«ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЙҚЫ СЕРГЕК...»

Жуырда «Хабар» телеарнасынан «Ел ағалары» бағдарламасының кезектi көрсетiлiмi жұрт назарына ұсынылды. Онда әңгiме арқауы академик Серiк Қирабаевтың 80 жылдығына орай өрбiдi. Ғалымның үзеңгiлес әрiптестерi мен шәкiрттерi әр қырынан сөз қозғап, құнды пiкiрлерiн ортаға салды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерияздан Елеукенов сөз кезегiнде Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек…» өлең жолын мысалға алып: «Абай бұл өлеңдi қырық жасында жазған екен. Сонша жасында «қартайдық» дегенi қалай деп ойландым. Кейiндеу сол дәуiрде өмiр сүрген бiр орыс дәрiгерiнiң жазбасынан ХIХ ғасырда қырықтағылардың орта жасқа саналғанын оқығанымда барып, Абайдың әлгi өлең жолының мәнiн түсiндiм. Ал қазiргi уақытта жетпiстегi жандар орта жасқа саналады»,–дедi.

Иә, Абайдың заманын қазiргi заманмен салыстыруға келмейдi. Бүгiнгi жетпiстегiлердiң бәрi бiрдей болмаса да, бiрқатарының орта жастағылардай көрiнетiндерi рас. Алайда Абайды қартайтқан қырық жасы ма? Сол уақытта да тоқсанға, жүзге келген жандар аз болған жоқ қой. Ендеше Абай қырқында неге қартайдық деген? Менiңше, әлгi дәрiгердiң айтқаны Абайдың «қартайдық» деген сол сөзiнiң мәнiн ашып бере алмайды. Абайдың қартаю себебi тiптен басқада секiлдi.

Ол бала кезiнен ерекше, зерек болып өстi. Соны әкесi Құнанбай жақсы сездi де оны ел iшiндегi қоғамдық-әлеуметтiк мәселелерге ерте араластырып, ерте есейттi. Абай қырық жасқа толғанша қазақ халқының қасiретiн, қайғысын шын жүрегiмен сезiндi. Халқының сауатсыздығына, надандығына, дарақылығына күйiндi. Даму жағынан өзгелерден кейiн қалып қойғаны жанына қатты батты. Маған Абайды ерте қартайтқан халқының осы жағдайлары-ау деген ой келедi.

Абай данышпан, исi қазаққа, тiптен адамзатқа ортақ тұлға. Оның өлеңдерi де баршаға ортақ. Сондықтан әркiм өлеңдерiн өзiнше түсiнiп, өзiнше пайымдайды. Мен де өз пiкiрiмдi ортаға салдым. Айыбы болмас.

«ЕСЕКТIҢ АРТЫН ЖУСАҢ ДА МАЛ ТАП…»
 

Түнеу күнi бiр қадiрлi жанның мерейтойы болды. Төрде отырған толық кiсiнiң лепiре сөйлемесi бар ма. «Қазiр нарықтың заманы. Ебiн тапқандар екi асап жатыр. Абайдың өзi: «Есектiң артын жусаң да мал тап» деген. Қолдан келсе қармап қалған дұрыс». Ұзын үстөл басында отырғандардың бiразын танимын. Жоғары бiлiмдi жандар. Олар төрдегiнiң тегiн ақылына тамсанғандай бастарын изеп, қоштаған сыңай танытты. Жалпы осы тақiлеттес ақылмандармен бұрын да бiрнеше рет кездесiп, топ алдындағы сондай сөздерiн есiтiп жүргенмiн.

Абай қай өлеңiнде немесе қай қара сөзiнде қулықты, залымдықты, арамдықты дәрiптеген едi?! Керiсiнше сондай жаман қасиеттерден жұртты жирендiрiп, адалдыққа, имандылыққа тәрбиелеген ғой. Ол «Отыз сегiзiншi сөзiнде» былай дейдi.

«…Күллi адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелi – надандық, екiншiсi – ерiншектiк, үшiншi – залымдық деп бiлесiң.

Надандық – бiлiм-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбiр нәрсенi оларсыз бiлiп болмайды. Бiлiмсiздiк хайуандық болады.

Ерiншектiк – күллi дүниедегi өнердiң дұшпаны. Талапсыздық, жiгерсiздiк, ұятсыздық, кедейлiк – бәрi осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлiнедi, бiр жыртқыш хайуан қисабына қосылады».

Байқаймын лепiрген кiсi осал жан емес. Бас пайдасы үшiн бермесiңдi жұлып та алатыны, шалып та алатыны көрiнiп-ақ тұр. Қысқасы, есебiн түгелдеп жүрген жан. Бiрақ қулыққа, залымдыққа ойы ұшқыр жанның Абайдың «Есектiң артын жусаң да мал тап» деген ұлағатты сөзiн өзiнiң iсiне қарай бұра тартып, жұртқа терiсiнен уағыздап отырғаны несi. Абайдың бұл сөзiнiң астарында адал еңбекке арланба, тек малды адал еңбегiңмен тап деген мәндi мағына жатыр ғой. Ананың осыны ұқпай, өзгелердi шатастырып отырғанын бiлсе еттi. Абайдың: «Қайран сөзiм қор болды-ау…» деп күйiнгенi осындай жандарға қорланғаннан айтқаны-ау, сiрә.

Көлбай Адырбекұлы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button