 487-i ғана қалған. Былтыр Бiлiм және ғылым министрлiгi «92 балабақша салынды» деп ақпарат таратты. Жылына жүз бала-бақша көбейтiп отырсақ та бұл аз көрсеткiш. Бұл көрсеткiш қазiргi күнi қазақ балаларының қазақша балабақшада тәрбие алмайтындығын көрсетедi. Қазақ балабақшасына бармаған бала ертеңгi күнi қандай мектептерге барады? Мектептердiң де жағдайы төмен. Қазiр ауылдағы мектептердiң 84 пайызы қазақ тiлiнде деп мақтанамыз. Алайда, ауыл мектептерiнiң қандай жағдайда екенi бәрiмiзге белгiлi.Материалдық ахуалы нашар және жеткiлiктi жабдықталмаған. Аралас мектептер саны әлi де көп.

Жалпы, қазақ тiлiне келгенде қай саланы алып қарасаңыз да дабыл қағарлықтай жағдайда. Сын көзбен қарау керек деп отырғаным сондықтан. Әрине, сын конструктивтi болғаны жөн. Құр сынау үшiн ғана емес, мәселенiң басын ашып алу үшiн жұмыс iстеу керек. Сын көзбен қарамай, бұл мәселенi шешу мүмкiн емес.

Сондықтан мемлекеттiк тiлге деген толыққанды оң көзқарас қалыптастыру кезек күттiрмес мiндет.

— Бiзде ресми тiл мен мемлекеттiк тiлдiң айырмасы болмай тұр ғой. Әлде мемлекеттiк тiл туралы арнайы заң қажет пе?

— Бiз осы мәселе бойынша депутат Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған бiр топ халық қалаулылары Конституциялық Кеңеске мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң ара-жiгiн құқықтық тұрғыдан түсiндiрiп берудi сұрағанбыз. Соған орай үстiмiздегi жылдың 23 ақпан күнi Конституциялық Кеңес өзiнiң қосымша қаулысын шығарды. Онда: «Мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi мен ресми түрде пайдаланылатын орыс тiлiнiң тең қолданылуы бұл соңғысына екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн бiлдiрмейдi. Мемлекеттiк тiл мәртебесiнiң үстем болуы оның жария-құқық саласында қолданылуының айрықшылығы не басымдылығы Конституцияда баянды етiлiп, заңдарда белгiленуi мүмкiн екендiгiн бiлдiредi» — деп айқын көрсетiлген.

Көптеген мемлекеттiк мекемелерде орыс тiлiнде келiп түскен ақпарат нысандары қабылданады да, ал қазақ тiлiндегi ақпараттың орысша нұсқасы сұратылады. Бұл дегенiңiз – басқасын айтпағанның өзiнде, екi есе уақыт шығыны, қағаз шығыны. Мұндай жағдайдың жалғаса беруi мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiне сызат түсiрмей қоймайды. Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасында құқықтық-саяси тұрғыдан басымдыққа ие екендiгiне дау жоқ. Оның мәртебесiн арнайы заңмен белгiлеу қажеттiгi көптен берi қоғамдық пiкiр тудырып келе жатқанын бәрiмiз де бiлемiз.

Мемлекеттiк тiл туралы арнайы заң керектiгiн бүкiл зиялы қауым, жалпы қоғам түсiндi. Қазiргi кезде қолымызда он шақты заң жобасы бар. Тiл комитетiнде осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс iстеуде. Сәтi түссе, бiрнеше ай көлемiнде мемлекеттiк тiл туралы арнайы заң жобасын Парламентке ұсынатын боламыз.

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА