Жаңалықтар

ӨЗ ОТЫН ӨЗI ӨШIРIП...

ашық дереккөзі

ӨЗ ОТЫН ӨЗI ӨШIРIП...

Күнi бүгiн ТМД деп аталатын елдер қауымдастығы бар екенi рас болса және соның iшiнде өзiн-өзi қорғауға, жойылып бара жатқан тiлiн, дiлiн, дiнiн, ата-дәстүрiн қорғауға қабiлетсiз, ең әуелi өзгеге жалбақтап, жарамсақтанатын, осы қасиеттерi арқылы өзiн-өзi жоюға бет алған халық бар екенi рас болса, ол қазақ деуге болатын сияқты. Кеңестiң қол астында 70 жыл болған Одақтас республикалардың өзбек, әзiрбайжан, түрiкмен, армян, грузин сияқты негiзгi халқының бiрде-бiрi тiлiнiң, дiнiнiң, ата-дәстүрiнiң мұртын қақпай сол күйiнде сақтап қалғанда қазақ соның бәрiнен жұрдай бола жаздағанының өзi осыған дәлел болар едi. Қазақтың сол кездегi оқығандарының, әсiресе “орысша таза сөйлейдi” деп мақтайтындарының отбасында 1-2-ден артық бала болған жоқ. “Байқамай” 3-4 балалы болып қалғандары орыстарға соны айтуға да ұялып, бетiнен оты шығып тұрғанын бала да болсақ байқағанбыз. Сол қазақ сол “мәдениеттiлiгiнен” әлi де арылған жоқ. Тек онысын қазiр “мәдениеттiлiк” демей, “өркениеттiлiк” деп атайды.

Сонымен қазiр “ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiктi алдық”, “жер бетiне тарыдай шашылып кетiп едiк”, “тозақтың өзiнен аман-сау шыққанбыз”, “елiмiздiң экономикасы қарыштап өсiп келедi” деп күмпiлдеп отырған қазақтан неше балаң бар десең кейде сыңар, кейде қос саусағын көрсетедi. Құдайшылығын айтсақ, мұның екiншi бiр себебi бар. 1973 жылы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының отбасы, әйелдер мен балалар жөнiндегi арнаулы комиссиясының жиналысы өттi. Онда бiздiң ел сияқты азиялық, кiшi мемлекеттерде бала туу өте көбейiп кеткенi, отбасын жоспарлау дегендi сылтау қып, бала тууын кемiту сияқты бiрнеше жымысқы мәселелер талқыланып, ақырында сол “отбасын жоспарлау” туралы шешiм қабылданды. Ол өз алдына бiр әңгiме. Бұл мәселе, әсiресе Мәскеуде қатты қолдау тапты. Бұған дейiн де кеңестiк басты-басты газет-журналдарда әлдебiр социологтардың, психологтардың, дәрiгерлердiң осы тақырыпта, яғни, ана мен бала, әйел теңдiгi дегендердi сылтауратып ар жағында арам пиғылдары құлағын қылтитып тұратын мақалалары жиi жарияланып тұрды. Олар көбiне “орыстар азайып барады, орыс әйелдерi бiр-екi баладан артық тумайтын болды, ал өзбек, түрiкмен, қазақ, тәжiк сияқты ұлттар көбейiп келедi” деп зар еңiреп, ақырында бұлардағы бала тууды азайту керек, оның бiр жолы әйелдерiне ерлермен тең құқылы жұмыс iстеттiру дегенге меңзеп отыратын. Оған қоса, әйелдер көп бала туса денсаулығы нашарлайды, еңбекке жарамсыз болады деген де үгiт жұмыстары жүргiзiлдi. Екiқабат әйел дәрiгерге көрiнуге барғанда оған сiзге ендi бала тууға болмайды, өлiп қалуыңыз мүмкiн немесе ауру табасыз деген сияқты үрейлi кеңестер берiлдi. Еңбек етiп, еркекпен тең құқылы өмiр сүр, баланы алдырып таста деген “ақылдар” айтылды. Бұл “ақылға” өзбек, тәжiк, түрiкмен әйелдерi мен олардың отбасындағылар көбаса көндiге қойған жоқ. Оның ең басты себебiнiң бiрi бұл халықтардың еркектерi мен әйел жыныстылары қазақтар сияқты дiнiн сатып, Алладан безген емес. Олар аборт жасату, жатырды бекiтiп тастау, неше түрлi бедеулiкке әкелетiн дәрiлер iшу әлi дүниеге келмеген шарананы, сәбидi өлтiрумен бiрдей екенiн түсiндi, сәбидiң обалынан, Құдайдан қорықты. Ал, бiз Кеңес өкiметi келiсiмен ең алдымен Құдайға, Құранға сенуден өзге жұрттың ең алдына шыққандықтан әйелдерiмiз бен қыз балаларымыз әлгiндей үгiт-насихатқа тез берiлдi. Шаңырақ астында еркектiң рөлi әйелдiкiнен әлдеқайда төмен түсiп, әйелдер ойына келгенiн iстедi. Бұл ғадет бiзде әлi де өз күшiне мiнiп, ұшынып тұр. Тiптi, ұшақтан не отарбадан түсiп жатқан шетелдiң лауазымды адамдарын үкiсi бұлғаңдап, белi бұраңдаған сәмбi талдай иiлген сұлуларымызға қарсы алдыру сияқты үрдiс әлi қалған жоқ. Бiз әнебiр жылы Астанаға тұлабойында қалтырамайтын мүшесi қалмаған Рим папасы келгенде де сұлу қыздарымызға соның қу сүйек саусақтарын сүйгiзiп қойдық. Қазақтан өзге мұсылман халықтары өзiнiң қыз баласын өйтiп, ешкiмнiң алдында иiлдiрiп-бүгiлдiрiп қоймайды. Ал бiз қыздарымызға әдептiлiктi, инабаттылықты, қыз балаға тән ұяңдықты, әйел болғанда ер азаматты — күйеуiн қалай сыйлауды, үйде ата-ана болып үйретiп отыруды да ұмытқан тәрiздi. Соның бәрiн сақтамаған қыз бала күйеуге тиiп, күйеуге тисе бала-шағалы болып қарық қылмайтыны бүгiнгi қазақтың миына кiрiп-шығып жатқан жоқ. Сөйте тұра, кейде теледидардан, кейде баспасөз бетiнен:

