ҰЛТ ТАҒДЫРЫ МЕН ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСI – БIРТҰТАС
ҰЛТ ТАҒДЫРЫ МЕН ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСI – БIРТҰТАС
Қазақ тағылымының ұстанған негiзгi бағыты – ата-бабалардың үлгi-өнегесi, ақыл-кеңесi, дүниеге шынайы көз қарасы, бостандыққа, еркiндiкке, тәуелсiз-дербестiкке ұмтылысы. Бұл – алдан күткен арманы, ойға алған негiзгi мақсаты.
Қыз-келiншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес iз қалдырады. Мұндай жағдай қазақ әйелiнiң өзiндiк қасиетiн де, басқалардан айырмашылығын да танытады. Бұл – әйел қауымына көрсетiлген зор құрмет! Әйел – аналардың жасаған iсi, қалдырған iзi ақсақалдың ешбiр мектептен кем емес, оның әманда тазалығына, жаңарып-жаңғыруына орасан жағдай жасады. Бұл тағылымды жоққа шығаруға болмайды.
Мұхтар Әуезов «Адамдық негiзi – әйел» деген тұңғыш туындысын әйел тақырыбына арнаған. «Адам баласы»,–дептi ол, – тағы болып, еркегi хайуандық дәрежесiнде жүргенде әйелден бала туып, ол балаларының бәрi де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйiрiлiп, үй iшiнiң бiрлiгiн, одан туысқандық ұйымы кiргiзген. Бұған қарағанда, адамды хайуандықтан – адамшылдыққа кiргiзген – әйел». Ұлы ойшыл осы сөзiмен әйел – қоғамның ұйытқысы екенiн, әйел еркiндiкке жетпесе, адамшылық та күрмеулi болатынын қадап айтып, егер, қазақ мешел болып қалмайын десең, бесiгiңдi түзе, әйелдiң халiн түзе деп бiздiң заманымыздың да зәру идеясын ұсынып отыр.
Қазақ елi ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмiрбақи анасын сыйлап өткен. Ертеден келе жатқан наным-сенiмдерiнiң түп тамыры да – ана. Арысы «Домалақ ана», «Қалампыр ана», Жиренше шешеннiң жары Қарашаш, тағы басқалар болса, мұндағы Мәншүк, Әлия, Ләззат, Сәбиралар да адамдарға мейiрiмдi, ақылды, әулие қасиеттерiн бүгiнгi ұрпақ бойына сiңiрiп өссе, қиын-қыстау кезiнде батыр қыздарымыздың ерлiгi ерекше көзге түскенi тарихта дәлел.
Сондай-ақ, Қазақстанда қаншама этнос өкiлдерi тұрады. Олар нелiктен өз тiлiн, дәстүр-салтын, дiнiн, дiлiн қадiрлеп, сонымен қатар оның деңгейiн биiктетуге күресуде. Себебi, олар өз қыздарының тәрбиесiне өте терең мән беруде. Бiздiң қазақ қыздарының қазiргi жағдайын таразылай келе тәрбие деңгейi нелiктен төмендеп кеттi деген сұрақ ерiксiз туындайды.
Бiздiң пайымдауымызша – идеялық тәрбиенiң босаңсып кетуi. Осыған тығыз байланысты тағы бiр мәселе, ол – соңғы кезде тiлге тиек етiп жүрген оқушыларды полимәдени тұлға етiп қалыптастыру, тәрбие беру.
Бұл – әрине, өте жақсы идея – өз мәдениетi негiзiнде басқа мәдени құндылықтарды қабылдау, яғни өз мәдениетiн басқа мәдениет ықпалынан қорғап қалу. Сол арқылы айналасындағы этнос өкiлдерiмен, олардың мәдениетiмен танысу, оларды құрметтеу. Полимәдени тәрбие – интернационалистiк тәрбиеге қарағанда, ұлттық этникалық тәрбиенi бiрiншi орынға қояды.
Соңғы жылдары болып жатқан саяси-экономикалық, мәдени, әлеуметтiк өзгерiстерге байланысты қоғамдағы тәрбиенiң босаңсып кетуi, қыз бала тәрбиесiнiң нашарлап кетуi, «ар», «намыс», «ұят» ұғымдарының өз мәнiнде, өз дәрежесiнде iске аспауы қоғамда өзектi мәселе болуда. Сондықтан келешек ұрпақ алдында қарыздар болмас үшiн, босаңсып кеткен қыз бала тәрбиесiн тез арада өз дiлiмiзге сәйкес жолға қоймасақ, ертең кеш болуы әбден ықтимал.
Мария ЖҰМАДIЛҚЫЗЫ