Жаңалықтар

БАЗАРДА ДА, ДАЛАДА ДА — ОРЫСША

ашық дереккөзі

БАЗАРДА ДА, ДАЛАДА ДА — ОРЫСША

Қазiргi заманда жолаушы тасымалдайтын автокөлiктердiң түрi де, саны да көп. Алматы қаласында жеке фирмалардың таксилерi оған қоса жекеменшiк таксилер, қала сыртына қатынайтын жолаушы тасымалдайтын қаншама автокөлiктер бар.

Бұл автокөлiктерде барлық жағдайлар жасалған, өте ыңғайлы, кез келген ауа райында жүре бередi. Сонымен қатар автокөлiктердiң түр-түрi де, iшi-сыртының сымбаты да, жайлылығы мен жүрдектiгi де өте керемет.

Жолаушылар ең көп мiнетiн жоғарыдағы көлiктерде микрофон, магнитофон, радио, телевизор да бар. Ал осы техникалық құралдар сананы улап, жүйкенi тоздыратын орысша немесе шет тiлiнде сөйлеп, қазақ ұлтының болашағына балта шауып жатыр. Автокөлiктердегi жүргiзушi де, кондуктор да көбiнесе қазақ ұлтының азаматтары. Оларға техникалық құралдар, бiрiншiден, аялдаманың атын айтуға, автокөлiктiң қай бағытта жүруiн хабарлауға және музыка тыңдап, бейне көруге қажет болса, екiншiден, үгiт-насихат, идеология үшiн де қажет нәрсе екенiн бiлуiмiз керек. Мұны бiлетiн саналы не жүргiзушi, не кондуктор жоқ, ақыл-ойы ақша табу. Өзiмiз мiнетiн автобустар мен таксилердегi кейбiр “жетесiз”, “ойсыз”, “намыссыз” жүргiзушiлерге: “Өздерiңiз қаракөз қазақ ұлтының азаматы екенсiздер, музыканы не қазақшаға, болмаса телерадио хабарын “Қазақ толқынына” (бұл толқында барлық тiлде хабар болады) қоймайсыздар ма?” десек, “жұмысың болмасынды” айтады.

Ендi ғана еңсемiздi көтерiп ел болып, жас ұрпақ өз тiлiнде қанат қағып келе жатқанда, көпшiлiк жерлерде шетелдiктердiң сөзiн, әнiн, әдебиет және сұрықсыз мәдениетiн естiп көрсе, соларға елiктеп жас қанаты қайырылмай ма?

Құдайға шүкiр деп айтайық, елдегi мекен-жайлардың, көшелердiң аттары өзгерiп, бiздiң ұлы бабаларымыз бен ел үшiн қызмет еткен азаматтарымыздың аттары қойылды. Ал бiздiң кондуктор бауырларымыз бұл өзгерiстердi не бiлмейдi, бiлсе де аялдамалар мен тұрақтардың ескi аттарын орысша хабарлайды, ал төлемақы алса “Подготовьте деньги за проезд” немесе автобус iшiнде “за проезд” деп шауып жүредi.

Аялдамаларды, тұрақтарды қазақша айтып “Жол ақысын берiңiздер” – десе тiлiне шиқан шығар ма? “Әрi жұрттың құлағы үйренедi (көп ұлтты елмiз), неге қазақша сөйлемейсiз?” десең, “онда тұрған не бар, орысша үйренiп қалғанбыз” деп жауап қайтарады.

Көпшiлiктiң көп баратын жерлерi базарлар, дүкендер, вокзалдар болғандықтан, оларда да қазақша сөздер болу керек. Өкiнiшке орай, олардан да не орысша, не басқа тiлдерде сөздердi, хабарламалар мен музыканы естисiң.

Ел де, жұрт та, базар да, автокөлiк те, аспан да, жер де – бәрi-бәрi қазақтiкi емес пе, кiмнен қорқып, кiмнен қаймығамыз, неге жалтақтаймыз?

Егемендiк алғанымызға да 15 жыл толды.

Болашақтың ұл-қыздарын, азаматтарын, таза өз ұлтымыздың тiлiнде сөйлейтiн ұлтжанды етiп баулитын уақытымыз жеттi емес пе?

Автобустар, жолаушы тасымалдайтын автокөлiктер және көпшiлiк орындар да кейде қазақша ән-жыр естiлсе, марқайып, биiктеп, көңiлiң, рухың көтерiлiп қалады.

Тiл – ұлттың ғұмыры, ол – саясат және идеология. Басқа тiлдегi сөздiң де, бейне көрiнiстiң де мақсаты бiздiң тiлiмiздi жою, әдет-ғұрып, болмысызды және әдебиет пен мәдениетiмiздi жолдан шығарып, өзiмiздi мәңгүрт етуге бағытталған, өте қатерлi саясат пен идеология деп бiлемiн. Сондықтан республикалық, қалалық, облыстық әкiмшiлiктiң саясат-идеология бөлiмдерi және ақпарат құралдары белгiлi бiр дәрежеде шара көрсетсе екен деймiн.

Сонымен, құрметтi қазақ ұлтының өкiлдерi, ұлтжанды азаматтар, жолдарда, көлiктерде, базарларда немесе қандай да бiр көпшiлiк орындарда болмасын, өзiмiздiң тәуелсiз Қазақстанның туын жоғары көтерiп, елдiң тiзгiнiн ұстайтын ұл-қыздар екенiмiздi ұмытпай өз ана тiлiмiзде сөйлеп және басқа да бауырлас ұлттарды тiлiмiзге тартып, үйрете бiлуiмiз керек қой деп ойлаймын.

Нұркен ТОҚАЕВ