«Қазақты қайтсек көбейтемiз, а?», — деп, әлде аңқау, әлде әсiреұлтшыл бола қалатыны тағы бар. Иә, қазiр өздерiн демографпын деп жариялап, қазақ көбейiп өсiп келедi дейтiндердi тыңдасаң, көп ұзамай бiз Қазақстанда шегiрткедей құжынап жүредi екенбiз деп қалуға да болады. Алайда, қазақтың бүгiнгi тұрмыстық, әлеуметтiк жағдайын, денсаулығын, тiптi, жоғарыда айтқанымыздай, әйел жыныстыларының өмiрге көзқарасын зерделеп отырсаңыз, өзге дiндес, тiлдес халықтармен салыстырғанда қазақ қаптап бара жатқанын көре қою жуырда мүмкiн емес екенiн көрер едiк. Әрине, бiрi еркек, бiрi әйел жынысты болғасын азды-көптi бала туу болатыны рас. Бiрақ оны бүгiн өсiм деуге келмейдi. Тiптi, демографтардың өздерi де әнебiр жылдары бұл туралы әңгiменi көбiне көшiп келушiлердiң көбеюiне әкеп тiреуден әрi бара алған емес. Қазiр бұл үрдiстiң өзi де мемлекетiмiздегi қазақтың санын көбейтуге септiгiн тигiзе алмай отыр. Мамандардың тұйыққа тiрелгенi сондай, олар ендi тек бала туу есебiнен ғана өсемiз дегеннен әрi аса алған жоқ. Ал дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы және көшi-қон департаментi сияқты мекемелерде iстеп жүрген, не экономикадан, не демографиядан, не өзге әлеуметтiк бiр ғылыми саладан, халықтың бүгiнгi психологиясынан хабары жұтаң, әр саладан келiп жалақы алып жүргендердiң айтары бiреу-ақ. Яғни, шет елдерде тұрып жатқан 5 миллион қазақты көшiрiп әкелу. Тiптi, шетелдерде қазақтың саны 5 миллион ба, әлде 2-3 миллион ба, ол да анық емес. Ал, ауылдағы қазақтарға баланы көп туғызу есебiнен көбейемiз деу де жәй сөз ғана, оны айтатындар қазақ ауылдары әлi де баяғыдай егiн егiп, мыңғырған мал өсiрiп, үкiметтен жалақысын алып қарһәлләзи өмiр сүрiп отыр деп ойлайтындар. Қазiргi басшылар мемлекеттегi ұлт саясатында қазақ ұлтының демографиялық жағдайы басты мәселе болуы керектiгiн түсiнiп отырған жоқ немесе олай түсiнуге құлқы жоқ. Демек, өз елiнде әуелi қазақ ұлтының әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiштерiн жоғарылату олардың ойына кiрiп-шықпайды.

