ДЕМОГРАФИЯ: ДӘЙЕК ПЕН ДЕРЕК НЕ ДЕЙДI?
ДЕМОГРАФИЯ: ДӘЙЕК ПЕН ДЕРЕК НЕ ДЕЙДI?
Соңғы кезде ең өзектi мәселе – демографияға қатты алаңдаушылық танытып отырған Ресей тағы бiр дегбiрсiздендi. Өз ұлтының төбе санын көбейтудi асқақ арман еткен бұл елдiң халқын басқа да негiзгi факторлар мазалап жүргендiгi жасырын емес. Ресейдiң аймақтық өркендеу министрi Владимир Яковлев «Демография және еңбек ресурсы» атты мәжiлiсте бiраз мәселенiң басын ашқан болатын. Оның айтуынша, 2004 жылы ресейлiк тұрғындар саны 1 миллион 700 мың адамға қысқарып кеткен. Бұл мәселе кейбiр аймақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуын тежейдi. Тек алып елдiң 17 субьективтi нүктесiнде былтырдың өзiнде ғана табиғи өсiм ерекше байқалған. Атап айтқанда, бала туу саны жағынан алдыңғы шепке 70 пайыздай жұмыссызы бар, Шешен республикасы шығыпты.
Сонымен Ресейде туу көрсеткiшi 1 мың тұрғынға 10 адамнан келедi екен. Сондай-ақ, елдегi бiр әйелге статистика бойынша 1,17 нәрестеден келетiнiн айта келе, бiрақ негiзi көрсеткiш 2,15 -тi құрауы тиiс дегендi айтады. Қай жағынан алса да, өлiм-жiтiмi басым болып тұрған мемлекет 40-50 жылда халқының саны үш есеге азайып кетуiне алаңдайды. Сорақысы сол, жұмыс iстеуге қабiлеттi 20 миллион ер азаматтың 1 миллионы – тор темiрдiң артында, 4 миллионы – қол бұғауда, 5 миллионы – жұмыссыз, 4 миллионы – түбегейлi маскүнем, 1 миллионы – нашақорлар болып табылған. Қалай десек те, ерлер нәзiк жандарға қарағанда, аз ғұмыр кешедi. Яғни, өлiм көрсеткiшi 4 есеге көп. Оның 30 пайызы тағы да жаңағы айтқан маскүнемдiкпен өте тығыз байланысты.
Ресейдiң демографиялық ахуалының айқын көрiнiсi– эмиграция екенi рас. 1989 жылғы санақ пен 2002 жылғы санақ аралығында елдегi 5,4 миллион адам басқа мемлекетке қоныс аударған. Ал 2006 жылдан бастап Ресей президентi Владимир Путиннiң «Шет елдерде тұратын отандастардың Ресей Федерациясына өз ерiктерiмен қоныс аударуына көмектесу шаралары туралы» Заңы күшiне енгеннен бастап, бұл үдере көшу саябырсымаса, көбеймес. Өйткенi, бүгiнгi күнi алып Ресей осы мәселеге мықтап, күшiн сала кiрiстi.
ҒАСЫР СОҢЫНДА РЕСЕЙЛIКТЕР 60-65 МИЛЛИОНҒА…
2006 жылдың аяғында «Демографиялық өркендеу» атты басқосуда тағы да аталмыш мәселе аясында пiкiр өрбiдi. Экономика ғылымдарының докторы Леонид Рыбаковский «ХХI ғасыр Ресей геосаяси нүктесiнде» атты баяндамасында Ресейдiң демографиялық бағытына толыққанды талдау жасайды. Онда: елiмiздiң табиғи өсiмiн 12-14 жыл бұрынғы көрсеткiшпен салыстырғанмен, жағдай сол қалпы. Мәселен, дүниеге келiп жатқан нәрестенiң саны 2000 жылы едәуiр көбейгенмен, 2005 жылы ә дегенде-ақ қысқарып кеткен деген дәйектi келтiредi. Ал 2006 жылдың қорытындысына сүйенсек, тағы 14-15 мың адамға азайған көрiнедi. Негiзi, 1980 жылдарды алсақ, бұл тұста өлiм-жiтiмнiң саны екi есе төмен болған. Қазiр керiсiнше… Сонымен ғасыр соңына таман ресейлiктер 60-65 миллионға күрт азайып кететiн қаупi бар. Кейбiр сарапшылар болжауынша, 2020 жылы Ресей халқы 20 пайызға азаяды екен. «Не десек те, тұралап қалған демографияны тек бала туу санын көбейтумен ғана сабақтастыра алмаймыз, себебi, халықтың сандық көрсеткiшi алдымен өлiм-жiтiмнiң көптiгiнен алға жылжи алмай отыр»,– дейдi олар.