Бiреу бiлер, бiреу бiлмес: өткен ХХ ғасырдың 50-шi, 60-шы жылдары қазақтардың өсiмi күрт жоғарылады. Соған қарап-ақ әлгi айтқанымыздай сол кезегi орыс газеттерi мен телерналарының шыжбалаңдауын түсiнуге болатын едi. Олар бiздiң бұлайша қаулап өсуiмiз мемлекеттiк iс-шаралардың арқасында болып жатқанын жақсы түсiнген едi. Тiптi, ол кезде Қазақстан Республикасы деген астарлы, жымысқы атаумен емес, Қазақстан деп аталатын мемлекетте тың және тыңайған жерлердi игеру сияқты бiр ғана бағдарламаның өзi өзге ұлттардың келуiн қанша көбейткенiмен, сол кезде қазақтардың бала туу көрсеткiшi де едәуiр жоғарылаған едi. Оған республикада совхоздар (кеңшар деп жүрмiз ғой!) жүйесiнiң кеңiнен дамуы және қазақ отбасыларының көпшiлiгi соның арқасында мемлекет тарапынан әлеуметтiк жағынан қамсыздандырылатын болды. Сөйтiп, медициналық тегiн қызмет, тегiн дәрi-дәрмек, тұрғын үймен қамтамасыздандыру, тегiн бiлiм беру жүйесiнiң, толып жатқан жәрдемақының, көп балалы отбасыларына, аналарға берiлетiн жеңiлдiктердiң қазақ ұлтын көбейтуге, дәлiрек айтқанда өмiрге бала әкелуге ынталандырғанын бүгiнгi бай-манаптар жасырамын десе де жасыра алмайды. Қазiр, тәуелсiздiк алдық деген қос ауыз сөздi жаттап алған қазекең өмiрге бала әкелуге қорқатынына да етi өлiп кеткен. Оның үстiне Қазақстан басшылары ұлттық идеология десең, «не айтып тұрсың» дегендей үдiрейiп, үрке қарайтындықтан сол ұлттық идеология деген атымен жоқ. Ол атымен жоқ болғасын телеарналар мен толып жатқан көргенсiз басылымдардан көбiне әйелге тән сайқали қылықтарды, жүгенсiздiктi бүгiнде ауылдағы кеңбалақ, күстабан келiншектер де үйренiп алды. Сөйтiп, олар бедеулiкке ұшырататын неше түрлi дәрiлердi iшудi, түсiк түсiрудi, жыныстық қатынастан “аман” шығуды (екiқабат болмауды) әбден игерiп, меңгердi. Ал қытайдың шатыраш дорбасын арқалап, вагон жағалап, қалаға қатынап сауда iстеп, байы мен баласына нәфақа әкелiп жүрген қатын-қалашқа өзге түгiл өз үйiндегi ешкiмнiң сөзi ем болмайды. Оларға үйде отыр, бала тап деп еркегi де айта алмайды.

Ал әйелдер шұбыртып бала туып жатқан Кеңес заманында балалардың шетiнеуi, аналар өлiмi дегенiңiз өте сирек кездесетiн едi. Ауырған ана мен балаға кез келген, санаторий, курорттарда тегiн демалуға жолдама берiлетiн. Қазiргi Қазақстандағы басшылардың бiрде-бiрi: “Мiне, мұнай мен өзге де байлықтарымызды шетел инвесторларына бергенiмiздiң арқасында елiмiз байып, ана мен бала ауруы азайды, бала шетiнеуi (олар балалар өлуi дейдi) азайды дей алмас. Қазiр кейбiр әсiре отансүйгiштер мен әсiреқызыл мақтағыштар елiмiзде көп балалы отбасылар көбейiп келедi, осының өзi халықтың тұрмыс жағдайының жақсарғандығының нышаны деп iсiп-кепкен сөздердi жиi айтып жүр. Сонда олардың көп балалы деп отырғаны iлуде бiр ұшырасатын 3-4 балалы отбасылар. Жақында бiр газеттен 7 балалы бiр әйел Алматының қақ төрiнде құрқылтайдың ұясындай кепеде (подвалда) тұратынын оқыған жұрт бұған онша таңдана қойған жоқ. Өйткенi, Қазақстанда өз елiнде қаңғырып жүрген қазақтардың одан да сорақы, одан да қорлық жағдайда өмiр сүрiп жатқанын бәрi бiледi. Кейбiр өзге ұлт өкiлдерi «сендерге сол керек» деп iшiнен мырс-мырс күлетiнi де рас. Орыс газеттерi мұндайды жазбайды, оның орнына маскүнемдiкке салынып, отбасынан айырылған, үйсiз қалған бомждың, кiсi өлтiрiп, әйел зорлап түрмеде отырған қылмыскердiң жағдайы нашар деп өп-өтiрiк зар илейдi. Әшейiнде қазақ БАҚ-тарының айтқанына «Ит үредi, керуен көшедi» деп қарайтын қазақ ұлықтары әлгiндей орысша сын материалды естiгеннен зәресi қалмай, дереу жауап беруге, iске кiрiсуге тырысады. Олардың Қазақстаннан орыстар, өзге де славян халықтары кетiп жатыр, сондықтан халық саны азайып барады деп күңiренуiн не надандыққа, не жағымпаздыққа жатқызу да қиын. Олар әлгi көшiп кеткендермен бiрге мықты-мықты мамандар мен ғалымдар да кетуде деп егiлгенде осылар қайбiр дүркiреп тұрған зауыт-фабрикалар немесе қайбiр ғылым академиясы мен ғылыми институттары тоқтап қалады-ау деп қиналады екен деп тағы күлкiң келедi.

Қазақстанда ұлтымыздың ұрпақсыздануына ауылдардың иесiз қаңырап қалып, қазақтардың жаппай қалаға көшуi де зор әсерiн тигiзiп отыр. Жер туралы заңның алдауына түсiп қалған, соны көре тұра саяси самарқаулықтан арыла алмаған, өз жерiн өзi 49 жылдық арендаға алып, оны игеруге не техникасы, не себер тұқымы, не жанар-жағармайы, не алған несиесi жоқ жәй қазақ ауылдағы қора-қопсысын тастап, қалаға ағылды. Әлi де ағылуда. Қалада оларға дайын тұрған не үй, не жұмыс жоқ. Ата-енесi мен келiнi, баласы бiр не екi бөлмелi ескi жатақханада жануарлық күн өткiзiп жатқандарға баланы көбейт деп не ұяттан, не Құдайдан безген адам ғана айта алады. Қате айтсақ, кешiрсiн, бiрақ осының бәрi кейде қазақ ұлтына қарсы жоспарлы түрде, тапсырмамен жасалып отыр ма деген де ойға кетесiң. Әйтпесе, әшейiнде Американы үлгi тұтатын ұлықтар сол Америкада абортқа тыйым салған заң қабылданғанын көре тұра бiзде абортты (түсiк түсiрудi) заңдастырып бекiткенiн қалай түсiнуге болады? Әйтпесе, жастарымыздың көпшiлiгi ата-баба дәстүрiн, тiлiн, дiнiн сыйлауды қойғаны аз болғандай, азғындық жолға түскенiн көре тұра қыздарымыздың шетелдiктермен қыдыруына неге тыйым салмайды? Бұндай заңды әбден қабылдауға болады. Ал сәбилерiмiздiң қара көзiн мөлдiретiп шетелдiктерге сатуға рұхсат берiлуiн жоғарыдағылардың жауыздығы демеске еш лаж жоқ. Олар ұялмай-қызармай тұрмысы нашар болса, аурушаң сәбилердi ғана сатамыз деген сылтау тауыпты. Егер тұрмысымыз нашар, арушаң сәбидi емдеуге ақшамыз болмаса, онда бiз Қазақстан деген бай мемлекетте тұрамыз деп, аузымызды керiп-созатынымыз нағыз ақымақтық емес пе?! Қазiр Шымкентте сәбилерге ауруханада ВИЧ жұқтырғаны үшiн бiр топ адам сотқа тартылуда. Оның себебi анықтала жатар-ау, алайда бiр жәйт еске түседi. Бұрын бiз елге келген шетелдiктерде СПИД бар-жоғын тексеруден өткiзетiнбiз. Соңғы жылдары оны да қойдық. Неге десек, бұл тексеру шетелдiктердiң намысына тиедi-мыс. Олар қазiр аэропорттан түсе сала қазақтың жап-жас бойжеткендерiн құшақтап бара жатқанын да көрiп жүрмiз. Ендеше, балаларға СПИД кiмнен, қалай жұғып жатқанын осы төңiректен де қарастырған жөн.