БҰҰ:РЕСЕЙЛIКТЕР ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ
Ресейде ащы судың арбауына салынып, ақыр соңында одан уланатындар саны жылына 40 мың адамды құрайды. Ал көршi халықтың 20 пайызы медициналық проблемалардың тұңғиығына енiп кеткен. Кейбiрi дертiнiң асқынып кеткен кезiнде ғана емханаға басын сұқса, ендiгiсi ең соңғы стадиясында, ажал мен өмiрдiң арасында, тiптi, өмiр сүруi неғайбыл шақта есiк қағады. Бас хирург Евгений Войноковский: «Қазiр адамның жартысынан көбi жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурудың салдарынан өмiрмен қош айтысады» дегендi ашына айтады. Өкiнiшке қарай, Ресейде осы дерт түрi Батыс Еуропа елiне қарағанда қарқынды түрде өсiп кеткен. Бұл ауру әуелi өмiрдiң ауыр тауқыметiн тартқандықтан, дұрыс тамақтанбаудан, iшiмдiк пен темекiнi мөлшерден тыс қабылдағандықтан ерекше аспандап барады. Айталық, небiр онкологиялық iсiкпен соңғы стадиясына дейiн жүрiп қалғандар барлық медициналық мүмкiншiлiктен қағылады. Себебi, қатерлi iсiк жылына 300 мың ресейлiктiң өмiрiн жалмаса, 60 мыңы өздi-өзiне қол жұмсауға дейiн барған.
Денсаулық сақтау министрi Михаил Зурабов 2006 жылы демографиялық өсiм соңғы бес жылмен салыстырғанда едәуiр өстi деген-дi. Оның сөзiне қарағанда, бала туу деңгейi 1 пайызға өссе, өлiм-жiтiм көрсеткiшi 5 пайызға төмендеген. Бiрақ эксперт-мамандардың айтуынша, бұл сандық көрсеткiш ештеңенi дәлелдей алмайды. Тек бiр жылды ғана алып, оны ағым деп қарастырып, алдын-ала болжам жасауға асығудың қажетi жоқ. Себебi, 2006 жылдың толық қорытындысы алдағы жаз айларында ғана белгiлi болады. Оның өзiнде де аса бiр қуанышты жаңалық көзге шалынбайды, – дейдi Адам экологиясы және демография орталығының директоры Анатолий Вишневский.
ҚАТЕРЛI IСIК ҚАТЕР ТӨНДIРУДЕ
Бүгiнде қатерлi iсiк Ресейдi де түп-тамырымен жайлап алды. Өйткенi, елдiң кейбiр аймақтарында бұл дертке қарсы тұрарлық медицина әлi қауқарсыздығын көрсетiп келедi. Соның салдарынан тек осы аурудың өзiне балалардың 4 пайызы шалдыққан. Мамандар қатерлi iсiктiң алдын алуға бөлiнген қаржының мардымсыздығын алға тартады. Қатерлi iсiк дер кезiнде қолға алса, емделетiн дерт. Мәселе – материалды-техникалық базаға қол жетiмсiздiк, жаңа диагностикалық құрал-жабдықтың жетiспеушiлiгiнде болуда. Дегенмен, аурудың құрсауынан құтылып шығу да балаларға тән емес. Егер де дер кезiнде ден қойып емдетсеңiз, қатерлi iсiк түрiне шалдыққан балалардың 50-ден 80 пайызға жуығы құлан таза айығып кете алады екен. Қатерлi iсiкпен ауырған науқастың шығыны шамамен 89 мың рубльге шықса, ал басқа да гематологиялық ауруға кемiнде 300 мың рубль шығындануға тура келедi. Блохин атындағы Балалар онкологиясы мен гематологиялық орталықтың директоры Мамед Әлиевтiң айтуынша, кейбiр аймақта балалар онкологиялық бөлiмi жоқ. Жас нәрестелер басқа профильдi емес бөлiмге барып емделуге мәжбүр. Сол себептен елiмiздiң онкологиялық қызметiне түбегейлi өзгерiс қажет дейдi ол. Кейiнгi кезде қатерлi iсiк ауруына тап болған бала саны шамамен 5 мыңға жеткен. Оның 70 пайызы жаңа заманауи технологияның арқасында жазылса, ал бiр жылда бiр жарым мың бала қатерлi iсiктен көз жұматын көрiнедi.
Бұл жағдай бiзде де мәз емес. Жақында дәрiгер-мамандар қатерлi iсiкпен ауыратындардың саны 129 мың 929-ға жетiптi деп дабыл қақты. Елiмiздiң экологиясы ушыққан облыс аймақтары – Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстiк Қазақстанда тамырын кеңге жайып үлгерiптi. Бiр қынжылтарлығы, Қазақстанда жыл сайын 3 мыңға жуық қатерлi iсiкке шалдыққан жандар тiркеуге алынады. Ал өз сырқатын асқындырып, уақытын өткiзiп алатындар қаншама. Негiзi онколог-мамандар бұл дерттiң кейiнгi кезде жастар арасында дендеп бара жатқандығын өкiнiшпен айтады. Одан қала бердi болашағымыз – балаларға да құрық сала бастаған қатерлi iсiкке қарсы бүгiнгi таңда ешқандай амал-әрекеттер жоқтың қасы. Оның үстiне қазақстандықтардың екi науқасының бiрi – қатерлi iсiктiң нәтижесiнде өмiрмен хош айтысуда. Қазақ «Тумақ бар да, өлмек бар» дейдi. Бiрақ көршi Ресей демографияның алға қарай өрлеуiне алғашқы қадамдарын жасап бағуда. Олар әуелi өлiм-жiтiмдi азайтуға байланысты, қатерлi, қауiп төндiретiн аурулардың алдын алуға кiрiсiп кеттi. Ал бiзде әзiрге тек статистикалық ақпарат таратудан аса алмай отырған мамандар да, министрлiк те жұмған аузын ашар емес.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