Бала тууының азаюына орай ғалымдар айтып жүрген тағы бiр түсiнiксiз жәйт бар. Яғни, мемлекеттi өркендету үшiн көп қаржыны, ғылыми негiзделген өндiрiстi, қалаға қоныстандыруды қажетсiнетiн экономикалық стратегия басты шарт болып есептеледi. Ол үшiн тұрғындардың жоғары бiлiм-бiлiгi, кәсiптiк жоғары деңгейi қажет екен. Соның салдарынан бала тууы азайып, адамдардың орташа жас мөлшерi қартаң тартады-мыс. Бұл да өте күмәндi және түсiнiксiз саясат. Өйткенi, мемлекет жоғары бiлiмдi, маман адамдарды даярлау үшiн бала тууын, өмiрге ұрпақ әкелудi азайту керек болса, яғни ол адамдарға бала кедергi келтiретiн болса мемлекеттi кiм үшiн өркендетпекпiз? Ал олардың бұл тұжырымымен келiсейiн десең, Кубаит (Кувейт), араб эмираттары бiзден де көп шикiзат қорын өндiрiп, бiзден әлдеқайда өркендеп, озып кете тұра оларда дүниеге ұрпақ әкелу бiр сәтке де толастаған, кемiген емес. Мiне, осы жерде соның бәрi олардағы Аллаға сыйыну, сәбидiң обалынан қорқу, ұлттық дәстүрдi сақтау сияқты киелi ұғымдардың биiк болуына байланысты деген ойдың дұрыстығына мойынұсынғандай боласың.

Бiздiң саясаткерлер, ғалымдар, тағы басқа көзi ашықтар осы күнi екi сөзiнiң бiрiнде “глобализация келе жатыр”, “глобализация жағдайында өзiмiздi сақталып қалуымыз керек” дегендi жиi айтып жүрiп, қазiр сол глобализацияның, яғни, жаһанданудың елiмiзде он шақты жылдан берi ойран салып жатқанына зейiнi жете бермейдi. Ол қазiр бiздiң әдебиетiмiздiң, өнерiмiздiң, бүкiл ұлттық ой-санамыздың құлдырауына алып келдi. Мысалы, бүгiнде бiздiң әдеби шығармаларымыздың ең бiр дәм-тұзы татымайтындарына Сорос қоры бәйгi бере салады, әндi жүрекпен, сезiммен, бүкiл жан-тәнiмен берiлiп айта алмайтын бақырауық не шырылдауықтарға әлдебiр шетелдiктер баға бередi, “Суперстар” деген байқау да соның бiр түрi десек, әйелдерiмiздiң ой-санасын бүлдiруге, бұзуға гендерлiк саясат, феминистiк ұйым сияқтылар әбден жетiп жатыр. Бүгiнгi қазақ қыз-келiншектерi осы гендерлiк саясат пен феминизм жөнiнен де оза шауып келедi. Олар сол арқылы еркекпен тең құқылы екенiн дәлелдегiсi келгенiмен, халқымызда, ислам дiнiнде әйелдiң орны ешқашан еркектен төмен тұрмағанын бiлмейдi. Ал, қасиеттi Құранда “Егер анаң мен әкең қатар тұрып, бiр мезгiлде шақырса, әуелi анаңа жүгiрiп бар” деп жазылғанының өзi Батыс пен Американың кез-келген демократиясынан, кез-келген мәдениеттiлiгi мен өркениеттiлiгiнен жоғары тұр емес пе?! Егер қазақтың бүгiнгi әйелдерi өздерiн мәдениеттi, бiлiмдi адам санайтыны рас болса, о баста Құдай адамға, басқа да жан-жануарларға өз мiндетiн тепе-тең, әдiл бөлiп бергенiн ұмытпауы керек. Сондықтан, осы күнi еркектермен қатар ел басқарып, парламентке депутат боламын деп, немесе басқа да лауазымдарға ұмтылып, әйел құқы деп ұрандатып жүрген қыз-келiншектерге мемлекет тарапынан: «Әуелi олар шаңырақ көтерiп, әйелдiк мiндеттерiн атқарып жүр ме, неше бала өсiрiп отыр?» деген сияқты талаптар қойылуы да артық болмас едi. Әйтпесе, не еркегi, не жарытып туған бала-шағасы жоқ желпiлбикелердiң ел iшiне халқымызға жат, шетелдiк бұзақы дәстүрлердi таратуы кең етек алып барады. Бұл да Батыс елдерiнiң бiзге қарсы жасап отырған зұлымдық саясаты екенiн ашық айтатын шақ келдi. Ал бала туған келiншектерге, жас нәрестеге, көп балалы отбасыларына мемлекет тарапынан бүкiл жеңiлдiк, бүкiл жәрдем атаулы жасалып отыруы еш артық емес. Сонда ғана бүгiнде Үкiмет пен өкiметте отырған ұлықтардың өз ұлтына жаны ашитынына сенуге, өз үкiметiмiз, өз елiмiз бар деуге болады. Ал Қазақстан сияқты бай елде ана мен балаға ондай жақсылықтар жасауға көп қаржы керек деушiлердi тек ар-ұжданнан айрылған адамның сөзi деген де артық болмас.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